Өмәрәлі Әділбекұлы: Қытай консулында тозған оралмандар мәселесі оң шешіле бастады

Уақыты: 2017-11-27 Көрлімі: 73 Сипаттама

Өмәрәлі Әділбекұлы: Қытай консулында тозған оралмандар мәселесі оң шешіле бастады...

Соңғы уақытта Қытай елшілігінің алдынан амалсыз табылатын азаматтар көбейді. Олардың елшілік алдына айта баратын негізгі мәселесі Қытай жергілікті билігінің Қазақстан азаматтығын алған зейнеткерлердін зейнет ақысын тоқтатуы және Қытайдан Атажұртқа келіп, Қазақстанның ықтиярхатын алған этникалық қазақтардың Қазақстан берген құжатын жинап алу мәселесі.

Қамшы ақпараттық агенттігі өткен аптада бірнеше ондаған адамның осындай мәселені айтып, Қытай билігіне өкілдік етіп келген делегациямен кездескені туралы жазған еді. Онда азаматтардың Қытай билігіне айтқан шағымы, талап-арыздары жинақталған хат та қоса жарияланған. Көп өтпей аталған мәселеге Қазақ билігінің араласуын талап еткен, Қытайдан ресми түсініктеме сұраудың қажеттігін көтерген ашық хат та жарияланды.  

Қамшы тілшісі осы орайда Қазақ көші-қоны мәселесін көтеріп жүрген, Қытайдан келген делегациямен кездескен «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбекұлымен арнайы сұхбаттасты.

«СОТТАЛМАДЫ» ДЕГЕН АНЫҚТАМА ТАЛАП ЕТУ КӨШІ-ҚОНДЫ ТОҚТАТТЫ

Әңгімені Атажұртқа оралған қазақтардың проблемасынан бастасақ?

Елге оралған қазақтардың мәселесі туралы айтар болсақ сөз көп, жан-жақты қамтуға болады. Өздеріңіз білесіздер, 2009 жылы санақта қазақтың үлес салмағын Қазақстан халқының 68 пайызы деп айтып алып, соңынан 65-ке, тіпті 63-ке түсірді. Содан бастап қазаққа қарсы науқан басталды. Оның ішінде қазақтардың демографиялық көрсеткішіне үлкен үлес қосқан оралмандарға да қарсы қаңқу сөз көбейді. «Оралмандар үй сұрайды, жер сұрайды», «аштық кезінде, соғыс кезінде елді тастап қашып кеткен» деді. Тіпті билік мінберінен «Оралмандар білімсіз» деген әңгімелер айтылды. Осының соңы 2013 жылы этникалық қазақтардан «соттылығы», «көші-қон парағынан шығу» туралы анықтама талап ететін Үкімет қаулысына әкеліп соқты. Бұл қаулы осыдан кейінгі көші-қон заңына кірді. Осыдан бастап бізде Қытайдан келетін көші-қон тоқтады деп айтуға болады.

2013-2016 жылдары Қытайдан ешкім көшіп келмеді десе де болады. Өйткені, Қытайдың жағдайын білесіздер, кез келген адамның қолында паспорт болмайды. Шетелге  шыққысы келсе, шетелден шақырту алдырады. Содан кейін паспортқа өтініш береді. Оның өзінде, Дін істері мекемесі, прокуратура, өзі жұмыс істейтін мекеме, банк сияқты 8 түрлі мекеменің қарауынан өтеді. Қылмысы, қарызы жоқ екеніне қатаң қарайды. Ал шетелге шыққан Қытай азаматтарына «сотталмады» деген анықтама берілмейді. Себебі сотталған адамды шетелге шығармайтыны түсінікті нәрсе. Оның үстіне 2014 жылы Қытайда жаңа заң шықты. Ішкі істер министрлігі өтініш жасап, Премьер-министрлерінің қол қоюымен 18 түрлі статустағы адамдарға, онын ішінде жеке тұлғаларға анықтама бермейтін болды.

Ал, біздің билік осыны түсінгісі келмей парадокс заң шығарып отыр. 2015 жылы ақпан айында парламентте жаңа көші-қон заңы тұралы жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобының басшысы Гүлнар Сейтмағанбетова ханымның ұсынысымен біздің «Жебеудің» атынан Рахым Айыпұлы мен Ауыт Мұқибек жұмыс тобының 18 отырысына қатысты. Біз «көші-қон парағынан шығу», «соттылығы туралы» анықтама деген екі тармақты алып тастауды   ұсынған едік. Бірінші ұсынысымыз қабылданып, «соттылығы» туралы анықтаманы алып тастау ұсынысымыз қабылданбады. Себеп ретінде бізге террористтер кіріп кету қаупін айтты. Ол кезде ІІМ де, депутаттар да Қытайдың ішкі жағдайын білмеді. Оны біз түсіндіре де алмаған шығармыз. Сонымен көші-қон бәсеңдеп қалды.

2000 жылдан 2009 жылға дейін көші-қонның алтын дәуірі болды. Осы уақытқа дейін Елбасының саясатымен миллионға тарта этникалық қазақ елге келіп қоныстанды. Олар әр салада еңбек етіп, елге үлес қосып жатыр. 2014 жылы Елбасының дем беруімен жаңа көші-қон заңы шықса да, анықтама талап ету қалып қалды. Сонда да тоң жібіп, көш жанданды. Бірақ, 2016 жылы қарашадан бастап Қытай тарабынан «паспорт жиып алу» туралы әңгіме шыға бастады.

ПАСПОРТ ЖИНАП АЛУ – ТЕРРОРИЗМ ҚАТЕРІНЕН ТУЫНДАҒАН

Осы «паспорт жиып алу» туралы кеңірек айтсаңыз? Қалай басталды?

2016 жылы қазан айының 30 күні ҚХР коммунистік партиясы орталық комитеті, үгіт-насихат департаментің басшысы бастаған, құрамында Қытай қоғамдық ғылым академиясы, Шыңжаң қоғамдық ғылым академиясының ғалымдары бар делегация Астана, Алматы қалаларында сапарда болды. Олар дін мен мәдениет жөнінде үгіттеуді мақсат еткен. Алматыда «Жебеу» қатысқан мәслихат өтіп, ол кісіге этникалық қазақ тығыз қоныстанған Шыңжаңдағы «паспорт жинап алу мәселесін» түсіндіріп беруін сұрадым. Ол кісі «Сириядағы жағдайды білесіздер. Әлемде терроризм қаупі өршіп тұр. Осы барыста біздің Шыңжаңнан өз атын емес, басқаның атын пайдаланып паспорт жасап алу ісі көбейіп кетті. Әзіргі мақсат осындай жағдайларды анықтап, шара қолдану», - деп түсіндірді. Алғашында  паспорттар тексеріліп, заңға сай болса қайтарылып отырған.

ПАСПОРТ ЖИНАП АЛАТЫНДАР НЕ ҚАЗАҚСТАНҒА БАРМАУДЫ, НЕ ЗЕЙНЕТАҚЫ АЛМАУДЫ СҰРАЙДЫ

Алайда, ШҰАР бойынша қолданылған саясат Іле қазақ облысына келгенде өзгеріп кеткен. Жергілікті билік «асыра сілтеуге» жол беріп, зейнеткерлердің зейнетақыларын тоқтатып тастаған. Оларға «зейнетақы алам десеңдер» Қазақстан азаматтығынан шығыңдар деп талап қойған. Қытайда «мәдениет төңкерісі» аяқтап реформа және сыртқы есік ашу саясаты басталғанда шетелден инвестор шақыру үшін 1982 жылғы шыққан үлкен мұғажырлық заң бар. Осы мұғажырлық саясаттың арқасында Қытай тіпті гүлденді десе де болады. Оған сай зейнет жасына жеткен Қытай азаматы қай елге барып қоныстанса да, азаматтық алса да оған зейнетақысы төленеді. Іледегі жергілікті билік осыны түсінбей зейнеткерлерден «не Қазақстанға бармауды, не зейнетақы алмауды» таңдауды талап еткен. Сондай-ақ Ықтиярхат алғандарға да сондай талап қойып, біраз адамның ықтиярхатын алып қойған.  

Шыңжаң өлкелік билік жылдың басында шетелдегі азаматтарды түгел қайтып «паспорттарын тапсыруға» шақырған. Соның салдарынан шекара бекеттерінде қаңтардың 14-15-і күндері адам толып кеткен. Бұндай жағдайды естіген соң біз құжаттар жинап, 16 қаңтарда Алматыдағы Қытай консулымен сөйлесіп, ресми хат тапсырдық. Консул бас елшіге де жазуға кеңес берді.

«Жебеу» республикалық бірлестігі 2017 жылы қаңтардың 25-і ҚХР-ның Қазақстандағы бас елшісі Чжан Ханьхой мырзаға, ҚХР-ның Алматыдағы бас консулы Чжан Вэй мырзаға, Шыңжаң автономиялық үкіметтің сыртқы істер департаментіне,  Қытай мұғажырлар қоғамына(Қауымдастық сияқты миграциялық іске араласатын, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын қоғамдық ұйым) ресми хаттар жөнелтті.

Бір аптадан кейін бізді қабылдаған Алматы қалалық консулдың орынбасарының  түсіндіруі бойынша, олар да жергілікті биліктің іс-әрекеті дұрыс еместігін қуаттады. 2017 наурыз айының 16 күні наурыз мерекесіне байланысты бас елші Талғат Мамырұлы екеумізді Астанаға шақырды.  Мерекелік дастарханда да бас елшіге тікелей мәселенің ушығып тұрғанын жеткіздім. Нақты жағдайлар бойынша құжаттар бердім. Осыдан кейін Алматыдағы консулдың орынбасары бізді екінші рет қабылдады.  Қабылдауға «Жебеуден» 4 адам және заң бұзушылық фактілеріне ұшыраған бірнеше кейіпкер бірге кірдік. Олардың бірі шешесі Қытайға кетіп, құжатын жергілікті билік алып қойған 14 жастағы Аққанат Жақанқызы, екіншісі Тарбағатай аймағы, Дүрбілжін ауданың зейнетке шыққан мұғалімі Алдиярхан Түркістанұлы.

Бейжіңдегі «Бір жол-бір белдеу» форумынан кейін, 2017 жылы 19 мамырда   бас елші Чжан Хан хой мырза Астанаға талқы жиынға шақырды. Сол кезде бас елшіге тағы да біраз құжаттар тапсырдық. Оның ішінде Іле облыстық Кәсіподақ ұйымының бір азаматқа «Қазақстанға барып Ықтиярхатыңды тапсырып кел немесе зейнетақы ала алмайсың» деген ресми құжатын көрген елшінің өзі қатты ашуланды. Ол бізге сабыр етуді айтып, осы істермен айналысатынын жеткізді. Біз де мүмкіндік туа қалса ауық-ауық  бас елшіге, бас консулға жағдайдың күрделілігін жеткізіп отырдық. Бұл мәселелер туралы баспасөзде де шыға бастады.

Содан соң өткен аптада Қытай билігі өкілдерінен делегация келді. Алдымен Астанаға келген олар бізге алдын ала хабарласып «талап-арыздарымызды қаймықпай айтуды» сұрады.

Делегацияның құрамында кімдер бар?

Делегацияның басшысы ШҰАР үкіметі, сыртқы істер департментінің секретары. Оның құрамында Ішкі істер мекемесінен, кадрлар мекемесінен, тәртіп тексеру комитетінен, әділет департаментінен, Іле Қазақ облыстық тәртіп тексеру комитетінен жалпы сегіз адам келді. Олар өздерінің мәселені толықтай шешіп кете алмайтынын, «талап-арыздармен» танысуға келгенін, шешілуіне ықпал ететіндерін айтты.

«Жебеу» ұйымынан 5 адам, зардап шеккендерден өкіл ретінде 9 адам

(Қызмет группасымен кездесуге қатынасқан адамдар тізімі
1. Мұқан Мамықтан
2. Тауқидін 
3. Ертай Нұрмұхаммед
4. Алдиярхан Түркістан
5. Тұрсынхан Ошан
6. Нұртуған Нұрдамбек
7. Дәулетбек Тұрсынбек
8. Мұрат Жүнжұма
9. Аққанат Жақан
10. Айнұр Мұсабек) кездесуге кірдік. Өз атымыздан жазбаша хатымызды өткізіп, 30-ға таяу құжат тапсырдық. Сондай-ақ, 6 ұсынысымызды айттық.

Бірінші, кейбір мекемелер зейнеткерлердің паспортын, ықтияр хатын жинап алып, ешқандай түсініктеме бермей күттіріп отыр ;

Екінші, оларға Қазақстан азаматынан шығуды бұйырған. Олай болмағанда зейнетақыны тоқтатамыз деген;

Үшінші, екі ай ішінде Қазақстаннан алған ықтияр хатын қайтаруын міндеттеген, сөйтпегенде зейнетақыны тоқтатып, паспортын жиып алатынын айтқан.

Төртінші, Қазақстанның азаматтығын алған адамдардың ішінде уақытында пропискасын өшірмегендерді қос азаматтық деп танып, зейнетақысын тоқтатқан, Еш себепсіз пропискасын өшіруге кедергі келтірген.

Бесінші,  уағында мекемесіне барып тізім бергендердің  (денсаулығына байланысты) зейнетақысын тоқтатқан.

Алтыншы, қайтып барған біраз кісілердің жасы ұлғайған, денсаулықтары жақсы емес, бала-шағалары қасында жоқ, тұратын жайларын сатып жіберген. Осы кісілер қатты қиналып  жатыр. Осындай жағдайларға мән берулерін сұрадық.

ДЕЛЕГАЦИЯМЕН ӘҢГІМЕДЕН КЕЙІН МӘСЕЛЕ ШЕШІЛЕ БАСТАДЫ

Төртінші талапты ашып түсіндіріп кетсеңіз?

Қытайдан келген этникалық қазақтар Қазақстан азаматтығын алғанда Қытай төлқұжатын өткізіп береді. Оған сәйкес ол адам Қазақстан азаматы атанғаннан кейін Қытайда тіркеуден өшіріліп, азаматтығы жойылуы тиіс. Қытай социалистік жүйеден шыққан ел болғандықтан прописка түзеу мәселесі жүйеге әлі толық түспеген. Батыс өңір Шыңжаңда жұмыс механизмі дұрыс қойылмағандықтан Қазақстан азаматтығын алып кеткен адамдардың көбі оларда пропискадан өшірілмеген. Оған азаматтың еш кінәсі жоқ.

Ертесі Әлия Жанабілқызының қонақасы дастарханында осы делегациямен тағы бірге болдық. Олар біздің талаптарымыз орынды екенін, бара салып басшылық орындарына жеткізетінін, жергілікті басқару орындарына түсіндіру топтарын жіберетінін айтты.

Кешеден бері бізге зейнеткерлердің төлемі жасала бастағаны туралы хабар келіп жатыр. Ал, ықтиярхат алғандардың ықтиярхаттары да қайтарылған, алайда төлқұжаттары берілмей жатыр екен. Себеп ретінде әлі Қытай азаматы екені айтылған.

ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚҚА 17 МЫҢДАЙ АДАМ ҰШЫРАҒАН

Біздің есебімізде 2 қала, 8 ауданнан 17 мыңдай адам осындай түрлі құқық бұзушылыққа ұшыраған. Осылардың көбі мемлекеттік қызметкерлер және партия мүшелері. Өздеріңіз білесіздер, Қытайда қарапайым малшы, егінші мемлекеттен жалақы алмайды. Ал, мемлекеттік кадр жүйесі басқаша. Олардың зейнетақысы бар, басқа медициналық қамсыздандыру қызметтері бар. Сондай-ақ зейнетке шығудың да бөлек ережесі бар. Мемлекеттік қызметкерлердің көбі партия мүшесі.

Қытай партия мүшелеріне талапты күшейтіп жатыр, зейнетке шықса да ұйымнан қол үзбеу керек деп қарайды.  Ықтиярхат алғанымен Қытай паспортын қолданғандықтан біздің бақылауымызда болу керек деп түсіндірді. 

Ал, баспасөзде шығып жатқан қамау туралы мәселенің нақты фактісіне кезікпедім.

Қытай «терроризм қаупі» деген атты жамылып, діни сенімді жойып жатқан жоқ па?

Қытайлар араб елдері мен Түркияға барғандарға «қырын» қарай бастады. Шекаралық бақылауда қатаң тексереді. Оның бәрі терроризм қаупімен байланысты.

Жақында Қытай орталық ұлттар комитеті ұлттық істер комитеті секретары берген сұхбатында «дін әр ұлттың ғасырлардан жалғасып келе жатқан сенім бостандығы екенін, дін ұстанушылардың бәрін террористердің қатарына қоспау қажет екенін, адамдарың діни наныма құрмет ету қажеттігін» айтты. Міне  бұдан Қытай орталық үкіметінің дінге деген, мұсылманға деген айқын позициясы көрінеді.

Қытай президенті Си Цзиньпен билікке келген соң заңды елге айналамыз деген. Олар коррупциямен күресіп келеді. Қытайда реформашылдар мен консерваторлар арасында үлкен күрес сүріп жатыр.

Жалпы жағынан Қытайдың саясаты дұрыс жүріп келе жатыр. Ал, Шыңжаңның жағдайы күрделі. Оның әртүрлі себептері бар. Ішкі Қытайда жүрген кейбір реформа Шыңжаңда жүрген жоқ, ақпараттан алыстау қалды. Жергілікті басшылардың таным-түсінігі төмендеу болып жатыр.

Қазақ-қытай арасындағы байланысты қалай бағалайсыз?

Елбасының арқасында біз Қытаймен сыртқы саясатымызды өте табысты жүргізіп отырмыз деуге болады. Қытайдың көптеген елмен жасамай қойған «тұтқын алмасу» келісімінің өзі үлкен жетістік. Одан сырт біздің тағы бір табысымыз Үрімжіде консулдық қызметтің ролін атқаратын мекеме ашуымыз. Қытай билігіне компартия келгеннен кейін ешқашан Үрімжіде бірде-бір елге консулдық ашуға рұқсат бермеді. 1949 жылдан бұрын Үрімжіде Ресейдің, Англияның, Американың консулдықтары болды. Қазақстан 1995 жылдан бастап Үрімжіде «визалық қызмет» жүргізіп келеді. Бұл барлық елде тек бас елшілікте берілетін қызмет. Негізінен Шыңжаңда қоныстанған қазақтар үшін бұл өте пайдалы болды. Басқа алпауыт елдер де Шыңжаңнан өз консулдықтарын ашқысы келеді, бірақ Қытай рұқсат бермей отыр.

Алматыға келген консул Жаң Вэй бұрын Орта Азияда тұрған, орыс тілін жетік білетін, бас елші де Қазақстанның жағдайын жақсы білетін адамдар. Елші ретінде олар қазақ-қытай қарым-қатынасын, мәдени байланысын жақсартуға күш салып жатыр деуге болады. Қазақ студенттерге грант бөле бастады. Материалдық жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетіп жатады. Біздің ұсыныс хаттарымыздың бәрін қабылдады. Осы реткі қызмет группасының келуі осы екі кісінің еңбегінің арқасы.

Қытай оқу-ағарту жағынан да бізге мән бере бастады. Бұрын орталық Ұлттар университеті мен Іле педогогикалық университетінде ғана қазақ тілі кафедрасы болса былтыр Бейжіңдегі Шет тілдері университетінде, биыл Шанхайдағы шет тілдері университетінде, Ши Ан қаласындағы бір университетте қазақ тілі кафедралары ашылды. Бізді Орталық Азиядағы ірі стратегиялық әріптес ретінде қатты зерттей бастады.

«ЖОЛБАРЫСТЫҢ ҰЯСЫНА БАРМАСАҢ, КҮШІГІН ҚАЙТЫП АУЛАЙСЫҢ?»

Ал, біз Қытайларды зерттей алдық па?

Біздің қытайды тануымыз жетіспей жатыр. Біздегі Қытай жөніндегі түсінік қасаңдау. Біз Қытайдан қорқамыз һәм көзге ілмейміз. Алымсынбайтын тұсымыз басым. Тәуелсіздіктің 25 жылында біздің Алматыдағы, Астанадағы жоғары оқу орындарында Қытай тілі кафедралары жұмыс істеп тұрса да әлі күнге дейін мықты қытай тілі маманы шықты деп айта алмаймын. Мұрат Әуезовтің, Қапезованың деңгейінде қытайтанушы жоқ. Ал, Қытайдан келген мамандар Нәбижан Мұхамедқанұлы, Дүкен Мәсімхан, Бақыт Еженхан, Сағынтай Сұңғатай сынды азаматтар жақсы еңбек етіп жатыр.

«Қытай фобиясын» бізге алғашқы болып Совет одағы қалыптастырды. 1960 жылдан Совет одағы ыдырағанға дейін 30 жылдай екі ел идеологиялық соғыс жасады. Қытайлар Совет елдерін жексұрын көрсетсе, Совет одағы да халыққа Қытайды жау деп ұғындырды. Тәуелсіздік алғаннан кейін де орыс тілді басылымдар «қара қытай қаптаса сары орыс әкеңдей көрінеді» деген сарында мақалалар жарияланып, Қытай қорқынышын ұмыттырмады. Қазақта сөз бар, «бармасаң келмесең жат боласың, алмасаң бермесең сарт боласың» деген. Қытайда да «жолбарыстың ұясына бармасаң, күшігін қайтып аулайсың?» дейтін мәтел бар. Біз Қытайдан қорқып, барыс-келіс жасамасақ онда қалай дамимыз. Көршіні құдай таңдайды дейді. Бұл Алла Тағаланың берген көршісі. Көршімен қалай тұру өзіңе байланысты. Көршіні түсінуге, білуге міндеттіміз. Бізден жақсы қытайтанушылар шығуы керек, ірі қытайтану институтымыз болуы керек. Журналистер мақаласында көбінде Қытайды зерттемей жатады. Қытайда 1990 жылдардан бастап еңбек етіп келе жатқан Қазақстанды, Орта Азияны зерттейтін ондаған институт бар. Оның өз мектептері бар. Тіпті бірнеше буын ғалымдар қалыптасып кетті деп айтуға болады.

«Қытай экспансиясы» туралы айтылады. Бізге Қытайдан қауіп бар ма?

Экспансия туралы көп айтылады. Бізге Арабтан, Парсыдан, Орыстан  көптеген елден экспансия болды. Жақын көршілерден де болды. Қазір де бар. Бірақ біздің Қытаймен арамызда 751 жылғы Тараз маңындағы Атлах шайқасынан кейін соғыс болған емес. Оның өзі Араб-қытай соғысы.  Одан бергі замандарда бейбіт қарым-қатынас жасап келе жатырмыз. Қытай соңғы кезде қарқынды дамыды. Оның үстіне Қытайда гуманизм қатты жетілген. Қытай республика болып құрылған соң, сыртқы саясатта «ешкімнің ішкі ісіне араласпау» деген принцип ұстанды. Әрине Индиямен, Вьетнаммен жаңжалдасты. Қазірде мұхитта шекаралас елдермен талас тартысқа түсіп отыр. 1917 жылғы төңкерісте, 1933 жылдағы аштықта көптеген қандастарымыз Қытайға барып, пана тапты.

ӨЗІМІЗГЕ МЫҚТЫ БОЛСАҚ БІЗДІ ЖАУ АЛМАЙДЫ

Түптеп келгенде жау сырттан келмейді. Өзімізге мықты болсақ, экономикамыз, ғылымымыз ілгері болса бізді ешкім ала алмайды. Тарихтан ғұндардың, түріктердің, бабаларымыз құрған мемлекеттердің бәрінде біз іштен шыққан жаулардың кесірінен құрыдық. Іштен ыдырадық. Израилды алып қарайық, қу даладан мемлекет құрды. Әлемнен қандастарын шақырды. 5-6 миллион ғана халық айналасындағы 100 миллиондаған халқы бар мемлекеттерге төтеп беріп отыр. Бізде көші-қон саясатын жақсы қолға алдық. Бірақ тұралап қалды. Өйткені қазақтың көбейгенін, көркейгенін көре алмайтын көмескі күштер көп. Жағамызға жау жармаспас үшін халықтың потенциалын көтеру керек. Білім деңгейіміз, санамыз жоғары болуы тиіс.

Қытайда жеке куәлікке азаматтардың ұлты жазылатын, 2020 жылға қарай осы жойылады деген сөз бар...

Бұл ұлттық мемлекеттердің бәрінде бар үрдіс. Франция, Америка, Түркия сияқты елдер пайдаланып келеді. Қытай халық саны жағынан онсыз да ұлттық мемлекет. Оларға бұндай заң қабылдаудың да қажеті жоқ. Бұл жөнінде мен ешқандай ақпарат естімедім.

Қазақ билігі қытайдағы этникалық қазақтар тағдырына қалай араласа алады?

Әрине, оның шектеулі мүмкіндіктері бар. Біздің Қытаймен арамыздағы сыртқы саясат Елбасының арқасында жақсы қалыптасқан. Қытаймен арамыздағы шекаралық мәселелердің бәрі шешілген. Бұл біз үшін үлкен дипломатиялық табыс. Неге десеңіз Қытай оңтүстік теңіздерінде әлі шекаралық келісімге келмеді. Қытайдағы қандастарымыздың саяси, экономикалық өрлеуі өткен ғасырдың ортасынан қалыптасты деуге болады. Халық саны миллионнан асты. Міндетті оқу-ағартуды жолға қойды. Осының бәріне Алаш зиялыларының ықпалы болды. Өткен ғасырдың 30 жылдарында бір топ Алаш зиялылары көшіп барды. Мектеп салды, омарта ашты. Газет-журналдары шығарды. Шәкәрім қажының баласы Зият Шәкәрім, ағайынды Мәрсековтер, ақын Көдек Маралбайұлы, Жүсіпбек Шайхыслам, т.б. Зиялылардың барыс-келісі үзілмеді. Қытай қазақтарының өзіндік жүйесі қалыптасты.  Іле қазақ облысы бар.  Іледе үлкен қазақ университеті бар, оның 50 пайыздайы қазақ студенттерден тұрады. Қытайдағы бірден бір қазақ университеті деп айтуға болады. 24 сағат қазақ тілінде толқынға шығатын радио-телеарналар бар. Қазақша әдеби кітаптар басып шығаратын баспалар бар. Дегенмен көптің аты көп. Бірте-бірте табиғи түрде қазақ тілі отбасылық қана тілге айналып бара жатыр. Жұмысқа орналасу үшін, өсіп даму үшін бір кезде Қазақстанда орыс тілі қалай жалпыласса, ол жерде солай қытай тілі дендеп кірді. Өйткені алып мемлекеттің 94 пайыз халқы Қытай. Солай болса да Қазақстан арғы беттегі этникалық қазақтарға мүмкіндігінше көмек беріп жатыр. 2004 жылдан бастап қазақтарға виза тегін беріле бастады. Экономикалық байланыс та шекараның түбіндегі, Үрімжідегі қазақтардың экономикалық қуатының өсуіне оң ықпал етті. Қытайдағы қазақтардың өнер жағы да кемшін қалмады. Ең алғашқы кино «Қасен-Жамила» 1954 жылы түсірілді. «Тянь Шан қызыл гүлі» деген сияқты қазақ фильмдер Қытайдың алғашқы 10 жылдығындағы үздік туындылар болды. Үлкен томдық қазақ-қытай сөздігі басылды. Абайдың ескерткіші Бейжіңде тұрғызылды.

Ал, Қазақстаннан қауымдастық жұмыс істеп жатыр. Оқу-ағарту саласынан 2 пайыз грант этникалық қазақтарға беріліп келеді. Ал, ішкі ісіне араласу ешбір елде жоқ. Бірақ, біз қалайық, қаламайық қытайлық цивилизацияға төтеп бере алмаймыз. Өте-мөте жастар жұтылып барады. Шын мәнінде біздің Қытаймен байланысымыз жақсы. Мұнай-газ саласында Қытайдың үлесі 20 пайызға жетті. Тау кен өндірісінде, құрылыс та, тіпті ауыл-шаруашылығында да Қытай компаниялары жұмыс істеп жатыр. Біз осы мүмкіндікті пайдаланып, келетін жұмысшылар арасынан этникалық қазақтарды талап ете білсек, СІМ осындай шаттар қойса өте пайдалы болар еді. Мысалы 2 жыл бұрын Ақтоғайда ашылған бір кенде инженерінен шопырына, аспазшысына дейін Қытайдан келген оралмандар еңбек етті. Осыны біз дұрыс пайдалана алсақ әрі еңбек күш ретінде, әрі миграциялық жағынан ұтымды болар еді.

Сұхбатыңызға рақмет!


Сұхбаттасқан Нұрғали НҰРТАЙ

«Қамшы» сілтейді

文章评论

    共有条评论来说两句吧...

    用户名:

    验证码:

Қытайдан Павлодар өңіріне бес отбасы көшіп келді
Қытайдағы қазақ жастары тәуелсіздікті сарғая күтті

Ұқсас тақырыптар