Қытай консулдығы: Арыздарыңызды қабылдауға есігіміз ашық

Уақыты: 2018-05-05 Көрлімі: 498 Сипаттама

3 мамыр күні ҚХР-ның Алматыдағы бас Консулдығы Шыңжаңдағы жағдайға байланысты зардап ш...

c07b681ba18f4ee627a2268654b1aca6.jpg

3 мамыр күні ҚХР-ның Алматыдағы бас Консулдығы Шыңжаңдағы  жағдайға байланысты зардап шеккен қандастарды қабылдап, өзара пікір алмасты. Қабылдауға «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің 11 кеңес мүшесі мен басқа қоғамдық ұйымдардың басшылары, туыстары саяси үйренуге кірген, жақындары Қытайға барып елге қайта алмай екіге бөлінген отбасы мүшелері, демалыста барып қайта алмай қалған студенттердің жақындары сияқты 24 адаммен жалпы 35 азамат кірді. Қытай Консулдығы жағынан Бас консул бастаған 9 адам қатысты.

Бұған дейін де осы тақырып бойынша кездесулердің өткенін, бұл соның жалғасы екенін, кездесу екі жақты бір-бірін түсінуге жетелейтін болғандықтан бір ой, бір ниетпен келіп отырмыз деп сөзін бастаған ҚХР-ның Алматыдағы бас консулы Чжань Вэй мырза: «Бірінші, Қытайдан келген оралмандар екі елдің байлығы, қарым-қатынастың дәнекері, достығының кепілі. Екінші, екі елдің достығы тым ертеден басталған. Басшыларымыздың  да достық қарым-қатынасы өте жақсы. Өздеріңіз естіп жатқан шығарсыздар, жақыннан бері Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен ҚХР-ның Елшілігі мен Консулдығы тығыз қарым қатынаста, бұл мәселелер жайында ақылдасып, пікір алысып жатқан жәйі бар. Екі ел дипломатиялық қарым-қатынас орнатқаннан бері Қытайдан келген оралмандар екі елдің достығына жақсы ықпал етті және маңызды орны бар деп санаймын. Екі елдің достығында екі елдің мүддесі де, Қытайдан келген әрбір оралмандардың да мүддесі бар. Екі елдің достығын бағаламайтын, екі елдің достығын бір-біріне қарсы қоятын әрқандай әрекет дұрыс емес деп санаймыз. Ол екі елдің достығына зиянын тигізеді.  Біз ондайлардан екі елдің  достығын қорғаймыз, достыққа зиян келтіретін әрекеттерді айыптаймыз. Екі елдің достығын қорғау өз мүдделеріңізді қорғау деген сөз. Үшінші, Шыңжаң мәселесіне тоқталсам, Қытайдағы ең көп ұлт қоныстанған, ұлттар ынтымағы сақталған өлке. Шыңжаңның дамуы мен көркейіуі,  тұрақтылығы екі ел үшін де, ондағы және осында келген қазақтар үшін де, тіпті өңірлік саясат үшін маңызды және ерекше сипатқа ие болып табылады. Белгілі күрделі себептерге байланысты Шыңжаңның орнықтылығын сақтау мен оның дамуын ары қарай қамтамасыз ету үшін ҚХР тиісті шаралар жасады, тіпті қатаң шаралар жасауға дейін барды. Бұл біздің қазіргі мойындауға тиісті фактіміз. Кейбір мәселелердің шешім табуы нақты уақытты қажет етеді, сондықтан сіздердің сабыр сақтауларыңызды үміт етемін. Төртінші, Консулдықтың қызметіне тоқталсам, Консулдықтың міндеті ҚХР саясатын атқару, мүддесін қорғау, сонымен бірге Қытайдан келген мұһажырлардың(қандастардың) мүддесін қорғау және мәселесін шешу. Нақты мәселелер бойынша арыздарыңызды жазсаңыздар шешу жолын қарастырамыз, өз қолымыздан келмегенді құзырлы орындарға жеткізіп отырамыз. «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі арқылы түскен 60 хатты Шынжаңға жіберіп бердік. «Жебеу» арқылы да, өзімізге келіп те арыз-шағымдарыңызды берсеңіздер қабылдаймыз, арыз-шағымы бар адамдарға Консулдықтың жұмыс күндерінің бәрінде есігіміз ашық. Осында тұратын ҚХР азаматы болып табылатын азаматтар арыз-шағымын бізден басқа кімге бермек? Қытайдағы туыстарыңыз туралы арыз-шағым болса, Елшілік пен Консулдықтың қызметіне жүгініңіздер»,- деп өз сөзін 4 мазмұнға бөліп айтты.

Бас консулдың баяндамасынан кейін қандастар шетінен өздерінің мәселерін өз ауызымен айтты. Консулдық айтылған пікірлер бойынша бар жағдайды, өтініш ретінде қабылдап Шыңжаң билігіне жеткізуге  уәделерін берді. Сонымен бірге қандастардың жағдайы бойынша түсінік беріп, Шыңжаңдағы істер заң аясында болып жатыр деп сөзін түйіндеді. Оған жиналған көпшілік те, жебеуліктер де өз пікірлерін айтып, кей мәселелердің заң аясынан шығып кеткенін, тіпті екі елдегі қазақтар бір-бірімен хабарласа алмай  отырғанын жеткізді.

Консулдық қазіргі кезде қос азаматтық пен зейнеткерлер мәселесі ең өзекті мәселеге айналғанын айтып, қос азаматтық пен тіркеуден шығу мәселесі бойынша, ҚХР қос азаматтықты мойындамайтындығын, азаматтардың бастарында заң бұзушылық болмаса, өтініштерін қабылдап, ҚХР тіркеуі мен азаматтығынан шығаратынын айтты. Осыған дейін 625 адам қытай азаматтығынан шығарылған, наурыз айынан бері 366 адамды тіркеуден шығарғанын айтты. Қазіргі кезде осындай жағдайдағы адамдар көп және мәселе күрделі болуына қарай азаматтардың өтінішін орындау біраз уақыт созылатынын, азаматтардың сабыр сақтауын өтінді. Сонымен бірге, ҚХР-ның "Азаматтық туралы" заңы бойынша қазіргі мемлекеттік қызметтегі жүрген адамдар мен әскери адамдардың ҚХР азаматтығын бас тарту құқы жоқ екенін, ережелер мен заң бұзған партия мүшелері мен мемлекеттік қызметкерді қызметтен алып тастау, партиядан шығару, зейнетақысын тоқтату сияқты қатаң шараларға дейін баратындықтарын айтып, қазіргі жағдайыдың бәрін өз заңдарына әкеліп тіреді. Әрине бұның бәріне қандастарымыз қарсы пікірлерін білдірді. Ал, олар егер өздеріңіз де заң бұзушылық болмаса жұмыс жасаған мекемелеріңіздің үстінен одан жоғары мекемелерге, тіпті прократураға арыз берулеріңізге болады деді.

Әр екі жақ өз пікірлерінде болса да кездесуде бір-бірін тыңдап, өзара сәтті пікір алмаса алды. Қытай жағы бұл кездесулердің осымен тоқтамайтындығын, бұдан зор көлемді кездесулер өткізге пейілді екендерін білдірді. Жиналған көпшілік қолдарындағы арыздарын Консулыдыққа өткізіп, өтініштері бұл жолы орындалмаса жалғасты өтінштерін беретіндігін айтысып қайтты.

Қытайдағы қандастар мәселесі шешімін таппай тұрған қазіргі сәтте мұндай кездесулердің жиі болып тұрған құба-құп.  Әр екі жақ бүкпесіз бір-біріне өз дәлел-дәйектерін жеткізді. Консулдық өз міндетіне сай Шыңжаң билігінің жүргізіп отырған саясатын бірден  теріске шығара алмаса да, бар мәселені жеткізетіндерін айтқанын жаздық. Осы кездесуде арызын кіргізген азаматтардың өтініштері қаралып, арғы беттегі қиналған қазақ елге оралса, Шыңжаңдағы қандастар мәселесі шешімін табар деген әр азаматта үміт те, нәтижесі қалай болар деген күдікте болары анық.

Jebeu.kz

 


文章评论

    共有条评论来说两句吧...

    用户名:

    验证码:

ҚР Ішкі істер министрлігінің Көші-қон комитетінен жауап
"7-20-25" бойынша баспана алу үшін жалақы қанша болуы керек?