ҚАЗАҚ КАРТАСЫ КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ?

Уақыты: 2019-09-29 Көрлімі: 2226 Сипаттама

26 қыркүйек күні Елордада «Отандастар Қоры» КЕАҚ жанынан құрылған Қоғамдық Комиссияны...

Снимок.JPG

26 қыркүйек күні Елордада  «Отандастар Қоры» КЕАҚ жанынан құрылған Қоғамдық Комиссияның кезекті отырысы өтіп, «Шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау туралы» ҚР заң жобасы талқыланды.

Аталмыш заң жобасын таныстырған «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов шетелдегі қандастарға осы заңда көзделген құқықтарын қамтамасыз ететін Қазақ картасы туралы тоқталды.

«Қазақ картасының ұсыну тәртібі бойынша тағы бір мәселені айта кетейін. Мысалы, біз Польша мемлекетінің тәжірибесін зерттедік. Ол елдің тәжірибесі бойынша, Польша мемлекетінің шетелдегі елшіліктері тарихи Отанына оралғысы келетін поляктарға осындай картаны берумен айналысады. Ол карта тегін беріледі. Осыған орай, заң жобасы бойынша Қазақ картасын беруді Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері арқылы беруді ұсынып отырмыз»,- деген М. Сарбасов Қазақ картасы Қазақстанның шетелдегі елшіліктері арқылы берілуі мүмкін екенін айтты.

«Отандастар қорның» вице-президенті таныстырған заң жобасы бойынша Қазақ картасын алудың өз шарттары бар:  

1. Қазақ ұлтына жататын немесе Қазақ КСР-ның, ҚР-ның бұрынғы азаматтығын растайтын құжаттың болуы.

2. Қазақ тілінің базалық деңгейін білу.

3. Қазақ мәдениеті, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы туралы негізгі білімдерін меңгеруі.

4. Қазақстан азаматтығының немесе ҚР аумағында тұруға ықтиярхатының иә оралман куәлігінің болмауы.

Қазақ картасын берудің шарттары туралы «Отандастар Қоры» КЕАҚ жанынан құрылған Қоғамдық Комиссияның мүшесі, «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбекұлы өз пікірін білдірді.

«Қазақ қартасын алу үшін Қазақ ұлтына жататын немесе Қазақ КСР-ның бұрынғы азаматтығын растайтын құжат болуы керек екен. Сонымен бірге "Шетелдегі отандас" деген сөздің мағынасын  - Этникалық қазақ, оның тікелей төмендеу желісі бойынша ұрпақтары, сондай-ақ Қазақ Кеңестік социялистік Республикасында немесе Қазақстан Республикасында туған не бұрын азаматтығы болған, шетелде тұрақты тұратын адам,- деп түсіндіріпсіздер. Ертеңгі күні осы құжаттың орындалуы барысында аталған екі жердегі соңғы сөйлемдер басты орынға шығып кете ме деген күдікім бар. Өйткені бұл заңды жасаған сіздер болғанмен Қазақ картасын беретін Қазақстанның шетелдегі елшіліктері болып отыр. Қазақ картасын берерде елшілік қызметкерелрі «немесе», «сондай-ақ» деп көрсеткен Қазақ ҚСР деген сөзді басты назарға алып, Қазақ картасын беру үшін барлық адамнан тек Қазақ КСР-нің бұрынғы азаматтығын растайтын құжатты сұрап, Қазақ КСР-нан бұрынғы көрші империялар қазақ жерін бөліп алғанда бөлініп қалған қазақтардың ұрпақтары бұл құжатты алуыда қиыншылыққа ұшырауы мүмкін. Қазақ КСР орнау барысында 1 миллионға жуық қазақ, тәуелсіздіктен кейін 3 миллионға жуық қазақстандық азамат шетелге қоныс аударды. Осы заң бойынша ертең Шетелдегі отандас қатарына тек осы  соңғы жүз жылдағы қоныс аударған 4 миллион адамның ұрпағы ғана кіріп, одан бұрынғы Қазақ хандығы кезі мен Ресей отарындағы кезімізде бөлінген қазақтар кірмей қалуы мүмкін. Сол үшін бұл жерде Қазақ Кеңестік социялистік Республикасында немесе Қазақстан Республикасында туған не бұрын азаматтары деп Қазақстаннан қоныс аударған уақытына қарамай, шетелде тұратын барлық этникалық қазақ деп қолданып, қазақ екенін дәлелдейтін құжат ғана сұраған жеткілікті»,-  деп артық сөздердің әуреге салуы мүмкін екенін айтты.

Жебеудің төрағас шетелдегі қазақтарды қолдау үшін жасалып жатқан заңда шетелдегі қазақтарға Қазақ картасын беру үшін қазақ тілінің базалық деңгейін білу керек деген шарттың артық екенін атап өтті.

«Қазіргі кезде Қытайдағы қалада тұратын және Ресей мен Еуропадағы жастарымыз қазақ тілін білмейді. Әсіресе Қытайда 2017 жылдан бастап ауылда болсын, қалада болсын баланы 2 жастан бастап балабақшаға беруді міндеттеді. Бұл балаларға балабақшада тек қытай тілінде ғана тәрбие беріледі. Осының нәтижесінде енді 10, 20 жылда ондағы ұрпақтарымыз мүлде қазақ тілін білмеуі мүмкін. Сол кезде олар заң бойынша қазақ картасын да алалмауы мүмкін. Заңымыз шетелдегі қандастарды қолдау мақсатында жасалған соң олардың қазақ картасын алуға кедергі болатын шарт қойғанша, қазақ картасы арқылы  қазақ тілі мен салт-дәстүрін, мәдениетін үйренуіне жол ашуымыз керек»,- деген пікірін білдірді Жебеудің төрағасы.

Омарәлі Әділбекұлы бұдан басқа шетелдегі қазақ кәсіпкерлерін қолдауға қатысты пікірін білдіріп, елге оралған қандастар кәсіпкерлікпен айналысқысы келсе 3 не одан да көп жылға табыс салығы мен қосымша құн салықын алып тастап, салықтық жеңілдіктер жасауды, Қазақстанда шетелдегі қазақ кәсіпкерлеріне арналған бизнес форумын өткізуді ұсынды.

Комиссия отырысына қатысқан ҚР Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясы басқармасының бастығы Ғани Шымырбаев Қазақстанға осы жылдың басынан бері 11 мыңға жуық этникалық қазақтың келгенін, 5988 қандас оралман мәртебесін ұзартқанын айтып өтті.

«Елімізде этникалық қазақтарды қоныстандыру тетігін жетілдіруге бағытталған ҚР көші-қон және халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойылған болатын. Әсіресе, осы санаттағы азаматтар үшін оралман мәртебесін беру және төлем жүктемесінен босату, бұрынғы азаматтықтан шығуды ресімдемеу жеңілдіктері берілді. Оның ішінде ЖОО-ларда оқитын этникалық қазақтар ҚР-да тұру мерзіміне қарамастан азаматтықты жеңілдетілген тәртіппен алу құқығына ие болды. Бұл Қытайдан Қазақстанға тұрақты тұруға келетін этникалық қазақтардың мәселесін шешуге мүмкіндік берді», - деді Ғани Шымырбаев.

Көші-қон полициясы басқармасының бастығының айтуына қарағанда 2020 жылдың қаңтарынан бастап қандастарға құжаттану мәселесі біршама жеңілдемек. Атап айтар болсақ:

- Этникалық қазақтар оралман мәртебесін қашан алғанын қарамастан ҚР азаматтығына өтініш бере алады;

- Ықтиярхатпен жүрген қандастардың Қазақстан аумағында 183 күннен артық болмауы ҚР азаматтығына өтініш беруге ешқандай кедергі келтірмейді;

- Көшіп келген қандастар ықтиярхат пен ҚР азаматтығын құжаттарын бір жолда өткізеді.

- Қандастар құжаттарын өткізген соң ҚР азаматтығы 3 ай ішінде шығады.

Осыған дейін әлеуметтік желіде 2020 жылдан бастап Қытайдан келетіндердің ҚР азаматтығын аулы қиындайды деген аудио хабарлама тарап, фейк ақпаратқа сенгіш қауымды алаңдатқан еді. Көші-қон комитетінің төрағасының айтқан бұл жаңалықтары қандастардың көңіліндегі көп күдікті сейілтеді деген ойдамыз.

«Шетелдегі отандатсарды мемлекеттік қолдау туралы» ҚР заң жобасы әлі де талқылана жатар. Бастысы қандастарды қолдауға арналған заң басы артық баптармен әуреге салмаса болғаны. Бұған дейінгі заңдардағы орнымен қолданбаған бір ауыз сөздің өзі қандастарды қаншама әуреге салғаны белгілі. Бұл заңда ондай оқылықтар болмас деген үміттеміз. 

Jebeu.kz


Пікір жазу
  • Отандастар қоры мен Жебеу өзара ынтымақтастық және әріптестік туралы меморандумға қол қойды
    Асқар Мамин Моңғолияда Абай мәдени орталығын ашуды ұсынды