Қазақ атауы туралы көне болжамдарға жаңа көзқарас

admin2 2018-04-11 81 ℃ Қысқаша

Қандай да бір этнос, ұлт туралы сөз болғанда оның атауына тоқталмай өту мүмкін ем...

aJDJoWteUz0.jpg           

Қандай да бір этнос, ұлт туралы сөз болғанда оның атауына тоқталмай өту мүмкін емес. «Қазақ» этнонимикасын айқындау халқымыздың тарихын зерттеудің аса қажетті де күрделі мәселелерінің бірі болып табылады. Оның қажеттілігі қазақ ұлтының өткені мен келешегіне тікелей байланысты болса, күрделілігі аталмыш мәселе төңірегінде көп жазылып шиырланып, шытырманға айналып кеткендігінде. Қазақ этномикасы туралы тікелей және жол-жөнекей қалам тартқан авторлардың ішінен тек біздің бұл жолғы зерттеу нысанамызға іліккендердің өзі 80-нен асып жығылады. Олардың алдыңғы қатарында И.Г.Андреев, А.Н.Бернштам, В.В.Бартольд, П.Бутков, В.В.Вельяминов-Зернов, Герман Вамбери, Н.И.Весе­ловский, К.Ибрагимов, Н.М.Карамзин, С.Г.Кляшторный, Кероғлы, А.Левшин, В.Минорский, И.Маркверий, М.Х.Дулати, Құрбанғали Халид, К.Порфирородный, Г.И.Рамстед, О.Ю.Сенковский, А.Н.Самойлович, Су Бэй Хай, З.В.Тоған, А.Н.Чулош­ников, В.Ф.Шахматов, В.П.Юдиндер бар.

Өз ұлтымыздың өкілдері ішінен Ш.Уәлиханов, М.Ақынжанов, Х.М.Әділгереев, Ә.Марғұлан, М.Тынышпаев, Н.Мыңжан, Т.Султанов және 1998 жылы басылып шыққан бес томдық Қазақстан тарихының ІІ томының авторларын (бас редакторы М.Қ.Қозыбаев, тақырыптың авторлары Б.И.Көмеков, К.А.Пищулина) атаған жөн. Сонымен сөз болып отырған мәселе төңірегінде ұшан-теңіз еңбек жасалған. Бірақ біздің пікірімізше мәселенің түйіні әлі шешіле қойған жоқ. Әрине біз де бұл жолы шытырманды айырып береміз деп кесіп айта алмаймыз, бірақ шығыс әсіресе қытай, моңғол деректеріндегі жаңа мүмкіндіктерге сүйене отырып, «қазақ» атауының тегіне тарихи-этнологиялық және семантикалық (мән мағыналық) жаңаша бір сүрлеумен іздеу салып көрмекпіз.

Біздің ойымызша «қазақ» атауы мәселенің осы күнге дейін тыянақты шешімін таппай келу сыры төмендегі методологиялық екі түрлі қателікте жатыр ма деп ойлаймыз. Біріншісі, бір топ зерттеушілер халықтардың тарихы мен орналасу жағрафиясына соншалықты мән бермей «қазақ» атауының тегін тек терминологиялық сәйкестіктерден дайын жауап іздеп келгендігінде сияқты. Бұл төңірегінде қыруар еңбектер жазылғанымен ғылыми нәтиже бере қоймады. Екіншісі, Ақ Орданың басты мұрагерлерінің бірі Орыс ханның ұрпағы Жәнібек пен Керей Әбілқайырға қарсы күресін жалғастыру үшін сол кезде Моғолстан   билігінде болған Шу бойына қоныс аударып 1465-66 жылы  Қозыбасында Қазақ хандығының шаңырағын қайта  көтеруімен байланысты қазақ (қашақ немесе қазақлық) атауы пайда болды делінетін кесім-пішім. Оның бастауында ортағасырлық Моғолстан тарихшысы Мухаммед Хайдар Дулати тұрды. Ол былай деп жазды: «Ол күндері Әбілқайыр хан дүйім Дешті-қыпшақты билеп тұрған еді. Ол Жошы әулетінің сұлтандарына тыныштық бермегендіктен Жәнібек хан және Керей хан одан бөлініп Моғолстанға барды. Есен Бұға хан оларды жылы қабылдап, елінің батысы Шу бойындағы Қозыбасын берді. Олар мұнда жайбарақат тұрғанда Әбілқайыр хан өліп ел арасынан үлкен жік шығып, халқының көпшілігі Жәнібек, Керейге қарай бет бұрды. Жәнібек, Керей қауымының саны екі жүз мыңға жетіп, олар осы тұстан бастап «өзбек-қазақ» атана бастады»-дейді. Бұл тұжырымды орыс және кейбір қазақ тарихшылары сол күйінде өзгеріссіз қабылдап «қазақ» атауы «қашақ», «қазақлықтан» шықты делінетін формула пайда болды.  Шығыс танушы В.В.Григорьев және басқалар қазақтарды «Азия даласында қашып-пысып жүрген әр түрлі түрік тайпаларының жиынтығы» деп таныса, А.Н.Чулошников «ХV ғасырдан бұрын өзіндік қазақ топтары болды деп жар салудан еш нәтиже шықпайды»… «Егер қазақтар Х-ХІ ғасырлардан бері қазақ халқын құрап келе жатқаны рас болса ол тек кездейсоқтықтан» деп әсіре менмендікке салынды. Мұндай кесім-пішім қазақ атауын тарихи басқаша қырынан қарастыруға ұмтылғандардың жолын кес-кестеп тығырыққа тірей берді. Қазақтың тегін тектеуде жан-жақты ғылыми ізденістерге барған  М.Тынышпаевтың өзі ақыры «қазақ» сөзінің мән мағынасын іздеу деген орыс, араб, франция, ағылшын этнонимінің тегін тектейміз деп сандалған әрекет сияқты бос әурешілік екен» деп тауы шағылған тұстары бар.

Әрине орыс, араб, франция, ағылшындарды бөгдеден «қашып пысып келгендер» немесе «ата тарихы жоқ халықтар» деп бүгіндер ешкім табалап жатқан жоқ. Ал қазақтар біз ше? Бізді бөгде жұрттың тарихшылары «қашақтар» деп өтірік жазып келді. Біз тегімізді жатпай-тұрмай іздей беретініміз міне сондықтан.

Қазақ руханиятының ең бір мелжемді бай қазынасы ауыз әдебиеті. Тек қазақ зиялылары ғана емес, Н.И.Веселовский, И.И.Крафт да «қазақ» атауының түп төркінін халықтың ауыз әдебиетінің желісінен іздеп көрді. Солардың бірі Қалша-Қадыр туралы аңыз. Дала жорығында жүрген Қалша-Қадыр бірде өлімші болып иен далада жалғыз қалады. Қолын жайып көк тәңірінен адал өлім тілеген батыр таңғажайып оқиғаға тап болады. Аспаннан ақ қаз ұшып келіп қасына қонады. Сөйтсе ол қаз емес перінің қызы екен-мыс. Қалша-Қадыр жаны қалып перінің қызымен бір шаңырақ астында түтін түтетеді. Олардан туған ұрпағы кейін ақ-қаз немесе «қаз-ақ» атаныпты-мыс. Әрине бұл аңыз (mythos). Ал ізденістің мұндағы  ұтымды жері этнонимнің төркінін сәл әріректен және басқаша тұсынан іздегенінде жатыр. Бірақ аталмыш болжам тарих ғылымы тұрғысынан да, түрік тілдерінің сөздік құрылымының заңдылығы тұрғысынан да сын көтермейді.

Ұлы ақын Абай да қазақ атауын «қаз» төңірегінен қарастырып көрген. Ол өзінің «қазақтың түбірі қайдан шыққаны туралы» қара сөзінде «Арабтар Орта Азияға жорық жасап (VІІІ ғасырда) келгенде көшпелі халықтарды «хибани», «хұзағи» деп атапты. Хибани-киіз шатырдағылар (кйіз үй) дегені екен. Хұзағи дегені өз жұртында «Хұзағи» деген көшпелі халқы бар екен, соған ұқсатып айтқаны екен… Сол уақыттың бір ханы көшіп келіп жатқанда бұлардың қаздай тізілген көшін көріп, міне мыналар шынымен қаз-ақ екен депті. Сонымен бұлар өзін-өзі де, бұларды өзге жұрттар да қазақ атап кетіпті. Бұрын өздерін үліс (ұлыс, -З.Қ.) дейді екен де жүре береді екен» деп жазады. Әрине бұл да қазақ этнонимикасына берілген ғылыми жауап емес. Өйткені мұнда жоғарыдағы аңыз ертегілерге ұқсас фантастикалық әдеби сарын бар. Бірақ Абайдың болжамын жоғарыдағы «ақ қаз» деңгейінде қалдыра салуға болмайды. Өйткені ғұламаның ой түкпірінде «хұзағи» көшпенділікті білдіретін атау деген таным жатыр.

Бұрындары «қазақ» этнонимикасының бір баламасы ретінде айтылып келген «қаз-қаз басу», «қаз тұру» түбірінен «қазақ» атауының тегін іздеу немесе «аз» («ас») ат-атауынан қарастыру және О.Сулейменовтың “Тіл хатында» («Язык письма») келтірген «скунка-Сах» (с-ах) болжамын да  жоғарыдағы топқа жатқызған жөн сияқты. Өйткені біріншісі тек әйтеуір дыбыстың ұқсастығынан туындаса, екіншісін жақтайтын тіл білімі саласының ғалымдары Ә.Қайдаров, Ө.Қойшыбаев Х-ХІ ғасырға дейінгі уақытта түркі тілдеріндегі сөз басындағы көмейлік «х» дыбысы пайда болғанға дейін «қ» дыбысы ұяң жұмсақ айтылатын, тіптен белгіленбейтін болғандығымен байланыстырады. Жоғарыдағы  пікірді тілдік мағынасы тұрғысынан Орхон-Енисей жазулары да жоққа шығарып отыр. Күлтегін ескерткішіндегі «Темір қапыгқа тегі сүледім», «Өзум қутым бар учун қаған олуртым» деген жолдарға қараңыз. Онда «қ» дыбысы сол күйінде белгіленген. Тарихи әдебиетте бұл туралы әлдеқашан айтылып жазылған.

Ал тарихқа келсек, V-VІІІ ғасырларда қазіргі қазақ даласында тұратын халықтар арасында «аз» («ас») тайпа атауы кездесетіні рас. Бірақ олар қытай және моңғол жазылымдарында «аз» деген жалқы атаумен емес «ас» (асу-сасу) деген қосалқы атпен белгілі (Моңғолдың құпия тарихы). Басқа түркі (торқы) жұрты сияқты оларда тегі Алтайдан тараған түркі қауымының бөлімі болуы мүмкін, бірақ біз сөз етіп отырған ХІІ-ХІІІ ғасырларда аталмыш тайпа тарихи-жағрафиялық орналасуы жағынан келешек қазақтың негізгі ұйытқысы саналатын үйсін, қаңлы, қыпшақтардан әсте бөлек Дон бойын мекен еткен батыс жұртының бірі деп саналады. Міне, осыған байланысты бұл болжамдар біз зерттеп отырған тақырыпқа концептуальдық бағыт бола алмайды, тек этнонимиканы іздестіру жолындағы бір талпыныс ретінде қаралады. Қазақстан тарихының жаңаша бес томдығының авторлары Қыпшақ дәуірін қазақ қауымдастығының қалыптасуының маңызды кезеңі деп танып, «қазақ» этнонимінің қалыптасуын қыпшақтармен байланыстырады. Біз бұл пікірді «қазақ» этнонимі, қазақ ұлты, төл Қазақ мемлекетінің қалыптасуы мәселесінің қырымен сырына үңілудің бірден-бір дұрыс жолы деп танимыз. Осыған байланысты «қазақ» этнонимикасы төңірегінде қалыптасқан пікірлерді 1) Түркі-қыпшақ дәуіріне дейінгі (Х-ХІ ғғ.), 2) Қыпшақ-қазақ дәуірі (ХІІ-ХІV ғғ.) деп екі кезеңге бөліп қарау жөн бе деген пікір ұсынамыз.

Енді Қыпшақ дәуіріне дейінгі тарихнамаларға тоқталып көрелік. Зерттеу хроникасы Х ғасырдан басталады. Осы ғасырда өмір сүрген қаламгер, Византия императоры Константин Порфирородный Таматарахидан (Тмутаракань) шығысқа қарай Кубань өзені бойына дейінгі аумақты «казак өлкесі» деп атағаны жайлы дерек бар. Н.М.Карамзин орыс жылнамаларына сүйене отырып, ұлы князь Святослав 968 жылы Кубань өзенінің солтүстігіндегі «косогтарды» талқандады деп жазады. Осы кезден бастап «казак» (косог) жайлы тарихнамалық дерек пайда болды. Г.Эверс 956 жылы дүние салған Араб қаламгері Масуди жоғарыда аталған өлкені «қашақ жұрты» деп атағаны жайлы хабар таратады. Орыс дипломаты, шығыстанушы О.Ю.Сенковский оған 1020 жылдары өмір сүрген парсы ғұламасы Фирдоусидің «Шахнаме» дастанында «Қазақтар және қазақ хандары» жайлы сөз болған делінетін ақпаратты әкеліп қосып тіркейді. А.И.Левшин бұл дерек Шахнаменің «Үрістем дастаны» бөлімінде айтылған деп жоғарыдағы хабарды толықтыра түседі. Сөйтіп Х-ХІ ғасырлардағы «қазақтар» жайлы мәлімет ғылыми айналымға енеді. Бұл қалай дегенмен шығыстану ғылымының «қазақтану» саласының бастамасы болды.  Орта Азия тарихын зерттеуші, ұлты мажар, ағылшын ғалымы Герман Вамбери жоғарыдағы деректерге сүйене отырып, шығыс танушылардың ішінде алғаш рет «Қазақтар ертеден келе жатқан біртұтас  халық» - деген пікір ұсынады (Vambery H. Das Turkenvalkinseinenethnologisehenun dethnograpischen Beziehungen. Leipzig, 1885). Г.Вамберидің бұл пікірін қолдап тақырыпты тереңдете түскен ғалымдардың бірі А.Н.Бернштам болды. Ол өз зерттеулерінің нәтижесінде «қазақ» атауы «хас» («қас») және «сақ» екі тайпаның бірлестігінен «қассақ» («қазақ») этнонимі қалыптасты деген қортындыға келген. Аталған ғалымдар терминологияны талдауға жаңа бетбұрыс әкелмегенімен «Қазақтар өзіндік   өркениет жасаған біртұтас халық» - деген пікір қалыптастырды.

Біздің қазақ - өз сахарасының туындысы. Қазақ – еркін көшпенді жұрт. Бірақ ол қазақтың этно-генетикалық қасиеті емес, шаруашылық, тіршілік салтының ерекшелігінде. Н.Я.Бичурин (Иакинф) усунь және қаңлыларды көшпенді жұрт, бір жұрттан келесі бір жұртқа үнемі көшіп-қонып отырады десе, Д.А.Анучин «Мәдениеттің тарихы мен тіліне қарағанда көшпенділік сатысынан сириялық арабтар, Африка тайпалары мен парсылар және Орта Азия халықтары да (мысалы қазақ және моңғолдар) өткен» деп жазады. Ал А.Яновский «Көші-қон кезінде қазақтар бір орында екі жұмадан артық аялдамайды… кейде олар тәуір жайылымдарын тастап, жүздеген шақырымға созылатын басқа мекендерге көшеді», - деген. Әрине мұндағы «тастап» (оставив) деген сөз автордың отырықшы қауымның өкілі тұрғысынан айтылған өз пікірі. Көшпенділерде басы артық жер болмайды, бүгін иен тегін көрініп тұрған дала біреудің қыстауы, күзеуі немесе жайлауы. Даласын уақытша тастап кету тек аса ірі жұт, құрғақшылық кезінде ғана болады. Мұндайда мысалы руаралық келісім арқылы Арқа жұрты  Мойынқұмға жетіп қыстауы мүмкін. Бірақ табиғаттың ырзылығы қонғасын олар атақоныстарына қайтып оралады. Мұндайды қазақта «ауа көшу» емес «мал отарлату» дейді. Қазақ қауымы сырт көзге шашыраңқы көрінетіні рас. Бірақ іштей ата тегіне қарай руға, қонысына қарай жүзге жүйеленіп біртұтас қауым ретінде өмір сүреді. Әрбір ауылдың арнаулы қыс-қыстау, жаз-жайлауы бар. Бұл ықылым заманнан қалыптасқан салт. Сондықтан қазақтар қонған қонысы, ішкен суы, қыс-қыстау, жаз-жайлауы, оны айнала қоршаған ата бейітін тастап ешқайда кетпейді. Көшпенділер үшін мұндай белгілер жұртының шеп-шекарасы деген сөз. Ал қандай да бір жайлармен адам өз руынан шеттетілсе нағашы-жиен, қайын, құда-құдандал жұртына барып паналайды. Қазақтың «үш жұрты» деген осыдан қалған. Міне сондықтан «қазақ» этнонимикасының шығу тегін тек қазақ этно-территориясынан іздеуге тура келеді.

«Қырғыздар (қазақтар) деп жазды Ш.Уәлиханов, - көне татарлықтың (көшпенділік, - Қ.З.) барлық дерлік наным-сенімі, салт-дәстүрі, қуанышы мен күйінішін өзінің ақыл-ойының игі жетістіктері, аңыз-әңгімелерінің тарихи мол мұраларына сиғызып, бүгінгі күнге жеткізген оның сарқыны». Ал ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақтанушы орыс ғалымдары: «қазақтар өз даласының шынайы мән-мағынасындағы туындысы» деп жазды. Сөйтіп этникалық қай топқа жатпасын ертеден бері қазақ даласын мекен еткен тайпалардың тарихи сабақтастығы еш үзілмеген.

Қазақстанның жаңаша бес томдық тарихының ІІ томының авторлары жоғарыда аталған тарихнамалық материалдарды талдай келіп, «ІХ-Х ғасырларда шығыс Дешті-қыпшақтарының құрамында «қазақ» атауымен әлеуметтік, ал ХІ-ХІІ ғасырларда этникалық-әлеуметтік топтардың болғаны жайлы қорытынды жасауға мүмкіндік бар», - деген тәп-тәуір қортындыға келген. Бұл тарихи таным тұрғысынан ақиқатқа бірден-бір жақын қорытынды. Бірақ авторлар «қазақ» этнонимін талдауға келгенде құлаққа әбден сіңісті болған бұрынғы үйреншікті ұғымынан шыға алмаған. «Қазақ  сөзі дейді олар,- тұтас алғанда алуан түрлі еріктілерді айту үшін қолданылды». Әрине бұл «қазақ» этнонимикасын іздестіру жолындағы ең оңай және төте шешім. Авторлар бұл жолы» «қазақ» атауын «еріктілер» деп сәл сыпайы атағаны болмаса, атаудың түп төркінін бәз баяғы «кезбелік», «қазақылықтан» («казачество») сабақтап шығарып отыр. М.Х.Әбусейтованың басшылығымен 2001 жылы жарық көрген «Қазақстан тарихы және Орталық Азия» атты еңбекте: «қазақ атауы әуелі хандыққа берілді, сосын барып тайпаның (народности) атына айналды» деп жазылыпты. Тым қисынсыз қорытынды. Сонда қалай аты жоқ халық болама? Халық болмаса хандық құра ма?.  Құрған хандығының атауын қалайша сырттан біреулер қоюға тиісті? Айтыла-айтыла жауыр болған, ғылыми қауым әлі күнге мойындамаған бұл жансақ пікірдің методологиялық негізі біріншіден, көптеген авторлар сақтарды дүйім көшпенділер қауымы емес, этникалық үнді-европалық нәсілдік типінің үнді-иран қауымы деп қабылдап, қазақтың тегін өз даласының бұл туындысынан алып қашып, алыстатып келгендігінде; Екіншіден, қазақ халқы, қазақ мемлекеті 1465-66 жылы Жәнібек, Керейден бастау алады делініп келген танымнан айнымай отырғандығында. Үшіншіден, көптеген тарихшылар ХІІІ-ХІV ғасырларда Ақ Ордаға қарасты өз билігі өзіндегі көшпенді қыпшақ-қазақтарды «көшпенді өзі-бектер» атандырып, оларды этникалық өзбектермен шатастырып келгенінде жатса керек.

Мен тарихшы ретінде Мухаммед Хайдар Дулати еңбегінің тарихи деректемелік және информациялық құндылығын жоққа шығарғым келмейді. Бірақ «Рашидтер тарихын» қазақ тарихының жалғыз арман мұрады (ideal) деп тануға негіз жоқ. Біріншіден, ол басынан аяғына дейін Моғолстанды сақтап қалу үшін күрескен моғолдық билеуші тобының өкілі. Ал Қазақ хандығының құрылуы, оның нығаюы моғолстандықтар және шайбаниліктер әулетінің саяси аренадан кетуіне елеулі ықпал еткен күш. Екіншіден, М.Х.Дулати аталмыш еңбегін Қазақ хандығы қайта шаңырақ көтергеннен жүз жылға жуық уақыт өткен соң жазған. Үшіншіден, М.Х.Дулати еңбегі  қазақ тарихын жүйелі түрде жазуға арналмаған. Ол қазақ тарихының бірер эпизодтарын (мысалы 20 бөлімнің 29 (а), 39 бөлімнің 46 (а), 33 бөлімнің 177 (б) т.б.) тек сөз арасында ғана берген.

Тарихшы  К.А.Пищулина айтқандайын, Қазақ хандығы құрылуының басты себептері Жәнібек, Керейдің көшінде емес, халқымыздың саяси, әлеуметтік дамуы, шаруашылығы және қазақтардың ұлт жүзінде өсіп жетілуімен тікелей байланысты. Олай болса біз «Қазақ мемлекеттігі, қазақ атауы Жәнібек пен Керейдің көшінен басталады» делінетін қалыптасқан ұстанымнан бас тартуымызға тура келеді. Халықтың атауын сонау Қара теңіз жағалауы, Днепр бойы немесе Кавказдан іздеп әуре сарсаң болудың да жөн жоқ. Өйткені біздің халық «қай-сақ» атымен белгілі ежелгі жұрт. Оның ізін тек өз туған даласынан іздеу керек. «Қай-сақ» атауының түп тамыры тым тереңде жатыр. А.Н.Самойлович қазақ (қайсақ) семантикасының пайда болуын уақыты жағынан ХІ ғасыр межесіне жатқызады (Самайлович А.Н. О слове «Казах». Сб. «Казахи». Антропологические очерки. Л., 1927, 13-б). Атау «хаса», «гіса», «хаза» семантикасымен «Хань патшалығы тарихы», «Суй патшалығы тарихы», «Жин патшалығы тарихы», «Дауан шежіресінде» кездессе, 1240 жылы хатқа түскен «Моңғолдың құпия шежіресінде» (Юань Чао Би Ши) үш дүркін кездесетін «хасаг тэргэн» сөзінде «қайсақ» мағынасы жатқанын кезінде Г.И.Рамстед дұрыс аңғарған. Бірақ «Шайбани-намэ» авторлары және С.Г.Ибрагимов қатарлы кейбір ғалымдар Рамстед болжамындағы құнды деректі мойындауға асықпады. Амал нешік кезінде  аталған авторлар мұнда «құпия тарихтың» кейбір бабында (268, 271-баптар) «хасаг тэргэн» қос сөзі қолданылса, 101, 102, 118,121 бабында «тэргэн» сөзі жалқы тұрғанын аңғармаған. Контекстегі «тэрэг» сөзі-арба, ал «хасаг тэргэн» қос сөзі «хассақтардың арбасы» ұғымын білдіріп тұр. Әрине «хасаг тэргэн» сөзінен «қазақ» этнонимикасы шықпағаны өзінен-өзі түсінікті. Бірақ авторлар бұл контексте «қазақ» туралы емес, біздің қазіргі түсінігіміздегі жапондықтардың «тойотасы», орыстардың «волгасы», немістердің «мерседесі» дегеніміз сияқты «қайсақ» атты жұрттың пайдаланатын 2-8 доңғалақты транспорттық көлігі (тэргэн) жайлы сөз болып тұрғанына жете мән бермеген. Аталмыш ұғымның деректемелік мәні «Қайсақ» жұртының шығу тегі турасында емес, 1240 жылдан әлдеқайда бұрын моңғолдармен аралас-құралас тұратын және көп дөңгелекті арба қолданатын «қайсақ» атты көшпенді жұрттың болғандығында жатыр. Бұл атаудың тамыры тереңге жайылғаны соншалық, бүгінге дейін қытай және моңғолдар біздің қазақты тек тарихи әдебиетте ғана емес күнделікті өмірде  «хасақ», Қазақстанды «Хасақстан» деп атау жалғасып келеді.

«Қытайдағы ұлттардың кіші энциклопедиясында»  «қайсактар  (немесе қазақтар) көне халықтардың бірі. Олар туралы қытай жазылымдарында жеткілікті материалдар бар. Усунь, сақ, юу вэй ши ұрпағы болып саналатын қайсақтар туралы қытай жылнамасында біздің жыл қайыруымыздан бұрынғы 119 жылы алғаш белгіленген» (ҚХР ұлттардың кіші энциклопедиясы. - Хөх хот. - 1989, 130-б.), - деп жазады.

Екінші бір қазақ (қайсақ) атауының тарихи ғұмырнамасына байланысты деректеме ретінде 1245 жылы Египетте жасалып, 1894 жылы голландиялық ғалым М.Т.Хаутем Лейденде бастырған «Түркі-Араб сөздігі» Және Араб тіл зерттеушісі Абу Хайан 1313 жылы жасап 1891 жылы Ыстамбулда жарық көрген «Араб тілі грамматикасын» (Китаб ал-идрак ли лисин ал атрак)  атаған жөн. Сөздікте «қазақ» атауы кездеседі және оған «еркін көшпенді» (қошмақ) деген анықтама берген. Мұнда бізге қажеттісі сөздікте «қазақ» атауына берілген анықтамасы емес, «қазақ» атауының еңгізілуі және ХІІІ ғасырдан бұрын «қазақ» атауының болғандығы.

Қайсақ (қазақ) халқы ежелгі халықтардың бірі болғаны жайлы бұрын-соңды зерттеушілердің көз қиығына іліге бермеген және бір соны дерекке тоқталып көрелік. 1245 жылы 16 сәуірде Лионнан аттанып бір жылға жуық жол жүріп 1246 жылы Моңғол империясының ұлы қағаны Гуюгтің (Күйік) Сары ордасында болған Плано Карпини жолай басып өткен 44 жұрттың қатарында «кассы» қауымын атайды (Плано Карпини и Гильома де Рубрук. Путешествия в восточные страны. Алматы. - 1993, 51-б). А.И.Малеин мұнда аты аталған басқадай барлық жұрттарға анықтама береді де «кассы» жайлы ашып ештеңе айта алмаған. Біздің пайымдауымызша Плано Карпини кассылар деп «қайсақ» жұртын айтып отыруы әбден мүмкін.

Моңғолдың көне шежірелерінің бірі «Болор толь» атты әйгілі жазылымда «кассы» (казы) дегеніміз қазіргі қазақтар  деген анықтама жасаған (Жимбадорж. Болор толь. (көне моңғолша). - Хөх хот.- 1984, 424-б.). Тарихшы А.Амар «Хангай жотасының батысы Алтай бойында наймандар, олардың батысы және солтүстік батысында ойрат, дөрбет, уранхай, қайсақтар тұрды», - деп жазған. Мұнда ХІІ ғасырдың тарихи-жағрафиясы жайлы сөз болып отыр. Ал д-р Эренжен Хара-Даван «қазақ» ұғымы түркі тегінен шыққан «аттылар» деген сөз. Алтын Орданың «Қазақстан» аймағы болды… Қазақтар бет пішімі және жан дүниесі жағынан қалмақ, моңғолдарға етене жақын деп жазған. Моңғол жұрты қазақтармен тек бет-пішімі, жан дүниесі, тіл, көне салт-санасы жағынан ғана емес, жағрафиялық қоян-қолтық орналасуына байланысты тарихи тағдыры өте жақын болды. Сондықтан қазақтар туралы моңғолдардың жазғанына мән бермеске болмайды. Өйткені «хасақ» (қайсақ) моңғол тарихнамасында көнеден келе жатқан атау.

Этникалық түріндегі «Хасахия» атауы ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы араб, парсы жазылымдарында да кездеседі. Мұнда жоғарыдағы топтар «еркін, кезбе, салақа» мағынасында емес оғыздар және Хорасан түрікмендерінің арасындағы өзіндік этникалық топ ретінде белгіленген. Мысалы З.В.Тоған Хорасан түркімендері қауымы арасындағы «қазақияны» қыпшақ қазақтарының өкілі деп таниды.

Қырым, Татар, Кубань, Хорасан жұрты арасында кездесетін «қазақ» топтарын айтпағанның өзінде қазақ атауын шығыс Қыпшақ даласы, Ақ Орда шеңберінен көптеп кездестіреміз. «Едіге батыр» жырындағы «Он сан ноғай ішінде үш жүз алпыс отау қазағым, сені тағы алдырттым. Ал аман бол менен соң» деген жолдар Орыс хан ұлдары және Едіге Тоқтамыс әулетінен  жеңіліп, елі тоз-тоз болған 1409-1410 жылдардың оқиғасын бейнелейді. Ортағасырлық (ХІІІ-ХІV ғғ.) тарихи жазылымдарда ноғай-қазақ бірге аталады. Ноғайлы қазақтың тамыр бірлігі жайлы Құрбанғали Халидтың «Тауарих Хамса» еңбегінде бір сенімді дерек бар. Онда былай делінген «ноғай, қазақ, татарлар домбыра тартады. Тақпағы сол заманнан (Кіші Мухаммед тұсынан, -З.Қ.) қалды… Сарай халқының сахаралықтары (даладағы көшпенділері,- З.Қ.) – Жәнібек хан (1340-1357) заманында қазақ атын алған деседі… Ноғай-қазақтың Қазанға барғаны «ноғай», Сарай маңындағы көшпенді татар-моңғолдар (қыпшақтар, -З.Қ.) «қазақ» атын алған» (Халид Құрбанғали. Тауарих Хамса (Бес тарих). – Алматы. - 1992, 75-б.).

«Қазақ» атауының қалай, қай кезеңде басталуын Дешті-қыпшақтағы тайпалар одағынан іздеу керек деген пікірді тіл зерттеуші ғалымдар да құптайды. Аталған пікірлердің тереңінде бір сыр жатқаны рас. Біздің пікірімізше ХІ ғасырда Ертіс пен Обь аралығын мекен еткен және жекелеген Қыпшақ хан әулеті тараған «кай» тайпасы төңірегінде жатқан сияқты. «Кай» қимақ-қыпшақтың ежелгі тайпаларының бірі. Француздық қытайтанушы П.Пелльо, И.Маркварттың «Қыпшақ тайпалары хақында» атты еңбегіне жасаған сараптамасында қытайша жазылымындағы қыпшақтар анықтамасы кумақ және кай екі этнонимін білдіреді.

Кумак (қимақ), кай тайпаларының негізгі тобы заманымыздан бұрынғы ІІ-І ғасырларда шығыстан батысқа жөнкілген түркілердің  ұлы көшімен Манжуриядан қазіргі Іле бойы, Ертіс, Жетісуға жете қоныстанды. Ал В.П.Васильевтің хабарлауында кай тайпасының Хянғанда қалған бөлімі 847 жылы кидандардан (қарақытай) батысқа бет түзеген. Махмуд Кашгари өзінің «Түрік сөздігінде» «Рұм өлкесіне бәрінен жақын орналасқан тайпа бешенек, одан қалса қыпшақ, оғыз, иемек, башғырт, басмыл, қай, иобаку содан татар, содан қырғыз тараптары… Бұл тайпалардың барлығы рұм өлкесі жанынан шығысқа қарай осы ретпен созылып жатыр» деп жазады. Ауфи атты ғалым «Кай және қыпшақтар қырғыздардың солтүстігінде тұрды» деп хабарлайды. Қырғыздардың солтүстігі дегеніміз Жетісу және Арқа даласы. С.Г.Кляшторный кай тайпасын VІІ ғасырдағы түркі тілді теле тайпа бірлестігі тобына жатқызады. Автордың пікірі бойынша ХІ ғасырдың бірінші жартысында бұрын Теле конфедерациясы құрамында болған түркілердің көлемді бөлімдері – құн және кай тайпалары қарақытайлардан қуылып батыс Сібір, Солтүстік Жоңғар, Жетісудың солтүстік-шығыс бойына келіп шары және басмыл түркі топтарымен араласып-құраласып кеткен. Мұнда шары (сир) деп қыпшақтар жайлы  сөз болып отыр. «Қыпшақ» этникалық ұғым емес жер жағдайына орай көшпенді түркі тайпа бірліктеріне қойылған саяси атау екенін ұмытпағанымыз жөн. Сир көне түркіше «сары» ұғымын білдіреді. «Шар талын улс» немесе «Сары дала халқы» атауы ежелгі моңғол жазылымдарында да ұшырасады. Бұл атау «Сыр елі» атымен қазақ арасында бүгінге дейін жалғасып келеді. Болашақ қазақ ұлты (өз ат-атауымен) осынау «Андар аз Кыфчак» немесе ішкі Дешті-қыпшақ аумағында, Сыр көшпенділерінің құрамында қалыптасты. Б.Е.Көмековтың зерттеулеріне жүгінсек мәселе осыны аңғартады. 

С.Г.Кляшторный мен Т.И.Султанов қыпшақ жұртының орыс арасында половцылар атану жөнін анықтаған В.Бартольдтың жазылымдарына сүйене отырып, «Кайларда еш қайда жоғалып кеткен жоқ. Олар каепичтер, кайоба немесе «кай тайпасы» деген атпен орыс шежірелерінде бірнеше мәрте белгіленген» деп жазады. Шынымен де олар ешқайда кеткен жоқ. ХІІ ғасырдан бастап біздің ата-бабаларымыз тарих сахнасына «кай-сақ» (қазақ) атымен шыққан кезеңінен бастап «кай», «сақ» жеке-жеке аталмайтын болды. Бұл шын мәнінде біздің қазақ жұртының саяси бой көрсетуінің бастамасы болды. Ал «қай-сақ» семантикасының кейін «қазақ» болып өзгеруін анықтау тарихшылардан гөрі тіл білімі мамандарының үлесіндегі іс деп білеміз.

Біздің қайсақтар жайлы бұрын көбінесе қытайлар, араб, парсылар жазып келген еді. ХVІІ ғасырдан бастап енді бұл тақырыпты Алтын Орда билі­гінен құтылып ес жиып, ел бола бастаған ресейліктер ден қойып зерт­теуге кірісті. Орыс жылнамаларында да біздің халық алғаш «қайсақ» аты­мен хатқа түсті. 1893-1897 жылдары Памир, Тибет, Шығыс Түркістанды ара­лап шыққан швед саяхатшысы Свен Гедин еңбегінде «қырғыздар (қазақтар) өз­де­рін «қайсақтар» деп атауға құмар», - деп жазды. Сөйтіп ХVІІІ ғасырға дей­інгі орыс шығыс танушыларының еңбектерінде біздің халықты «қайсақтар» немесе «қырғыз-қайсақтар» деген атау басты орын алып келді. Орыс тарихи әдебиетінде ХVІІІ ғасырдың орта кезеңінен бастап қазақтарды сібірлік қара- қырғыздармен шатастырып «қырғыз» атандырған жансақ ұғым пайда болды. Оның да өзіндік сыры бар. ХVІІ ғасырдың басында Томск, Абақанға жеткен казак-орыс Енисейдің шығысы, Саян жотасының оңтүстігі, Абақан бойын мекендеген түркі текті тау қырғыздарына тап болды. Қырғыздар өз жеріне бөгденің баса көктеп кіруіне қарсы шығып Тара өзені, Томск бойына қоныс тебе бастаған казак-орыс жасақтарын шабуылдаумен болды. Қырғыздардың тұтқиылдан жасалатын аяусыз шабуылдарына тап болған олар «қырғыз» атауын алғаш «бұзақы баскесерлер» мағынасында қабылдаса, соңынан орыстар ес жиғасын оны келемеж атауға айналдырды. Бұл туралы Құрбанғали Халид «орыс ұлықтарының «мен қазақпын» дегендерге какой ты казак (қазақ) деп менсінбеушілік танытқандарының талай куәсі болғанбыз» деп жазды. Казак-орыстардың қысымына төзбеген Енисейлік қырғыздарының бөлімдері ақыры Алатау, Жетісуға қоныс аударады. Сөйтіп ХVІІІ ғасырдың басында оңтүстік-шығысқа қарай жылжыған казак-орыстар мұнда келіп тілі, бет-бейнесі, ахуал- тіршілігі Сібір  қырғыздарынан айнымайтын  біздің қазақтарды алғаш көргенде оларды да «киргиз» атандырып жіберді. Бірақ тау қырғыздары мен дала «қырғыздары» мүлдем бөлек жұрт екендігін қытай деректемелері арқылы алғаш Н.Я.Бичурин (Иакинф) байқады.  «Сібір қырғыздары қалмақтың бір кішкентай қауымы (оток) ғана. Біздің орыстар қайсақтардың қырғыздармен ұқсастығынан болып оларды да «қырғыз» атандырып жіберді» деп жазды ол (Бичурин Н.Я. (Иакинф). Описание Джунгарии и Восточного Туркестана в древнем и нынешнем состоянии. СПб., 1829, 117-б). Қытайлар «буруттар» немесе «таудың тағы қырғыздары» («дикокаменные киргизы») деп атаған қырғыз тобы мен қазақтардың (немесе қырғыз-қайсақтар) айырмашылығын Ш.Уәлиханов жеке талдап көрсетті. «Таудың тағы қырғыздарының тілінде моңғолдық өзгешеліктер бар. Олар қатқылдау сөйлейді–деп жазды ол.Қайсақтар үшін олардың тілін түсіну оңай емес, тілінде біздің қайсақтар үшін жат сөз көп, түбірі бір сөздердің өзі кейде тіптен қарама-қайшы мағына береді». Ш.Уәлиханов бұл еңбегінде қырғыз, қайсақ екі халық қаншама түбірі бір түркі бола тұра тіл, ахуал, салт-дәстүрінде этнографиялық айшықты өзгешеліктер бар екендігін атап көрсетті.

Ресейдің қазақтарға байланысты дипломатиялық және әскери-барлау әрекеті ХVІ ғасырдың басында басталды. Иван Грозныйдың ноғайларға аттандырған елшісі Данил Губин 1534 жылы патшасына былай деп жазды: «Ұлы мәртебелім казактар (қазақтар, -З.Қ.) біршама қуатты делінеді, Ташкен олармен соғысып көріпті, Ташкен билеушілерінің айтуына қарағанда олар казактармен екі дүркін соғысып, екі жолында да жеңіліске ұшыраған көрінеді». Осы кезеңнен бастап орыстардың біздің қазақтарға деген қадамы  жиіленіп, біздің жұрт орыстарға «Біз қазақ деген халық боламыз» дегенді қаншама ескерткенімен орыстың ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы деректемелерінде бізді «киргиз», ал  тіптен мейірімі түскенде «киргиз-кайсак» деп атаудан танбады.

Орыстар үшін «қайсақ» атауы қытай деректемелерінен алынып, қазақтарды қырғыздардан ажырату үшін қолданылды. Бірақ орыс тарихи әдебиеті «қайсақ» атауының шығу көзін таба алмады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бірі бұл атауды Алаша хан әулетінен шыққан Қалша батыр туралы аңыздан таратса, екіншісі «қайсақ» ат-атауы қытайлар «казак» атауына тілі келмей  бұрмалағанынан шықты делінетін А.Левшиннің пікірі. Дегенмен ХVІІІ және ХІХ ғасырдың басындағы орыс тарихи әдебиетінде «қайсақ» немесе «киргиз-кайсақ» атауы басымдылық таныта бастайды.

Орыс және қазақ арасында дипломатиялық және әскери жіті қаты­настар XVIII ғасырдың 20-30 жылдарынан басталды. Осы уақытта Орыс патшасының Әбілқайыр хан, Абылай хан, Нияз сұлтан және басқаларға жолдаған ресми хаттарында біздің халықты «Қырғыз-қайсақ орда­лары» немесе хан, сұлтандары деп атады. Әсілі «қырғыз» болмағанда «қайсақ» атауы біздің тарихымыздың пешенесіне жат ұғым емес еді. Сөйтіп біздің «қырғыз-қайсақ» атауымыз орыстың ресми деректерінде 1870 жыл­дарға дейін жалғасты. ХІХ ғасырдың орта шешінде орыстар Сібір­ді жаулап алғаннан кейін біздің халықты «киргиз-казак» атандыру үрдісі пайда болды.

Тек 1925 жылы сәуірде шақырылған Қазақ АССР Кеңесінің V съезінде Алаш азаматтары бұрын­ғы жал­ған «қырғыз» есімін өзіндік қазақ атымен алмастыруға қол жеткізіп, ұлты­мыздың төл қайсақ (қазақ) ат-атауы арып-талып алғаш рет өмірге кел­ген еді. Ол қазақ даласында ғасырлар бойы қалыптасқан «көшпенді» мағынасындағы топономикалық қыпшақ-сақтары (кай-сақ) атауының тілдік  реформациялардан өтіп бүгінге жеткен нұсқасы. Бұл атаудың ең аз дегенде 9-10 ғасырлық тарихы бар.

0_40-900x_.jpg

Зардыхан Қинаятұлы

«Егемен Қазақстан» газеті, 2003 ж, 24 қыркүйек.

Jebeu.kz


ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН: «САМАРА КЕЗЕҢІНІҢ» ЖҰМБАҚТАРЫ
ӘЛИХАННЫҢ ӨСИЕТІ, НЕМЕСЕ АЛАШ-ҚАЗАҚ ЕЛІН 20-25 ЖЫЛДА ЕКІНШІ ЖАПОНИЯҒА АЙНАЛДЫРУҒА ҚАЛАЙ ҰМТЫЛДЫ?