«ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне жасаған апталық шолуы
«Менің атым Қожа» түрік тіліне аударылды - ТРТ
Түркияның бас қаласы Анкараның Кечиөрен ауданында Қазақстан мәдениет күндері шеңберінде атақты балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» кітабының және осы туындының желісімен түсірілген фильмнің тұсаукесері болып өтті, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.
«Қазақстан күндері аясында Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған шараға марқұм жазушының қызы, жазушы, аудармашы Самал Бердібекқызы және немересі, сондай-ақ 1968 жылдары жазушы қызмет еткен «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мүсірәлі, Ақтөбе облысы әкімдігі мен Алматы облысы Жамбыл ауданының делегациясы арнайы келді.
Қазақ киноматографиясының 50 жылдан бері көрсетіліп келе жатқан «Менің атым Қожа» атты классикалық фильмі мен түрік тіліне аударған кітабының тұсаукесері Кечиөрен муниципалитетінің Неджип Фазыл сахнасында болып өтті.
Астананың 20 жылдығына арналған іс-шаралар аясында түрік тіліне аударылған «Менің атым Қожа» атты шығарманың тұсаукесеріне Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы, Кечиөрен муниципалитеті лауазымдылары, Еуразия жазушылар одағы төрағасы Якуб Өмероғлу, аудармашы Жәмиле Кынаджы және киносүйер қауым қатысты. Еуразия жазушылар одағы басып шығарған кітапты түрік оқырмандары үшін қазақ әдебиеттанушы Жәмиле Кынаджы аударған.
Естеріңізге сала кетейік, «Менің атым Қожа» кітабы әлемнің 61 тіліне, ал фильмі 10-нан астам тілге аударылған», - деп жазады Түркия Радио Теледидар порталы.
Қытайлық қандасымыз бюджеті 60 миллион доллар фильмге режиссерлік жасайды - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)
Қытайлық kazakcnr.com сайтында Бейжіңде тұратын қандасымыз, кино өнерінде өзінің айқын қолтаңбасын қалдыруға талаптанып жүрген, талантты жас режиссер Өркенбек Бейсенбайұлымен сұхбат жарияланды.
Аталған ақпарат көзінің дерегінше, Өркенбек Бейсенбайұлы - 1993 жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесі, Санжы облысында туған. 2012-2016 жылдары Бейжіңдегі Орталық драма академиясында Драматургия және режиссерлік мамандығы бойынша білім алған. Ал, 2016 жылы Бейжің кинематография академиясына «кинорежиссер» мамандығына оқуға түскен. Талантты жігіт университет қабырғасында оқып жүріп-ақ, мамандығы бойынша түрлі жобаларға қатысып, сәтті басталған жеке шығармашылық жұмыстарымен жұртқа танылған. Ол 2016 жылы Лу Вэньцинмен бірге «Бейжің фантастикалық кинофильмдер» компаниясын құрған. Компанияның негізгі жұмысы кинематографиялық салаға ден қоя отырып, жоғары сападағы фильмдер шығару және сценарий жазып дайындау.
«Мен академияда оқып жүрген кезімде бос уақыттарымды пайдаланып сценарий жаздым, кинофильмдерге шақырту алып роль да сомдадым. Осылай қаражат жинап, 4 жылдық оқу ақшамды төледім. Менің алғашқы түскен фильмім «Тораңғы уәдесі» атты туындыдан бастау алды. Десе де, менің басты арман-мақсатым режиссер болу еді. Сондықтан Орталық драма академиясын оқып аяқтаған соң, Бейжің кинематография академиясына оқуға түстім. Академияның екінші жылдығында жарыққа шығарған «Құтқару» атты кинофильміме көрермендер жақсы баға берді. Осы туындым 2017 жылдың желтоқсан айында өткен 8-ші Қытай халықаралық «Жаңа медиа» қысқа метражды фильмдер фестивалінде жүлделі орынға ие болды. Сонымен бірге ел ішіндегі және шетелдегі басқа да фильмдер фестивалінде де жүлделі орындарға ілігіп жүр. Әрине, мен алғашқы тыранақ алды туындымда осындай табысқа жетемін деп ойламаған едім. Былтырғы жылы Қытай мен Корея елдері бірігіп ұйымдастырған жастар кинофестивалі аясында менің туындым үздік болып бағаланды. Кореялық танымал режиссер Жияң Дигүй менімен әңгімелесіп, «Сенің туындыларыңды көріп, алғашында белгілі бір тәжірибелі қарт режиссердің шығармасы болар деп топшылған едім. Талабың да, талантыңда бар жас екенсің», - деп бас бармағын көрсетті. Бұл мен үшін шабыттандыратын, талаптандыратын мақтау болды. Сол кездесуде маған Кореяға барып тәжірибе алмасуға ұсыныс жасады», - дейді режиссер Өркенбек Бейсенбайұлы.
Сондай-ақ, Өркенбек Бейсенбайұлы аталған сұхбатында басқа да көптеген жобаларға атсалысып, өз саласында белсенді жұмыс жасап жатқанын баян еткен. Ол қытайдың белгілі режиссері Ниң Хаудың фильм өндірісімен айналысатын «Хуай Хоузы» компаниясымен келісімшартқа отырып, «72 құбылу» атты жаңа туындының жасалуына атсалысқан. Бұл жоба әлемдік деңгейдегі күрделі туынды болғандықтан, режиссерлердің талантын сынайтын, білімін шыңдайтын шығарма болмақ.
«Бұдан бөлек алдағы айларда 400 миллион юань қаржы қосылған, 12 бөлімді телесериалдың түсірілу жұмысына кірісеміз. Мемлекеттік деңгейдегі бұл жобаға белгілі режиссер Убаймен бірлікте режиссерлік етемін. Бұл жаңа туынды бұйыртса келер жылдың басында қытайдың «Хунан» және «Жыжияң» телеарналарында көрсетілетін болады. Осы телесериалды түсіруді аяқтай салысымен жеке жаңа кино түсіруге кіріссем деп отырмын», - дейді талантты қандасымыз Өркенбек Бейсенбайұлы.
Моңғолия чемпионатының жоғарғы лигасына ойнайтын Баян-Өлгей аймағының футбол командасы құрылды - kaznews.mn
Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласында 2018 жылдан бастап футболдан Моңғолия чемпионатының жоғарғы лигасына ойнайтын Баян-Өлгей аймағының жастары ойнайтын команда жасақталды, деп хабарлайды KAZNEWS ақпараттық порталы.
«Баян-Өлгей аймағының жастарынан құралған кәсіпқой команда «Номадик Хантерс» деп аталады. Құрамында 22 ойыншы бар. Қазіргі күні, «Номадик Хантерс» Моңғолия футбол федерациясының кубогы үшін сынға түсіп жатыр. Мамырдың 25 күні Моңғолия футбол федерациясының кубогының бірінші турында «Сонгинохайрхан Би Форвард» командасымен кездескен «Номадик Хантерс» қарсыласынан айласын асырып, 8:1 есебімен екінші кезеңге өтті. Алдағы ойындарда сауатты қорғанып, талаптану бізді жеңіске жетелейді», - дейді команда бапкері Мұстафа Жұқанұлы.
Қытайдың озық әскери қару-жарақтары Астанадағы «KADEX-2018» көрмесінде таныстырылды - «Жэньминь жибао» (People Daily)
Қазақстанның елордасы Астана қаласында өткізілген V халықаралық «KADEX-2018» қару-жарақ пен әскери теxника көрмесінде қытайдың 7 ірі әскери өндіріс кәсіпорындары өздері жасаған құрлық, теңіз, әуе армияларының озық әскери техникаларын таныстырды, деп хабарлайды kazakh.people.com.cn сайты.
Қазақстан мемлекетті ұйымдастырған халықаралық қару-жарақ пен әскери теxника көрмесі 2010 жылдан бері өтіп келе жатыр. Аталған көрме Орта Азиядағы ықпалды үлкен әскери теxника көрмесі болып саналады. Биылғы жылғы «KADEX-2018» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесіне Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения, Түркия, Иордания, Әзербайжан, Израиль, Италия сынды 40-тан астам елдердің өкілдері қатысуда. Сондай-ақ, Беларусь, Бельгия, Болгария, Бразилия, Германия, Израиль, Үндістан, Испания, Италия, ҚХР, Нидерланды, РФ, АҚШ, Сербия сияқты әлемнің 28 елінің 318 кәсіпорыны өз өнімдерін ұсынған», - деп жазады аталған БАҚ.
Қазақстан елшісі «Түркия үні» радиосында қонақта болды - ТРТ
Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы TRT «Түркия үні» радиосының қонағы болды, деп хабарлайды Түркия Радио Теледидар порталы.
«Түркия үні» радиосының түрік тілінде жарияланатын «Парламенттер достығы» атты бағдарламаның қонағы болған, Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы бір сағаттық тікелей эфирге қатысты. Қысқа толқыннан әлемнің шар тарабына хабар тарататын радионың тікелей эфирінде өкілетті елші Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері, дамыған экономикасы, Орталық Азия және әлем аренасындағы маңызына кеңінен тоқталды», - деп жазады аталған БАҚ.
Қазақстанда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтайтын отырыс басталды - «Фарс» ақпарат агенттігі
Астанада Каспий теңізі жағалауындағы бес елдің Сыртқы істер министрлері орынбасарларының қатысуымен теңіздің құқылық мәртебесін анықтайтын отырыс өтті, деп хабарлайды Parstoday ақпарат агенттігі.
IRNА-ның мәліметі бойынша, дүйсенбі күні басталған Астанадағы төрт күндік отырыста Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау конвенциясының даярлаумен бірге шамамен төрт айдан кейін Астанада өтетін Каспий теңізі жағалауындағы бес ел басшыларының бесінші саммитіне қатысты құжаттар қарастырылады.
Қанастың көркем көктемі - Тяньшаньнет
«Тяньшаньнет» ақпараттық порталы Қытайдың Іле-Қазақ автономиялық өлкесі, Алтай аймағында орын тепкен, көрінісі әсем Қанас көлінің көркем бейнесін таспалаған фоторепортаж жариялады.
«Қанас көлі - Буыршын ауданының, Алтай тауларының батыс Солтүстік бөлегіндегі қалың тау орман ішіне орналасқан, табиғи қорғалатын аймақ. Көлдің аумағы 44 мың 780 шаршы метр, ең терең жері 188.5 метр. Қытай бойынша құрылқтағы ең терең көл болып есептеледі. Құтты мекен Қанасқа бара қалсаңыз, табиғат ана өзі сыйлаған әсемдігіне таңғалмай тұра алмайсыз», - деп жазады аталған сайт.
Дайындаған: Бақытжол Кәкеш
Дереккөз: "ҚазАқпарат"
Jebeu.kz