Омарәлі Әділбекұлы
Делдалдық қызмет дегенді Wikipedia-да “тапсырушы делдалға немесе басқа адамға таңдау, уақытты, саны мен сапасын қоса алғанда, құнды қағаздарды немесе тауарлар сатып алу немесе сатуда, әрекет ету еркіндігін беретін шот” -деп анықтама беріпті. Делдал деген ұғым санамызға тәуелсіздік қарсаңында нарықтық қарым-қатынастың орнауымен ене бастады. Төл ақшамыз айналысқа еніп Батыстан инвестиция тарту үшін табысты биржаларға жүгіндік. Шетел валютасы елімізде еркін айналымға шықты. Осы барыста ұлттық теңгеміз үздіксіз құнсызданғандықтан кәсіпкерлеріміз бен шетелге көп шығатын азаматтар қолындағы және банктегі ақшасын АҚШ долларымен сақтайтын жағдайға мәжбүр болды. Қозғалмайтын және қозғалатын мүліктің нарықтағы бағасы да шетел валютасымен есептелетін болды. Әр азаматтың өз атында тұрған пәтерлері мен саяжайлары тегін жекешеленді. Кеңшар-Ұжымшар тарап, завод-фабрикалар жабыла бастағансоң ауыл тұрғындары қалаға шоғырлана бастады. Сонымен жеке пәтерге деген сұраныс артты да пәтер сататын, пәтер жалға берумен айналысатын маклер қосыны қалыптасты. Нарықтық қарым-қатынастағы өмірімізді делдалсыз елестете алмайтын болдық.
Тәуелсіздіктен кейін өтпелі кезеңнің сапырылысы басталды да неміс, славян, грек, кавказ диаспоралары өз елдеріне үдере көшіп, елімізде маман және жұмыс күш тапшылығы айырықша байқалды. Сол үшін әлемнің елуге таяу елінде тағдырдың тәлкегімен сабылып жүрген қандастарды елге шақыру ісі жоспарлы түрде қолға алынды. Оның да нәтижесі тез көрінді. Көш жалпы халықтық және халықаралық сипат алды. Елімізде объективті әрі субъективті себептерге байланысты тамырын тереңге жайған бюрократия мен коррупцияның қедергілеріне қарамастан Атамекенге жан-жақтан Қандастар ағылып келе бастады. Дәстүр қайта оралып, дін мен діл санамызда жаңғырды. Өсіп-өнген ортаның өзгешелегі мен бөгде мәдениет пен менталитеттің ықпалы, жазудың бірлікке келмеуі аздап жатсыну, үйлеспеу қиындығын тудырса да келген Қандастардың басым бөлігі елге сіңісіп кетті.
Дегенмен, 70 жыл жүргізілген атеистік тәрбие, ақша мен әрекет бәрін шешеді дейтін либералды қоғамның әлсіздіктері қабаттасып кеткенде қоғамның дерт-дербезі асқынып, түрлі-түсті қылмыс өршіді. "Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы" - деген ата-бабаның дәстүрлі құндылықтары аяққа тапталып, қызметтік этика дегеніңіз ұмыт болды. Жоғары төмен жең ұшынан жалғасқан, өзара сыбайласқан нашар әдет пайда болып көші-қон саласында делдалдар армиясы қалыптасты. Туыстық, оқу, жұмыс шақыртулары мен визалары, келген соң пәтерге уақытша және тұрақты тіркеу, оқу гранты, көші-қон квотасы осының бәрі де бизнеске айналды. Қарапайым Қандастар өліп-талып елге келгеннен кейін уақытша және тұрақты тіркеуге тұруы, визасын ұзартуы, ықтияр хат немесе азаматтық алуы бәрі де делдалдардың қолымен іске асып жатты. Ол заманда қазіргідей бір терезе қағидаты жоқ, онлайын тіркеу деген қиялға да кірмейді. Сонымен өздері барса кезек ала алмайды, кезек күтіп жүріп тіркеу мен визаның мерзімі өтіп кетсе айып ақша арқалайды. Ал, делдалдардың кезексіз құшақ-құшақ құжаттарын көтеріп құзырлы мекемеге кіріп баратын мүмкіндігі бар.
Бұл жерде айта кететін бір жәйт, Қандастардың бәрі де Алматы немесе Астана қалаларында тұрмайды. Алыс облыс, аудандардағы туысын сағалап келетін кісілер көп болатын. Сонымен бірге Қытай, Иран, Ауғанстаннан келетін Қандастардың көбі кириллица жазуын қолдана білмейді. Ал, орыс тілінен мүлдем хабарсыз. Міне осындай жағдайда ертерек келген Қандастардың жергілікті жерге үйлесіп алған соң соңынан келген Қандастарына делдалдық қызмет көрсетуі әрине, құптарлық құбылыс. Бірақ, тойынып алып құнығып кеткен алаяқтар қазір топ жасақтап, партия құрам деп ел ішіне іріткі сала бастады. Қаншама заңнан сауаты аз, жергілікті жағдайдан хабары шамалы Қандастарды квота алып берем, виза ашам, ықтиярхат, азаматтық алып берем деп ақшаларын алдап алып, байланыс нөмірлерін өзгертіп қашып жүрген алаяқтар қаншама? Олардың алды танымал тұлғаларды арқа тұтып жұмысқа тұрып, қоғамдық жұмысқа араласып, депутат және министрлермен түскен фотоларын әлеуметтік желіге оңды-солды жүктеп сол арқылы танымалдығын арттырып"Қандастардың қормалы, әкесі" болуды армандайтын жағыдайға жетті.
Цифрлық қызметтің еліміздің әкімшілік құрлымында жаппай жалпыласуы әсіресе Жаңа Қазақстанның осы саладағы атқарып жатқан ұтымды шаралары делдалдардың тынысын тарылтып, көші-қон жұмысының өнімділігін арттырды. Уақытша тіркеу күшін жойып, тұрақты тіркеу электрондық жүйеге көшті. Қандастарымыз көбірек қоныстанған елдермен өзара визасыз қарым-қатынас орнады. Ішкі және сыртқы көші-қонға арналған облыстар белгіленіп арнайы қаражаттар ел бюджетінен бөлінді. "Құтты мекен", "Ата жолы" бағдармалары айналысқа еніп, игілігін ел көріп жатыр.
Көші-қон саласындағы осы өзгерістер мен жаңалықтарға делдалдар армиясының жасырын, көрнеу атамандары тіс-тырнағымен қарсы болды. Диплом, неке куәлігі, туу туралыкуәлігі, фирма құжаттары, өсиет сияқты тұрмыста көпкездесетін мәселелер бойынша еліміз Гаага конвенциясының халықаралық шарттарын айналысқа енгізгенде үлкен-кішіделдалдар жылу жинап жиналыстар өткізіп ақпараттық шабуыл ұйымдастырды. Теріс, жалған ақпарат таратты. Қол жинап Апостильді күшінен қалтырамыз деп даурықты. Бейтарап пікір айтқан азаматтарға ескі тәсілмен шабуыл жасап, қысым көрсетпекші болған еді,бірақ одан түк тешықпады. Қоғамдық сананың өсуі олардың деңгейінен әлдеқайда жоғары болып, "Мәртебесіз Қандастар", "Апостильді жабамыз" деген топтары өздігінен тарап тынды.
Ел Президенті бірнеше рет халыққа жолдауында және үш реткі Ұлттық Құрылтайда Ел дамуының бағдарламасын халыққа ұсынып, талқыға салды. Сонда айтылған басты идеялардың табан тірер тиянағы – заң мен тәртіп болса, "Адал адам, адал еңбек, адал табыс" өмірлік бағдарымызға айналуы тиіс болды. Осы үдерісте "Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу" екендігі де айтылды.
"Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел", – деп ұлы Абай айтқандай заң салтанат құрып, заман оңалып келеді. Оны күнделікті тұрмыста, қоғамдық өзгерісте сезініп, біліп жүрміз. Әлеуметтік желі мен медиа ресурстарын пайдаланып кәсіпкерлер мен ұлттық корпорациялардың басшыларын бопсалап келген блогерлердің қолына кісен салынды. Қоғамдық ұйымдар мен қорларды байлық жинау көзіне айналдырған алаяқтар мен субсидияны саудалап жүрген дөкейлер құрықталуда. Әрине, мұның бәріне цифрлық дамудың арқасында қол жеткізіп жатырмыз. "Үй өзімдікі деме, үй артында кісі бар" дегендей енді делдалдар ойланып, аяғын аңдып басқаны дұрыс. Заң мен тәртіп барлық азаматтарға ортақ. Айхай-аттан, даңғазалықпен қоғамдық пікір топтап, алдамкөстікпен мал табатын жаман әдетті ұмытып, келесі жылғы "мамандық иелерінің жылында" өз ісіміздің білгірі атанайық.
Көш көкжиегі делдалдарсыз кеңейсін!