Болат Зауыт: Қандастармен орта толып жатыр

admin2 2018-06-13 0 ℃ Қысқаша

Былтыр Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы Үкіметке «Отандаст...

1528872828_article_b_1500_.jpegБылтыр Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы Үкіметке «Отандастар» қорын құруды тапсырған-ды. Осы қор құру мәселесі жөнінде өңірде қандай жұмыстар атқарылып жатқаны және өңірдегі жоғары оқу орындарында білім алып жатқан шетелде тұратын қазақтардың балаларының болашағы жайлы «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының басшысы Болат Зауытпен әңгімелескен едік.
– Облыстық филиал ата­мекенге көшіп келген қандас­тарымыздың жаңа ортаға бейім­деліп кетуіне орай құқықтық ақыл кеңес беру, төл құжаттарын рәсім­деп аударма жасау, тұрақты тіркеуге тұруына, ық­тиярхат алуына қолдау көрсету, аза­маттық алғанға дейінгі жұмыстарға кө­мек береді. Сонымен бірге шетелдерде тұратын қандас бауыр­ларды қолдау, ел­ге оралған ағайындардың жергілікті жер­лерге бейімделіп, үйреніп кету­ле­ріне көмек­теседі. Қауымдас­тықтың мүшелігі және мүшелік жарналары, басқа қызмет­тері, мін­деттері барлығы да ере­жеде көр­сетілген. Барлық істе, қауымдастық қыз­­ме­тінде белсен­ділік көрсетуі керек. Жал­пы, жарна жылына бір рет – жеке тұл­ғалар үшін 5 мың теңге, заңды тұл­ғалар үшін 200 мың теңге. 

 – Қаражат қайда жұмсалмақ сонда?  

– Қауымдастықтың орталық есепшотына түседі. Жиналған қар­жыға бірін­шіден, шетелден өз күшімен келе алмай отыр­ған қандастарды елге жеткі­зу қажет. Екіншіден, келген ағайын­дарды жаңа ортаға бейім­деу үшін жұмсалмақ. Үшіншіден, шетелде тұратын этностық қа­зақтардың балаларын еліміздің демалыс орындарында демалдыру мақ­саты үшін қажет. 

 – Қазір қанша адамға куәлік бер­діңіз­дер? 

– Облыс әкімдігі бекіткен кестеге сай үш қала, 10 ауданға барып қайттық. Бар­лық жерде қауымдастық туралы айтып, Жарғы ережелерін таныс­тырып, бейнеролик, сюжеттер көрсетіп, мүше­лікке қабылдау, мүшелік билет тапсыру іс-шара­сын ұйымдастырып жатырмыз. Нәтижесінде Дүниежүзі қазақ­тары қауымдастығына мү­ше­лік­ке 450-дей адам қабылдап, мүшелік билет тапсырдым. 

 – Көші-қон демекші, биыл өңір­ге қан­ша отбасы көшіп кел­мек­ші?

 – Жалпы, өңірге 1991 жыл­дан биылғы жылға дейін 34026 адамы бар 7890 отбасы көшіп келді. Биыл оралмандарды өңірлік квотаға енгізу жөніндегі арнайы комиссия отырысы өтіп, квота алатын адамдар қабылданды. Бұл санатта Өзбекстан, Қытай, Моңғолия және Ресейден келген 167 адам бар. Өңірге көшіп келетін 460 отбасына қазір квота бөлінді. Квотаның 80-і шетелден келетін этностық қазақтарға, 380-і ішкі көші-қон бағдарламасы бойынша еліміздің оңтүстік облыстарынан қоныс аударушы ағайындарға арналды.

  Сонымен бірге облыс­ ор­талығы аума­ғын­­дағы Темір­жолшылар кентінен – 62 жер телімі, Кенжекөл ауылынан­ – 10 жер телімі бөлініп, оралман ағайын­­дар үй тұрғызып, тү­тін түтету­де. Өзбекстан, Қы­­тай, Моң­ғолияда тұра­тын қа­зақ­­тардың балаларын облыс орталығындағы жоғары оқу орын­да­ры­ның дайындық бөлімдерінде, колледждерде білім алуда. Биыл­ғы оқу жылында да 130-дай жас білімдерін жалғастыруда. Бізге бұл мақсат үшін облыс әкім­дігі мен ішкі саясат және басқа да басқармалар, көші-қон қызметі қол­дау көрсетуде.  

– Болат Зауытұлы, алдыңғы көш­пен келген өзіңіз сияқты білімді аға­йын­дар да өңірде қызмет жасап жүр емес пе?

 – Өңірге келген ағайындардың 1593 жоғары білімді, 1810 кәсіби орта білімді, 6584 орта білімді, 4277 бастауыш білімді. Мұ­ғалімдер саны 877, 412 дәрі­гер, көбі Ресейде оқыған, әнші, күй­ші, биші­лер, 3563 ауыл шаруа­шылығы маман­дары , 9165 адам басқадай маман иелері елге жетті. Облыс бойынша үш жоғары оқу орнында қызмет ете­тін 12 оралман оқытушының 2-еуі ғылым док­торы, 4-еуі ғылым кандидаты. Мем­лекет­тік қызметте де бар, облыстық, рес­публикалық ақ­парат саласында 9 орал­ман журналистік қызмет атқарады. 

 – С.Торайғыров атындағы мем­лекет­тік университеттің «Foundation» факультетінде білім алып жүрген сту­дент­тер­дің жағдайлары қалай? 

– «Foundation» факультеті жаңа форматта білім беру бағытында 2012 жылдың қыр­күйегінде ашылды. Фа­куль­тетте шетелдік қазақ диа­с­пора­сының да балалары білім алып, қазақстандық білімге бейімделуде.  Қытайда, Моңғо­лия, Өзбекстан, Түрікменстанда тұ­ратын қазақтың балалары әр жылдары 50-ден, 80 баладан даярлық курсына қа­былданды. 2014 жылы білім ал­ған тыңдаушылардың 29-ы еліміздің жоғары оқу орындарына түсті. Биыл 120 қандасымызды даярлық курсынан өткізу жос­парлануда. Даярлық курсының тыңдаушылары университет өміріне белсене араласады. Спорттық секцияларға, жарыс­тарға қатысып, студенттік филармонияда ән салады. Барлығы да «Студенттер үйінде» тұрады, 18 мың теңгеден шәкіртақы алады. 

– Шетте жүрген жастар елге келсе, қа­зақ көбейеді емес пе?

 – Біз университет оқытушы­ларымен бірге соңғы екі жыл қата­рынан Моң­ғо­лия­дағы қандастарымызға арнайы барып түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Омбы облысының аудан­дарында, Алтай өлкесінің Құ­лынды, Бурлинский, Славград, Нововаршав аудандарында тұратын қандастарымыздың ұсынысы бойынша мектеп оқушылары арасында спорттық кездесулер, сайыстар, ақындар ай­тысын, өнер кештерін ұйым­дастыруды жоспарлап отырмыз. Алтай өлкесінің Қосағаш ауда­ны, Моң­­ғолияның Баян-Өл­гей мен Қоб­да аймақ­тарынд­ағы қазақтардың тыныс-тірші­лігімен танысып, кездесулер ұйым­­дас­тыруды, сол жақтарға өзіміз­бен бірге көшпелі кітапхана, музей экспонаттарын апаруды және спорттық кездесулер өткізуді жоспарлап отырмыз.

 – Мақсат Моңғолияда, Қы­тайда тұрақ­ты түрде тұ­рып қаламыз деген қа­зақ отба­сы­ла­рының өздері келмесе де, ұл-қыздарын елімізге, атамекенге тар­ту ғой? 

 – Демографиялық өсім мә­селесіне келгенде − шеттегі жас­тар өз елдеріне келіп, оқып-білім алып, орнығып, отбасын құрып – өз еліміздің қазағын кө­бей­­туге үлес қоссын. Бастысы осы. Моң­­ғолияның Ұлан-Батор, Эрдэнэт қала­­ларымен мәдени байланыс орнату, қазақ халқының тарихына байланыс­ты көне қолжазбалар, басқа да тарихи жәдігерлерді тауып зерттеу мақсатында Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетімен бірлесіп экс­педицияға барады. Жуырда тағы да жолға шық­пақ­пыз. Шеттегі қазақ жас­тарын Отанға тарту, елге әкелу мақсаты тұр. Төте жазуды қолданатын Қы­тайдан келген қандастарға ал­ғ­ашында қиындау тигенімен, кейін біздің әліпбиге де үйренеді. Үміткерлер даярлық курстарына құжаттарын тапсырып, еліміздің ұлттық тестілеу орталығы әзір­леген сұрақтарға жауап беру ке­рек. Дайындықтан өткен соң, жо­ғары оқу орындарының гранттарын алуға мүмкіндіктері бар. Был­тыр 35 жас жоғары оқу ор­нының, 21-і колледждердің грантын иеленді.

 − Ал жолдарыңыз болсын! Отандастармен орта толсын!   

Әңгімелескен  Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы 

Дереккөз: «Егемен Қазақстан»
Jebeu.kz

Қытайдан оқып жатқан студенттер кім үшін жұмыс жасайды?
Кері қайту