Редакциядан: Бүгін, 30 желтоқсан ақын, әнші, сазгер Ермұрат Зейіпханұлының туған күні. Ермұрат Зейіпхан тірі болғанда 51 жасқа толар еді. Амал не? Беймезгіл уақытта ажал құрығы ілінді. Бірақ, Ермұрат Зейіпхан қазақ тарихына өз атын маңгілік өлместей жазып кетті. «Екі дүниеде жалғызы – Қазақстан» барда, қазақ халықы барда Ермұрат Зейіпханұлы жасай бермек. Мархомның жанына жәннат, отбасы, бала-шағасына амандық тілеп, барша қазақ халықына туған күн құтты болсын айтамыз!
Естеріңізде болса, өткен жылы Ермұрат Зейіпханның 50 жылдығы аталып өткен. Баспасөзде бірнеше естелік мақалалар шығып, М. Әуезов атындағы театрда еске алу кеші өтіп, «Дүние ғапыл» атты шығармалар жинағы жарық көрген. Бүгін, туған күніне орай сол кезде шыққан, ақын Дәуелетбек Байтұрсынұлының «ЕКІ ДҮНИЕДЕ ЖАЛҒЫЗЫМ – ҚАЗАҚСТАН» атты мақаласын ұсынамыз.
«ЕКІ ДҮНИЕДЕ ЖАЛҒЫЗЫМ – ҚАЗАҚСТАН»
Ермұрат Зейіпхан есімін бұл күнде жұрт біледі. Білгенде әнші, композитор ретінде жақсы біледі де, Ермұратты диктор, актер, жазушы, ақын, азамат ретінде, орны бөлек ерекше жан екенін толық танымауы мүмкін. Оның атын асқақтатып шығарған әні – «Көк тудың желбірегені». Ол осы биікке жетуге дейін жасы әлі жиырмаға толмаған кезінде шығарған «Жайлауым – әнім» – сол тұста бүкіл қазақ жастары сүйіп айтатын әнге айналған. Бұл күнде халық әні секілді қалықтауын тоқтатқан емес.
Ең алғашқы әнінен тартып «Екі дүниеде жалғызым – Қазақстанға» дейін үздіксіз өрлеумен, өсумен келген екен. Қазақстанға оқуға келіп, туған жерден алыста жүріп, елді сағынған кезіндегі «Күнес-ай!» әнімен, қасиетті қара шаңыраққа деген ыстық махаббаттан туған «Көк тудың желбірегені» асқақ сезімнің шырқау шыңы деуге болады. Алла жаратқан құлдарының ішінде ерекше бір жандар болады. Әне, сондай абзал туған ұлдың бірі – осы Ерекең! Мен білетін жиырма бес жылдық ширек ғасырға көз жіберсем, Ермұраттың өнер үшін өмір сүргенін, өнердің жолында жалындап жанып өткеніне куә болған екенмін.
1993 жылдың жазында Құлжа қаласында өтіп жатқан бір тойда сазды ән асқақтата домбыраның сүйемелдеуінде шырқала бастады... жұрт сілтідей тынып ұйып қалды. Ән аяқтап шатырлаған қол шапалақпен бірге тыңдаушылар тағы да бір ән сұрады. Жас жігіт бөгелген жоқ. Біз көп естімеген тосын, жаңа ән бойды шымырлатты. Бәріміз де сүйініштен, қызығушылықтан іштей тербеле бастадық, бойымыз шымырлап ән ырғағына балқып бара жатқанда ән толастап, сәл кідірістен кейін күркіреген күндей қол соғылды. Қараторы дөңгелек жүзді, орта бойлыдан биік, ұзын қара шашы иығына дейін түсіп жауырынын жауып тұрған сымбатты жігітті Ермұрат деп таныстырды. Таңдалған талантты жастардың қатарында Алматыдағы жоғары оқу орнында білім алып жүрген студент каникулға келген екен (оған дейін Іле облыстық телеарнасында диктор болып жұмыс істепті). Ән біткен соң, той дастарқанында отырған Құл-Керім Елемес екеуміздің қасымызға келді. Сұхбаттастық. Керім бұрыннан біледі екен, қоштасарда: «Керім аға, келесі жолы келгенде сізге Қазақстаннан бір домбыра ала келіп сыйлаймын», – деді. Әне, сол күннен бастап Ермұраттың әр қадамын «аңдып» жүретін болдық... Табыстарына таңғалдық, биік әншілігіне құрметпен қол соқтық. Ермұрат Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясынан «актерлік және кино-драматург» (Әкім Тарази ағамыздың шеберханасынан) мамандығы бойынша қос диплом алып шықты. Қазақстан тәуелсіздік алған күннен іздене бастаған біздер де көп кешікпей 1994 жылы атамекенге оралдық. Сол кезден бастап әдебиеттегі, мәдениеттегі тіршілігіміз біте-қайнасып кетті деуге болады.
Алғашқы прозалық жинағы 1999 жылы «Сыбызғы сарыны» деген атпен, өлеңдер жинағы 2002 жылы «Өзіңе арнадым» деген атпен басылып шықты. Кейін «Бұ дүние», «Үшбурыл» жыр жинағы оқырмандарға жол тартты. Алғашқы прозалық еңбегі басылып шыққанда жазушы Әкім Тарази ағаның қатты риза болып, пікір білдіргені есімде.
Ермұрат Қазақтың Абай атындағы Опера және балет театрында, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында актер ретінде жақсы көрінді. М.Әуезовтің 100 жылдығы қарсаңында Нұрлан Оразалиннің «Қилы заман» пьесасы бойынша спектакль қойылып, Қарқара көтерілісінің 80-жылдығы аталып өтіп жатты. Дәл сол жолы Ерекең көтеріліс көсемдері Жәмеңке мен Ұзақтың сарбаздары қатарында батыр жігітті сомдады. Күні бүгінгідей көз алдымда жанарға жас кептеліп, қол соғып тұрған көрермендердің ішінде мен де бар едім. Жуықта Ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығы қарасаңында «Қилы заман» қайтадан қойылды, құрам дерлік жаңаланыпты. Тек бір нәрсе қаз-қалпында екен. Ол – арғы бетке ауған елдің жермен қоштасып, қанжылап көшіп бара жатқандағы қайғыға толы әні «Дәурен-ай!»... Сол баяғы Ермұраттың орындауында қойылды. Дәл сол сәтте Ерекең қайта тіріліп келгендей алқымыма ащы өксік келіп тығылды.
Біз 2004 жылы «Ана тілі» газеті мен «Отан» партиясының ұйымдастыруында шекараның арғы беті мен бергі бетіндегі қазақтардың өмірін зерттеу негізінде бес мемлекетті араладық. Сол жолы Ресейдің Челябі облысындағы Айгүл қарындасымыз бізді қарсы алып, Ресей жеріндегі жолымызда сапарлас болған еді. Бір жылдан соң Айгүл Қазақстандағы әріптестерін іздеп, бауыры екеуі келді. Экспедициядағы ағайындар қайта бір бас қосып, арқа-жарқа болдық. Артынан Алматының көркем жерлерін аралатып қыдырттық. Атақты Медеудің 835 баспалдағын санап шығып, тау басында жүргенбіз... Осы кезде Шымбұлақ жақтан жалғыз жаяу келе жатты. Жүрісі маңғаз, қадамын қадап-қадап басады. Жақындағанда таныдым, өзіміздің Ермұрат Зейіпхан болып шықты. Аман-сәлемнен соң жөн сұрастық. Қасымдағы қонақтарымды таныстырдым. Ықыласпен амандасып, ілтипат білдірді. «Апта сайын болмаса да, айында бір рет Медеуге беттеймін. Қасымда жолдас болса, тіпті жақсы. Болмаса, онан да жақсы, жалғыз өзім тартып кетемін. Анау көрінген биікке шығып, орманды аралап, Күнеске деген сағынышымды басамын. Дәуке, жас кезіңізде біздің ауданда екі жыл болдыңыз ғой?! Шіркін, Күнес, қандай еді?!» – деп бір тоқтады. Біз әңгімелесіп, таудан бірге түстік. Қасымдағы Айгүл де өнер десе ішкен асын жерге қоятын қыз еді. Ермұратпен сөзі жарасып, қызу әңгімеге кірісті. Ерекең де алыстан келген қандасымызға ағынан ақтарылып сыр шертті. Етекке түсіп, Ерекең қонағымызды кафеге шақырды. Есеп-қисабын өзі жасап, қонақ етті. «Дәукеңе келген қонақ бәрімізге ортақ! Сіз, біздің ғана емес, Қазақстанның қонағысыз! Қыз басыңызбен достарыңызды іздеп келген сіз секілді аруды ардақтау керек!» – деп мейманымыздың мәртебесін асыра мадақ айтты.
Жазушылар одағында жүргенде әртүрлі шаралар көп болып тұратын... Бірде Ғалым Жайлыбай аға Каблукова көшесіндегі мүмкіндігі шектеулі балалар оқитын мектепке барып, бір шара өткізіп келуге тапсырма берді. «Мақұл» десем де, жалғыз өзім не бітіремін? Ағайындарды ойлай бастадым... Жас ақын Аршын Нұрбақытты шақырдым, өлең оқиды, ептеп ән айтатыны бар. Онан соң Ермұратқа телефон шалдым. Көмегінің керек екенін айттым турасынан. Қарсы болған жоқ. «Алла берген өнерді Алла ризалығына жұмсайық та!..» – деді, мақұлдығын білдіріп. Уағдаласқан күні мектепке барып, ұстаздар мен оқушыларға екі сағаттық бағдарлама бойынша концертімізді беріп, көңілдерін көтеріп қайттық. Олар да өз өнерлерін көрсетіп, бір серпіліп қалды. Кім біледі, басқа біреу болса, «кішкене бүлдіршіндерге барып қайтем?» деп сылтау айтар ма еді? Әлде қаламақы сұрап бұлданар ма еді? Оның бірінде көрсетпеді. Бірден мақұлдады.
Соңғы жылдары Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамблінде әнші, көркемдік жетекші ретінде қызмет етіп жүрді. Шетелден келген қазақтардың ішінде міндетті әскери борышын өтегендер болса да, таза әскери қызметте жұмыс атқаратын ешкім жоқ еді. Ал ол болса, кәдімгі майор шеніндегі офицер болатын.
«Бұ дүние» кітабы жарық көріп, Саят Қамшыгер мырза талқылау ұйымдастырды. Ертең өтеді деген күні ол келіп кітаптарын тапсырды. Мен Ерекеңе: «Бір жағы қызығып, бір жағы мақтанып отырмын. Сіз ертең әскери формаңызбен келіңіз! Мұндағылардың бәрі сіздің әскери түріңізді көрген жоқ. Менің де көргім келеді... Киініп келіңіз!» – деп өтіндім. Ол ойланып кетті. Ертесі сағат онда бөлмемізге шыттай су жаңа офицер кіріп келе жатты. Ермұрат екеуміз Жәркен ағаның бөлмесіне беттедік. Біз барғанда ақын ағамыз қағазға шұқшиып жазып отырғанының үстінен түстік. Жақындап барып алдына тұра қалған Ермұрат әскери тәртіппен қолын шекесінің тұсына апарып честь берді. Жалт қараған Жәркен ақын орнынан қалай ұшып тұрғанын білмей, өз-өзіне келе алмай сәл тұрды. Алдындағы әскери адамның өз інісі, ақын Ермұрат екенін таныған соң барып орнына сылқ ете түсті. «Аға, неге сонша қорықтыңыз?» – дейміз күлкіге қарқ болып... «Әй, сендер білмейсіңдер ғой?! Мен не көрмедім!..» – деді Жәркен аға. Арғы жағын біз де сұрамадық. Сөз ауанын әдеби талқыға бұрған біздер «Бұ дүниеге» ойыстық.
Мұндай оқиғалар біздің арамызда көп болды. Ол екеуміз ҚЖО-ның «Ан-Арыс» баспасынан жинағын шығаруға даярлаған болатынбыз. Өкініштісі, көзінің тірісінде кітабы шыққан жоқ.
Бұл күндері Ермұрат Зейіпхан арамызда жоқ. Алайда оның жүрген жолы, айтқан сөзі, істеген ізгі істері көз алдымызда сайрап жатыр... Қолымызда «Үшбурыл» атты өлеңдер жинағы. Бірнеше күннен бері оқып отырмын. Біз ұмытшақ «инсанбыз», бес жылдың қалай өте шыққанын сезбей де қалдық. Ақын досымыз елудің кезеңіне шығып, бізге қарап тұрғандай. Өзі болмаса да, шығармашылық өмірі жалғасып жатыр. «Көк тудың желбірегені» әр рет шырқалған сайын есімізге салады. Рухымызды серпіп, бойымызды шымырлатады. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген осы да!..
«Үшбурыл» деп отырғаны – Текес, Күнес, Қас өзендері. Үшеуі үш жақтан келіп қосылған тұстан бастап «Іле» деп аталады да, шекарадан ендей өтіп Балқашқа құяды. Ермұрат Күнестің бойынан, мен Текестің бойынанмын. Сол кітаптың бетіндегі жырлар былай деп сыр шертеді.
Қайрауы жеткен қайран жыр,
Қайыруға көнер ме?
Теріп алып айдан гүл,
Қалауыма берер ме?
Аспанның қызы қайдан жүр,
Елдің көзі көрер ме?
Ой-сана оқпан, майдан бұл,
Әзәзілге ерер ме?
Маңдайы тайқы, тарлау бір,
Тағдыры болса, егерде, –
Тамұқтың өзін тұрлаулы ұл,
Айналдырар өнерге.
Осы өлеңнің сыры астарында булыққан, ширыққан үні естіледі. Ақын жанының алай-дүлей толқындары жағаға ұрып, шашырап тұрғандай сарын естіледі. «Теріп алып айдан гүл, Қалауыма берер ме?» – Ақындар ғана айтатын сөз. «Ой-сана оқпан, майдан бұл» деген жолдар уақыттың, заманның қым-қиғаш сүрепетін меңзеп тұрғандай. Онан ары «Тамұқтың өзін тұрлаулы ұл, айналдырар өнерге» деп өз-өзіне дем береді, үміттің көкжиегіне ат басын бұрып, қамшы басады. Тамұқта (тозақта) қайдағы сайран, қайдағы өнер? Ол сұрақ-жауап алаңы, жаза алаңы екені белгілі. Дейтұрғанмен, сондай қиыншылықтың қысымы төніп тұрса да, тұрлаулы ұлдар мақсатынан айнымас деп тұрған жоқ па?!
Тарылған тау құшағы,
Әупірім аң-құс әні.
Қаласы у құсады,
Даласы қан құсады.
Адасқан ар, нысабы,
Адамдар аңдысады.
Жаныңды тән қысады,
Тәніңді жан қысады.
Кеше нар атанған ұл,
Бүгін күл, топанға құл.
Үйде лаң, ұлтсыздану,
Түзде даң, жаһандану.
Өмірдің дәнекері,
Зәрленіп, дал етеді.
Ең соңғы нар үмітің –
Алланың Хақ екені!
Өлеңге зер салып, өзегіне үңілсеңіз, айтарын бағамдап анығын аңғарасыз. Бұл арада екінің бірі қолдана бермейтін, түсіне бермейтін жүйе бар. «Жаныңды тән қысады, Тәніңді жан қысады» тармақтары әшейін ұйқас үшін алына салмаған. Арамызда жан мен тәннің не екенін, екеуінің екі нәрсе екенін ажыратпайтын қаншама пенделер бар. Ал, оны Ермұрат баяғыда білген, түсінген. «Ең соңғы нар үмітің, Алланың Хақ екені» деген жолдар Ермұраттың таным биігі. Ортасынан оқ бойы озып тұрған абзал күйі.
Бір салған жерің – тағы да жатыр,
Сол жатыр үлкен әңгіме.
Жатырдан шығып барады пақыр,
Жатар жайына мәңгіге.
Өз тамырыма құйылам дейтін,
Қаным-ай, бағым, азабым.
Жатырмен сөзін жиі дәмдейтін,
Қайран да менің Қазағым!
Төрт шумақтан тұратын осы өлеңнің екі шумағын толық келтірдім. «Жатыр» деген сөздің арғы-бергі төркініне үңілген ақын астарын ашып, жеңіл күлкімен езу тартқызады. Екі дүниені көз алдыңа тартып, ескерту жасап, еске біраз сырларды салады.
Төмендегі цитат өлеңмен бірге назарларыңызға ұсынылды. Оқып көріңіздер! Бұл оның зеректігін, айналасындағы дүниені жіті қадағалайтын қасиетін көрсетсе керек. Сонымен бірге нәзік жүректің, қандастарға қимастық сезімнің алаулаған жарығы, сарғайған көңілдің сарығы секілді...
«Бір жарым ғасыр ілгері Бұқтырма жағасындағы жұрттан жырылған бір шоғыр Бура-Найманға Матайлар ерген. Аты жеткен Қосағаш, Шүй жазығын жерсінбей Алтай тауларына көбелей ене беріпті. Жетіп жығылғаны нулы-сулы тау арасы – Тұраты аталған тұрақ болыпты (Тұраты – тура ата, Тұр ат мәндес дейді өздері. Меніңше Тұраты – көне түрік сөзі. Таулы дегенді меңзейді). Орыс шығады алдынан, онсыз да тозған елді «шоқын, әйтпесе...», – деп. «Шоқындық» депті олар. Бұған көнбеген қазақтар Елеуіс пен Тұрғанбай тауға сіңіп із жасырған. Мына қызықты қараңыз, Ұлы Отан соғысы кезінде осы таулы Алтай өңірінен шыққан қос батыр Қадыран мен Жәнібек жаңағы шоқынуға көнбеген көкжал қазақтардың балалары еді».
Тағдырмен жүз шайысып,
Атырдым таңды қарысып.
Тұраты – мұңым қайтейін,
Қоштастым сәтке табысып.
Қабырғамыз қайысып, – деп жырлапты.
Сырт күтім, –
Сықпытым.
Ішімде жоқ бүтін.
Қыранның қылпы жоқ,
Қылғынар қыт-қыт үн.
Қыт-қыт үн құйқылжыр,
Ой-тұлдыр, күй-тұнжыр.
Айқарар шүлен күн,
Күлпара жыртып жүр.
Мұң қамар құтты күн,
Мұқатар мықты кім?
Жан жара жазылмас,
Сырт бүтін,
Сықпытым.
Осы өлеңге қарасаңыз, қысқа сөздерден, тұжырымды түйіндерден құралған. Дәлдік пен ішкі мағына көрінеді. «Сырты бүтін, іші түтін» болу деген осы! Аласұрған арпалысқа толы сезімдер сеңдей соғылысады. Ішқұсалық, булыққан күй, «өзіне өзі сыймау» деген осы шығар?!
Сақтың, Ғұнның, Үйсіннің,
Қағанаты, Қағаны.
Өсіп-өнген алабы,
Секілді іні-ағалы.
Қас, Күнес, Текес, –
Ағады әлі, ағады.
Тағы бір өлеңінде:
Қас, Күнес, Текес, –
Теріме симай буырқанам.
Ақын деген аранға жақын бір табан.
Есеппен сүйер естілер,
Мен ессіз сүйіп,
Өзімді-өзім құрта алам.
Қабағы сірескен,
Ортадан оңып,
Ем іздеп барып Күнеске,
Ауырып қайтам Күнестен.
Міне, бұл ақынның арманы, жатса-тұрса жадынан шықпайтын Үшбурылы! «Теріме сыймай буырқанам, Ақын деген аранға жақын бір табан» деп, неден болса да, аянғысы келмейтін байлам, тас-түйін бекімді көреміз.
Сақ, Ғұн, Қыпшақ даласы – Қазақстан,
Көздің ақ пен қарасы – Қазақстан.
Көкбөрі ана емізген көктүріктің, –
Баласының... баласы – Қазақстан.
Әлі-ақ өсіп-өнерсің, Қазақстан,
Өрлігімді көрерсің, Қазақстан.
Жауың атса, жалғыз оқ саған панам,
Көкірегімде бөгелсін, Қазақстан.
Жеңіп аптап, қар-мұзын, Қазақстан,
Жалғасады мәңгі ізің, Қазақстан.
Ақ жолыңа қиылсын шыбын жаным,
Екі дүниеде жалғызым, Қазақстан!
Бұл өлеңді талдап айтып, түсіндіріп жатудың қажеті жоқ шығар! «Екі дүниеде жалғызым – Қазақстан!» әр жүректің соғуы, әр көңілдің лүпілі! Мұндағы бауырлардың мұқалмас еркі, алыстан жеткен ағайынның көз жасы, көкірек шері! Ұланының ұланына қалдырар ұраны!
Адамзаттың ата-заңы – Құран-Нұр,
Құран Нұрмен жүректерді қуандыр.
Илаһимның шапағаты шарпыған,
Адам жаны – талмас қанат қыран дүр.
Адамзаттың ата заңы – Құран-Нұр,
Хақ пәрмені, әр әрібін дұғаң біл.
Ұшан-теңіз парасаттың кеніші,-
Ғылым-білім мәуелейтін құнар бұл.
Адамзаттың ата заңы – Құран-Нұр,
Әуелгіде, ақыреттік мұраң бұл.
Тәркі дүние тартып кетсе буалдыр,
Құдай сөзін, Құран сөзін ұран қыл!
Осы өлеңді оқып отырып Абай есіме түсті... «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешқашанда жалған болмас». Мұқағали жадымнан жүгіріп өтті... «Бәрі рас айтқанының ақ Алланың, Құм менен топырақтан жаралғамын». Ақиқат астасып жатыр, шындық шыр айналып өзегіне тартылады. Ал, енді сол асқақ үнді Ермұрат жалғастырады... «Адамзаттың ата заңы – Құран-Нұр» деп! Тұжырым, тиянақ деген осы да! Құл-Керім Елемес ақын жырлағандай, «Аллалы құлдың артында бір іздеушісі болады» деп, біз Ермұрат Зейіпханды іздеп, жоқтап отырмыз, жырларына тоқтап отырмыз!
Ермұрат дүниеден озғанда арулап жуып, қоштасу рәсіміне қатысып едім. Бірге жүрген жолдас, қаламгер әріптесімізге Алладан иман сұрап жаназасына тұрып, Кеңсайға апарып, жер бесікке аманат еттік. Артынан жоқтау жырымызды басылым бетіне жариялатып, ақыретіне жарық тіледік. Сол өлеңмен естелігімді аяқтағым келіп отыр.
Сұр тұман қайғы бұлты жерді жапқан,
Қайтейін ажал деген келді қақпан.
Күн болды-ау, күңірентіп ел жылатқан,
Бақұл бол, қапы кеттің Ермұрат-жан!
«Бұ дүние» – фәни жыры тізілгенде,
Бір дерек бергендейсің, ізіңнен де.
«О дүние» бақи жыры басталады,
Пенденің өмір жібі үзілген де...
«Қос көне» «қос төбеге» айналғанда,
Қайғыдан қарс айрылдың қайран дана!
Өксітіп сенде кеттің, көш соңынан,
Тоқтатар Сабыр деген байлам ғана.
Етуші ең, «көк туым» деп, елді мақтан,
Қалықтап әнің қалды шерді басқан.
Жұмақтан етсін Алла ертеңіңді, –
Сабазым, еттім дұға, Ермұрат-жан!
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, ақын, түркі дүниесі жыр мүшәйраларының жүлдегері, бірнеше халықаралық сыйлықтардың лауреаты
Дереккөз: Abai.kz