Шағатай ұлысының тарихынан(1226-1346 жж.)

admin2 2018-05-03 87 ℃ Қысқаша

Шыңғыс хан 1219-1226 жылдары Орталық Азия, Мауереннахр және Шығыс Қыпшақ даласын жаулап ал...

ee55356287a19ae3f131b1154e2ad9d6.jpg

 

Шыңғыс хан 1219-1226 жылдары Орталық Азия, Мауереннахр және Шығыс Қыпшақ даласын жаулап алған ел, жерін үш ұлына бөліп берді. Тұңғыш ұлы Жошыға Сэленге өзенінің құйғанынан Ертіс дариясына дейінгі алып сахараны мекен еткен "Орман халқымен" қоса, Ертістен Сырдарияның құйғаны, Саураннан Аралға дейінгі өлкені берді. Муйн ад-Дин Натанзидың толықтыруы бойынша Жошы иелігі "Ұлытау өңірі, сегіз ағаш (В.Бартольд сенгир агач), Қара талдан Түйсен (В.Бартольд Тюмень) Женд, Барчкенге дейінгі"[1] өлкені алып жатты. Бұл мемлекет тарихта Жошы-Қыпшақ хандығы, (орыс. Алтын Орда) атанды. Орталығы әуелі Ертіс, Алакөл бойында болды да соңынан Сыр бойына (Сығанаққа) ауысты.

Үшінші ұлы Өгөдейге Еміл өзенінен Қобық-Сариг бойы тиді. Ұлыстың орталығы Тарбағатайдағы Қойлықта болды. Төртінші ұлы Тулуй атажұртының иелігінде, немесе Қарашаңырақта қала берді. Түрік-моңғолдың ежелгі дәстүрін жетік біле бермейтін зерттеушіге тарихтың осы тұсы, әсіресе Өгөдей және Тулуй иелігінің атажұртына қатысты мәселесі түсініксіздеу. Мұнда Шыңғыс хан өз көзі тірі тұра атажұртын неге Тулуйға берді? Өгөдей әкесінің өсиеті бойынша Ұлы қаған тағына мұрагер бола тұра неге атажұртынан шет қалды? деген сауал туады.

1) Моңғол мемлекеті алғаш құрылғаннан бастап империялық билік үшін күрес жолындағы, майдан жағдайындағы (фронтальдық) мемлекет. Моңғолдың атажұртындағы өз қарашаңырағы империалдық мемлекетінің бір бөлімі ғана. Сондықтан Ұлұғ-ұлыстың (империя) бас билеушісі Шыңғыс ханның өзі, қағанның ресми мұрагері Өгөдей, ал Тулуй ұлдың кенжесі ретінде қарашаңырақтағы империя орталығының емес, тек ондағы жер-ошағының иесі болып табылады. Бірақ бәйбішеден туған төрт ұл, олардың тікелей ұрпақтарының қай-қайсысының да Ұлы қаған тағына мұрагерлікке құқығы бар. Бұл туралы "Ұлы жасақ" та әдейі белгіленген және "Моңғолдың құпия тарихында"[2] бұл туралы жеткілікті материалдар бар.

Енді біз мұнда сөз еткелі отырған "Шағатай ұлысы" мәселесіне тоқталайық. Ұлыс Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатайдың (моңғ. Cagadai) атымен аталады.

Ол 1183 жылы қаралтым қоян жылы Тэмужиннің бәйбішесі Бөрте еженнен туған[3]. Алғаш 28 жасында барлық аға, інілерімен бірге (1211-1215 жж.) Шығыс Цзин (Алтын мемлекет) еліне жорыққа аттанып, дивизия басқарып, Шаньсиден Қытайдың Ұлы қорғанына дейінгі алты аймақты басып алады[4]. 1215 жылы әке және аға, інілерімен бірге Қытай астанасы әйгілі Чжунду қоршауына қатысады. 1219 жылы батыс Хорезм жорығына аттанып, Отырар, Үргеніш, Самарқанд операциясына қатысып, аса қаталдығымен көзге түскен әскери қайраткер. Жауынгершілік қатаң бағыт және көшпенді мемлекет салтын ұстанған әскери-аристократ. Ол өмірінде және ұрпақтан-ұрпаққа дейін ағасы Жошы және оның әулетімен мәңгі бақи бақталасумен өтті. 1242 жылы дүние салғанға дейін әкесі берген хан жарлығы (ярлык) бойынша өз атымен аталатын Шағатай ұлысын басқарды.

88699a1fd6167fb83b727a6dd4e57257.JPG

Шыңғыс хан ұлдарына енші бөліп, әрқайсысының басына орда тігіп беріп, аттандырғанда әрқайысына 4 мыңнан жасақ бөліп, иелігіндегі жергілікті жүрттың есебінде әскерінің санын толықтырып, ұлыстың іргесін әрдайым кеңейтіп отыруды тапсырған[5]. Оған қоса Шағатайға 8 мың отбасы, тиесілі жайылым жер бөлініп, "Ұлыс билеушісі" деген жарлық таңба мөрін қолына ұстатқан[6].

Шағатайға тиген иелік жер Шығыс Түркістаннан Самарқанд, Бұқара, Оңтүстік Алтайдан Амударияға дейінгі алқапты қамтиды. Кейбір деректерде, Шағатай иелігінің Амударияға жеткеніне күмән келтіреді. Бірақ Шыңғыс қағанның әдейі шақыруымен 1221 жылы Бейжиңнен (Пекин) шығып Алтай, Ертіс, Жетісу бойын басып бір жыл жол жүріп 1222 жылы 5 сәуірде Гиндукуште ұлы қағанмен жүздескен Қытайдың діни ғұламасы және әйгілі тәуіп Чан Чунь өзінің "Батыс сапары туралы" жол жазбасында "Шағатай Сайрам көлі, Талқан асуы бойында жол төсеп, Амудариядағы бұзылған көпірді ретке келтіріпті"[7] дегеніне қарап, біз Шағатай билігі Амудария бойына жеткендігіне көз жеткізе аламыз.

Шағатай ұлысының орталығы Құлжа өлкесі, Іле өзенінің оңтүстігіне қарай орналақан Құяс қаласы болды. Осыған байланысты В.В.Бартольд Құяс қаласы "Барыс ханның сыртында" орналасқан екен, бұл Қаяс немесе Құяс тухсилермен шігілдердің барлық жерін қамтиды, онда Сабылық – Құяс, Урунг - Құяс (Өрөнгө өзені бойындағы, - З.Қ.), Қара-Құяс (Қара Ертіс бойындағы қала, - З.Қ.) атты ұш қамал бар деген М.Қашқаридың анықтамасын келтіреді[8].

ХІІІ ғасыр соңынан, Хайду ханның тұсында қырғыздар қазіргі мекеніне жер ауып келгенге дейін осы өңірді (Жетісу) ежелден мекендеп келе жатқан үйсін, қаңлы, дулат, албан тайпалары да Шағатай ұлысының билігінде болды. Аталған тайпалар негізінде қазақтың Ұлы жүз тобын құрады.

Империяның өсу динамикасына байланысты Орталық Азиядағы Моңғол ұлыстарының территориясы мен шекарасы өзгеріп отырды. Мұндай өзгерістер әрбір ұлы құрылтай, әрбір ұлы қаған сайлауы және сайланған әрбір қағанның ішкі, сыртқы саясатына орай жүріліп отырды. Мысалы, Өгөдей ұлы қаған тағына отырып Қарақорымға қоныс аударуына байланысты Өгөдей ұлысы Шағатай ұлысына біріктірілді[9]. Осыған байланысты 1230 жылдан бастап тарихта жекеленген Өгөдей ұлысы туралы сөз болмайды.

Гуюг[10] қағандық құрған тұста (1246-1251 ж.) Орталық Азиядағы Шағатай әулетінің құзыр билігі артып, Шағатай ұлысының жер көлемі Ақ Орда жері есебінен кеңейе түсті. Баты ханға бет бұрып кеткен Масуд Бек қайтып оралып, 1246 жылғы құрылтай шешімімен бұрынғысынша "Мауереннахр, Түркістан және сол маңдағы отырықшы өлкелердің өкілетті билеушісі" болып қайта тағайындалды.

Ал 1251 жылы Жошы әулетімен ежелден одақтас Тулуй ұлы Мөңке ұлы қаған тағына отырғаннан соң Орталық Азиядағы Шағатай билігі Мөңке қаған басқарған ипериялық биліктің қысымшылығына ұшырады. Шағатай, Өгөдей әулетінен шыққан хан және хан-оғландары ұлы қағанға қарсы астыртын әрекеттері үшін қайсыбірі жазаланып, қайсыбіреулері бас сауғалап басқа елдерге өтіп кетті. Гуюг қағанның жесірі Қарақорымдағы ордасын тастап Емілдегі бұрынғы Өгөдей ордасына келді, ал Шағатайдың немересі Қара-Хүлэгтің (қыт. Хулагу) жесірі Эргэнэ хатун Шағатай ордасына уақытша ие болып қалды. Осы саяси өзгерістердің салдарынан Шағатай ұлысының біршама жері Мөңке қаған және Жошы-Қыпшақ ұлысы билеушісі Баты хан оның әскери сол қанаты Ақ Орданың билігіне өтті. 1253 жылы империяның астанасы Қарақорымдағы сары ордасында В.Рубрукты қабылдған Мөңке қаған ІХ Людовиктің елшісіне "Ай мен күннің сәулесі қалай таралса, Баты екеуіміздің билігіміз де дәл сол сияқты таралып барады" деп мәлімдеген [11]. В.Рубруктың сөзіне қарағанда, осы кезде Мөңке мен Баты билігінің шекара сызығы Талас өзенінің шығыс бойымен өтетін тұғын. 1259 жылы Мөңке қаған өлгесін Орталық Азиядағы  Моңғол ұлыстар билігінің шекара шебі мен саяси, әлеуметтік үстемдік шеңбері үнемі өзгерістерге ұшырап отырды. Сондықтан В.В.Бартольд айтқандай, әсіресе бастапқы кезеңдерде бір империяның қол астындағы үш ұлыстың ордасын жеке-жеке ұлыс деп тану қиын[12]. Шынымен де Орталық Азиядағы Моңғол ұлыстары (әсіресе 1270 жылдарға дейін) бір орталыққа қарасты саяси-динамикалық біртұтас құбылыс ретінде танылады. Олардың ішінде дербестеу жүйе тек Жошы-Қыпшақ ұлысы болды. Ол империя үшін "Моңғол тұлпарының тұяғы жетер жерге дейін" жаулап алу міндеті жүктелген алыс шет аймақ саналатын. Ал оған қарағанда Өгөдей және Шағатай ұлысы империяның ішкі аймақтарының қатарына жатқызылады. Өйткені бұл ұлыстардың отырықшыл, егінжай өлкелері тікелей империя орталығынан басқарылатын болды. Осыған байланысты Юань билігі тұсында Бешбалықты және Амухэде Шағатай ұлысын басқаратын жеке әкімшілік құрылды.

Моңғолдың мемлекеттік ұлыстық жүйесі империалдық билік жүйесінің ықшамдалған түрі болып табылады. Хандық құқығы бар жарлық (Jarlyk)[13] тек Шыңғыс қағанның төрт ұлына ғана берілді. Хандық құқық мұрагерлікпен жалғасып отырды. Мұрагерлікке тек "Алтын ураг" (Ару шаңырақ, бел ұрпақ, - З.Қ.) иелері ғана ие бола алады. Ал бұл әулеттен шықпағандар тек Шыңғыс хан әулетінің бел ұрпақтарына қызмет етуге міндетті.

Қаған ел мен жердің бас билеушісі және бас қолбасшы. Қаған құрылтай шақырады, ел шекарасын белгілейді, жарлық шығарады, соғыс жариялайды. Ал қаған жарлығымен тағайындалған ұлыс хандары немесе хан-оғландар ұлы қаған, әскери бас қолбасшының жарлығын бұлжытпай орындауға міндетті. Мұндай ережелер Шыңғыс ханның "Ұлы жасақ"  заңында белгіленген.

Шыңғыс хан 1206 жылы Моңғол мемлекетін құрған ұлы құрылтайда қаған жарлықтары мен басқадай заңдық ережелерді тіркеп, оның орындалу барысын қадағалап отыруды өкіл інісі Шихихутагқа тапсырып, оны "Улсын дээд заргач" (Мемлекеттің бас жарғышысы немесе Әділет министрі) етіп тағайындады. Ал өмірінің соңғы жылдарында "Ұлы жасақ" заңының "Сақшысы" етіп екінші ұлы Шағатайды тағайындады делінеді[14]. Моңғол деректерінде бұл туралы нақты дерек кездеспейді және мұрагер ұлы Өгөдей, Қара шаңырақтағы ұлы Тулуй тұрғанда, қағанның канцелярия ісі бас ордада тұрса, Шихихутагтың көзі тірі кезінде Ұлы жасақты Шағатайға сақтатуы түсініксіз жай. Қалай дегенмен моңғолдың ұлыстық жүйесінде "Ұлы жасақтың" рөлі күшті болды.

Заң 1206 жылы басталып, 1210, 1218, 1226 жылдарғы ұлы құрылтайда толықтырылды. "Ұлы жасақ" орта ғасырлардағы көшпенді державаның ішкі және сыртқы қатынастарын реттеуге арналған негізгі заң, азаматтық және қылмыстық заң ережелерінен құралған ортағасырлық дала мемлекетінің алғашқы заң ережелері болып табылады. Заңның мәтіні қазіргі күнге дейін сақталмаған. Оның жүздеген ережелері тек Рашид ад-Дин, Жувейни, Макризи, То Жи, Ш.Нацагдорж, Сайшаал, Ринжен еңбектері арқылы белгілі болып отыр. "Ұлы жасақты" талдауда Рашид ад-Дин, Макризи еңбектеріне сүйене отырып В.Г.Вернадский де біршама еңбек сіңірді[15].

Шағатай Ұлы жасақ заңының "Сақшысы" болсын, болмасын бәрібір ол өз ұлысы шеңберінде ұлы жасақ ережелерін бұлжытпай орындауға міндетті болды. Мысалы, В.Бартольд Шағатай "Мұсылман дінін ұстанғандар құрбанға шалған малдың бауыздауын өзен суға жууға тиым салуы мұсылмандардың қарсылығын тудырды" - деп жазды[16].

Ұлыстың хан ордаларында мыңбасы нояндарынан құралған төтенше сот жұмыс істеді[17]. Моңғолдың ұлыстық әскери-мемлекеттік жүйесі қаншама қуатты болғанымен жаулап алған жұртты" ашса алақанында, жұмса жұдырығында" ұстап тұру көшпенді билеушілер үшін оңайға түспегені белгілі. Сондықтан елінің көшпенді бөлігін хан-оғландар билік жүргізетін әскери-феодалдардың (мыңдық, жүздік) құзыр билігінде қалдырды да отырықшы тұрғыны бар өркениетті (сауда жай, егін жай) өлкелерді империяның тікелей билігіне қалдырып, өкілетті билеушілер - даругачыларды тағайындады. Шағатай ұлысы қарамағындағы Мауераннахр, Самарқан, Бұқара өлкесін басқарған Махмуд Ялавач, Беха ад-Дин Маргиани, Масуд Бек  және басқалар империяның жергілікті даругачылары (әкім қаралар) болып табылады. Олар төмендегі міндеттерді атқарды: 1) Жан санағын жүргізу, 2) Жергілікті халықтан әскер тарту, 3) Уртен (почта) қатынасын реттеп жүргізу, 4) Алым-салық жинау, 5) Алынған алым-салық, сый-сияпаттарды тиісті жерлеріне жеткізу[18] . Осыған қарағанда, даругач дегеніміз империяның отар жерлердегі қол-аяғы, ондағы жергілікті билікті бас билікке жалғаушы, азаматтық және әскери жергілікті билік иесі болып табылады.

Империяның алып өлкесін басқару үшін Почта-Уртен қатынасына төтенше мән берілді. Моңғолдардың ат өртең - көшпенділік өмірдің аса таңдамалы жүйесі болып табылады. Бұл жүйенің таңдамалылығын жүйе Моңғолияның көшпенді өмірінде 720 жыл (1231-1951 ж.) өмір сүргендігінен көруге болар еді. Өртең-жол және алым-салық жүйесі мәселесі 1228 жылы Өгөдейді қаған көтерген ұлы құрылтайда шешімін тауып, Өгөдей қағанның 1231 жылғы төтенше жарлығы бойынша іске асырылды. Аталмыш жарлықта өртең жолы туралы "Бұдан былай елшілер және іс адамдары ел арасынан ат-көлік жалдап бет-бетімен жүруін реттеу үшін әр жақтағы мыңдықтардан замчин, улаачин (ямчик) бөліп, отырықшы Өртең (Уртен) кешендерін құрып, елшілер мен іс адамдары тек өртең арқылы жүретін болсын" делінген[19]. Моңғол деректеріне жүгінсек, бұл жүйені алғаш ойлап тапқан Шағатай мен Бұлқадай болған көрінеді. Сондықтан да Өгөдей қаған батыс өлкелерде өртең жолын құру ісінде Шағатайға тапсырған. Шағатай қаған інісінің бұл тапсырмасын қабыл алып Өгөдейге жазған хатында: "Мен мұнда өртең жолын құруға кірістім, біздің жолды батыспен жалғау үшін Батыға елші аттандырдым" делінген[20]. Империяның Өртең жолы жүйесі осылайша өмірге келді. Жүйе бойынша әрбір әскери екі түмен (20 мың) бір өртең кешенін құрады, негізгі жол бойындағы әрбір қырық шаршы шақырым сайын бір кешен құрылады. Кешендерді қызметшілер, ат-көлік және азық-түлікпен қамтамасыз ету ісі әскери жергілікті билікке жүктеледі[21]

Моңғол империясының Өртең жүйесі Баты-Сарай, Береке-Сарайдан Пекинге дейін 8500 км. қашықтықты жалғап тұрды. Оның 5 мың км жолы Қазақстан даласын басып өтетін болды, мұнда 124 пошта кешені қызмет жасады[22]. Мұны 1245, 1253 жылдары Қыпшақ-Қазақ даласын басып, Қарақорымға сапар шеккен Плано Карпини мен Вильгельм Рубруктың жүріп өткен маршруты арқылы аңғаруға болады[23]. Әрине, бұл міндет халыққа оңайға тиген жоқ. "Өртең заңы" бойынша жол бойындағы ең құнарлы жайылымдар Өртең малына бөлінді және Өртеңнің әрбір кешен жұмысын қамтамасыз ету үшін әрбір 15 түтін басынан бір ат, әрбір 13 түтін бір арба дайындап ғана қоймай, іс сапарда жүрген жаушы елшінің барлық даяшылығын (азық-түлік, жатар орын, үй-шатыр) жергілікті халық дайындауға міндетті болды[24].

Империя көлеміндегі алым-салық жүйесі әсіресе Шағатай ұлысы билігіндегі отырықшы жұрт үшін аса ауыр тиді. Алым-салық империялық және жергілікті екі сатыдан құралды. Империялық орталық үшін алынатын алм-салыққа хан-оғландар немесе ұлыс хандары араласпайды, олар тек тиісті салықты жинап, орталыққа жөнелтуге міндетті. Бұл істі жергілікті жерлерде қағанның әдейі тағайындаған жергілікті өкілдері - Даругачылар жауаптанды. Мысалы Шағатай ұлысы құрамындағы Мауеренахрды Махмуд Ялавач Ходженттен басқарып жиналған алым-салықты тура Қарақорымға жөнелтіп тұрды. Тек Өгөдей билігінің соңғы жылдарында Мауеренахр өлкесі Шағатайдың меншігіне (Өмчу-інжу) берілді.

Салық жүйесі 1218 жылғы ұлы құрылтайдың шешіміне орай Өгөдейдің 1231 жылғы ұлы жарлығы бойынша реттелді. Жарлық бойынша отырықшылардан өнімнің 10 пайызы, көшпенділерден әрбір 100 мал басынан 1 мал гувчуур[25]  алынды. Оның үстіне әскер жасақтау және басқадай міндеттерді атқару үшін жергілікті салық жиналды. Саудадан Кеден салығы алынды. Қол өнер кәсібімен айналысатындар әскерлерге ер-тұрман жабдықтап, қару-жарақ жасап беруге міндетті болды[26]. Онымен қоймай отырықшылар жер айдап, егін еккені үшін "Қалан" деп аталатын жер салығын төледі. Өйткені Ұлы жасақ заңы бойынша жер қағанның жеке меншігі саналады. Сондықтан Шағатай ұлысы билігіндегі отырықшы егінжай жерлер дихандарға жалға беріліп, ол үшін төлем ақы алынып отырады. Осыған байланысты тек отар халықтары ғана емес, моңғолдың өз халқының аянышты ахуалы туралы кезінде Рашид ад-Дин, Плано Карпини және басқалар жазды[27].

Мемлекет орталықтан басқарылды. Әрбір ұлыстың өз ордасы болды. Хан отырған үй ел ордасы саналды. Ұлыстың ордалары басында көшпенді жағдайда болды. Іленің оңтүстігіндегі Шағатай ордасын А.М.Жувейни "UlughEf" (Қара шаңырақ, үлкен үй) деп атады[28].

Шағатай ұлысының саяси тарихы аса күрделі жағдайда қалыптасты. Олай болуының бір себебі Шыңғыс хан ұлдарының арасында орын алған мүдде қайшылықтары салдарынан Шағатай ұлысы мен Жошы-Қыпшақ ұлысы арасындағы бақталастық тоқтамады. Бұл қарама-қайшылық екі ұлысты соғыс жағдайына әкелген тұстары да болды. Екінші бір себебі, бір ұлыс шеңберінде көшпенді қауымды хан-оғландар, ал отырықшы жұртты тікелей империя өкілдері басқаратын биліктің екі ұшты жүйесі қалыптасуында еді. Екі жүйе кейде бір-бірімен қайшылықтарға ұрынып отырды. Мысалы Шағатай ұлысының құрамындағы Мауеренахр, Түркістанды билеген империя даругачысы (губернатор) Масуд Бек Өгөдей өлгесін Батыға бағынып, Гуюг ұлы қаған сайланғасын қайта Шағатай билігіне келді. Ал Мөңке қағанның тұсында  Шағатай ұлысында басталған саяси аласапыран тұсында Масуд Бек Мөңке жағына қызмет еткені жайлы мәлімет бар[29]. Осы және басқадай күрделі оқиғаларға байланысты Шағатай ұлысы билеушілері жиі-жиі ауысып отырды. 1242 жылы[30] Шағатай өлгесін оның өз өсиеті бойынша немересі Мутуген ұлы Қара-Хүлэг билік басына келді. Бірақ 1246 жылы империя билігіне келген Гуюг қаған ханның өз ұлы тұрғанда немересі хан тағына отыруы мүмкін емес деген жарлық шығарып, Шағатайдың көзі тірі ұлы Есун-Мөңкені Шағатай ұлысының ханы деп жариялайды[31].

tCgatVFJG8o.jpg

1248 жылы Гуюг қаған өліп, Жошы ұлдарының қолдауымен империяның ұлы қаған тағына Тулуйдың ұлы Мөңке (1251-1259) келуіне байланысты Шағатай ұлысы билігінде дағдарыс басталды. 1251 жылы Мөңкені қаған сайлаған ұлы Құрылтай кезінде Қрақорымда болып, Мөңке билігін жақтаған Қара-Хүлэг Мөңке қаған жарлығымен Шағатай ұлысының ханы деп танылып, Есун-Мөңкенің көзін жою туралы тапсырма алып, еліне қайтып келе жатқан жолында Алтайда көз жұмады. Сөйтіп ел билігін әлі де ат жалын тартып міне қоймаған Мүбәрәк-шахтың атынан Қара-Хүлэгтің бәйбішесі (Мүбәрәк-шахтың анасы) Эргэнэ хатун қолына алады да, Есун-Мөңкені өлтіреді[32]. Мөңке қаған тұсында Өгөдей, Шағатай әулеті хандары Мөңкеге қарсы шыққандықтан көпшілігінің басы алынып, Шағатай ұлысының саяси ықпалы құлдырап кетті. Бұрын Шағатай ұлысының қарамағында болған бірер өлке Баты хан бастаған Жошы-Қыпшақ ұлысының билігіне өтті. Осы жайларды ескерген тарихшылар 1250-1260 жылдарды Шағатай ұлысының саяси дағдарысқа ұшыраған кезеңі деп таниды.

1259 жылы тамызда Мөңке қаған дүниеден өтуі Шыңғыс қаған әулетінің саяси өмірі әсіресе Шағатай ұлысының келешек тағдырына елеулі әсер еткен оқиға болды. Мәселе төмендегідей өрбиді.

1260 жылы Мөңке қағанның екі ұлы: Ариг-Бөк[33] Қарақорымда, ал Хубилай Кайпинде өзін империяның ұлы қағаны деп жариялайды. Шағатай, Жошы әулетінің негізгі тобы Ариг-Бөкті қолдайды. Бұл жағдаймен келіспеген Хубилай бүкіл қолмен Кайпиннен Қарақорымға қарай қозғалады. Ариг-Бөк және Аландар ноян батаған қол Хубилай қолының жолын тосып Моңғолдың Гоби даласында шайқасады. Бірақ Хубилайдан жеңіліп ендігәрі бас көтермеймін деп ағасының алдында ант-су ішкен Ариг-Бөке сертінен тайып, Қарақорымды қайта басып алады. Екінші реткі шайқаста Ариг-Бөк тағы да жеңіліп, батысқа қарай бет бұрады.

Бұл кезде Шағатай ұлысын Шағатай немересі, Байдарлық ұлы Алгуй билеп тұрды. Ариг-Бөк Қарақорымда өзін қаған сайлағанда Жетісудағы Шағатай ұлысы билігін нығайта түсу үшін оны әдейі аттандырған болатын. Алгуй мұнда келгесін  15 мың қол жасақтап, Мөңке қағанның тұсында Жошы-Қыпшақ хандығы (Алтын Орда) билеушілерінде кеткен есесін қайтара бастайды. Самарқан, Бұқарды қайтарып алып қана қоймай Алтын Орда билігіндегі Отырар, Хорезмді басып алады[34]. Сөйтіп ол тура Хубилай жағына шығады. Осы кезде Хубилайдан жеңіліп, Жетісуға бет бұрған Ариг-Бөх мұнда Алгуйдың қарсылығына ұшырайды. 1262 жылы Сайрам маңында болған шайқаста Алгуй жеңіске жетеді. Бірақ кешікпей Ариг-Бөх тобы Алгуйды Шығыс Түркістанға қарай ығыстырып, Жетісуды басып алады. Бірақ 1263 жылдың қысы мен көктемде Іле, Жетісу бойында орын алған ұлы жұт және мұндағы жергілікті халықтың қарсылығы салдарынан Ариг-Бөктің саяси ахуалы қиындай түседі. Оның мүшкіл халін сезінген Алгуй оған қарсы аттанады. Қарсы тұруға шамасы қалмаған Ариг-Бөк Алгуйдың алдын тостырып, Қара-Хүлэгтің жесірі Эргэнэ-хатун және Шағатай ұлысындағы саяси беделді тұлғалардың бірі Масуд Бекті аттандырады. Ал өзі кешірім өтініп ағасы Хубилайға барып, аяғына жығылады. Хубилай інісінің қателігін кешіріп, "Алтын ұрпағының арасына от жақты" деген айып тағып, көп адамның басын алады[35]. Ариг-Бөк 1266 жылы аурудан өлді.

Сөйтіп Алгуй Шағатай ұлысы билігіне қайта орнығып, Эргэнэ-хатунға үйленіп, өзіне қолқабысын тигізген Масуд Бекті Мауереннахрдың жергілікті билеушісі етіп тағайындайды[36].

1265-66 жылдар аралығында Алгуй өлгесін Эргэнэ-хатун өзінің Қара-Хүлэгтен туған ұлы мұсылман сеніміндегі Мүбәрәк-шахты Шағатай ұлысының хан тағына отырғызады. Хубилай бұл тағайындауды қабылдамайды. Шағатайдың шөбересі (Есен-тува - Мутуген - Шағатй ұлы) Барақты Шағатай ұлысының ханы деп таниды. Ұлы қаған жарлығына ие Барақ өзінің туған жері Сухандарияға келіп орнығады. Бұл жайсыз хабарды естіген Мүбәрәк-шах Бараққа қарсы қол бастап аттанады. Бірақ Барақтан жеңіліп қолға түседі. Мүбәрәк-шахтың одан кейінгі тағдыры беймәлім. Сөйтіп Барақ Хубилай қағанның Өзкенттегі жергілікті өкілі Мутугенді (бұл Барақтың атасымен аттас басқа Мутуген) биліктен аударып, өзін сонда Шағатай ұлысының ханы деп жариялайды. Барақтың бұл әрекетіне қарсы болған Хубилай оған қарсы Ақ Орданың бас әмірі Қоныштың[37] алты мыңдық қолын аттандырады. Бірақ саны жағынан екі есе көп Барақ қолымен бетпе-бет келуге жүрегі дауаламаған Қоныш соғыссыз кері қайтады. Барақтың ендігі негізгі қарсыласы Хайду еді. Ол Өгөдей қағанның бесінші ұлы Хашинның баласы. Ұлұғ қаған ордасында өскен әскери-аристократ. Шыңғыс қаған бірде оның ұлы әкесі Өгөдейге қаратып айтқан "Менің орнымды Өгөдей бассын. Ал егерде Өгөдей ұрпағы майға ораса ит жемейтін, бұғы аттым деп тышқан аулайтын жетесіз болып жатса, онда басқа бір мықты табылар" [38] деген өсиетін Хайду әрдайым алға тартып, өзін ұлы қағанның көзі тірі мұрагері санайды екен. Ол Мөңкенің қаған сайлауына қарсы жасалған астыртын әрекетке қатысқаны үшін Тарбағатайға жер аударылады. Жошы ұрпақтары: Баты және Берекенің көмегімен аздап қол жинап, Еміл бойы, Тарбағатайда, Қара Ертісте орнығып, бедел жинай бастаған Хайду Ариг-Бөх және Хубилай дүрбелеңі кезінде Ариг-Бөхті жақтайды. Сондықтан Хубилай қаған одан әрдайым сақтанып, Тарбағатайдың кіре берісінде Хайдуға қарсы төтенше әскери топ ұстап отырған[39]. Өзін Моңғол империясының ұлы қаған тағының негізгі мұрагері санайтын Хайду Хубилай империя орталығын Қарақорымнан Дайдуге көшіруін сатқындық деп танып, Хубилайға қарсы күресу үшін одақтастар іздестіре бастайды. Басында Хайдудың бұл қадамын Жошы-Қыпшақ державасы хандары, Шағатай әулетінің басқадай хан-оғландары қолдағанымен Хубилай Қытайды түгелімен басып алып, саяси-стратегиялық мүмкіндігі арта түсуіне байланысты орталыққа қарсы әрекетінен қорытынды шықпайтынын түсінген Хайду бұдан былай Шыңғысхан ұрпақтарының Орталық Азиядағы мүмкіндігін нығайтуға бет бұрады.

1200px-CoronationOfOgodei1229.jpg

Сөйтіп ол Орталық Азиядағы Моңғол ұлыстары өкілдерінің біріккен құрылтайын шақыру үшін татуластықтың белгісі ретінде немере інісі Қыпшақты тиісті тарту таралғысымен Бараққа аттандырады. Барақ Хайдудың елшісін тиісті сән-салтанатымен Самарқанда қабылдап, ымыраластыққа дайын екендігін білдіреді.

Сөйтіп көптен күткен құрылтай 1269 жылы, Вассафтың жазуы бойынша Катван жазығында, ал Рашид ад-Диннің деректемесі бойынша Талас бойында өтеді[40]. Рашид ад-Диннің мәліметі бойынша Құрылтайға Алтын Орданың ханы Мөңке-Темір қатысты делінеді. Бірақ басқадай деректер мұны растай алмайды. Шынымен де бұл кезде кемеліне келіп, державалық деңгейге жеткен Алтын Орданың бас билеушісі әлі де толық орныға алмай жатқан Хайдудың шақыруымен мұнда келе қоюы екіталай. Моңғол деректері құрылтайға Алтын Орда өкілдері қатысты деп жазады[41]. Ал Қырғызстан тарихшысы О.Караевтың сөзіне сенсек, "Құрылтай Хайдудың басшылығында өткен және оған Барақ, Мөңке-Темір, Қыпшақ, Беркечарлар қатысқан" [42] делінеді. Қалай дегенмен құрылтай Шағатай ұлысының қазіргі билеушісі Барақ және бұл билікке бас үміткердің бірі Хайду екеуінің тайталасында өтеді. Екеуі де өз есесін жіберіп алмауға тырысты. Ақыры Мауереннахр өлкесінің үштен екі бөлігі Бараққа тиді де қалған өлке Сырдария, Ферғанамен қоса Хайдудың билігінде қалды. Бұл іс жүзінде Хайду мемлекетінің құрылуы болып табылады. Хайду мемлекеті билігіне бұрынғы Өгөдейге тиісті өлке, Жетісу, Сырдария, Ферғанаға дейінгі жерлер кірді. Мауереннахрдың егінжай отырықшы жерлерін басқару бұрынғысынша Масуд Бекке тапсырылды. Масуд Бектің екі ұлы да бұл жолы үлессіз қалмады. Құрылтайдың соңында кеше ғана өзара қақтығысып келген тараптар келешекте қоян-қолтық, бейбіт-қатар, тату-тәтті өмір сүрмекке ант-су ішісіп тарасады.

Бірақ бұл ымырашылдық ұзаққа созылмады. Құрылтайдың тапсырмасы бойынша Барақ 1270 жылы Хүлэг (Хулағу) әулетінің билеушісі Абақаханға қарсы жорыққа аттанады. Бірақ командалық құрамы арасында бірлік болмай Қыпшақ және Жапар фронтты тастап кетеді. Сол жылы Герат түбінде болған шайқаста жеңіліске ұшыраған Барақ еліне қайтып оралғасын аурудан көз жұмды.

Сөйтіп Хайду Орталық Азиядағы Шағатай ұлысының жеке дара билеушісіне айналады. Ол Барақтың орнына немере інісі Нықпайды (Сарбанұлы) тағайындайды. Үш жылдан соң ол да өліп орнына Шағатайдың жетінші ұлы Хаданның ұлы Бұқа-Темір тағайындалады. Ақыры ол да өліп, Барақұлы Дува Шағатай ұлысының билеушісі болады.

Хан Дува бытыраған жұртының басын біріктіріп, әлеуметтік жағдайды тыныштандыруға бағытталған шаралар жүргізді. Дува тұсында Ферғанада Андижан қаласының іргесі қаланды. Батыс, шығыстағы елдермен ара-қатынастарын реттеу, сауда жолын ашу үшін ол Қытай, Алтын Орда, Иранға елшілер аттандырады. Орталық Азиядағы соғыс кезінде қираған қалаларды қайта тұрғызу ісі басталды. Бұқара қаласы қайта тұрғызылады. А.М.Жувейнидің "Бұқара мұсылман әлемінің ең көрікті қалаларының бірі"[43] осы деген сөзі осы кезеңге жатады. Жамал Карши Дува хан туралы "Ол ұжмақ елінің тірегі" деп жазды[44]. Бірақ Хайду және Шағатай ұлысы күш-қуат жинап, империялық орталықтан тәуелсіз саясат жүргізе бастауы империя билеушісінің наразылығын тудырды.

Хубилай қаған Алтайдағы Ширек және Тук-Тимур (Хубилайдың інісі) "қақтығысын басу" деген атпен сайлауыт әскери тобын аттандырады. Олар 1290 жылы Алтайды асып келіп негізі Енисей қырғыздарынан құралатын, ол кезде Хайду билігінде болған 3 мың отбасын басып алады. Хайду Тутукке қарсы Болаша бастаған әскери тобын аттандырады. Хайду тобы Тутукке төтеп бере алмай жеңіліп, қолбасшысы қолға түседі.

1294 жылы Хубилай қаған өлген соң таққа отырған Темір батыс әскери тобының қолбасшысы етіп Тутуктің ұлы Жуанурды тағайындайды. 1299-1301 жыл арасындағы Жуанур мен Хайду қолы арасында болған үш ірі шайқаста жеңіс пен жеңіліс алма-кезек болады. Ақыры Жуанур қолы оңтүстік Алтайда Хайду және Дуваның біріккен қолына ауыр соққы береді.

1303 жылы Хайду хан өлген соң Хайду ұлысы хан ордасында тақ таласы басталады. Дува ханның тікелей көмегімен Хайдудың тұңғыш ұлы Жапар Емильде хандық билікке көтеріледі. Бірақ түрлі қарсылық әрекеттердің салдарынан билікті ұстап тұра алмаған Хайду әулеті хандары Дуваның бас билігін мойындауға мәжбүр болады.

1307 жылы Дува өлген соң Алмалыққа жақын Себкун қалада Дуваның ұлы Қонжық әке тағын жалғастырады. Бірақ бір жылдан соң өліп билік Өгөдей ұрпағынан тарайтын Тәліктің билігіне өтеді. Мұсылман дініне шын берілгендігі үшін Қызыр-ата атанған Тәлік Дува ұлдарына қысымшылық көрсете бастайды. Ақыры Кебек бастаған Дува ұлдары Тәлікті өлтіріп, Есенбұқаны хан сайлайды. 1318 жылы Есенбұқа өлген соң Дува ұлы Кебек хан тағына отырады да ел астанасын Іледен Мауереннахрдағы Нахшеб қаласына аударып, Қарши[45] деп аталатын хан ордасын тұрғызады. Ол осы ордассында ақша реформасын жүргізді. Күміс ақша - динар, хар - хем теңгелер шығарды.

Кебек хан тұсында Хайду-Шағатай ұлысы Самарқанда "Түмен" (он мыңдық) деп аталатын аймақтар, ал Қашғарда "Орчин" деп аталатын кіші өлкелер құрылып, оларды Түрік-моңғол тегінен шыққан жергілікті өкілдер басқаратын болды. Кебек хан пұтқа табынды, бірақ мұсылман дінінің таралуына қарсы болмады. Сондықтан оның ұрпақтары мұсылмандыққа бой ұсына бастады.

Бұл кезде Шағатай, Өгөдей ұрпақтары әлдеқашан түрікке айналып кеткен еді. Ибн Батутаның анықтауынша, ол түрік тілінде сөйлейтін болған көрінеді. 1333 жылы Тармаширин[46] ордасына келіп, 54 күн болған Ибн Батута Шағатай-Хайду мемлекетінің саяси өмірінің соңғы жылдары жайлы қызықты деректер қалдырған. "Түркістан сұлтаны Тармаширин, - деп жазады Ибн Батута, - жойқын қарулы қолы, кең өлкесі бар және өз әкімшілігінде үлкен беделге ие болған аса қуатты билеуші. Оның иелік еткен аймағы әлемнің төрт ұлы билеушісі: Қытай, Үндістан, Ирак және Өзбек хан (Алтын Орда, - З.Қ.) елімен шектесіп жатыр, олардың барлығы да Тармаширинге сый-сияпат келтіріп, сыйластықпен қарайды екен"[47].

Ибн Батута Түркістанда діни сенімнің қаншалықты қуатты екендігі туралы төмендегідей үзінді келтіреді. "Біз намазға Тармаширинмен бірге барып тұрдық. Бір күні оның бір қызметкері Тармашириннің намазға отыратын орнына келіп тұрды да имамға қарап "біздің құдыретті патшамыз сізден ол дәрет алып біткенше намазды сәл кідірте тұруыңызды өтінеді деді. Сонда имам оған парсы тілінде "Намаз Тармаширин үшін емес Құдай үшін оқылады деді де намазшыға "екінші сүреңді бастай бер" деді. Кешікпей Сұлтан кіріп келді де ізет көрсетіп имамға қол берді де орнына отырған соң маған "Сен еліңе оралғасын бишара парсының өзі түрік сұлтанымен (бұлар өздерін әлдеқашан түрік санап кеткен, - З.Қ.) қалай қатынасатынын айта барғайсың" – деді, деп жазды Ибн Батута[48].

Тарихи деректерде Тармаширин өзіне қарсы 1335/1336 жылғы бас көтеруде өлтірілді делінетін деректі жоққа шығарады. Ибн Батута 1347 жылы Үндістанның Шираз қаласына барғанда Тармаширинді қайта кездестіргені туралы жазады[49]. Бұл біздің тарихи айналымға әлі де кіре қоймаған дерек. Біз Ибн Батута еңбегі арқылы Хайду-Шағатай ұлысы хандары мұсылман дінін тұтып, түрікше сөйлейтіні туралы сенімді дерек көзін ала аламыз.

Тармаширинге қарсы көтерілісті Кебектің ағасы Дурра - Темірдің ұлы, католик дінін тұтушы Бузун бастаған еді. Ол Тармаширинге "Кәпірдің дініне сеніп, Шыңғыс қағанның Ұлы жасақ заң ережелерін бұзды" деген айып таққан. Бузун ел орталығын қайтадан Алмалыққа аударады. Бірақ ол бір жылдан кейін өліп орнына Дуваның немересі Жанкешті (Дженкиш) отырады. Оны өзінің туған інісі Есен-Темір өлтіреді. Сөйтіп Шағатай ұлысында саяси дүрбелең қайта басталады да Қазан ханға дейін төрт хан өлтіріледі. 1346 жылдары Шағатай ұлысы, Хайду мемлекетіндегі ішкі саяси қайшылықтар шектен шығады. 1346 жылы Қазаған бек Шағатай әулетінен қалған ең соңғы ханы Қазан ханды өлтіру оқиғасымен Шағатай ұлысы Хайду мемлекетінің саяси тарихы аяқтады.

Шағатай ұлысы, жалпы Моңғол империясы көлемінде отырықшы мәдениетті жақтайтын және әскери-бюрократиялық күштің қолдауымен көшпенді мемлекет құруды жақтайтын екі бағыт әуелден-ақ текетіресіп келген еді. Дува хан, Кебек хан Тармаширин бастаған күш бірінші бағытты қолдады, қала тұрғызды, әкімшілік және ақша реформасын жүргізуге тырысты. Олардың бұл бағыты әрдайым көшпенділікті қолдайтын екінші бағыттағылардың қарсылығына ұшырап отырды. Ирандағы Хүлэг жүйесі және Жошы - Қыпшақ  ұлысында (Алтын Орда) негізінен отырықшылық салты басым болса Шағатай ұлысы екінші бағытты қатаң ұстанды. Қара-Хүлэг, Есен-Бұқа, Хайду қатарлы тұлғалар әскери-бюрократиялық жүйеге сүйенген көшпенділік бағытты қолдады. Бұл қайшылықтың ақыры Шағатай ұлысы, Хайду мемлекетін екіге бөліп тынды. Оқиға 1346 жылы болды. Шағатай ұлысы, Хайду мемлекеті шығыс және батыс болып екіге бөлінді. Олардың шекарасы Балқаш көлі жүйесі арқылы өтетін болды. Мауереннахрға сүйенген батыс бөлімі біраз уақыт "Шағатай ұлысы" атын сақтап келді. Шағатай жазуы, тіл мәдениеті осы өңірде өмірге келді. Ал шығыс бөлімінде бұрынғы Моңғол ат-атауы сақталып "Моғолстан" атанды. Орталығы Жетісуда болды. Моғолстан тарихын жеке зерттеген тарихшы К.А.Пищулина Моғолстан мемлекеті ежелгі Батыс түрік қағанаты, Қарахан, Қыпшақ мемлекеттері сияқты Қазақстан мемлекетінің қалыптасуына елеулі ықпал еткен эталон деп таниды[50].

Шынымен де қазақ халқы, Қазақ мемлекетінің қалыптасуына Шағатай ұлысы, Моғолстанның қосқан үлесі бар.

Біріншіден аталған мемлекеттер Қазақстан территориясының оңтүстік-шығыс аймақтары территориясында құрылды. Екіншіден қазақ ұлты, Қазақ мемлекетін құраған басты-басты тайпалар: үйсін, дулат, қаңлы, албан, суан, қоңырат, найман, жалайырлар аталған мемлекеттердің халқының негізгі тобын құрады. Шағатай ұлысы, Хайду мемлекеті, Моғолстан аталған территорияда, тұрғын халықтың басын күшпен біріктіру арқылы құрылған, төменде тірегі жоқ саяси қондырғылар болатын. Сондықтан да Шағатай ұлысы бар-жоғы 120 жыл (1226 -1346), ал, Моғолстан мемлекеті 160 жылдай (1346 -1514 ж.) салтанат құрып тарихтан өшіп кетті де, олардың билігінде болған жергілікті жұрт атамекендерінде қала берді. Әрине бұл заңдылық, өйткені аталған екі мемлекеттің қай-қайсысы да, ғасырлар бойы жасап келген жергілікті халықтың төл туындысы емес еді.

image001.jpg

Зардыхан Қинаятұлы

    «Туған өлке-Родной край» журналы, 2004, №2, 3

     Дереккөз: "Тарихққа көзқарас"

    Jebeu.kz


[1]. Тизенгаузен. В.Г. Т.Қ.Қ., 41-б.

[2] . Монголын нууц товчоо. 254-255 бап.

[3]. Шағатайдың туған жылы туралы түрлі болжамдар бар. Қайсыбір авторлар оның туған жылының орынын бос қалдырған. Осы мақала авторы моңғол деректеріндегі шығыстың жыл қайыру үрдісіне сүйене отырып, өзінің "Қазақ  мемлекеті және Жошы хан" (Астана, 2004 ж.) атты еңбегінде 1183 жыл деп анықтаған.

[4] . Оссон. Д. От Чингисхана до Тамерлана. – Алматы, - 1996, с.77.

[5].  Монголын нууц товчоо. 242 бап.

[6] . Владимирцов Б.Я. Общественный строй монголов. - М-Л:, 1934, с.11;  Кычанов Е.Н. Жизнь Тэмучжина, думавшего покорить мир. - М., 1985, с.138-б. 

[7] . Нацагдорж Ш. Чингис хааны цадиг. - УБ., - 1991, 201-206-бб.

[8] . Бартольд В.В. Тюрки: Двенадцать лекций по истории турецких народов Средней Азии. - Алматы, 1998, с.139.

[9] . БНМАУ-ын түүх. Гурван боть. Тэргүүн боть. - УБ., 1966, 335-б.

[10]. «Guge»-моңғолша шапшаңдықты, жеделдікті білдіретін ұғым, сондықтан оны қазақша "Күйік" деп атау, жазу қате деп танимыз

[11] . Путешествия в Восточные страны Плано Карпини и Гильома де Рубрука. - Алматы, 1993, сс.126-127.

[12] . Бартольд В.В. Тюрки: Двенадцать лекций по истории Турецких народов Средней Азии. - Алматы, 1998, с.139.

[13] . Моңғолдың "зарлиг" (орыс. ярлык) сөзі қазақтың "жарлық" сөзімен мағынасы бірдей. Қазірде моңғолдар "зарлиг" сөзін заңдық акт мағынасында қолданады.

[14] . Вернадский Г.В. История России: Монголы и Русь. - М., 2001, с.115.

[15] . Бұл да сонда. сс.111-134 .

[16] . Бартольд В.В. Очерки Семиречья. ҚҚСоч., Т.Қ.Қ. Ч. І, М., 1963, с.61.

[17] . Владимирцев Б.Я. Общественный строй монголов. - М-Л., 1934, с.117.

[18] .Бартольд В.В. Туркестан в эпоху монгольскогонашествия. ҚҚСоч., Т.І. - М., 1963, сс.468-469.

[19].  Монголын нууц товчоо. 278, 279 бап.

[20] . Ол да сонда. 279 бап.

[21] . Ол да сонда. 280 бап;  БНМАУ-ын түүх. Гурван ботийн тэргүүн боть. -УБ., 1966, 328-333-бб.

[22]. Тарихи деректерде мұндай ашық есеп көрсетілмеген. Мұнда көрсетілген есептер тарихи жағрафиялық карта арқылы автордың жасаған есебі болып табылады. 

[23] . Путешествия в Восточные страны Плано Карпини и Гильома де Рубрука. - Алматы, 1993, сс.88-140; 162-165 . 

[24]. Юань Ши. Өртең заңы туралы. 16, 36 дәптер.

[25]. Моңғолдың "Албан гувчуур" сөзі  қазақша тура алым-салық деген мағына береді. 

[26]. История Узбекской ССР. 1967,  сс.426-427.

[27]. Рашид ад-Дин. Сборник летописей. Т:Қ.Қ. с.121;  Путешествия в Восточные страны Плано Карпини и Гильома де Рубрука. - Алматы, 1993, сс.128-129.

[28] . A.M. Juvaini, Genghis khan: The History of the World Conqueror, trans7 b J.A.Boule (Manchester: Manshester university Press). 7 - 1997, p.504.

[29] . Бартольд В.В. Тюрки: Двенадцать лекций по истории турецких народов Средней Азии. - Алматы, 1998, с.141.

[30]. Рашид ад-Дин, О.Караев және басқадай кейбір зерттеушілерШағатай 1241 жылы өлді деп хабарлайды. Караев О. Чагатайский улус. Государство Хайду Моголстан. - Бишкек, 1995, с.18. Біз мұнда моңғол деректеріне жүгініп 1242 жылға тоқтадық.

[31] . О.Караев. Чагатайский улус. Государство Хайду Моголстан. - Бишкек, 1995, с.19.

[32] . Рашид ад-Дин. Сборник летописей. Т.Қ.Қ. сс.97, 130.

[33] . Қазақша жылнамаларда бұл есім "Арық Бұқа" деп жазылады. Бұл атаудың мағынасына сай емес, моңғолша "Ариг-Бөх" сөзі "Парықты күш иесі" деген мағынаға жақын. Сондықтан біз атауды тіл, моңғол айтылымы бойынша қолдандық.  

[34].  Бартольд В.В. Тюрки: Двенадцать лекций по историиТурецких народов Средней Азии. - Алматы, 1998, с.142.

[35] . БНМАУ-ын түүх. Гурван ботийн тэргүүн боть. -УБ., 1966, 286-б.

[36] . Рашид ад-Дин. Сборник летописей. -М-Л., Т.Қ.Қ. сс.97, 161, 165;  О.Караев. Чагатайский улус. Государство Хайду. Моголстан. - Бишкек, 1995, с.20.

[37].  Қоныш (қаз. Қойшы)  Жошының тұңғыш ұлы Орда Еженнің тұңғышы Сартақтайдың ұлы, Ақ Орда билеушісі. Ақ Орданың әйгілі ханы Баянның әкесі.

[38] . Монголын нууц товчоо.  258 бап.

[39]. Юань Ши. Ши Тян-миннің өмірбаяны.

[40]. Бартольд В.В. Туркестан в эпоху Монгольского нашествия. Соч.., Т. 1. - М., 1963, с.582.  

[41]. Д.Майдар. Чингис хаан ба Монголын Их гүрэн. -УБ., 1990, 100-б.

[42]. О.Караев. Чагатайский улус. Государство Хайду. Моголстан. -Бишкек, 1995, с.22.

[43]. А.М.Juvaini Gengis khan: The History of the World Conqueror, trans. J.A.Boule (Manchester: university Press. 1997, р.428.

[44]. Д.Майдар. ЧингисхаанбаМонголынИхгүрэн. -УБ., 1990, 101-б.

[45].  Ұұл да сонда. 100-б.

[46] . Кейбір деректерде Тармаширинді Кебектің анасы деп жазады. Ибн Батута оны "Сұлтан" деп жазды.

[47].  Ibn Batuta, Travels in Asia and Africa: 1325-1354, translated and selected by H.A.R. Gibb (London publischers, 1983, рр.172-173.

[48]. Бұл да сонда. 173-б.

[49] . Ол да сонда. Ү бөлімге арналған анықтамадан көре аласыз. 359-б.

[50] . Пищулина К.А. Юго-Восточный Казахстан в серединеХІҮ-ХҮІ веков. (Вопросы политической и социально-экономической истории). - Алма-Ата. - 1997, с.34.


Алаш Көсемі абақтыда жазған мақалаларына «V» деген лақап ат қойған
ШЫҒЫС ҚАЗАҚИЯДАҒЫ ҚАЗАҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫ