Ұрпақ қамын ойлаған әр қазақ келешегін Қазақстанмен байланыстырады

Уақыты: 2024-11-06 Көрлімі: 135 Сипаттама

«Елге ел қосылса – құт» дейді халқымыз. Тәуелсіздік таңы атқалы бері шет елдердегі қан...

IMG_5012.png

 «Елге ел қосылса – құт» дейді халқымыз. Тәуелсіздік таңы атқалы бері шет елдердегі қандастарымыз атамекенге оралуға мүмкіндік алды. Ресми мәліметтер бойынша, отыз жылда бір миллионнан астам қазақ туған жерімен қауышып, осы елдің азаматы атанды. Халқымыздың жан саны көбеюімен қатар, ұлт болып ұйысуымызға, салт-дәстүріміздің жанданып, ұлттық өнер мен мәдениеттің өрісі кеңеюіне қандастардың қосқан үлесі зор. Қандастар көші қазір жаңа деңгейде жалғасып жатыр. Көші-қон ісімен айналысатын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Алматы филиалының төрағасы, «Отандастар» қорының Алматы қалалық фронт-кеңсе сарапшысы Омарәлі Әділбекұлымен сұхбатымызда қазақ көшінің кешегі және бүгінгі жай-күйі туралы сөз қозғалды. 
 

– Көші-қон үдерісінің бір түрі репатриация, яғни басқа мемлекеттерде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың тарихи отанына оралуы екені белгілі. Еліміз егемендік алғаннан бері бұл процесс мемлекеттік саясат аясында дәйекті түрде жүргізіліп келеді. Тарихи отанына оралған қазақтар демографиялық ахуалымызды жақсартумен қатар, елдің экономикалық және интеллектуалдық әлеуетіне үлес қосты. Әлбетте, көші-қон ұзақ мерзімдік үдеріс, сондықтан да осы істің тарихын бір шолып өтсек. 
– Қазақстан – өз ұлтының шет елдердегі өкілдерінің тарихи отанына оралуын қамтамасыз еткен әлемдегі төрт елдің бірі. Олар: Германия, Израиль, Ресей және біздің еліміз, ал Орталық Азияда репатриациямен айналысқан бірден-бір ел Қазақстан. Ресми есеппен елге 1 миллион 180 мың қазақ көшіп келді деп отырмыз, бұл әрине, тәуелсіздіктің арқасында қабылданған батыл шешім. 
Жалпы қазақ көші бірнеше кезеңде жүргізілді. Бір ғана ХХ ғасырдың басында небір төңкеріс, репрессия, аштық, қуғын-сүргіннен жаны да, тәні де жараланып, жан саны кеміген ұлтымыздың бір бөлігі тағдырдың талайымен алыс-жақын шет елдерге қоныс аударуға мәжбүр болды. Одан бөлек, шекаралар шегенделген тұста тарихи мекенінде қалып қойған бауырларымыз бар. Олардың барлығы шетел азаматына айналғаны мәлім. Алғаш рет, ресми түрде, 1957 жылы және 1962 жылы Бақты, Қорғас шекаралары арқылы Қытайдан екі дүркін көш келді. Бұл көшпен келген қазақтар көп ұзамай тарихи атамекеніне сіңісіп кетті. 
1976 жылы қыркүйек айында «Отан» қоғамы (кейін «Қазақстан» қоғамы деп аталды) құрылды. Қоғамның төрағасы болып ҚР Ұлттық ғылым академиясы Тіл институтының директоры, академик Смет Кеңесбаев тағайындалса, Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Шәңгерей Жәнібеков жаңа қоғамның ұйымдық және қаржылық мәселелерін шешумен айналысты. «Қазақстан» қоғамы өз жұмысын шетелде өмір сүріп жатқан қазақтардың жағдайын зерттеуден бастады. Зиялы қауым өкілдерімен тікелей байланыс орнатып, хат-хабар алысты. Оларды атамекенді аралап қайтуға, қонаққа шақырды. Осы жылдары Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуы негізіндегі «Шалқар» халықаралық газеті оқырмандарына жол тартты. Газеттің бас редакторы алғашында Мұса Дінішев болса, кейін Қытайдан 1960 жылдары келген қандасымыз Уақап Қыдырханұлы басқарды. 1982 жылы «Атамекен» теле-радио хабарлары тікелей эфирге шықты. Осылайша, алыстағы ағайын атамекеннің жаңалықтары жайында күнделікті хабар алып отыратын жағдайға жетті. Дәстүрлі ән мен күй тыңдап, сартап сағынышын басты. 
Бұл Кеңестер одағының қатал саясаты жібіп, сең бұзыла бастаған кез еді. 1990 жылы қазанның 12-і күні Қазақ КСР-нің 70 жылдық мерейтойы салтанатпен тойланғанда сегіз елден 22 этникалық қазақ арнайы шақырумен келіп, тарихи сәттің куәсі болды. Осыдан былай атажұрттан жырақтағы бауырларымызға жол ашылды. Шетелдегі қазақ диаспорасының перзенттері Қазақстандағы жоғары оқу орындарына білім алу мүмкіндігіне ие болды. Қазақ мемлекеттік университетінде оқитын (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) шетелдік қандас студенттердің саны көбейді. 
1991 жылы наурызда белсенді азаматтардың ұйытқы болуымен Моңғолиядан 70 адам елге қоныс аударды. Олар елге еңбек күшін тарту шартымен келген еді. 
1992 жылы Дүниежүзі Қазақтарының құрылтайын өткізу мақсатында ел қазынасынан 28 миллион сом бөлінді. Жазушылар одағы, республикалық «Қазақстан», «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымдары, бүкіл елге танымал тұлғалар мен үкімет мүшелерін қамтыған 35 адам құрылтай құрамына кірді. Құрылтай бірнеше күн бойы жоғары деңгейде өтті. Жиын нәтижесінде «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» деген ұйым құрылып, төрағасы сол кездегі Президент Н.Ә.Назарбаев, төрағаның бірінші орынбасары болып жазушы Қалдарбек Найманбаев тағайындалды. Көп ұзамай шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдеріне арналған әлеуметтік-этникалық жеңілдіктер қабылданды. 1996 жылы желтоқсанның 31-і күні Қазақстан Президентінің «Шетелде тұратын отандастарымызды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлығы шықты. Осы тарихи құжат аясында көптеген іс-шаралар жүзеге асырылды. Бес жылдық бағдарламалар қабылданды. Еліміз нарықтық қатынастарға көшіп жатқан күрделі кезеңге қарамастан, атамекенге оралғысы келетін қазақтарға жағдай жасала бастады. 
Шетелдегі жастарды атамекенге тарту, оларды елге бейімдеу үшін оқу орындарында даярлық курстары ашылды. Мәселен, Қыздар педагогикалық институтында ректор Шәмша Беркімбаеваның ықпалымен осындай курс ашылып, көптеген ұл-қыз өз отанына оқуға келді. Бұл істің жүзеге асуы Қалдарбек Найманбаев, Шәмша Беркімбаева, Гүлша Тәңірбергенова сияқты тұлғалардың арқасы еді. Қалдарбек Найманбаев жаңа ұйымның аяғынан нық тұруына көп еңбек сіңірді. Кеңсе табу, штат бекіту жұмыстарымен айналысты. Қандастар тұратын елдің бәріне – Моңғолияға, Иранға, Қытайдың Ганьсуына дейін барып, бауырларымыздың тұрмыс-тіршілігін, жағдайын өз көзімен көрді, көкейкесті мәселелерін біліп, үкіметке ұсыныстар берді. 
Қазақтың атамекенге көші-қоны ХХ ғасыр соңындағы үлкен құбылыс, ел тарихындағы айтулы оқиға болды. Міне, осы үрдіс әлі күнге жалғасып келеді. 
– Көші-қон туралы заң 1997 жылы қабылданды, ол қазақ тілінде жазылған алғашқы заң болатын. Қазір көші-қон үдерісі қандай заңнамаға сүйенеді?
– Қазір әлемде қалыптасқан жағдайға қарай халықаралық заңнамалар өзгерді. Геосаяси ахуал күрделеніп, жаңа шиеленіс ошақтары пайда болды, т.б. Батыс саясаткерлері «ендігі қақтығыс мәдениет пен діндер арасында болады» деген еді бір кезде, қазір соның белгісін айқын көріп отырмыз. Сондықтан әр саладағы заңнамалар уақыт талабына сай түзетіп отыруды қажет етеді. 
Көші-қон туралы алғашқы заң қауымдастықты Қалдарбек Найманбаев басқарып тұрған тұста қабылданды. Алыс-жақын шетелдегі бүкіл қандастарымыз жүрегі лүпілдей күткен құжатты әзірлеуге Ботагөз Уатқан Қауымдастық атынан бастамашы болды және Алмас Ахметбекұлы, Қайрат Бодауқанұлы, Абай Мауқараұлы, Рақым Айыпұлы сияқты азаматтар белсене кірісті. Олар Парламент депутаты Әкім Ысқаққа кеңесші болып, бір кісідей атсалысты. Бірлескен еңбектің нәтижесінде аталған маңызды құжат қабылданып, ұлы көштің елге бет түзеуіне заңдық негіз болды. 
Бұл заң өз міндетін толығымен атқарды. 2011 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» басқа заң қабылданды, ол еліміздің көші-қон саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп, көші-қон процестерінің құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін айқындап берді. 2020 жылы «оралман» сөзі «қандас» сөзімен ауыстырылды, басқа да өзгертулер енгізілді. Қазір осы заң қолданыста. «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 3-бабында көрсетілгендей, шет елдердегі қазақтар Қазақстанға: біріншіден, тарихи отанына оралу мақсатында; екіншіден, отбасын біріктіру мақсатында; үшіншіден білім алу мақсатында көшіп келуіне болады. Мемлекетіміз этникалық қазақтардың тарихи отанына қоныс аударуын жан-жақты қолдап отыр. 
– Омаралы Әділбекұлы, сіз «Отандастар қоры» қоғамының Алматы филиалында қызмет атқарасыз. Жалпы бұл қоғам қандай қызметпен айналысады? Дүниежүзі қазақтары қауымдастығынан айырмашылығы неде? 
– «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайынан кейін, 2018 жылы құрылды. Мақсаты – шетелдегі отандастарымызға жан-жақты қолдау көрсету, мәдени-рухани қолдау сипатындағы шараларды іске асыру, көшіп келуіне, бейімделуіне көмектесу. Қор қазір Сыртқы істер министрлігіне қарайды. Бұдан бұрын Сыртқы істер министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің аясында қызмет атқарды. Әлемнің әр түкпірінде жүрген әрбір қазақтың басын қосатын киелі атамекені, қасиетті Отаны бар екенін білдіретін бұл қор құрылғалы бері жан-жақты, жүйелі жұмыс атқарып келеді. Мысалы, 2023 жылы осы қоғамның ұйымдастыруымен Астана қаласында Отандастар форумы өтті, оған шет елдерде тұратын табысты, қоғамда белсенді отандастарымыз қатысты. Алқалы жиында шетелдегі қазақтардың көкейтесті мәселелері мен келешегі талқыланды. 
Қазақстанға қоныс аударған қандастарға ақпараттық қолдау көрсету, кеңес беру мақсатында «Отандастар қоры» қоғамы жанынан «Қандастарды ақпараттық қолдау» орталығы құрылған. Облыс орталықтарында, Алматы мен Астанада фронт-кеңселері бар, мұнда әр қандастың мұң-мұқтажын тыңдап, өтінішін қараймыз, кеңес беріп, бағыт-бағдар сілтейміз. 
Ал Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы – республикалық дәрежедегі қоғамдық ұйым, сол себепті бюджеттен қаржы алмайды. Қауымдастық алыс-жақын шетелдердегі ағайынмен байланыс жасап, тарихи отанына көшіп келген қандастарға қолынан келген жәрдемін жасап келеді. 
 Көрші ел Ресейде репатриациялық саясат бойынша шетелдегі отандастарымен жұмыс істейтін үш ұйым болса, Қытайда бес ұйым бар, оларды мемлекет қаржыландырады. Сондықтан Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар қоры» қоғамының қызметі бірін-бірі қайталайды деуге келмейді. 
– Ұйым көптік етпейді дейсіз ғой. Олай болса, қазіргі уақытта көші-қон саласында қандай өзгерістер, жаңалықтар болып жатқанын айтсаңыз. 
– Адам ылғи алға қарайды, өзінің тұрғысынан қарайды. Әркімнің өз шындығы бар, бірақ ақиқат біреу. Сол себепті, көш тоқтады деген бос әңгіме. Рас, қандастар көші керемет табысқа жетті, даму барысында белгілі бір өзгерістер де болып жатыр. Қандастарға арналған квоталар арнайы аймақтарға бөлінетін болды. Мысалы, Алматыда ресми түрде 2,5 миллион адам тұрады, еліміздің ірі қаржы және мәдениет орталығы, Орталық Азиядағы ең үлкен шаһар. Жалпы Қазақстанда урбанизация қарқыны өте жоғары, 62% маңайында. Соған сәйкес, қазір Алматы және Астана қалаларына берілетін квоталар тоқтатылған. Есесіне, арнайы ішкі-сыртқы көші-қон аймақтары белгіленіп, оған бөлінетін квота көбейді. 
Көшіп келумен қатар, елге келген қазақтарды сіңістіру, бейімдеу деген бар. Мысалы, Иран, Қытай, Ауғанстаннан келген қазақтар орыс тілін білмейді, кириллица жазуын танымайды. Оларға тиісінше көмек көрсетеміз. 
Қандастарға берілетін квота сегіз облысты қамтиды, оның ішінде Шығыс Қазақстан, Абай облысы, солтүстікте төрт облыс, батыста екі облыс бар. Бұл негізінен демографиялық жағынан қолдауды қажет ететін, еңбек күшіне сұраныс бар аймақтар. Осы облыстарға барған адамдарға қандас куәлігі еш талапсыз беріледі, тек құжаты дұрыс болуы керек. Сондай-ақ, әр отбасыға жан санына қарай материалдық қолдау көрсетіледі, жәрдемақы тағайындалады. 
– Қазір қандас куәлігін неше күнде алуға болады? 
– Бұрын үш күнде алатын, қазір енді барлығы электронды нұсқаға көшіп жатыр. Елімізде цифрландыру қарқыны өте жақсы, бірақ оның бір түйткілі бар, ол ұлтын анықтауға қатысты мәселе. Мысалы, Иран мен Ауғанстанда жеке құжатқа азаматтардың ұлты жазылмайды, сондықтан олардың ұлтын анықтау қиын. Бұрын Иранда ақсақалдар мешітке жиналып, руын сұрастыра келе қазақ деген пәтуа жасайтын, соның негізінде елге келуге болатын. Ал қазір электронды өкіметке өткен соң, діни негіздегі уәждер қабылданбайды. Адамның жеке басын куәландыратын құжаттарда, үміткерлердің ұлтын растайтын тиісті жазба болмаған жағдайда көші-қон мәселесі туындайды. Оны шешу үшін Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға үміткер адамдардың ұлты қазақ екені жөніндегі мәселелерді қарайтын комиссиялар бар, олар облыстардың, Астана мен Алматының жергілікті атқарушы органдарының жанынан құрылған. Оның құрамына мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді. Мен Алматыдағы осындай комиссияның мүшесімін. Бұл комиссиялар үміткерлерге қандас куәлігін берумен, қандастарды жаңа ортаға бейімдеу және басқа міндеттермен айналысады.
Тарихи отанына оралған азамат тиісті орындарға өтініш берген соң ол комиссия мүшелерінің отырысында қаралады. Ұсынылған ақпаратты жан-жақты қараймыз, өмірбаянымен танысамыз, сұрақ туындаған жағдайда ол адамды шақырып әңгімелесеміз, тегін, руын сұраймыз. Өйткені бұл біз үшін үлкен жауапкершілік. Құжаты дұрыс, бәрі талапқа сай болса жылдам қабылданып, тиісті куәлігін алады. Қазір 35 жұмыс күні шамасында қандас куәлігіне ие болады. Комиссия ай сайын арнайы отырыс жасап, өтініштерді қарайды. 
– Қандас куәлігін алған отандасымыз қандай құқықтарға ие?
– Қандас ретінде елде еркін жүріп-тұрады, жеңілдетілген тәртіппен 45 күнде азаматтық алады. Ал басқа шетелдіктер Қазақстан азаматтығын алу үшін қойылатын арнайы шарттар бар, мысалы, елімізде бес жыл тұруы керек, банкте сақталған қаражаты болуы керек дегендей. 
– Өткен жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Құтты мекен» жобасын іске қосты. Бұл жобаның қандастарға қандай көмегі бар? 
– «Kutty meken» жобасы «қандас» мәртебесін алуды жеңілдетуге арналған. Айтып өткеніміздей, қазір барлық салада цифрландыру жүріп жатыр, еліміз бұл жағынан әлемде алда келеді. «Kutty meken» – этникалық қазақтарға қандас мәртебесін беру бойынша мемлекеттік қызмет көрсететін мобильді қосымша. Шетелде жүрген этникалық қазақтар Қазақстанға арнайы келмей-ақ, «қандас» мәртебесін алуға өтініш бере алады.
Одан бөлек, шетелде бизнес, өнер, ғылым, спорт саласында табысқа жеткен қандастарымызға арналған «Ата жолы» картасы бар. Бұл картаға ие болған бауырларымыз Қазақстанда тұруға, білім алуға, кәсіп жүргізуіне және басқа құқықтарға ие болады. «Ата жолы» картасының артықшылығы – этникалық қазақ қай өңірге, қай қалаға қоныстанатынын өзі таңдайды. Қазіргі уақытта осы карта иелерінің азаматтық алуын жеңілдету мәселесі қарастырылып жатыр. «Ата жолы» картасын алған елуден астам қандас ел экономикасы мен мәдениетіне қызмет етіп жүргенін білеміз. 
– 1990 жылдары көш қарқын алған кезде атамекенге ең алдымен бет бұрған зиялы қауым санатындағы азаматтар, ғылым, өнер, мәдениет, әдебиет өкілдері болатын. Қазір ше, осы үрдіс сақталып отыр ма? 
– Қазір елімізге көшіп келіп жатқан қандастар арасында кәсіп, бизнес өкілдері, жаңа технология мамандары көптеп кездеседі. Мәселен, жуырда Қытайдан бір қазақ жігіті келді. Ол Шынжын қаржы орталығында жұмыс істеген, тәжірибелі кәсіпкер екен. Біз оған Астанадағы халықаралық қаржы орталығына орналасуына болатынын айтып, жөн сілтедік. Ол жігіттің әйелі Бейжіңде кәсіби білім алған өнер адамы екен, Шынжында би мектебін ашыпты. Ерлі-зайыпты екеуі де Қазақстаннан орын теуіп, кәсібін дөңгелетіп алып кететіні анық. Мұндай азаматтар жеткілікті. 
Жалпы Қытайда соңғы 40 жылда қазақ кәсіпкерлерінің екі буыны өсіп-жетілді. Қытай қазір әлемдегі экономикасы мен технологиясы дамыған алып ел екені белгілі. Ол елде қаржылық мүмкіндігі мол қазақ кәсіпкерлері көп, олар да ат басын атамекенге тірегісі келеді. Олар келсе, еліміздің экономикалық әлеуетін нығайта түсері анық. 
– Сіз қазір құжат рәсімдеу, өтініш беру цифрлы түрде жүргізіледі дедіңіз, бұл орыс тілін білмейтін, кириллицаны танымайтын қандастарға қиындық тудырмай ма? 
– Қазір барлығы «бір терезе» қағидасы негізінде атқарылады. Бұл құжат ресімдеуді жеңілдету ғана емес, әрі сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың бір жолы. Бір кездері көші-қон саласында құжат рәсімдеуге көмектескені үшін ақша алу көріністері, заң бұзушылықтар болғаны рас. Ал қазір құжат жөндеп береміз деп ешкім өз қызметін ұсына алмайды, ешқандай басшының есігін қағып, кезекке тұрудың қажеті жоқ. Ең бастысы, құжатың дұрыс, талапқа сай болса болды. 
«Отандастар қоры» қоғамының атажұртқа қоныс аударушы этникалық қазақтарға арналған erulik.kz деген сайты бар, мұнда көші-қонға қатысты бүкіл ақпарат берілген. Құжат алу тәртібінен бастап, қандастардың құқығы мен міндеті, квотаға өтініш беру, азаматтық алу, жұмысқа тұру, оқу орнына қалай түсуге болады, соның барлығы мәтін және бейнеролик түрінде ұсынылған. Кез келген адамның түсінуіне ыңғайлы. Сайттағы ақпарат қазақша, ағылшынша, орысша және төте жазумен берілген. Қандастардың қоныстануына арналған маңызды аймақтар туралы ақпарат та осында, ол өңірдің тарихы мен табиғаты, халқы, бос жұмыс орындары туралы мәліметті осы сайттан табады. Сондықтан электронды қызмет көрсету еш қолайсыздық тудырмайды. 
– Қазір қандастар арасында елімізге қандай мемлекеттерден қоныс аударушылар басым? 
– «Отандастар» қорының мәліметіне сәйкес, 2023 жылы 20 мыңнан астам қандасымыз қазақстандық атанды. Қандастардың тең жартысынан астамы Өзбекстаннан келді, одан кейін Ресейден көшіп келгендер басым болды. Ал биыл келіп жатқан қандастардың 40-50 пайызы Қытайдан. 
– Тарихи отанына оралған қазақтар еліміздің жан санын арттырып қана қоймай, ұлттық бірегейлікті нығайтуға ерекше үлес қосып келеді. Бұл қазіргі жаһандану заманында өте өзекті мәселе екені белгілі. Әрбір ел өзінің төлтума мәдениеті мен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін сақтап қалуға, болашақ ұрпағына табыстауға ұмтылып жатыр. Осы ретте бірегейлікті бекемдеудегі қандастардың рөлі қандай?
– Тәуелсіздік қарсаңында қазақ өз елінде азшылыққа айналған еді, қазір міне титулды ұлттың үлесі 70 пайыздан асты. Мұнда қандастардың да зор үлесі бар. Соның ішінде, әсіресе, Алматының қазақтануын ерекше атап айтар едік. Қазіргі уақытта Алматыда тіркелген 219 мың қандас бар, бұл қала тұрғындарының 5 пайызға жуығы. Олар түрлі салада қызмет етіп, ел дамуына атсалысып жүр. 
Тарихи отанына оралған қазақтардың алдыңғы буынында мақтан тұтатын азаматтар өте көп. Ата-бабамыз ұстанған ислам дінінің қайта оралуы туралы айтқанда, Халифа Алтай есімін үлкен құрметпен атаймыз. Қасиетті Құранды қазақ тіліне аударған ақсақал еліміздің руханиятына хал-қадерінше еңбек етіп, көп мұра қалдырды. Ақын-композитор Ермұрат Зейіпхан Алмас Ахметбекұлының сөзіне жазған «Көк тудың желбірегені» әнін әр қазақ әрдайым тебірене тыңдайды. Ғылым мен әдебиетте қаншама қандасымыз бар. 
Спортшылар Қанат Исләм мен Бақыт Сәрсекбаев шетелдегі үлкен сайыстарда көк туымызды желбіретті. Ғылымда Зардыхан Қинаятұлы ағамызды ерекше атап айтар едік. Моңғолияда үлкен мемлекеттік қызмет атқарған ағамыз атамекенге көшті ұйымдастырудың басы-қасында болды. Елге келіп, отыз жылдай тарих институтында өнімді еңбек етті. Қазір мемлекеттігіміздің бастауы деп дәріптеліп жатқан Жошы хандығы туралы зерттеулер жазды. 
Тарих ғылымдарының докторы Нәбижан Мұқаметқанұлы бүкіл саналы ғұмырын қазақ ғылымы мен біліміне арнап келеді. Ғалымның 2021 жылы баспадан шыққан «Халықаралық құбылыс: Қазақ халқының бөлінуі мен тұтастану үдерісі» атты монографиясы көш тарихын зерттеуде іргелі, құнды еңбек ретінде бағаланып отыр. Кейінгі буынның өкілі, жазушы Ұларбек Дәлей жуырда «Жошы хан» романын жарыққа шығарды. 
Бейжің орталық ұлттар университетінде оқыған, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, бүкіл саналы ғұмырын тіл ғылымына арнап келе жатқан Қайрат Ғабитқанұлы Отанға оралған соң көп жыл бойы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында ғылыми қызметкер болды. Қайрат 15 томдық «Қазақ әдеби тілі» сөздігін әзірлеуге қатысты, ол шетелде тұратын қазақтардың арасында сақталған тілдік бірліктерді отандық сөздіктерге енгізуге үлкен үлес қосқанын айта кету орынды. Ғалымның ұзақ уақыт көз майын тауысып жазған «Қазақ тілі оқу құралы» және басқа сөздіктері сұранысқа ие басылымдар. 
Қазір ең жас академик атанған математик-ғалым Дүрбітхан Сұраған Моңғолияда туған. Қазақ ұлттық университетінде Әлібек Ыдырысұлы есімді болашағынан үлкен үміт күттіретін биолог-ғалым бауырымыз бар. Авиация саласында халықаралық дәрежедегі кәсіби ұшқыш деңгейіне жеткен қандастарымыз бар. Айта берсек көп, біз білмейтіні қаншама. Тіпті Алматының әр мектебінде ондаған қандасымыз мұғалім болып жүр. Журналистикада ауыз толтырып айтарлық жетістікке жеткен Есенгүл Кәпқызы, Тоқтарәлі Таңжарық және басқа ұл-қыздарды да мақтан тұтамыз. 
Ұлттық киім мен қолөнер саласында алғашқы қарлығаш іспетті «Еркенұр» тігін орталығын ашып, биік деңгейге жеткізген Фарида Мерхамитқызы да Қытайдан оралған қандасымыз. Ол секілді шағын және орта бизнесте табысқа жеткен азаматтар өте көп. 
Мемлекетіміздің дәйекті көші-қон саясатының арқасында тарихи отанына оралған қандастар осылайша жан санымызды арттырумен қатар, әр салада табысты қызмет етіп жүр. Олар жекешелендіруге қатыспаса да, лауазымды қызметке бармаса да, елдің дамуына, ұлттың өркендеуіне үлес қосуды парыз санайды. 
– 1980-90 жылдары кең таралған «Шалқар» газеті шетелдік қазақтар мен атамекеннің арасында алтын көпір қызметін атқарған басылым болды. Қазір осындай халықаралық газет-журнал бар ма, әлде «Шалқарды» жаңғырту ойда бар ма? 
– «Шалқар газеті» қазір шықпайды, тоқтап қалған. Одан басқа «Алтын бесік» деген журнал болған, ол да жабылып қалды. Кезінде Қауымдастықтың «Атажұрт» баспа орталығы болды, онда шетелдегі қандас ақын, жазушы, ғалым, өнер қайраткерлерінің еңбектері арнаулы серия болып басылып шықты. Қытайдағы жазушы ағамыз Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романы, Таңжарық Жолдыұлының шығармалары осы баспадан жарық көрді. 2000-2017 жылдар арасында барлығы 570 баспа табақ кітап шыққан екен. Алайда, пандемия кезінде бұл жұмыс тоқтап қалды. 
Қандастар арасында қаламгерлер көп, әрі олар бірнеше шет тілін біледі. Газет-журнал, кітап шығару ойымызда бар, бірақ барлығы қаражатқа келіп тіреледі. 
– Қазақ көшінің алдағы бағыт-бағдары қандай? 

– Қандастар көші ұзақ мерзімге бағытталған мемлекеттік көші-қон саясатының аясында кешенді түрде жалғаса береді. Президентіміз Қ.Тоқаев Маңғыстауда сөйлеген сөзінде: «Дүние жүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз» деп атап айтты. Ұрпақ қамын ойлаған әр қазақ келешегін Қазақстанмен байланыстырады. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді дана қазақ. Көшіп келген қандастарымыздың жағдайы жақсы, ешнәрседен кемдік көрмей, кеуде кере өмір сүріп жатқаны бізге міндет әрі мақтаныш. Тіпті өзге елде өмір сүрсе де, арқамызда туған еліміз-жеріміз бар деп марқайып жүреді. Ел келешегі – барша қазаққа ортақ, көші-қон ісіне немқұрайды қарамай, елім деген ерлерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. 
– Әңгімеңізге рахмет. 

Сұхбаттасқан Дина Имамбай

squat.kazgazeta.kz сайтынан 


Пікір жазу
  • ДӘСТҮР ЖӘНЕ КӨШ
    ДЕЛДАЛ ЖӘНЕ КӨШ

    Ұқсас тақырыптар