Қазақ тарихында көзінің тірісінде-ақ аты аңыз боп тараған, ел мақтанышына айналған тұлғалар аз емес. Соның бірі шеттегі қазақтың айбары болған тау тұлға Жанәбіл Сымағұлұлы еді.
Қытайдың белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ халқының қадірлі азаматы Жанәбіл Сымағұлұлы өз заманында Қытай елінде үлкен лауазымды қызметтер атқарған, беделді, танымал тұлға болды. Ғұмырының соңына дейін туған халқымен етене араласып, келелі ой, кесімді сөзімен ұлты үшін ұлағатты істер атқарды. Ол қырық жылдан астам уақытқа жалғасқан қызметтік еңбек жолында Шыңжаң өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы, Шыңжаң өлкелік Үкімет төрағасының орынбасары, Шыңжаң өлкелік Халықтық саяси консультативтік кеңесінің екі мәрте төрағасы сынды аса жоғары қызметтердің тізгінін ұстаған.
Әріптестері - Дэн Сяопиннен Ху Цзинтаоға дейін...
Жанәбіл Сымағұлұлы ҚХР-ның негізін қалаушы көсемі Мао Цзедун мен тұңғыш премьер-министрі болған Чжоу Эньлайдың заманында билікке келіп, одан кейінгі Қытай басшылары- Дэн Сяопин, Ян Шанкунь, Хуа Гофэн, Ху Яобан, Цзян Цземин, Ху Цзинтао, Ли Пэн, Чжу Жунцзи, Вэнь Цзябаолармен тікелей, бірге жұмыс істеген. Ол Шыңжаңдағы беделді тұлға болды.
Қытай елінде «Жарты патша» атанған ақсақал 90 жасында, осы жылдың 22 қарашасында Қытайдың Үрімжі қаласында пәниден бақиға сапар шекті. Сол азалы күндері елін сүйген, елі сүйген ел ағасын халқы қабырғасы қайысып, күйзеле жоқтады.
Сондай жоқтау өлеңдердің бірінде:
Қадірін білмес адамға,
Тоқсанға келген шал өлді!
Қадірін білген қазаққа,
Ту жығылып, хан өлді! - деп жырлап жатты...
Саналы ғұмырын туған халқының игілігі үшін арнады
Жанәбіл Сымағұлұлы қазақ халқының ғана емес, Шыңжаң топырағында өмір сүрген аз ұлттардың шынайы жанашыры, қормалы бола білді. Іле Қазақ автономиялы облысындағы 22 аудан, 5 қала мен Баркөл, Ақсай, Мори секілді 3 қазақ ұлттық автономиялы ауданы және Үрімжі қаласы мен Санжы облысы секілді қазақтар қоныстанған жерлердің барлығының тыныс-тіршілігін бақылап, барымен-жоғын түгендеп отырған.
Сонымен бірге тарихи себептерге байланысты Гималай асып, шетелге ауғанда, Тибет жерінде шашылып қалған қазақтарды атамекені – Алтайға қайта көшіріп әкеліп, жағдайын жасап қоныстандырған. Тіптен өзінің билік құзіретіне кірмейтін Ішкі Қытай жеріндегі Ақсай Қазақ автономиялық ауданына да көмектесіп отыруды парыз санаған. Осы кездері Ақсайға жолы түскен қонақтың көзіне «менмұндалап» көрінетін киіз үй үлгісінде бой түзеген, «Ақ мешіт» аталатын еңселі құрылысты жергілікті халық «Жанәбіл аға салдырып берген мешіт» деп мақтана, марқая айтатын көрінеді.
Тағы да сол Гималай асып, Анадолы топырағына ауып барған қазақтың да соңынан Жәкең 1980 жылдары өнер қайраткерлерін бастап іздеп барып, туған жерін аңсаған жұртқа, елдің сәлемін жеткізген. Кезінде от пен оқтың ортасынан жан сауғалап қашқан елдің алаң көңілін басып, қорқынышын сейілтіп, туған жерлерін көруіне, бір туғандарымен қауышуына болатынын айтып, елге шақырған. Оның Түркияға барған осы сапарында Қалибек Хакім, Халифа Алтай секілді қазаққа танымал тұлғаларымен де кездесіп, сәлем бере барғанын Қалибек Хакім естеліктерінде жазған.
Өр рухы, батыр болмысы
Кезіндегі Голощекиннің «қазақ ауылында Кеңес өкіметі жоқ» дейтін, қазақтың басына зауал әкелген атышулы ұраны секілді, 1977 жылы ШҰАӨ Партия комитетінің Бірінші хатшысы болып келген Уаң Фың партияның бір жиналысында «Шыңжаң отан құшағына бүгін ғана оралды!» десе, соған үн қосқан тағы бір Ішкі Қытайдан келген басшы мен Шыңжаң Әскери өлкесінің екінші комиссары, «Шыңжаңға келсек шетелге келгендей боламыз» - деп ұшқары пікірлер айтады. Олар Шыңжаңды басқару саясатын түбірімен өзгертіп, өз қалауларымен билеп-төстегісі келеді. Бұндай асқынған шовинистік пиғылға Шыңжаңда Жанәбіл ағамыз ғана жасқанбай қарсы тұрып, тосқауыл қойған. Сол қарсылығы үшін біраз уақыт биліктен де шеттетіледі.
«Жанәбіл Сымағұлұлы өзінің де, туған халқының да кеудесін ешкімге бастырмаған тұлға болатын. 1977 жылы Бірінші хатшы Уаң Фыңмен айқасып, оны Шыңжаңнан қуып шыққанын, біздің бала кезімізде арғы беттің халқы аңыз етіп айтатын. 1980 жылы Жанәбіл Сымағұлұлы Дэн Сяопинге барып, Уаң Ынмауды Шыңжаңға Партия комитетінің Бірінші хатшылығына ат-түйедей қалап, сұрап алады. Уаң Ынмау Шыңжаңға Бірінші хатшы болып келген соң, Жәкең өлкенің оқу-ағарту, денсаулық сақтау, мәдениет, баспасөз, ауыл шаруашылығын түгел өзі басқарады. Тіпті, сонау бір аласапыран жылдарда Шыңжаңның партия, Үкімет, әскер – үш билігінің тізгінін қатар ұстаған кездері де болды. Осындай күрделі саясаттың ортасынан жол тауып, халқына қызмет істеу біреудің қолынан келеді, біреудің қолынан келмейді», - дейді ақын Ауыт Мұқибек.
Бұл оқиға туралы Жанәбіл Сымағұлұлы «Бала шақтан болашаққа» деп аталатын ғұмырнамалық эссесінде: «Уаң Фың Шыңжаңнан ауысқаннан кейін, Бейжіңде онымен екі рет кезігіп, амандастым. Екінші рет ол мені көрген жерде: «Мен қателестім, сенікі дұрыс болды, – деді», деп жазады.
1 баламен шектелген Қытайда қазақтарда қалай 4 баладан болды?
Тарихта қазақ халқының сан қайталаған соғыстан да, аштықтан да қырылып, рухы сынып, саны азайғаны белгілі. «Әр ханның тұсында бір сұрқылтай» демекші, осындай ауыр тағдыр жер-әлем сабасына түскен бейбіт заманда Қытайдағы қазақтардың басына қайта айналып соққан. Бұл әлемде бұрын-соңды болмаған «Жоспарлы туу» аталатын, Қытайдағы шектен тыс артып кеткен бала туу қарқынын тежеу үшін, төтенше шара ретінде енгізілген «бір отбасы - бір бала» саясаты болатын (1979 жыл).
Сондай Жәкеңнің шапағатын көрген жандардың бірі Қытайдағы қазақ театр өнерінің негізін қалаушы, театр және кино актері, композитор Мәлік Шипанұлы (1926 жылы Қазақстанның Маңырақ деген жерінде туған) болатын. Өнер қайраткері Қытай елінде «ұлтшыл» деген айыппен 20 жыл саяси қуғын-сүргінге ұшыраған (1957-1978). Осындай өз ұлтының мәдениетіне еңбек еткені үшін бағы тайып, сағы сынып, қорлық көріп жүрген азаматты Жанәбіл Сымағұлұлы жазадан құтқарып, ел алдына қайта шығарады. Жәкеңмен сол жолғы әсерлі кездесуін Мәлік Шипанұлы өз естелігінде былайша еске алады.
«Жанәбіл Сымағұлұлы Құлжаға жұмыс сапарымен келіп жүріп, облыс әкімдерінен мені сұрайды. Бірақ олар мен туралы білмейтін болып шығады. Сонымен Жәкең «ол кісіні менің алдыма жеткізіңдер» деп тапсырма берген. Ол уақытта мен саяси қуғыннан кейін еш жер жұмысқа алмай, Құлжаның көшесінде көкөніс сатып, жан бағып жүргем. Содан бір жігіттер келіп «Жанәбіл хатшы шақырып жатыр» деп мені ертіп әкетті. Ол кісіні бұрын көрмеген адамым болатын, қабылдауына имене кіріп, босаға жақтағы бір орындыққа отыра кеттім.
- Жақынырақ отырыңыз, - деді. Мен бір-екі орындық алға жылжып отырып жатыр едім: - Төрге шығыңыз, менің қасыма келіп отырыңыз, - деді. Жайғасқан соң:
- Жағдайыңыз жақсы ма, Мәлік аға! – деп аман-саулық сұрады. Жүрегім жарылып кете жаздады. 23 жыл бойы бір адам мені аға деп айтып көрмепті. Тіптен, жаныма жақын келуден қорқатын.
Мен: - Жақсымын! - дедім. Бір жағынан қуандым, бір жағынан жылағым келді. Өзімді тоқтатып үнсіз отыра бердім.
Содан маған: - Қандай жұмыс істеп жатырсыз? -деп тосын сұрақ қойды.
- Көшеде көкөніс сатып отырмын,- деп жауап бердім.
- Маған айтар өтініш-тілегіңізді жазып келдіңіз бе? – деді.
Мен «жоқ» деп жауап бердім.
- Онда осы жерде отырып арыз жазыңыз, -деп қолыма қағаз-қалам ұстатты. Мен «ұлтшыл» атанып, екі рет түрмеге отырып шыққанымды, енді жұмыс жоқ жүргенімді жазып көмек сұрадым. Жәкең менің арыз хатымды жергілікті басшыларға беріп жатып, «бұл кісінің өтіншін орындаңдар» деді. Мен рахметімді айтып, қоштасып кетерде «мен туралы қайдан естіп-білдіңіз?» деп сұрақ қойдым. Ол кісі «сіз туралы «Қазақ Совет энциклопеиясынан» оқыдым» деп жауап берді. Мен осылайша дана тұлғаның алдынан «өлгенім тіріліп, өшкенім жанғандай» жадырап, марқайып шықтым», - деп көңілі толқып, ел серкесіне алғыс жаудырады.
Шыңжаңда қазақ тілінде 50 газет-журнал шығып тұрған
Сондай-ақ, Ж.Сымағұлұлы Қытай жерінде ұлтымыздың дәстүрлі медицинасының дамуына, қазақ жастарының ана тілінде білім алуына, ұлтымыздың айтыс өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Деректерде сол уақыттарда Шыңжаңда 733 қазақ мектебі болғаны жазылады.
Ал Ж. Сымағұлұлының тікелей қолдауымен жұмыс істеген Шынжаң теледидарының қазақ тіліндегі арналарында 250-ден астам қызметкер еңбек етті. Бұл телеарналардан бөлек, қазақ аймақтарының орталықтарында «Іле телевизиясы», «Алтай телеарнасы», «Тарбағатай телеарнасы» және үш аймаққа қарайтын 22 ауданның да өздерінің жергілікті жаңалықтарын тарататын қазақ тіліндегі телеарналары болды. Осымен қатар 50-ге жуық қазақ тіліндегі газет-журнал шығып тұрды.
«Жанәбіл Сымағұлұлы Шыңжаң қазақтарының білім беру ісіне үлкен үлес қосты. Сол кісінің бастамасымен қазақ тілінде маман дайындайтын университеттер ашылды. Қазақ халық емшілігі үшін 1985 жылы Алтай қаласында «Қазақ медициналық ауруханасы» құрылды. Кейіннен Алтайдағы медициналық колледжде «Қазақ емшілігі» мамандығы ашылып, Шыңжаң медициналық университінде «Шыңжаң қазақ медициналық факультеті» жұмыс бастады. Баспа ісіне де мықты кадрларды тартты. Оқу-ағарту баспасы тікелей Жәкеңнің өзінің қадағалауында болды. Онда қаншама қазақ тілінде оқулықтар шықты. Айтыс өнеріне де үлкен көңіл бөлді. Айтыс ақындарын оқытатын мамандық пайда болды. Қазақ терминдерін қалыптастыру үшін Тіл-жазу комитеті деген құрылды. Тіл-жазу комитеті Қазақ бөлімі «Тіл-жазу» деген журнал шығарды. Ол заман Шыңжаң қазағының алтын дәуірі болды деп айта аламын», - дейді жазушы, ғалым Тұрсынхан Зәкенұлы.
Ғұмырдерек
Ал осындай тау тұлғаның халқына қызмет етіп, шуағын төккен, даналыққа, даралыққа толы өмір жолы, қызметтік бел-белестері төмендегідей өрілген екен.
Жанәбіл Сымағұлұлы - 1934 жылы Қытай Халық Республикасы Шыңжаң өлкесінің Алтай аймағының Қаба ауданындағы Теректі ауылында өмір есігін ашқан. Жұмыс жолын 1954-1960 жылдары Қаба аудандық комсомол комитетінің қызметкері, ҚКП Шіңгіл аудандық комитеті хатшысының орынбасары болып бастаған. 1960-1965 жылдары Бейжіңдегі ҚКП Орталық комитетінің жанындағы Партия мектебінде білім алған.
1966 жылы Алтай аймағы әкімінің орынбасары;
1974-1978 жылдары ҚКП ШҰАР хатшысының орынбасары, ҚКП Іле қазақ автономиялық облыстық комитетінің бірінші хатшысы;
1978-1985 жылдары ШҰАӨ төрағасының орынбасары, ҚКП ШҰАӨ комитеті Тұрақты комитетінің мүшесі, хатшысы, хатшысының орынбасары;
1985 жылдан кейін ҚКП ШҰАӨ комитеті хатшысының орынбасары;
1993-2004 жылдары Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі ШҰАӨ комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. Осы жылдары Ж. Сымағұлұлы Қытай Коммунистік партиясы Х, ХІ, ХІІ, ХІІІ, XIV шақырымдағы Орталық Комитеттердің мүшелігіне сайланған.
Жанәбіл Сымағұлұлының қытайша-қазақша «Жанәбіл мақалалары» мен «Бала шақтан болашаққа» ғұмырнамалық еңбегі, «Жылдар ізі» альбомы жарық көрген.
Бақытжан Кәкеш
Автор
https://kaz.inform.kz/ сайтынан алынды