Әлаулайым аяқталса, қалаулайым басталады

Уақыты: 2022-12-28 Көрлімі: 694 Сипаттама

Омарәлі Әділбекұлы Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік дам...

      Омарәлі Әділбекұлы

221128095503563e.jpg

     Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау және  әлеуметтік даму министрінің міндетін атқарушы Б.Нұрымбетов қол қойып 2016 жылы 13 қаңтардаірдағы 13 бұйрығымен бекітілген "Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелде тұратын этникалық қазақтардың арасынан туыстарын Қазақстан Республикасына отбасын біріктіру мақсатында қоныстандыру үшін шақыруларын қарау және куәландыру  қағидаларына"  2020 жылы тамыз айының 4 күні  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің  No 286 бұйрығымен енгізілген жаңа редакциялық түзетуінде" Халықтың көші-қоны туралы",заңның бірінші тарау , үшінші бөлім , екінші тармағында " туыстар – үлкен  атасы мен үлкен әжесіне дейін ортақ ата-бабалары бар туыстық қатынастағы адамдар",  деп анықтама берілген.

          "Халықтың көші-қоны туралы" заңның осы тармағы негізінде әр түрлі себеппен отбасы бөлініп-жарылған қандастарымыз алыс-жақын шетелдерден туыстарын шақырып мәре-сәре болып жататын. Бұл заңның аталмыш тармағына барлық мемлекеттер құрметпен қарап, санасатын. Тіпті заңы қатал, ашық ақпараты аз, бір партия, бір идеологияға етене бағынатын Қытайдың өзі де осы көші-қон шақыртуын мойындап, санасып біржолата көшіп кетем деушілерге рухсат берді. Оны десең пандемия асқынып екі ел шекарасы толықтай жабылған кезде де қандастарымыз көші-қон шақыртуын алған соң ол жақтағы тұрақты тіркеуін өшіріп, жылжитын-жылжымайтын мүлкін сатып үшінші ел арқылы елімізге келіп жатты. Осы жылдардағы статистикаға сүйенсек, елімізге келіп азаматтық алған қандастардың  тең жарымнан астамын Қытайдан келген қандастарымыз ұстады. Қытай, Ирандағы қандастарды үш жылға жуық зарлатқан атышулы екі анықтама мәселесі ұмыт болды. Басқа да көшке қатысты қолдан жасалған түрлі-түсті кедергілер алынып тасталды .Көш бағытының солтүстік және батыс облыстарға бұрылғанын қандастарымыз үлкен стратегиялық мемлекеттік саясат ретінде бағалап, қолдады.

       Бірақ, бұл қуанышымыз  ұзаққа бармады. Биыл жаздан бастап заңның бұлыңғыр, екі ұшты, түсініксіз жерлерін ұстап алған орта буын мемлекеттік қызметкерлер бір ата, бір әжеден тарайтын туыстардың ішіне олардың күйеу балалары мен келіндерін қоспайтын пәтуаны шығарыпты. Әрине, "ортақ ата-әжесі бар бар туыстық қатынастар"  дегенде келін мен күйеу балаларды қос немесе қоспа деген ұғым айқын айтылып тұрған жоқ бірақ көзге көрінбейтін бір күштер біздің жалтақтап, тырнақ астынан кір іздейтін шенеуіктере ықпал етіп бағытынан адастырып жатқан сияқты. Олар ортақ ата-әжеден тарамайтын  күйеу бала мен келінді шақырту тізіміне қосуға болмайды. Бұл заңға томпақ келеді. Қайда барсаң сонда бар, құдыретің жетсе парламентке барып заңның осы тармағын өзгертіп кел дейтін көрінеді. Ал бірнеше жылдан бері айналыста болған көші-қон шақыртуларына қазіргілер жауап бермейді-мыс. Екі қолын ысқылап кәріне мінін алған ортан қол шенеуіктер заңға ғана сүйенеміз деп шіренеді. Бір қарағанда олардікі де жөн шығар бірақ заң адам құқықтарының сақталуы, адам өмірінің жақсаруы үшін жұмыс істеу керек емес пе!? Азаматтар заңға бағынуы, заңды силауы керек алайда салық төлеушілер үлесінен еңбекақы алып отырған заңгерлер жасаған заңның көмескі, бұлыңғыр, солқылдап ары-бері, жоғары-төмен бұрылып кететін тұстары үшін азаматтардың құқығы тапталып, отбасының берекесі қашуы тиіс пе? Еліміздің Конституциясында " Еліміздің ең үлкен байлығы --адам " деп жазылған." Төртінші қаңтардан" кейінгі Конституциялық өзгерісте" Қазақстанның бар барлығының иесі мемлекет емес халық",- деп түзетілді. Міне бұл адам құқы мен ар-намысы бәрінен жоғары тұрады деген сөз.

    Қайта айналып Қытайдағы жағдайға келсек, ол жақта әсіресе Шыңжаңда кез-келген азаматтың қолында шетелге шығатын төлқұжат болмайды. Шетелге шығу үшін өзге елден бизнес, туыстық, көші-қон шақыртуы керек содан кейін барып төлқұжат жасауға өтініш бере алады оның өзінде құқық қорғау органдарынан және басқа мекемелерден құрылған арнаулы комиссия қарап барып  кімге төлқұжат жасауға болатын - болмайтынын анықтайды. Бұрын шетелге шығу үшін төлқұжат жасатқандардың төлқұжатын жергілікті учаскелік полиция мен тұрғындар мекемесі біртұтас жинап алған. Әр елдің заңы басқа, иті қара қасқа дегеніміз осы . Мысалы, мен ата- әжемнен тараған бір отбасыға аты әдемі отбасын біріктіру шақыртуын жіберсем ол тізімге жездем мен күйеу баламды, жеңгем мен келіндерімді қоса алмаймын оны оларға түсіндіріп бере де  алмаймын сонымен Жаңа Қазақстанда бүтінделеміз деген бір отбасы қайтадан бөлініп- жарылған бірнеше  отбасыға айналады.  Оларды қайтадан шақырамыз деп жүргенде қаншама уақыт, қаншама қаржы сарп болып,  қаншама адамның жүйкесі жұқарады!?

       "Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын" дегендей қағазға арқандалған шенеуіктер қатары сиремей тұрғанда Қазақ көшінің бағы жанып, айы оңынан тумасе. "Әлаулайы аяқтаса, қалаулайымның қайырмасы" қайталап адам тағдырын, ұлт мұратын ойыншыққа айналдырады.

            Қазір Қытайдан келген Қазақтар бұрынғы уайымы мен машақаты аз болғандай көші-қон шақыртуының әуресіне түссе, Ираннан келген қандастар қандас екенін дәлелдей алмай пұшайман болуда. Қазақ спорт және туризм академиясының бірінші  курс  студенті Саджида деген қызымыз орта мектеп тәмамдады деген дипломын нотариустан өткізіп растата алмай  дәрісін тоқтата тұрып қайтадан Иранға баруға мәжбүр болды. Емен есіктің ар жағында тас мүсін болып отырған кісілер бір-біріне сілтейді. Ортасында қиналып зар илеген адам тағдыры әрине, әр нәрсенің объективті және субъективті себептері болады бірақ бірдің зияны мыңға тимеуі керек қой. Бәрін биліктің жоғары эшелонына   сілтей бермей әр шенеуік өз жауапершілігін сезініп, обал мен сауапты ойлағаны  жөн еді. Қаптаған делдалдар мен атаққұмар популистерде өз мүдделері үшін отқа май құйып орта буын шенеуіктер мен қандастардың арасын алыстатып бара жатқандай.... Кәдімгі Абай атамыз айтқан "Бай да мейір, кедей де пейіл де жоқ" дегеннің керін құшпасақ болды. Жазушы Асқар Сүлейменов күйініп кеткенде "Қазаққа ес кірген де, Абай да ескіреді" деген екен. Пейіліміз кеңіп, мейіріміз төгіліп тұратын күндерге жетейік!


Пікір жазу
  • Түркі мемлекеттерінің сауда динамикасы 25 млрд долларға өседі
    Қандас дәрігерлер қолдау күтеді

    Ұқсас тақырыптар