ДИПЛОМАТТЫҚ ПЕН ҒАЛЫМДЫҚТЫ ҚАТАР ҰСТАҒАН ТҰЛҒА

Уақыты: 2019-09-27 Көрлімі: 2302 Сипаттама

Халықаралық қатынастар теориясында бір адамның әрі дипломат әрі дипломатия теоретигі болуы өте қиын деп жатады. Бұл тұжырым жалпыға ортақ аксиома емес сияқты. Өйткені өмірде кейбір тұлғалар бар қалыптасқан категорияларға немесе кесіліп-пішілген модельдерг...


Қайрат Исағалиев туралы бір үзік сыр

(80 жасқа толуына орай)

2019_08_08_whatsapp-image-2019-08-08-at-15.59.18-2.jpeg

Халықаралық қатынастар теориясында бір адамның әрі дипломат әрі дипломатия теоретигі болуы өте қиын деп жатады. Бұл тұжырым жалпыға ортақ аксиома емес сияқты. Өйткені өмірде кейбір тұлғалар бар қалыптасқан категорияларға немесе кесіліп-пішілген модельдерге сия бермейтін. Менің пайымда Қайрат Исағалиұлы Исғалиев осындай тұлғалардың бірі және бірегейі.

Менің Қайрат Исағалиұлымен таныстығым 2007 жылы басталды. Сол жылы мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих факультетінен Халықаралық қатынастар факультетінің Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасына ауысып, бағыма жараса Қайрат ағамен бір кафедрада бірнеше жыл әріптес болып жұмыс істедім. Ол кісі 2003 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігі (СІМ) саласынан зейнетке шығып осы кафедраға ұстаздық қызметін жалғастырған екен. Келбеті келіскен, бойынан мәдениеттілік төгілген, ешкімге жаттығы жоқ, жаны сайсаң адам екен, тез жақындасып кеттік. Ағамыз ара-тұра бос кездерде өзінің Кеңестік кезеңдегі дипломатиялық қызыметінің қызығы мен шыжығын, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министірлігін құру мен дамуы барысында Төлеутай Сүлейменов, Қасым-Жомарт Тоқаев, Қуаныш Сұлтанов қатарлы азаматтардың атқарған ерен еңбектерін әнгімелейтұғын. Өзі де тәуелсіз Қазақстанның дипломатиясын қалыптастыруға зор  үлес қосқан дипломаттардың бірі бола тұрса да «мен әйткем, мен бұйткем» - демейтін, тек әріптестерінің қиын-қыстау кездерде парасаттықпен қабылдаған шешімдерінен мысалдар келтіріп айтатұғын. Айтқан әрбір тағылымға толы әңгімесі бізді қатты қызықтыратын. Сонда ойлаймын ғой, мына «мен-мендік» қатты аужайған қоғамда басқалардың жақсы қасиеттерін, ізгі істерін, отанға сіңірген еңбегін айта жүретін адамдар да бар екен ғой-деп. Осы қасиеті үшін де Қайратағаны қатты қадыр тұтып кеткенмін бар.

2009 жылы Қайрат Исағалиұының «Өміршуақтары» атты мемуар-естеліктері баспадан шықты, қызыға оқып шықтым, үлкен әсер алдым. Қарапайым балықшының отбасында дүниеге келген Қайрат аға, өзінің тегінен дарыған дарынымен, оқуға шөгелдігімен орта мектепті үздік бітіріп Алматыдағы шет тілдері инстиутына  түсіп француз тілі мамандығын оқиды. Оқуды үздік бітіріп қоғамдық қызметке шығады. Содан бергі ол кісінің қоғамдық қызметіне зер салсақ, Қайрат ағаны «ақылы мен еңбегі екіжақтап» биікке алып шықанын аңғарамыз. Қайрат Исағалиұлы 1961 жылы инстиут бітіргеннен кейін еңбек жолын Атырау облысы Ембі ауданы Құлсары кентіндегі мектеп-интернатта француз тілі оқытушысы болудан бастайды, одан әскери аудармашы курсынан өтіп КСРО-ның Алжир Халық-Демократиялық Республикасында әскери атташе бөлімінде қызмет атқарады (1969-1971). Қайракеңнің қызметіндегі бұл өзгеріс – ол кісінің өміріндегі бір белес еді. Себебі содан бастап ағамыз кәсіби дипломатиялық қызметке келді, жолы ашыла берді, мәртебесі өсе берді, парасаты толыса түсті. Ол кісінің қоғамдық қызметіне сәл көз жіберер болсақ, содан соң  Қазақстанның шетелдермен достық және мәдени байланыстар қоғамында бөлім меңгеруші (1971-1976), Қазақ ССР Сыртқы істер министрлігінде бөлім меңгеруші (1976-1979), Қазақстан Партия Орталық Комитеті сыртқы байланыстар бөлімінің нұсқаушысы, Бүкілодақтық Акционерлік қоғам «Интуристтің» Қазақстан бойынша басқарушысы (1981-1985), 1988-1992 жылдары партия, кеңес, кәсіподақ ұйымдарында лауазымды жұмыста болып, еліміз егемендік алғанда СІМ-ге қайта оралып ЮНЕСКО, баспа және мәдениет басқармасының басшысы, министрліктің Коллегия мүшесі, ҚР-ның Түрікменстандағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі (1997-1999), ҚР-ныі Моңғолия еліндегі елшісі (1999-2002) қызметтерін үлкен абыроймен атқарып зейнетке шықты.

Қайрат  Исағалиев.jpg

Екі дәуірдің білікті дипломаты өзінің мол дипломатиялық тәжірибесі мен теориялық білімін еліміздің болашақ дипломаттарын дайындауға жұмсау үшін, 2003 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті халықаралық қатынастар факультетінің халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасына келіп профессорлық қызмет атқарды. 2010 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің халықаралық қатынастар факультетіне ауысып, ұстаздық қызметін жалғастырды. 2015 жылдан бастап ол осы университеттің Сорбонна-Қазақстан институтында қазақ, орыс,француз тілдерінде дәрістер оқуда.

Дәріс демекші, Қайрат Исағалиұлы қайсы тілде (қазақ, орыс, француз, әлде испан тілінде) лекция оқыса да тыңдаушыларын баурап әкетеді. Өйткені ол кісідегі тәбиғи шешендікпен қоса, аса мол дипломатиялық тәжірибесінен жанды мысалдар келтіру арқылы күрделі халықаралық қатынастар теориясын тыңдаушыларына оп-оңғай түсіндіретін. Әсіресе дипломатиялық құжаттар жазу, консулдық қызмет жүргізу сияқты практикалық сипаттағы лекциялары студенттерге «соқырға таяқ ұстатқандай» әсер қалдыратын.

Қайрат ағаның қаламы да қарымды. Ол кісі дипломатиялық қызыметте қарбалас жүрсе де ғылыми-танымдық еңбектер жазып жариялап отырды. Мысалы, ағаның Түрікменстан туралы, Моңғол мемлекеті жөнінде жазған еңбектерінің ғылыми-танымдық маңызы зор дүниелер.

Қайрат Исағалиұлының сүбелі еңбектері «Өмір шуақтары» мен «Дипломатия дәрістері», алдыңғысы мемуар-естелік болса, соңғысы оқу құралы. Ағаның алдыңғы еңбегі жөнінде мен «Өмір шуақтарынан» жарқыраған өнеге» деген тақырыпта мақала жазған едім («Қазақ әдебиеті» 16.08.2009), енді соңғы еңбегін қысқаша шолып өтейін.

 Аталмыш оқу құралының ерекшелігі - кәсіби дипломаттардың (әкелі балалы Қайрат пен Арман) көп жыл бойы жинаған дипломатиялық білімдері мен заманауи тәжірибелерінің (практикасының) ғылыми тұжырымдамасы іспеттес болуында. Авторлар тәуелсіз Қазақстан Республикасы қалыптастырып отырған сыртқы саясаты мен дипломатиялық қатынастарының негізін ұзақ тарихи уақытқа (б.з.д. мың жылдықтан бергі) және кең географиялық кеңістікке (Ұлы дала немесе Еуразия) қоя отырып қарастыру арқылы, осынау ұлы даланың мәмілегерлік өркениетін қалыптастырушы да, жалғастырушы да, дамытушы да қазіргі қазақ халқы немесе тәуелсіз Қазақстан Республикасы деген ұғымды аңғартады. Бұл өте дұрыс концепция. Өйткені қазақ халқының этногенезі осынау Еуроазия сахарасында пайда болды, дамыды, ұлт болып қалыптасты. Қазақтың құрамындағы ру-тайпалар ежелден бері осынау ұлан-қайыр далада тарих саханасына келіп-кеткен ру-тайпалық одақтар, аймақтық-өңірлік мемлекеттік құрылымдар мен империялық қағандықтардың құрушысы немесе құрамындағы негізгі жұрты болды. Олардың ұзақ тарихи даму процессінде біртұтастануының нәтижесінде ХV ғасырдың ортасында Қазақ мемлекеті – Қазақ хандығы өмірге келген. Сондықтан авторлардың ұстанған концепциясының тарихи негізі бар деп санаймыз. Оқу құралында Ұлы даланың мәмілегерлік дәстүрін қазақ елі қалай жалғастырғаны бірінші тарауында қысқа да нұсқа пайымдалады.

         Дипломатия – мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастар. Адамзат тарихында мемлекет пайда болғаннан бері мемлекетаралық байланыстар жалғасып келеді. Мемлекеті ерте пайда болған байырғы елдерде,  ұлы державаларда дипломатиялық қызмет қалай қалыптасты және қалай дамыды деген сұрақттар бойынша аталмыш оқу құралы жақсы мағұлматтар береді. Қазақстанның іргелес көршілері Ресей мен Қытайдан тартып, жер шарының арғы бетіндегі АҚШ, Кәрі құрлықтағы жетекші мемлекеттер –Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Испания, Солтүстік Африкадағы Египет, Орта Шығыстағы Араб елдері және Қиыр Шығыстағы Жапонияның дипломатия қызметтерінің қалыптасуы мен даму тарихынан бағалы танымдық мәліметтер береді. Сондай-ақ осы мемлекеттердің дипломатиялық келіссөздер жүргізудегі ұлттық стильдерін анықтап көрсетіп  отырады.

         «Дипломатия дәрістерінің» салмағы – тәуелсіз Қазақстан Республикасы дипломатиясының қалыптасуы мен дамуын пайымдауға қойылған. Мұнда авторлар Елбасының сыртқы саясаты мен дипломатиялық қатынастарды дамыту стратегиясын пайымдау негізінде, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне жетекшілік еткен жеке тұлалардың тәуелсіз еліміздің дипломатиясына сіңірген еңбектерін таныстырады. Мұндаға авторлардың ойы - дипломатиялық қызметпен шұғылдануышылар мен халықаралық қатынастар ғылымымен айналысушыларда болуға тиісті парасаттылық, біліктілік, отаншылдық, жауапкершілік, әділдік, шеберлік қасиеттердің дипломатиялық қызметтегі маңыздылығын нақтылы мысалдар арқылы түсіндіру – деп түсінемін. Бұл бас айналдыратын абстракті теориялардан гөрі халықаралық қатынастар мамандығын оқитын студенттер мен магистранттарымызға анақғрлым пайдалыбілім болып табылады.

         «Әке көрген оқ жонар» - демекші Ағаның жолын ұлы Арман жалғастырып, дипломат атанды. Қазіргі таңда ол ҚР-ның Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметінде. Биылғы жылдың қаңтар айында Каир университет жанынан «Фараби орталығын» ашуға елші Арман Исағалиев қомақты үлес қосты. Осы рәсімді салтанатты ашу мәртебесіне – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттің ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов мырза ие болды.

         Қайрат Исағалиұлы бүкіл ынта-пейілмен халқымыз үшін, тәуелсіз Қазақстанның дамуы үшін қызмет атқарды. Ағай асқақ арманмен, тынымсыз ізденістермен жүріп өзінің сексеннің зеңгіріне шыққанын да сезбей қалдау деп ойлаймыйн. Біз бұл кісіге қызыға қараймыз. Ол кісінің елге сіңірген еңбегі өз кезегінде ескеріліп құрмет пен марапатқа бөленіп келеді: Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасының «Құрмет грамотасымен», «Құрмет» орденімен, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алғыс хаты» және «Алтын төсбелгісі», «Төреқұлов атындағы медаль», «Еңбек сіңірген дипломат», сондай-ақ тағы да оннан аса медальдармен марапатталды. Құдай қосқан қосағы Зәуре Биғабылқызымен қолұстасып бақытты өмір сүріп келеді, 3 бала сүйді, 9 немере және 2 шөбере көріп отыр. Ағамыздың бақытты өмірі ұзақ болғай!

 1546790884904999.jpg

Нәбижан Мұқаметханұлы

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы

Jebeu.kz


Пікір жазу
  • Дәурен Абаев: Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары өте мазмұнды болды
    Бектас Бекназаров: Халықтың, Президенттің алдындағы жауапкершілігімізді естен шығармайық