Қазақтың киіз үйлері Түркияға жетті. Алғашқы 30 үй тігіліп, баспанасыз қалғандар орналасып жатыр. Кеше кешқұрым тағы 84 үй Кахраманмараш өңіріне жеткізілді. Онда ел белсенділері ошақ орнатып, қазанда ас қайнатып, түрік ағайындарға қамқор болмақ. Ал қазақ құтқарушылары қазір Газиантеп қаласындағы үш нысанда тәулік бойы іздестіру-құтқару жұмысын жалғастырып жатыр.
Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш қаласы – зілзаланың эпидорталығы, жермен жексен болған өңірдің бірі. Түрік ағайындарға жалау болып, елден жылу жинаған журналист Нұрбек Бекбау қазір Кахраманмарашта киіз үйлердің алғашқы легін жеткізіп, игі істің бел ортасында жүр. Қазақ үйлерін өзімен барған 12 адам құрып, тігеді. Белсендінің айтуынша, киіз үйлер қаладағы парк, орманға орнатылып жатыр. Бұл жер этнокентке айналмақ.
«Бұл қалашықты зілзаладан жүрегі шайлығып, қорқып қалған тұрғындарды тынықтырып, рухани серпін беру мақсатында пайдаланамыз», деп жатыр түрік билігі. «Киіз үйлер шатырларға қарағанда жылы әрі жайлы. Біз өзіміз тіккен бойда эксперимент жасап, осында түнедік. 30 киіз үй тігілді. Бұл – қарағандылық ағайынның боз үйлері. Ошақтарымыз келіп үлгермеді, сол себепті суықтау болды. Кахраманмараш қаласы тауда орналасқан, сондықтан күн салқындап, түнде 17-20 градусқа дейін төмендеді. Ал бұл далада қалған адам үшін тіпті ауыр. Біз мейлінше барлық киіз үйлерді тез арада құрып, адамдарды орналастыруға тырысып жатырмыз. 8 және 12 қанат бір киіз үйге 20 шақты адам сыяды», деді Нұрбек Бекбау.
Ал құтқарушылар Түркияға табан тіреген күннен бастап 7 адамды құтқарды. Қайтыс болған 67 адамның, оның ішінде 6 баланың денесін үйінді астынан шығарды. Қазіргі уақытта Газиантеп қаласында бірінші эшелонмен барған құтқарушылар тәулік бойы екі ауысымда жұмыс істеп жатыр. ТЖМ тартқан ресми мәлімет бойынша құтқарушылардың бірінші тобы толығымен қираған тоғыз қабатты ғимаратты нысанаға алған. Бұл жерде үйінділердің астынан 4 адам құтқарылып, 8 қаза тапқан адамның денесі шығарылған. Құтқарушылардың екінші тобы алтықабатты ғимаратта жұмыс жүргізіп жатыр. Ғимарат ішінара қираған, алайда оған төтеп кіру мүмкін емес, оның толық қирау қаупі бар. Сондықтан мамандар ғимараттың 2-қабатына дейін инженерлік техникамен демонтаж жүргізген. Үйінділердің арасынан қайтыс болған 19 адамның денесі табылған. Үшінші топ та алты қабатты ғимаратта жұмыс жасап жатыр. Үй толығымен қираған, одан қайтыс болған 18 адамның денесі шығарылған. Сонымен қатар екінші эшелонмен барған ел құтқарушылары Нурдагы қаласындағы толығымен қираған ғимаратта адамдардың орналасқан жері мен жай-күйін анықтау, үйінділер астында зардап шеккендермен аудиобайланыс орнату, қажетті көмектің көлемі мен сипатын анықтау бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Олар жедел әрі стратегиялық іс-қимылдарының нәтижесінде көлемі 18 мың текше метрден астам үйіндінің астынан үш адамды құтқарып алған. Сондай-ақ қайтыс болған 4 адамның денесі шығарылған.
Өкінішке қарай, үйінді арасынан Қазақстан азаматтарының денесі де табылды. Сыртқы істер министрлігі 10 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш қаласында құтқару-іздестіру жұмыстары барысында Қазақстан азаматы Жанар Жақсыбекованың денесі табылғанын хабарлады. Оны Алматыдан келген туыстары таныған.
«Қазақстан дипломаттары қаза тапқан отандасымыздың денесін Кахраманмараштан Анталияға және одан әрі Алматыға жеткізуге, сондай-ақ қажетті құжаттарды ресімдеуге барынша жәрдем көрсетті. Кеше мәйіт Талдықорған қаласына жеткізілді. Тасымалдау шығындарының барлығын мемлекет өз мойнына алды. Сонымен қатар Pegasus түрік авиакомпаниясымен қаза тапқан Қазақстан азаматының бірге келген туыстарына 90 пайыздық жеңілдік беру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді», делінген СІМ хабарламасында.
Сонымен қатар зілзала кезінде белгілі спортшы, таэквондодан 6 дан қара белбеу иегері Мұстафа Өзтүріктің туыстары қайтыс болды. Туыстары апат болған кезде олармен байланысқа шыға алмай, Нұрай мен Бушра Қазаққа іздеу салып, жан-жаққа хабарласқан.Әлеуметтік желіде тараған ақпараттарға сүйенсек, құтқарушылар Хатай провинциясындағы Дефне ауданында қираған үйдің үйіндісінен этностық қазақтар Нұрай мен Бушра Қазақтың мәйітін тапқан. Марқұмдар Мұстафа Өзтүріктің туыстары екені белгілі болды. 57 жастағы Нұрай Қазақ – Мұстафа Өзтүріктің туған ағасы Рустам Өзтүріктің қызы. Ұзақ уақыт бойы Иорданияда тұрған ол Хатайға көшіп барған. Қызы Бушра 31 жаста болған. Табиғи апаттан ажал құшқан анасы мен қызын туыстары Ыстанбұл қаласында жерлейтіндерін айтты.
Дереккөз: Егемен Қазақстан
Фото: дереккөз