Қытайдағы қазақтардың жағдайы: үміт пен күдік, айтыс пен тартыс, кімге сеніп, кімге арқа сүйейміз?

Уақыты: 2018-10-13 Көрлімі: 10950 Сипаттама

Қытайдағы қандастар белгілі қысымға ұшырай бастағалы екі жылға таяды. Ондағы қандаста...

W020130908545702627087.jpg

Қытайдағы қандастар белгілі қысымға ұшырай бастағалы екі жылға таяды. Ондағы қандастар қысымға ұшырады  дегенмен бұның зардабын Қытайдан келген осындағы барша қандастар да көруде. Оның ішінде Қазақстан азаматтығын алғандар да бар.  Осы күнге дейін Қытайға барып ұсталып, саяси үйрену орталығына кірген, түрмеге қамалған, паспорттары тартылып алынып елге келе алмаған   ҚР азаматтары да болды. Негізінен олардың басым бөлігі елге оралды. Қалғандары үшін де  ҚР Сыртқы істер министрлігі өз қарекетін жасауда. Көшіп келіп енді азаматтыққа өтпекші болған ықтиярхатпен жүрген қандастарды шақырып алып, көптеген отбасылар бөлініп-жарылуда. Оның үстінде қай бір қандастың болсын Қытайда тұрып жатқан бауыр-туысы бар. Сондықтан Қытайдағы жағдай осындағы барша Қытайдан келген қандастарға ауыр тиді. Тіпті барша Қазақстан халқы қандасына қатты алаңдауда.

Қазіргі кезде Іле қазақ облысының кей аудан, ауылдарындада бірен-саран адамдардың босап шыққаны айтылады. Паспорттары 2 жылдан бері берілмеген қандастарымыздың ішінде елге келіп, отбасына қауышқандары да бар. Десе де ел арасында сөз көп. Кейбіреулер енді осыдан ары қандастарды босатады екен дейді. Енді біреулер бұл жәй ғана алдау. Әлі де созылады,   Шынжаңдағы саяси үйрену оталықтарындағы адамдарды ішкі Қытайға апарады екен дейді. Бұдан басқа да желіде алып қашпа сөз, ағайындар арасындағы бір-бірін айыптау тоқтамай тұр.

d7a57fdb57f3.jpg

Қытайдағы қысым қашаннан басталды?

Қандастарымызға қысым көрсеткелі  2 жыл болды дегеніміз, ашық түрдегі қысым. Шын мәнінде соңғы 20 жылда жалпы беттік қытайландыру саясаты қарқынды жүре бастаған. Соның нәтижесінде аз ұлттардың мектептері жабылып, қос тілді мектепке өзгерді. Қос тіл дегенде де басымдылық қытай тілінде еді. Қазақ мектептерін алып айтсақ, қазақ тілі мен әдебиет ғана қазақ тілінде оқытылды. Осының нәтижесінде мектептерде сабақ беретін көптеген қандастарымыз мектептің күзетшісі сияқты жұмысшысына айналып қалды. Жолын тапқандары зейнетке шығып елге оралды.  Дін жөнінен айтсақ та уахабилік бағытты ұстанушы деп ұйғыр бауырларымызды 20 жылдың алдында-ақ тізгіндей бастаған. Ал соңғы 4, 5 жылдан бастап намаз оқитын мұсылмандардың бәріне күмәнмен қарау бастады. Жеке тұлғалардың телефонын тексеру, әлеуметтік желіні бақылауға алу да соңғы 3,4 жылда белең ала бастаған. 2017 жылдың басында алдымен мемлекеттік қызметтегілер мен зейнеткерлердің паспорттарын жинап алса, одан қарапайым халықтың да паспортын жинап алып, 2017 жылдың күзінен бастап Қазақстанға келушілердің жолын кесті. 2017 жылдың жазына дейін имамдар мен дін қызметкерлерін және әлеуметтік желідегі таратқан хабарларын мемлекеттің саясатына жат деп санаған желі қолданушыларын ұстаған. Өткен жылдың соңы мен 2018 жылдың басында Саяси үйрену орталықтары пайда болып, қандастарды түрлі сылтаумен жаппай осы орталыққа тоғыта бастады. Соның кесірінен Қазақстанға келіп, азаматтық алып үлгірмеген көптен қандастарымыз қытайға барып, елге қайталмай қалды. Олардың бір бөлімі саяси үйреу орталықтарында болса, енді бір бөлімі сол жақта ағайын туыстың үйін паналап күнелтуде. Көптеген қандастарымыздың Қытай заңы бойынша шетелге шығып, шетел азаматтығын алса да беріле беретін зейнетақысы да тоқтап қалды. Қыстық және жаздық демалыста ата-аналарына  барып қайта келе алмаған, саяси үйренуге кірген студенттер де аз емес.

 

Қытаймен күрес не үшін қандастар арасындағы дау-дамайға айналды?

Қандастардың басындағы ауыр жағдай басталғалы бері елге келген ағайындар арасында түрлі пікір қарама-қайшылығы болды. Бұл тек Қытайдағы қандасын қорғау үшін таңдаған жолддарының ұқсамастығынан  шыққан пікір қайшылығы еді. Бірақ, күн өткен сайын осы ұқсамаған пікірдегі адамдарды арнайы арандатып, халыққа жеккөрінішті етумен айналысатын үшінші бір күш пайда болды ма деп те ойлаймын. Тазы өшін тырнадан алар дегендей, қам көңіл, қандасына алаңдаған ағайынға ұрынарға қара, тисерге сылтау тауып беріп, араздықтың отын үрлеп отырғандар да жоқ емес. Бұның артында қандастар арасын, қандастар мен жергілікті халық арасында жік салуды, қандастарды қазақ билікіне сүйкімсіз көрсетуді мақсат еткен, қазақтың берекесін мен бірлігін бұзға әрекет етушілер тұр ма деген күмәнда бар.

Қазіргі кезде қандастар мәселесімен айналысатын түрлі қоғамдық ұйымдар бар. Оның ішінде жұрт жиі айтатыны Жебеу қоғамдық бірлестігі мен Атажұрт ерікті жастары. Жұрттың бәрі дау-дамай осы екі ұйымның ортасында болып жатыр деп ойлайды. Бірақ, шын мәнінде бұл екі ұйымның ортасына ешқандай дау-дамай жоқ екенін ұйым басшылары да айтуда. Бұл пікір қарама-қайшылығы бір ұйымның аумағында шектелмейді. Мұнда бір бөлім қандастар дәлелсіз ақпаратқа бой ұрмай нақты дәлел-фактімен сөйлеп, арыз-шағымымызды қазақ елінің билігіне жеткізейік десе, екінші жақ сендер Қытайдың қылмысын жасырдыңдар, біз Қытайдың қылмысын әлемдік қауымдастықтың алдында ашамыз дейді.

Қандастар мәселесі туылғаннан бері желіде түрлі алып қашпа сөздер де тарады. Кей азаматтардың ауызынан ватцап желісінде айтылған дәлелсіз сөздер газет беттеріне дейін жарық көрді. Қытайшыл, қытайдың жалдамалы жазғышы деген айыптарды жөн жосықсыз жабатындар да бар. Шын мәнінде қытайдың жалдамалысы, қытайшыл болып жүрген ешкім жоқ. «Қытайда бәрі жақсы, ешкімді ұстаған жоқ» деген кісілер де болған жоқ. Тек «Қандай ақпарат болса да шындығына көз жеткізіп таратыңдар, Қытайда не болды соны боямасыз айтыңдар, ұсталған адамның да себебін еш бұрмаламай дұрыс айтылуы керек» деді. Бірер ауыз өтірік сөз болса, ол өздеріңнің еңбектеріңе де кесірін тигізеді немесе Қытайдағы қандастарды қытай емес, мұндай сөздермен өзіміз қорлаған боламыз деді. Сонымен бірге қазақ мәселесін Қытайдағы ұйғыр ағайындардың мәселесімен араласытрмау, қазақ тәуелсіз елі бар халық ретіде мемлекеттің дипломатиялық көздеріне сүйеніп мәселені шешу керектігін ескертті.

ea77d703dc189dfdfc0e7151401cb585-sm-800x480.jpg

Міне осындай оңтайлы пікірлерді кері бұрып, мәселеге сауатты түрде шешу жолын ұсынушыларды жөнсіз, негісіз Қытайдың қылмысын жасырушылар деп айтыптап, халықты қарсы қоюға ұмтылғандар болды. Сонымен бірге мәселе басталған кезде бірнеше фейк акаунттар пайда болып, Қытайды емес Қазақ еліндегі зиялы қауым өкілдерін қаралаумен болды. Тағы да осы фейк акаунттар мен кей азаматтар «Отанбек Еңсехан, Білісбек Әбдіразақ қатарлы танымал азаматтарды ұсталып кетті, Көктоғайда қазақтар көтерілді, Күнесте Кенжебай молда түрмеде өлтірілді» деген сияқты жалған ақпараттар таратып және оны rfa (орталық азия радиосының ұйғыр бөлімі), chinaaid сияқты шетелдегі Қытайға қарсы күшетрдің басты қаруы болған басылымдарға берді. Осындай ақпараттардың жалғандығын айтушыларды да «қытайшыл», «қытайдың қылмысын жасыуршы», «жалдамалысы жазғышы» жасай салды.  Осы адамдар тағы желіде «Қазақтың қыз-келіншектері жаппай зорланды», «Қытайда қазақтың еркек біткенін алып кетіп, бір үйде бірден қытайдың көптен әйел көрмеген еркектері жатыр» деген сияқты негізсіз ақпараттармен қандастардың намысына тиді.  Сондықтан желіде осы адамдарға қарсылық та басталды. Ал ол адамдар бір ғана ұйымның адамы емес. Қазақ елінің әр саласында қызмет атқаратын білікті, зиялы қауым өкілдері еді. Тек сол қарсы пікір айтушының бәрін әлде кімдер Жебеу ұйымның адамы деп, болмаса қытайшыл деп негісіз айыптауын қояр емес.  


86457f5b-107d-4ae9-843a-9d070c7fab5f.jpg

Қандастар мәселесімен тек шеттен келген ағайындар ғана араласпады. Түрлі басылымдардағы журналистер ақпараттық қолдауларын көрсетіп, заңгерлер заңдық кеңестерін беріп, қорғады. Ол азаматтар да белгілі бір ұйымдардың көлемінде шектелмеді. Бірақ, тағы сол ел арасындағы бір бөлім топтар бұл кісілерді де қаралаудан арланбады. «Жебеуге сатылды, атажұртты сатты» деген сөздер айтып жатты. Шын мәнінде ол адамдар Атажұртты да сатпады, Жебеуге де кірмеді. Қандастар үшін қолдарынан келген жұмысын осы ұйымдармен бірге де, бөлек те жалғастыра берді. Сонда осылардың бәрінің сатқын болуы мүмкін бе? 

 

Желідегі дау фейктер тартысына айналды

Жоғарыдағы айтылған әлеуметтік желідегі дауы-дамай тудырушылардың басым бөлігі, Ияғни осы мәселелер бойынша өз пікірін білдіруші зиялы қауымға шабуыл жасаушылардың басым бөлігі фейктер болды. Ең алғаш қандастар арасыда бар зиялыға жала жауып, арандатуға көшкендер Анар Атабай, Мәдина Сәкен атты қыздардың есімін қолданушылар болды. Бұлар зиялы қауымға топырақ шашумен бірге, тоқал мәселесін де көтеріп, Қытайдағы қазақ мәселесін көтерген біреуге тоқал болуға дайын екендерін айтатын. Жақыннан бері бұл екеуі де көрінбей кетті. Соған қарағанда біреуге тоқал болып алған болса керек. Бұлардан кем соқпайтын фейктердің одан кейінгі көшін Ошыман Конан, Халима Арман, Гала Найман, Еркін Азат, Сержан Ораз, Омар Болат қатарлы фейктер құрады. Осының ішінде әсіресе Еркін Азаттың мақсат мүддесі Қытайдағы қазақты қорғау емес, қорлаумен айналысушы және қазақтың емес ұйғыр бауырларымыздың мүддесін қорғаушы екені айқын байқалады. Болмаса, ұйғыр ағайындарды қолдаған болып, қазақ халқын арандату мақсатында отырған болуы да мүмкін. Оған оның қазақтарды ұйғырлармен бірге күресу туралы шақырған жазбасы, Қазақтың 20 мен 40 жас арасындағы қыз-келіншектерінің зорланбағаны жоқ деген сандырақтары дәлел бола алады.



1c346305-6257-4f0a-939a-0ab2a516b997.jpg

b9c2db93-232a-4aa6-b9da-009fcc071c72.jpg

Мұнда аталған қазақ зиялыларына шабуылдаушы фейктердің бір бөлімі ғана. Олардың саны әлде қайда көп. Кез-келген ватцап тобында 5, 6-дан фейк отырады. Кей адамдар әр желіде 7,8 фейк атпен отырады дейді. Осы фейктердің біразының бетін ашқан азаматтардың зертеуі бойынша бұлардың басым бөлігі қытай кәсіп орындарында жұмыс істейтін азаматтар деседі. 

Бұған дейін фейктердің тартқан ақпараттары бір сарынды негізінен қазақ зиялыларын қаралау мақсатында еді. Жақын уақыттан бері әлеуметтік желіні фейктер арасындағы тартыс одан ары қыздырған сияқты. Жоғарыдағы зиялы қауымға қырғиша тиген фейктерге қарсы Берік Қалыбаев, Бекзат Жұмаділ, Ербол Есенұлы, Күн Айым, Айгерім Арықбаевқа, Тұрсынқали Шайзатұлы  қатарлы фейктерде  әлеуметтік желіні шулатып жүр. Бұл фейктер бұған дейін жалаға ұшыраған зиляы қауым өкілдерін қорлау үшін жұмыс жасап жатыр ма, әлде сол азаматтар болып көрініп, соларды фейк болып шықты деп көрсету үшін арнайы бір адамдардың арандатып отырғаны ма? Анығы қазірге белгісіз.

 

Үнсіз қалғандар сатқын ба?

Әлеуметтік желіде бауырына алаңдаған жұрт ел сыйлайтын, құрмет тұтанын аға-әпкелерінен қолдау күтті. Осы кезде халықтың көңіл күйін пайдаланған әлде кімдер "ұлт зияларылары неге үнсіз қалды?" деп атын атап, түсін түстеп, «үнсіз қалғандар сатқындар» деген айыптар тағып, xалықты одан ары адастырды.

Шын мәнінде өзін зиялы саған әр азамат үнсіз қалған жоқ. Әркім өз қарым қабылетіне қарай, өз күрес жолын таңдады. Біреу xалықтың  қасыретін пайлаланып, желіде батыр болып аттандаса, енді біреулер айтар сөзді айтар адамына, жеткізер жеріне айтты. Шын мәнінде де бұл мәселе әлеуметтік желіде топтар құрып алып айғай-аттанға басу емес, мемлекеттік орындарға нақты жағдайды сараптап жеткізіп шешу жолын ұсыну, қолдан келсе қарсы тараптың өзіне өз уәжіңді айту арқылы шешіледі. Әр азамат әр жерде сөйлеп, бір-бір бауырына араша болғанға қарағанда, нақты мәселені шешетін жерге айтып, бірер адамның ғана емес бар қазақтың мәселесінің толық шешілуіне мұрындық болуы тиісті еді. Қандайда бір мәселемен айналысқанда мен осылай істеп жатырмын, басқалар да осы жолмен жүре қоймады деу ақылды адамның шаруасы емес. Сондықтан да сенің жолыңмен жүрмегеннің бәрі сатқын емес.

1535086570640189.jpg

Тіпті әлеуметтік жеілде әлде біреулер өлең деп тақпақ тұрмақ шатпағын жазып, кей зиялы азаматтарды іздей бастады. «Әлуеметтік желіде өздері сияқты айғайлай қоймады. Қандасына көмектескен болып көрініп, өздерін көрсетіп, ат-атақтарын шығара қоймады десе керек. Ондай халықтың қасыреті арқылы атын шығарып, атақ жинаушылар мен нағыз халықына қамқор болатын азаматтың жұмыс тәсілі қашанда екі басқа. Сондай бір шатпақ жазғыштың әйгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы Нәбижан Мұхаметханұлын өздері сияқты «Қытаймен күреспеді» деп «жыр» арнап еді. Мен мұнда Нәбижан Мұхаметханұлының сол бір «ақынға» емес, ҚР Қоғамдық даму министріне айтқан сөздерін осында қайталағанды жөн көрдім.

2018 жылдың 24 тамымызында Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаевпен кездескенде Нәбижан Мұхаметханұлы: «Мен негізі Қытай тақырыбы бойынша зерттеймін. Қытайдың ішкі-сыртқы әсіресе Қазақстанмен байланысы бойынша зерттеулер жасаймын. Қазіргі кезде «бір белдеу -  бір жол» стратегиясы бойынша зерттеулер жүргізіп жатырмын. Ол жерде Қытайдың мүддесі қай жерде, екі елдің мүдделік қақтығыстары қай жерде деген мәселелер қарыстырылған. Жылда Қытайда  Қытайдың мәдениет министрлігі мен қоғамдық ғылымдар академиясының ұйымдастыруымен «Қазіргі заманғы Қытай және қытайтану» деген конференция өтеді. Әлемдегі ең жоғарғы қытайтанушыларды шақырады. Жалпы 6 рет өтті, мен соның үшеуіне қатыстым. Енді айтайын дегенім Қытайдағы қазақтар мәселесі, негізі бұл мәселені қытайтану ретінде қарастыру керек. 1993 жылы «Жаңа ғасыр  және Қазақстандағы оралмандар мәселесі» деген мақала жаздым.  Сонда жаңа ғасырдағы басты тенденция не? «Сындарлы 10 жылда» да Елбасы әлемдік өзгерістерді көрсетіп берген. Күшті елдердің күшке басатынын, АҚШ-тың күштеуі, 2,3- державлар да соның үлгісінде болады. Оны БҰҰ-ның заңдары мен ережелері де тоқтата алмайды дегенмін. Міне айтқандай сол жағдайлар келді, Қытайдағы жағдай да сол. 2006 жылы кітап шығардым, сонда енгі жерде Қытай антитерроризм негізінде бүкіл ұлттық мәселелерді шешеді дегенмін. Ал жаңа ғасырда ұлт болып қалудың тетігі қай жерде? Ол Қазақстанда мемлекет құраушы ұлт ретінде өмір сүру. Сонда ғана сақталып қаласың. 2012 жылдан бері қытайтану бойынша том-том кітаптар жазып жатырмын. Соларға негізделгенде қазіргі Шынжаңдағы мәселе кездейсоқтық емес. Үлкен бағыттың тек ғана бір көрнісі. Осы жақында Қытайдың бірнеше университеттерінде лекция оқыдым. Бір жол бір белдеу болсын, мұнайдағы және басқа саладағы мүдделер мен байланыстарды айтал келіп, «ағайындар, АҚШ сіздерге 25 пайыз санкция салғанда шулап кеттіңіздер. Сіздер бізге 56 пайызға дейін кедендік салық салып отырсыздар ғой. Қорғасты ашып қойды. Қытайға еркін, Қазақстанға еркін емес. Қазақстанның тауарларын сіздерің іргелеріңізде сатуға тиым саласыздар. Біз түсінбейміз, неге бұлай? Негізі дос ел ғой, неге шешпейміз, осыны шешейікші» дегенде олар үндемей қалады. Сосын тағы оалр «сіздерде тағы қандай тенденция бар?» дейді, Мен соңғы кезде бізде антиқытайшылық басым орында деймін. Неге дегенде олардың мемлекеттік териториямыз бекітілсе де Балқаштан бастап біздің жеріміз дейтіндерің, келген жұмысшыларының кеткісі келмейтінін алға тартамын. «Міне осылай сіздерден үрейленеміз, сіздер де бізден үрейленесіздер сондықтан тауарымызды алмайсыздар. Енді осы мәселелерді шешейікші» деймін. Осылай олардың жоғарғы деңгейдегі адамдарымен жоғарғы деңгейдегі адамдар, қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік органдар келіссөздер көбірек жасауы керек. Расын айтқанда осындай қиын жағдайда «Жебеу» қоғамдық бірлестігі жақсы жұмыс жасады. Елдер бұны айтудан, сөйлеуден қорқады. Заңды түрде, Қытайдың заңы мен халықаралық заңды біле отырып олармен сөйлесуімізге болады. Сөйлесе аламыз. Бір-бірімізге мүдделіміз бар, біздің мүддеміз жеке адамдықы емес, мемлекеттердің мүддесі. Елбасы, президенттер ауысып жатады. Бірақ екі ел қарым-қатынасы мәңгілікке жалғасады. Сондықтан бұл мәселелерді дипломатиялық органдар арқылы, зиялы қауымдар арқылы ақылдаса отырып шешкен жөн», деп бұл мәселелер туралы ұзақ уақыттан бері зерттеулерін жасап, ескертулерін айтып жүргенін айтқан еді. Досыңды да, дүшпаныңды да жақыннан дұрыс танығаның өзің қажет. Қытай бізбен көрші ел, екі жақта мемлекет аралық мүдделер болғандықтан бізде қытайтанудың бұдан жоғары деңгейде дами түскені абзал. Жастарымыз осындай ғалымдарымыздың жағасынан алғанша, шәкірті болып еліміздің ертеңіне жұмыс жасағаны жөн.

Осы сияқты кімнің бұл жолда нақты қандай жұмыстар атқарып жатқанын білмей, елдің бәрін «сатқын» жасаудың ең алдымен өзімізге қайырсыз екенін бауырларымыздың түсінгені абзал.

Қазақстандада қытайшылдар бар ма? Қытай кімдерді өз диаспорасы санайды?

Азаттық қазақтың ғасырлар бойы аңсап жеткен қазынасы еді. Ел егемендігін ала салғанда, іштегі халықпен бірге Отаннан алыс-жақын елдерде өмір сүріп жатқан барша қазақ қуанды. Әр қазақ Отанына келуге асықты. Бүгінгі күні бір миллионнан астам қазақ мемлекетінің топырағына табаннын тіреп үлгерді. Енді осы қазақтарды әлдекімдер жікке бөліп, іштерінен өзге елдердің мүддесін іздеушілер де табылды. Қызық болғанда дәл сол өзгенің сойылын соғушыны  іздеушілер кеше ғана еліміздің есігінен аттай салып, өзінен 20 қанша жыл бұрын келіп, жаңадан тәуелсіздігін алған елмен ыстықты да суықты да бірге көріп, Тәуелсіздіктің нығайуына өз ұлстерін қосқан ағайындарын айыптап, оларды «қытайшыл» жасап жүр. Тіпті ол кезде олардың мұрынына Отанның исі бармақ тұрмақ, «көздерін ашқан көсемдері»  де  нағыз ұлтшыл азаматтар көк туды желбіретіп жүргенде, қызыл туына өлең арнап, қызыл туларын желбіретіп жүрген еді (Сондықтан да ол қазақтың «Көк тудың желбірегені» деген әнін қызыл тудың желбірегіні деп қабылдайды). Ойланарлығы, «қытайшыл», «қытайдың тыңшысы» деген аттарды бірер адамға ғана берер болса, онда «қытайшылдарға» күмәнмен қарауға болар еді. Бірақ, Қытайдан келген бар зиялыны, қоғамның әр саласында қызмет атқарып, азат елдің ертеңіне еңбек етіп жатқандарды қытайшыл жасағандарды көргенде солардың өздерінің кім екеніне күмәнмен қарауға болады.

1527289107717944.jpg

Біздің мемлекет қазірге Қытаймен дипломатиялық қарым-қатынасы дұрыс. Екі ел арасында экономикалық қарым-қатынастар, стратегиялық жобалар жүзеге асып жатыр. Екі ел көрші, әрі «дос». Бұл жерде достық деген екі мемлекет арасындағы мүдде. Сондықтан да осы екі ел арасындағы ұлттық мүдделерді қорғауға әрбір қазақ азаматының да араласуға қақы бар. Бұл дегеніңіз Қытай консулымен дипломатиялық келіссөздер жүргізе отырып, қазақ мүддесін қорғайтын ұйымдардың жұмысы Қазақ елінің саясаты мен заңғы негізінде жүзеге асып отыр деген сөз. Ал енді бір қазақ Қытаймен диалаог орнатып, қазақ мүддесін қорғамақ болса ол қалай қытайшыл болмақ?

Қытай диаспора саясаты бойынша жер аударып, өзге елдің азаматтығын алған азаматтардың бәрін ұлтына қарамай өз мұғажырлары санайды. Бұл туралы қытайтанушы Құрмет Қабылғазы «Қытайдың диаспора саясаты және оның Қытайдан келген оралмандармен қатыстылығы» деген мақаласында Қытай шетелдердегі диаспораларын ұлтына, нәсіліне қарамастан, мейлі ол ханзу болсын, моңғол, дуңган, қазақ, тибет, ұйғыр болсын, “Mұғажырлар”华侨және  “Қытайлықтар”  (“华人”) сынды екі санатқа бөліп қарастырады. Мұның ішінде алдыңғысы шетелдерде әртүрлі жолдармен немесе себептермен ұзақ мерзімге тұрып жатқан, бірақ ҚХР-ның азаматтығын сақтаған азаматтар болып табылады. “Қытайлықтар” түптегі ҚХР-нан тараған, бүгіндері басыбүтін басқа елдің азаматтары болып саналатын тұлғаларды меңзейді» деп атап көрсеткен. Осы бойынша олар бізді де өз мұғажырлары ретінде қарайды. Бірақ, олармен байланыс орнатқан қазақтың бәрі, Қытайдың мұғажыры болып, сойылын соғып кетеді деген сөз жоқ. Керісінше, Қытайдың өз заңын өзіне қолданып, қандастардың мүддесін көздеуді ниет етеді. Қазақтардың Қытайдың бұл диаспора саясатының құралы болмайтыны әуел бастан түсінікті. Бірақ, сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да бізді Қытайда туған азаматтар ретінде Қытай өз дегенін істеп отыр. Оның бір дәлелі қазіргі Қытайға баруға виза алу үшін Қазақстанда туған ҚР азаматтарына бөлек, Қытайда туған ҚР азаматтарын бөлек ұстаныммен қарайды. Демек Қытайдан келген қазақты мұғажырлары деп санауы - Қытайдың өз тарапынан сіз бен біздің еш рухсатымызды сұрамай-ақ орындала береді. Бірақ, Қытай бізді мұғажырымыз дейді екен деп оның құшағына барып кірер қазақ жоқ. Ал Қытаймен қандай бір қарым-қатынас орната отырып, өз заңдарын негізінде қандастарымыздың мүддесін қорғай алу өзіңді шақпақ болған жыланның аяғын көрмен бір.

Қытай Елшілігі мен Консулдығына арыз шағымдарын айтып, дипломатиялық байланыс орнатып келіссөздер жүргізген қоғамдық ұйымдар Қытайлардың өз заңдарын өздері орындамай, Қытай мемлекеті Қытайдан Европа елдеріне кеткен қытайларды еш кедергісіз жіберіп, өз Отанына бармақ болған қазақтардың паспортын жинап алып, зейнетақысын тоқтатып, бір елде екі ұлтқа екі түрлі көзқараспен қарап, өз саясаттарына өздері қарсы шыққанын ашық айтады. Шынын айтқанда мұндай қоғамдық ұйымдардың жұмысы Қытайдың диаспора саясатының Қазақстанда өз діттеген мақсатына қол жеткізуге кедергі болып, керісінше қазақтың мүддесін қорғап қалу болып табылады.  Сонлықтан олардың Қытайдың арнайы күштеріне ұнамауы мүмкін. Осыған негізделгенде «Жебеу» сияқты қоғамдық ұйымдар жөнінде түрлі сөздер таратып, халық арасына теріс пікір қалдыруды мақсат ететіндердің кімдерге жұмыс жасайтынын аңғару қиын болмас.

Қытайдың диаспора саясаты бойынша елімізге Чиң патшалығы кезінде қоныс аударған бауырлас ұлттарды да өз диаспорасы, мұғажырлары санайды. Олардың қоғамдық ұйымдарымен байланыстар орнатып, студенттерін тегін оқытады. Қытайдың  жыл сайынғы өтетін дүниежүзіндегі мұғажырларының құрылтайынан қалдырмайды. Биыл да 2-3 қыркүйекте өткен Қытай мұғажырларының құрылтайына ұлты дүңген Ан Хусай атты азамат Қытайдың мұғажыры ретінде құрылтайға қатысып келді. Осы сияқты Қытай Елшілігімен тығыз байланыста жұмыс істейтін ұйғырдардың 2,3, дүңгендердің 2 қоғамдық ұйымы бар. Одан бөлек тағы басқа жекелеген азаматтар құрған Қытаймен түрлі байланыстағы қоғамдық ұйымдардың ұзын саны 20-ға жақындайды. Осылардың ішінде саяси жағына барып, Қытайдағы қандастың, қазақтың мүддесін қорғап жүрген «Жебеу» Респбубликалық қоғамдық бірлестігі. Соқыр көргенінен жазбас дегендей Қытайдың өз заңын өзіне қолданып, қазақ мүддесін қорғаушыларды Қытайдың диаспора саясатының құралы деп жалалап, ел арасына түрлі ақпарат тарататын адамдар Қытайдың консулдықтармен байланыстағы қалған ұйымдар туралы жақ ашпайды. Тіпті Алматы қаласында Қытайдың мектебі де ашылды. Ол кезде де қазақтан жау іздеушілердің үні шыға қоймады.  Жоғарыдағы айтылған Дүңгендер қоғамдық бірлесті төрағасының Қытай диаспорасы ретінде Қытайға барып қайтқан кезінде де «қытайшылдарды» жариялағыштар үндемей қалып, керісінше «зиялы ағаларымыз қытайдың диаспорасы болып, тапсырмасын орындап жүр» деп тағы да қазақтың арасына от көсеуін жалғастыра берді. Осы тұрғыдан да Қытайдың диаспора саясатынының Қазақстанда өз дегеніне қол жеткізбес үшін, ұлттың қауіпсіздігі үшін Қытай елшілігі және консулдығымен ұлттық мүддені көздеген қоғамдық ұйымдардың ашық байланыс орнатып, елшілердің «елдестірмек ниетін» анық түсінуге жұмыс жасай берген абзал деп санаймын. Ал тырнағы қышыған адамдардың тырнауға тиісті жерін де айтып өттім. Сондықтан кімнің қытайшыл, кімнің қытайдың диаспорасы екенін дұрыстап біліп, зерттеп көргендеріңіз абзал.  

Жебеуліктер кім? Олар не істеді?

 «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі 2009 жылы құрылып, ҚР Әділет министрлігіне тіркелген. Құрылғаннан бері қандастар мүддесін қорғаумен айналысып, қандастарға заңдық-құқықтық жақтан қолдауларын көрсетіп келеді. Атап айтсақ, көш қарқынды жүріп жатқан бір жылдары Қытайдағы қандастардың Қазақстанға келуге виза алуы қиындап кеткен кезде, «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің бұрынғы және қазіргі басшылары Рақым Айыпұлы мен Омарәлі Әділбек 2010 жылы  ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханды, 2015 жылы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлын ҚР Сыртқы істер минстрінің Үрімжідегі консулдық басқармасына ертіп барып, жағдайды өз көздерімен көрсетіп, виза мәселесін жеңілдетуге мұрындық болған. 2015 жылғы Көші-қон туралы заңға өзгеріс енер кезінде де парламенттің қызмет группасына «Жебеу» Қоғамдық бірлестігі екі адамын кіргізіп, ұсыныс пікірлерін білдіріп, қандастардың «көші-қон парағынан шығу»  мен «Соттылық туралы» анықтаманы заңнан алып тастауды табанды түрде талап етті. Бұдан басқа осы жылдар аралығындағы атқарған шаруаларын Жебеудің сайтынан оқуларыңызға болады. Жебеудің мүшелері бірлестік құрылмай тұрған кезінде де көші-қон мәселесін назардан тыс қалдырған емес. Тіпті алғашқы Көші-қон туралы заңды дайындау барысында да Жебеудің қазіргі мүшелері атсалысқан болатын. Міне бұның бәрі жебеуліктер бұған дейін не істепті деген сұраққа шағын жауап.


 869435d0-d2dd-44a8-ac41-bf5514896208.jpg


Енді осы реткі Қытайдағы жағдайға оралсақ, «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігінің 4 мүшесі бар және басқада қоғамдық ұйымдардан құралған делегация 13-18 тамыз аралығында Қытайға барып, Бейжің және Үрімжі қалаларында Қытай тарапымен келіссөздер өткізіп, қандастар мәселесін талқылады. Осы сапардан келгеннен кейінгі өткізген баспасөз конференциясында «Жебеу» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбек: «2017 жылдан бастап Қытайдағы қазақтарға қысым түскені туралы ақпарат тарай бастады.  2017 жылдың 16 қаңтарында шекарадан ары өтбекші болған адамдар өте алмай 2 күн бөлініп өткен. Оның  барлығы Қытайдан келген зейнеткер қазақтар еді. Олардың бәріне Қытайға барып, қызмет орнына тіркелуді талап еткен болатын. Біз осыны естігеннен кейін ҚХР-ның елшілігіне хат жаздық. Онан кейін өткен жылдың тамыз айында Қытайдан бір делегация келді. Ол кезде біраз босады. Бірақ артынан тағы жағдай қиындап кетті. Дүниежүзі қазақтарының 5 құрылтайында Елбасы Сыртқы істер министрлігі мен үкіметке қандастар мәселесі бойынша нақты тапсырма берді. Сол бойынша біраз жұмыстар жасалып жатыр. Біз осы жылыдың 8 наурызында Қытайдың Алматыдағы Бас консулдығымен Жебеудің кеңсесінде кездесу өткізіп, біраз мәселені көтердік, содан кейін 19 наурызда Астанада Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Ханьхуэй мырзаның қабылдауында болдық. Сонда сол кісі сәуір айының ортасында Елшілік пен Консулдықтың қызметкерлерінен құралған делегация ШҰАР-ға барады деді. Біз сол кезде өзіміз де сонда барып, жағдайды өз көзімізбен көрсек деген ұсынысымызды айттық», деп Қытайдағы  жағдай басталғаннан бергі атқарған шаруалар мен осы делегацияның сапарының қалай жүзеге асқанына тоқталып, сапар алдында халық арасындағы көптеген пікірлерді жинақтап 6 мәселені жазып, Пекиндегі 3 министрлікке, Үрімжідегі 12 департамент басшысының қолына ұстатқандарын айтқан.

Бұдан сырт Жебу қоғамдық бірлестігі 3 мамыр күні Қытай елшілігінде Қытайдағы түрлі қысымға ұшыраушылардың жақындарынан құралған 30 адаммен бірге Қытай консулында қандастардың арыз-шағымдарын кіргізіп, Қытай тарапына мәселені жан жақты жеткізген болатын (сол күні арыз кіргізген қандастардан Құлжа қаласынан келген Жақсылық деген кісінің әйелі мен Ырысбек Тоқтасын арқылы Қордай ауданынан келген бір әйелдің күйеуі паспорттары қолына тиіп елге оралғанын бұған дейін әлеуметтік желіде айтқанбыз). Қазіргі кезде сол күнгі арыз кіргізген біраз адам босап, елге оралды. Жалпы осы күнге дейін Қытай елшілігіне 300-ден артық қандастың арызын кіргізді. Сонымен бірге Қытай жағымен түрлі кездесулер өтізіп талқылаумен бірге ҚР билігіне де әрдайым мәселені шешу жолдарын ұсынып жазған хаттар мен жекелеген азаматтардың арыз-талаптарын жеткізіп отырды. Бұл туралы Жебеудің сайтында жарияланып отырған. Жебеудің мүшелерінің әлеуметтік желідегі парақшасынан да көруге болады.

Халықаралық ұйымдар мен шетелдік ақпарат құралдарының ықпалы қалай?

Қытайдағы қандастар мәселесі басталғаннан бері бір бөлім адамдар арыз шағымдарын халықаралық ұйымдарға беріп, шетелдік тілшілерге жиі сұхбаттар беру арқылы, әлемді шулатып Қытайға ақпараттық қысым тудырып шешеміз дейді. Шетелдік күштер Қытайдың қылмысын ашпай жатыр ма? Халықаралық күштер мен шетелдік басылымдардағы ақпараттардың күшімен шешілсе бұған дейін көсемдері АҚШ-та жүрген Қытайдағы тибеттіктер мен ұйғырлардың мәселесі шешілер еді. Тибеттіктер АҚШ, Индия, Франция сияқты елдерде қаншама ереулідер өткізіп, қытайға қарсылығын көрсетті. Ұйғыр бауырларымыз да Миюнхенде талай бас қосып, Түркияда митинг жасайты. Бұлар туралы батыстың ақпарат құралдары жазуын жазып-ақ келеді. Айтпақшы, ақпарат құралдары қандай да бір мәселені қоғам талқысына салу үшін, адамдардың құқын қорғап әділдікке жету үшін дереккөздер іздейді. Оны тіпті соғыс өртті жүріп жатқан жерден де алып шығады. Егер сол басылымдардың көтергенінің бәрі оң шешімін табатын болса, қазірде күніне неше ондаған, жүздеген адамдар жазқысыз жанынан айырылп жатқан жерлерге тыныштық орнап кетер еді. Жоғарыда айтылған, қытай түрмесінде миллиондай азаматы отырған ұйғыр бауырларымыздың мәселесі Біріккен ұлттар ұйымынның ортысында да айтылды. Бірақ оған құлақ асқан Қытай бар ма? Жоғарыдағы ғалым Нәбижан Мұхаметханұлының айтқанындай ұйғыр халықына ұстанған саясатын БҰҰ-ның заңдары мен ережелері де тоқтата алмады. Оған қарағанда өз мемлекеті бар қазақтың шаруасы қазақ мемлекетінің араласуымен оңына қарай шешілуге жақындап келеді.

Сонымен бірге қазіргі АҚШ-тың Қытайға жасап отырған санкциясы тек экономикалық жақтан екенін, бұл екі ел арасындағы тек экаономикалық соғыс екенін түсінгеніміз абзал. Ал басқа қандай күштер болса да тек өз мүддесін іздеушілер. Қытай мемлекеті гүл бола ма, күл бола ма ол өз шаруасы. Бізді шеттен келіп ешкім жарылқамайды. Өз мүддемізді өзіміз қоғаймыз. Қытайдан қандастарымыздың құқын қорғайтын да, Қытайға да басқағада өзімізді сыйлататын өзіміз. Сондықтан мемлекетімізді аттап өтіп, шетелдік күштерге сеніп, өз арамызда алауыз болғанымыз ешқандай опа бермейді. Біз әлсіз болсақ, үшінші бір ел қанша қолдаса да екінші жақ өз дегенін жасайды. Өзіміз мықты, әлемдік қауымдастықта өз орнымыз болып, елдігімізбен әлемдік қауымдастықтың алдында өзімізді сыйлата алсақ, өзгелер де бізді сыйлайтын болады. Сондықтан Қытайдағы қазақтардың мәселесінің шешілуі біздің ұлттық бірлігіміз бен мемлекетіміздің бет-беделіне, дипломатиялық шеберлігіне тікелей байланысты. Тәуелсіздіктің 27 жылында Мемлекет басшымыздың сәлиқалы саясатының нәтижесінде халықаралық қауымдастықтың алдында қазақ елінің өзіндік орны қалыптасты. Қытайдың алдында да Қазақстан өз қандасын қорғауға толығымен қауқарлы.

2018042309022641-640x426.jpg

Қазақ елі қандай қарекетте болды?

Қытайдағы қазақтар қысмға ұшырағанан бастап ҚР үкіметі қажетті шараларды  қолға алды. 2017 жылдың маусым айында Дүниежүзі қазақтарының 5 құрылтайында Елбасы Қытайдағы қандастар мәселесі бойынша үкіметке арнайы тапсырма берген. Осыдан кейін ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның Қытайдағы елшілігі қандастар мәселесін назардан шығарған жоқ. Жекелеген азаматтардың арызы бойынша да жалпы қандастарға арашасы болып та Қытай тарапымен арнайы келіссөздер өткізді. Соның нәтижесінде қазіргіке дейін 15 ҚР азаматы босап елге келіп, 700-дей қандастың Қазақстанға шығуына салынған тиымы алынып тасталатынын ҚР Сыртқы істер министрлігі хабарлады.  

ҚР Сыртқы істер министрілігінің 21 маусымдағы Жебеу қоғамдық бірлестігіне жазған хатында «2017 жылдан бастап қазіргі күнге дейін ҚР мен ҚХР сыртқы саяси ведомстволарының арасында өткен екі жақты консультациялар барысында аталған мәселе талқыланған болатын. Одан бөлек, 2018 жылдың 23-24 сәуірінде, 21-22 мамырында, 7-8 маусымында ҚР мен ҚХР сыртқы істер министрлері және консулдық  қызмет мәселелрі жөніндегі келіссөздер барысында, сондай-ақ 2018 жылдың 17-19 сәуіріндегі ҚР Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары М. Тілеубердінің Үрімші қаласына жасаған жұмыс сапары барысында ШҰАР партия комитетінің хатшысы, ҚКП Орталық комитетінің саяи бюросының мүшесі Чэнь Цюаньго және басқа үкімет басшыларымен келіссөзде егжей текжейлі талқыланды. Атап айтқанда,  Қытай азаматтығы бар этникалық қазақтардың көші-қоны, олардың кіру/шығуы, азаматттықан шығуы/қабылдауы туралы мәселелер талқыланып, екі тарап ҚР-ҚХР достығын назараға ала отырып, заңдардың орындалуын қадағалайтын, туындаған сұрақтарды өзара тікелей ықпалдастық орнату және консультациялар өткізу арқылы шешетін болып келісті» деп ҚР билігінің тиісті жұмыстарды жасап жатқанын жеткізген.

Маусым айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға іс-сапармен барды. Бұл сапар барысында Елбасының қытайдағы қазақтар мәселесін Қытай басшысымен талқылағаны туралы ашық ақпаратта айтылмады. Тек хадықтың Елбасы қалайда осы жолы Қытай басшысынан қандастарға араша сұрады деген сенімі болды. Сонымен бірге ел арасында Елбасы Қытай басшысымен бейресми кездесулерінде осы мәселені талқылағаны туралы айтылып жүр. Елбасының сапары кезінде де, ҚР Сыртқы істер министрілгінің Бірінші орынбасары Мұхтар Тілеубердінің сапары кезінде де Жебеу қоғамдық бірлестігі арнайы хат жазып, Қытайдағы қандастар мәселесін шешу жолын ұсынған болатын. Бұдан да басқа ҚР үкіметіне Жебеудің жазған хаттары мен жауаптарына Abai.kz ақпараттық порталы шолу жасаған


Қазіргі босағандар кімдер, Кімнің ықпалымен босады? Алдағы уақытта қалай болады?

Қыркүйек айынының соңынан бері Іле қазақ облысының Күнес, Құлжа, Нылқы, Тоғызтарау қатарлы аудандарында бір бөлім адамдардың саяси үйренуден босап шыққандары, Күнес, Моңғұлкүре, Текес аудандары тоқтаған зейнетақыны бере бастағаны туралы айтылуда.  Бұл ақпараттар халық арасындағы ешқандай дақпырт емес. Босап шыққандардың ішінде осы уақытқа дейін түрлі қоғамдық ұйымдар (Жебеу, Атажұрт, тағы басқа) мен мемлекеттің құзырлы орындарына арыз-шағамдарын бергендері де, ешқайда арыздарын бермегендері де бар. Оның ішінде мұнда ешқандай жақыны жоқ менің де танитын адамдарым бар. (Бұдан басқа да ешқайда арыз бермеген таныстары мен туыстарының босап шыққанын ватцап топтарында жариялағандар болды). Оның үстіне жақын аралықта Қытайға барып қайтқан адамдардың айтуына қарағанда қазір Шынжаңда ұлттарды қытайлар, ұйғырлар және аралық ұлттар деп жіктепті. Аралық ұлттарға қазақ, дүңген, қырғыз сияқты ұлттар кіреді екен. Осы ұлттарға бұрынғы қатаң тәртіпті босатып, саяси үйренуге кіргендерін шығара бастапты дейді. Оның ішінде қазақ қандастарымызға деген көзқарас анақұрлым түзелгені айтылады. ҚР көші-қон полиция қызметкерлері де Қытайда қандастардың Үрімшідегі Қазақстанның консулдық басқармасына барып, Қазақстанның ықтиярхатын тапсырып берсе, 3 жылға көп мәртеге виза ашып беретіндерін де айтуға.

Міне осы оң өзгерістерді, атап айтқанда арыз берген де, бермеген де қандастардың саяси үйренулерден шыққаны - жоғарыдағы қоғамдық ұйымдар мен Елбасы тапсырмасын орындаған ҚР үкіметінің, Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық еңбегінің нәтижесі. Бірақ, бұл сөзім жұртқа арыз берме дегендік емес. Кімде кім жақындары ұсталса болмаса қандастарға көрсетілген заңсыздықтар болса қатысты орындарға шағымын түсіре бергені абзал. Мемлекетіміздің қандайда бір қадамдарға баруы, бір қазақтың енді бірініне қол үшін бере алуы сіздің бар жағдайды бүкпесіз жеткізетін жерге жеткізе алуыңызда. Осы сөздерімді нақтылау үшін Жебеудің төрағасы Омарәлі Әділбек пен Дүниежүзі қазақтары қауымдасытығының бас хатшысы Рақым Айыпұлының келесі пікірлерін қоса кеткенді жөн көрдім.

1535178193862116.jpg

Омарәлі Әділбек (фейзбуктегі парақшасынан): Қытайға еліміздің СІМ-нің орынбасарының сапары, Елбасының сапары кезінде Қытайда саяси үйренуде отырған сегіз адам босады,  ШҰАР саяси кеңесінің төрағасы Нұрлан Әбілмәжінұлының елімізге сапарының алды-артында әйгілі ақын, марқұм Жұмаділ Маманұлының ұлы Шалқар Жұмаділ мен келіні Ділнұр Мүтәліпқызы сияқты алты адам саяси үйренуден шықты(олар ықтияр xатпен жүрген), Мұқан Мамытқан ағамыздың әйелі сияқты біраз кісілер паспортын алып отбасымен қауышты. Алакөлде тұратын Шағантоғайдан келген Райхан Сағындықызы деген апамыздың ұлы Қуанышхан Зияданұлы мен келіні Нұрғадиша Үсенқызы 5 қазанда саяси үйрену орталығынан шығыпты. Міне бұл кісілердің бәрі біз арқылы арыз-шағамын жазған болатын. Қытай бір партия билеген бирократиялық ел тоң аздап болсада жібіп жатыр, әлі де үлкен үмітті Елбасы мен еліміз дипломаттарының шеберлігі мен парасатынан күтеміз.

Рақым Айыпұлы (13-18 тамыздағы Қытайға барған делегацияның баспасөз конференциясында): Біраз адам осы реткі сапардан көп үміт күткен болатын. Бірақ, бірден шешіліп кетеді деп айта алмаймын. Себебі жағдай өте ауыр. Біздің осы сапардан байқағанымыз ШҰАР-дағы жағдайдың тым ауыр екенін, асыра сілтеушіліктерге барып отырғанын орталықтағы басшылар да байқап уайымдап отыр. Демек, сең қозғалды. Алда тағы талай кездесулер болады. Бір нәрсенің басы ашық, кездеспей, сөйлеспей бұл мәселені шешу мүмкін емес. Айту керек, түсіндіру керек. Олардың алдында бөлініп жарылған отбасылар, студенттер мәселесі, қандастардың себепсіз паспорттарының жиналынып алынуы, зейнеткерлер мәселесі қатарлы 6 мәселені ортаға қойдық. Олардың бәріне жауапты  Шыңжаңғдағы басшылар екенін айттық, Пекиндегі басшылар оны мойындап отыр. Енді нәтижесін күтудеміз.

Түйін: Қазақ билігі мен қазақ халқының баурына араша болып, әр қазақ баласының иесі екенін танытқанының арқасында Қытайдағы қазақтар осы бір үлкен ауыртпашылықты алдағы уақытта артта қалдырады. Дегенмен Екі елдің арасындағы дипломатиялық жұмыстардың нәтидесінде Қытайдағы жағдай реттелгенмен Қытай үкіметі "Қытай арманын", қытайландыру жоспарын жалғастра береді. Қандастарымыз өздігінен қытайға жұтыла беруі мүмкін.  Алдағы уақытта Қытай уақытша қысымды тоқтақанмен кез-келген мезгілде тағы не боларын болжау қиын. Осы қауіптердің бәрінің алдын алу тек ғана қандастарымыздың елге оралуы, қазақ көшінің тоқтамауы. Қазіргі кезде ондағы қазақтың басым бөлігі келуге ниетті. Аз да болса кеңшілік болып, орайы келсе жоқ дегенде 300 де 500 мың қазақ екіленбестен елге ат басын бұлары анық. Өйткені осы бір ауыр жағдай көп қазаққа ой салды. Дей тұрғанмен қысымы азайып, саяси үйренуге тоғытуды тоқтатып, қарапайым халықтың көшуіне ниеті болғанымен Қытайдың жергілікті орындарындағы полициялардың сауатсыздығы мен асыра сілтеп өз заңдарын толық атқармауы қандастардың құжаттарын уағында бермей, әлі де болса жолын тосуы мүмкін. Сонымен бірге мемлекеттік қызметтегілердің де елге оралуы қиын. Өйткені Қытай заңдарына өзгерту енгізіп мемлекет қызметкерлерін қызметтен және Қытай азаматтығынан өз еркімен бас тарту құқын шектеген екен. Осы кедергілердің бәрін тек ары қарай да дипломатиялық жолмен ғана шеше аламыз. Қытай мемлекетінің ішкі саясаты қарай болады, басшылық орында кім отырады дегендерге біздің шаруамыз жоқ. Біздің мақсат сондағы келем деген бір қазақтың болса да елге оралуына әрекет ету. Ал Қытай билігімен күресу, Қытайдың әлем алдындағы кейіп-кеспірін ашу, Қытай үкіметіне өзге талаптар қою басқалардың шаруасы. Сондықтан Қытайдағы келем деген қазақтар келіп алғанша, біздің қазақтың саны да сапасы да артып белгілі деңгейге жеткенше, тіпті жеткеннен кейін де небір өткелден өткен соң да Қытаймен арадағы дипломатиялық байланыста аса сауатты жұмыс жасап, Қытайдың саяси қақпанына түспей байсалды түрде ондағы қандастарымызды қорғау мен елге әкелудің жүйелі өзіндік жолымыздан адаспауымыз керек. Ендігі көштің тоқтамауы, қалған қазақтың енді тағы сондай үлкен қиындыққа ұшырамау осындағы алдымен келген біздің іс әрекетімізге де байланысты. Ондағы қазақтың жолын жабу да, жолын ашу да біздің қолымызда. Сондықтан біз өзіміздің әр ісімізге жауап бере алуымыз керек. Қытайдағы қандастарымызды қорғауға қадам жасағанымыз дұрыс. Белгілі деңгейде Қытай қауіпіне деген қарсылығымыз болғаны да дұрыс. Тек соның бәрі сауатты да өз жолымызбен жасалғаны жөн. Қазақ дипломаттарына қытай жағы "біз қазақтарыңды жібереміз, оларды сендер бізге қарсы сөйлетіп қойдыңдар, бізден барған қазақтар бізге қарсы шетелдік күштермен бірігіп, бізге қарсы шепте болды" деп көшімізді тоқтатуға орай тауып бермесек болды. Біз ұстаған жіптің бір үші қытайдағы қандасымыздың көзіне тимейтіндей болуы, әр қазақ айғай аттанмен күн өткізіп, әлеуметтік желінің шаңын қаққанша өнер-білім үйреніп өзге жұрттан кем болмауға тырсқан жөн. Сол кезде Қытайға да, өзгеге де есемізді бермейміз. Халық қаншалықты берекелі, әлемдік қауымдастықта бәсекеге қабылетті болса, сол мемлекеттің әлеуетті де өзгеден жоғары болады. Сол кезде өзгелер де сені мойындап сенімен санасатын болады. Қазақстанның Қытаймен болсын, басқамен болсын байланысындағы бар мәселе тек Қазақстанның өз бет-беделіне байланысты. Ешқандай халықаралық күш сені жарылқамайды. Тек өзіңе ғана сүйене аласың. Сондықтан бәріміз алдымен өзіміз бен Отанымызбен кез келген адам санасатындай деңгейде болағанымыз абзал. Тек қазақ халқы бірлігін сақтап, әр азамат қандасын сауатты қорғауға кіріскені қажет. Жалпы айналамыздың қай жағында болсын, өз мүддесін көздеп, арамызға жік салып, қандастарымызды өз сойыл соғарлары жасауды көздегендер де аз емес. Біз, қазақ баласы осылардан сақтана білетін, білімді һам берекелі болғанда ғана енді Алашты ешкімге қорлатпаймыз.

Тұрдыбек ҚҰРМЕТХАН

Jebeu.kz


Пікір жазу
  • Абзал Құспан: «Бір терезе» қағидасын қандастардың құжатын қабылдауға енгізу керек
    "Оралман мәртебесі өтіп кеткен қандастардың ҚР азаматтығын алу мүмкіндігі қарастырылған"