Жошы хан аты затына сай алланың әмірімен біздің Боржығындарға келген қонақ екен. Міне ол тәңіріне қайтып аттанып кетті (Тұңғышы Жошының өлімі туралы анасы Бөрте-еженге естірткен Шыңғыс қаған жарлығынан).
Шыңғыс ханның некелі бәйбішесі Бөрте-еженнен[1] туған түңғышы Қыпшақ даласының алғашқы ханы Жошы – XIIІ ғасырдың басында Евразия даласында салтанат кұрған Моңғол империясының тарихында елеулі рөл атқарған белгілі тұлға. Ол:
– Алғаш 1202 жылы Тэмужин қолының сол қанатын бастап татарларға қарсы аттанады. Қолға түскен татарлардың бір тобын тірі жібергені үшін әкесінен сөгіс естиді.
– 1207 жылы Шыңғыс ханның батыс қолын бастап Орман елі және кара-қырғыздарды кантөгіссіз қолға түсіргені үшін әкесінен алғыс алады.
– 1211 жошы шүршіттің Цзин (Алтын) еліне қарсы аттандырған жорықта інілері Шағатай, Өгедеймен бірлесіп, сол елдің батыс шебіндегі Юун ней, Дун шэн, Юу Вэй, Сэбэжей тайпасын бағындырады. Екі жылдан соң Дайхан Шань тауын асып шүршіттің және 27 тайпасын өзіне қаратады.
– 1216 жылы қарақырғыздар және Орман елінің көтерілісін орнықтырады.
– 1219 жылы Сартуулға[2] қарсы жорықта дарабоз Жебемен бірлесіп Шыңғыс қолының кақтығыс салу (диверсионный) тобын бастап Хорезм жеріне алғаш аяқ басады.
– 1219 жылы күзде Отырар қаласын қоршауға алу операциясының алғы шебінде болады. Операцияны аяқтамай әке жарлығымен Сырдария бойын жаулап алуға аттанады. Аталмыш жорықты табыспен аяқтайды.
– 1224 жылы көктемде інілері Шағатай, Өгедеймен бірлесіп Үргенші каласын басып алады. Бірақ операция кезінде інісі Шағатаймен тіл табыса алмай, әкесі және інілеріне өкпелі ол Сырдан өтіп, казақтың қазіргі ұланғайыр даласына іргесін бекітіп жатып алады. Қайтып атажұртына оралмай сонда қайтыс болады. Даңқты қолбасшы Жошы өз көзінің тірісінде әлемнің 60 қамалын бұзып, 200 қаласын қолға түсірген.
– Жошының екінші ұлы Баты Шығыс Европаның көптеген елін басып алып, Адриатика жағалауына жетеді. Баты бастаған Жошы ұрпақтары Қыпшақ даласында Жошы-Қыпшақ державасының ірге тасын қалады.
Міне, Жошының өмірі мен ерлігінің қысқаша баяны осылай. Бірақ ол Шыңғыс ханның тұңғыш ұлы, белгілі қолбасшы, әрі батыр, әскери сыналған стратег бола тұра Шыңғыс өлгесін шығыс үрдісі бойынша әке орнын неге баспады? Әйгілі Батыдай азулы қолбасшы ұлдары бола тұра Жошы үрпағынан неге ұлы хаған[3] шықпады? Жошы, Шағатай, Өгедей бір әкенің баласы бола тұра олардың ұрпақтары неліктен бір-біріне қаны қарсы бодды? Жошының өлімі төңірегінде алып қашпа сөздер неге соншама көп? Шыңғыс әулетінен шыққан белгілі адамдарды «Их өтөг» – те[4] жерлейтін ұлы мирас бола тұра Жошы ұрпағының бірде-бірі неге онда жерленбеген? Міне, осы сауалдарға тарих әлі толық жауап бере алмай келеді. Бұрын-соңды Шыңғыс ханның өмірбаянын, оның жаугершілік тарихын жазған тарихшылар тарихтың салмақ тасын Шыңғыс қаған жағына аудара бергендіктен, оның ұлдары және кейбір серіктестерінің өмірінің кейбір тұстары ескерусіз қалып отырды. Біздің аңғаруымызша Шыңғыс әулеті тарихының сондай қалтарысты немесе ақтаңдақ тұстарының бірі Жошы ханның өміріне байланысты жоғарыдағы сауалдар.
Біз тарихи деректер, әсіресе моңғол жазбаларын зерттеп, зерделей келе жоғарыдағы сауалдар төңірегіндегі жұмбақтың түпкі сыры Жошының ата-тегінде жатқан жоқ па деген ойға келдік. Сондықтан осы мақаламызда ұлы Шыңғыстың үлкен басын кішірейтпей-ақ, Жошы ханның ата тегін тектеуге тырысамыз.
XI ғасырдың соңы, XII ғасырдың басында қазіргі Моңғолия үстіртінде түрік, моңғол және тунгус тайпа бірліктері қоян қолтық өмір сүріп жатты. Олардың өмір сүру салты, ахуал-тұрмысы, тілі мен мәдениеті өзара ұқсас еді. Этно салтында да белгілі жақындықтар болды. Мысалы тайпа асып құда түсу деген өзара ынтымақты нығайтып қана қоймай, ру-тайпалар бірлесіп бейбіт қатар өмір сүруінің бірден бір ұйтқысы саналатын.
Көшпенділердің осынау үрдіс салтын мирас тұтқан Хамаг моңғолдың тайпа басы, әрі батыры Есукей тұңғышы Тэмужинге оның нағашы жұрты олхунуд тайпасынан қыз айттырып, құда түсуге аттанады.
Бірақ әкелі-балалы екеуі олхунудтарға жетпей, жолда Цэгцэр Чихаргу деген мекенде отырған қоңырат тайпасының тайпабасы Дэй шешенге ұшырасып, оның қызы Бөртеге кұда түседі. Бұл кезде бала Тэмужин 9 жаста, Бөрте қыз 10 жаста екен[5]. Шығыс салтымен ұлын кайын жұртында қалдырып, ауылына қайтқан жолында әкесі Есукей қайтыс болады. Бұл 1171 жылдың күзі.
Ал Тэмужин Бөрте екеуінің алғаш үйленген жылы туралы мәселеге келсек, «Моңғолдың құпия шежіресі», «Алтан товч» және Шыңғысты зерттеуші Рашид-ад-Дин, А.Жувейни, Н.Березин, Д.Оссонның қай-қайсысы кесіп айта қоярлықтай дерек қалдырмаған. Тек белгілі шығыстанушы Лев Гумилев Тэмужиннің 11 жасында інісі Хасармен бірлесіп бауыры Бектірді атып өлтіргені, Жамухамен анда (дос) болғаны туралы кейбір мәліметті сабақтап талдау жасау арқылы және қытай тарихи жазбаларына сүйене отырып, үйлену уақыты 1178-1179 жылдары болғанын және тұңғышының тууын үйленгеннен кейін бір жарым жылдан соң күту табиғи құбылыс деп көрсетеді[6].
Бұл туралы тоқетер дерек қалдырған жалғыз еңбек Саган Сэцэннің 1663 жылы жазылған «Эрдэнийн товч» деп аталатын тарихы. «Тэмужин сарғыш ит жылы (1178) 17 жасында Бөртеге үйленген» деп жазады Саган Сэцэн[7]. Бөрте Тэмужиннен бір жас үлкен екенін ескерсек, 1178 жылы алғаш үйленгенде Бөрте 18 жаста болса керек.
Екі жастың үйлену рәсімі өтісімен Есукей ауылы Бурх Эрэг деген жаңа жұртқа қоныс аударады. Бірақ бұл жаңа қоныс жас жұбайлар үшін соншама жайлы болмады. Осы жұртта Тэмужин ауылын жалғыз түнде меркіттер таңдамалы 300 қолмен шауып, Тэмужиннің жаңа түскен қалыңдығы Бөртені тартып әкетеді. Бұл оқиға меркіт,боржығын аралық жесір дауының бастамасы емес, дау осыдан тура 18 жыл бұрын басталғаны белгілі. Меркіттің рубасы Их Чилэтудің олхунуд тайпасынан айттырып әкеле жатқан некелі қалыңдығы Өлунді Хамаг моңғолдың тайпабасы Есукей жолай күшпен иемденіп кетеді. Тэмужин осы Өлуннен туды. Міне меркіттер бұл жолы Тэмужиннің қалыңдығы Бөртені тартып алу арқылы Барданбатыр әулетінде кеткен аға намысының қарымтасын қайтармақшы болса керек. Бөртені Их Чилэтудің інісі Чилгэр палуанға әменгерлікке береді.
Бұл туралы сөз болғанда, Меркіт тайпасының тегі туралы тоқталмай өту мүмкін емес. Меркіт үштігі (Мэйли-зи) туралы мәлімет тарихтан алғаш 1096 жылдардан көрініс бере бастады[8]. Ертедегі қытай тарихында Моңғолия шөлейтінің батысындағы моңғол тектес тайпаларды «қара татарлар», ал шығысындағы түркі тектес онгууд (уақтар), қоңырат, меркіттерді «ақ татарлар» деп атап келгені туралы қытай тарихшысы Сайшаал хабарлайды[9] Меркіттер ХІІ ғасырдың басында қазіргі Моңғолия жеріндегі Сэлэнге өзенінің бойында, шығысында жалайыр, батысында Орман елімен іргелес жатқан аса жауынгер тайпа болған. Оларды ертедегі түрік салты бойынша бектер биледі, несториан дінін тұтты. Н.Аристов «Меркіттер ІХ ғасырда Гаугуйлер одағы ішінде Қосакөл алқабында болған түркі тілдес тайпа»[10] деп көрсеткенін белгілі тарихшы Нығмет Мыңжани хабарлайды. Аристовтың бұл пікірін Қытай тарихшысы Жан Жэнфи растай түседі[11].
Меркіттің түріктік тегін анықтау бұл мақалада біздің алға қойған негізгі мақсатымыз емес. Ол өз алдына жеке мәселе. Дегенмен меркіттердің сол кездегі этно-салты, тілі және ел болуға ұмтылған тарихи бет бұрысына қарағанда, түркі тектес тайпа болғаны соншалықты күмән тудырмайтын мәселе сияқты. Меркіттер Шыңғыс әулетін ата жауы санап, ақырына дейін жауласып өтті. 1179-1187 жылдары Шыңғыс әулетімен екі мәрте шайқасты. 1201 жылы найман және тайчудтармен бірлесіп Тэмужинге қарсы әскери одақ құрды. 1208 жылы меркіттерді Ертіс бойына дейін өкшелей қуып келген Сүбэдэй қолымен қырғын соғыс жасады, бірақ жеңілді. Меркіттің қалған тобы түрік, қыпшақ тегіне қарай ойысты, қазір қазақтың Орта жүзінің белгілі бір тобын құрайды.
Бөртеден айрылған тұста Тэмужин тым жас еді. Бірақ намысшыл Тэмужин меркіттерден қарымта қайтаруды ұмытпады. Өткен жылы (1178 ж.) әке достығын есіне салып, Бөртенің төркінінен келген қара бұлғын ішігін иығына жауып, одақтас болуға уәдесін алған кереиттің Уаңхан Тоғорылына және 11 жасында ант-су ішісіп анда (дос) болған Жамухаға елші аттандырып меркітке қарсы бірлесіп аттануға шақырды. Екеуі де бұл ұсынысқа қарсы болмады.
Айлакер Тэмужин бұл жолы тек Бөртені азат етіп қана қоймай, қереит пен тайчуудтың біріккен күші арқылы негізгі қарсыласының бірі меркіттерді әлсіретіп алуды көздеді. Ал Уаңхан Жамуханың қай-қайсысы Тэмужинді жай бір «қол бала» санап, оның келешегіне соншалықты мән бере бермейтін. Өйткені осы бір тұста Уаңхан және Жамуханның күші Тэмужиннен әлдеқайда басым болатын.
Уаңхан, Жамуха, Тэмужиннің біріккен қолы Бөртені азат ету үшін меркіттерге қарсы аттанған бұл соғыс тарихта «Бугур кегер» шайқасы деп аталады. Аталмыш мақалада алға қойған мақсатымызға байланысты бізге бұл жолы «Бугур кегер» шайқасының тарихтағы орынын емес, шайқастың болған ай, жылын анықтау қажет.
Моңғолдың «Құпия шежіресі», «Алтан товч» сияқты тарихи жазбалар және Рашид-ад-Диннің «Шежірелер жинағында» «Бугур кегер» шайқасының болған жылы, айы туралы ашық айтылмаған. Аталмыш оқиғаның ай, жылын анықтауға мүмкіндік беретін бірден-бір сілтеме-дерек біз жоғарыда атап өткен Тэмужин мен Бөртенің үйленген жылын атап көрсеткен Саган Сэцэннің «Эрдэнийн товч» тарихы. Аталмыш тарихта Тэмужиннің үйленген жылын 1178 жыл деп көрсетеді. Тэмужиннің кереиттің Тоғорыл Уаңханына бұлғын ішік жапқаны да, Бөртеден айрылып қалғаны да осы жыл.
Ал Тэмужин Бөртені азат етуге бірлесіп аттануын сұрап Уаңхан Тоғорилға барғанында оның «Мені әке орнына әке санап былтыр сен менің иығыма қара бұлғын ішігіңді әкеліп жапқаныңда: «Бұлғын ішігіңнің қарымтасына бытыраған еліңді біріктіріп берейін дегенім бар, сол айтқаным айтқан» деген сөзіне қарағанда, үштіктің біріккен күшінің меркітке қарсы жорығы 1179 жылы болғанын көрсетеді. Қытай тарихшысы Сайшаал «Бугур кегер» шайқасы 1179 жылы күздің орта айында болды деп жазады[12]. Күздің орта айы дегеніміз – қазан айы. Ал Тэмужин Бөртені соғыс алаңында, түнде «айдың жарығынан танығанына»[13] қарағанда, бұл күн қазанның оныншы жаңасы мөлшері екенін аңғаруға болады.
Меркіттер біріккен үш тайпа сарбаздарының тұтқиылдан жасаған шабуылына төтеп бере алмай жеңілді. Жамуха, Уаңхан, Тэмужин тобы ата жауы меркіттің шаңырағын ортасына түсіріп, олжаға белшесінен батады. Тэмужин соғыс алаңынан қалыңдығы Бөртені кездестіреді, бірақ оның бет-бейнесінде пайда болған өзгерістердің мәніне жете түсіне алмаған ол Бөртені жайымен еліне жеткізуді інісі Хасарға[14], ал Рашид-ад-Диннің белгілеуінше жалайыр тайпасынан шыққан вангуддың бірі Сабаға[15] тапсырады. Осы жол сапарында, осы жылы сол айда немесе қазан айының аяғында жол жөнекей Бөрте ежен тұңғышы Жошыны дүниеге әкеледі. Бөрте 1178 жылы күзде меркіттерге қолды болғаны белгілі. Міне, содан бері аттай бір жыл өтеді. Өткен уақытта Бөрте әрине, өз ықтиярынсыз меркіт Чилгэр палуанның әмеңгері болып күнелтеді.
Бұдан бұрын Шыңғыс ханның өмір тарихын жазушылар кезінде дүниенің тең жартысын билеген ұлы тәңірқұты Шыңғыс ханның аруақ даңқын аласартып алмау үшін, Жошыны Шыңғыс ханның тұңғышы, бел баласы ретінде көрсетуге тырысып келді. Мысалы, Рашид-ад-Дин «Меркіттер Бөртені олжалаған тұста кереиттермен мәмледе болғандықтан, Бөртені Уаңханға қайтарды»[16] десе, А.Жувейни, Н.Березин, Д.Оссон, Ш.Нацагдорж, Б.Сайшаал, В.Владимирцов, Әбілғазы бәрі-бәрі «Меркіттерге қолға түскен кезде Бөрте жүкті еді», - деп жазады.
Рашид-ад-Дин айтқандай, егер меркіттер Уаңханмен мәмледе болып Бөртені дереу Уаңхан арқылы қайтарған болса, әйгілі «Бугур кегер» шайқасы болмаған болар еді.
Тарихшылар бұл төңірегінде сөз қозғалғанда, Тэмужин ауылын меркіт шапқан, Бөртені қайтарып алу үшін үштік одағы меркітті шапқан әйгілі «Бугур кегер» шайқасының болған жылы, ай күніне мән бермей келді. Бірақ табиғаттың ісінде шара жоқ, табиғат ісінің өлшемі уақыт. Мұндай жағдайда қаншама батыр туса да, уақыт тоғыз ай, тоғыз күнмен есептеледі. Ал Бөрте еженнің меркіт қолында болған уақыты бір жыл. (1178 жыл, қыркүйек – 1179 жылғы, қазан).
Жошы меркіт Чилгэрдің ұлы екенін анықтайтын және бір дерек – «Бір шүйке бас әйел үшін» тәмам ерлері қырылып, ұлы құлдыққа, қызы күңдікке қойдай тізіліп айдалып жатқан қайғылы оқиғаға өзін кінәлі санаған меркіт Чилгэр палуанның көзінен қанды жасын ағызып тұрып айтқан зары. Зардың түпнұсқасы төмендегідей:
Ханым Бөртені қойныма алам деп,
Қара басыма қайғы әкелдім мен бейбақ.
Ару Бөртенің арын аяққа басам деп,
Қалың жұртыма қан жұтқыздым мен бейбақ.
Бұл зар соңғы жылдары моңғол тілінде жарық көрген кейбір тарихи жазбаларда өзгертіліп жазылып жүр. Дегенмен зардың түп нұсқасы Лу «Алтан товчда» сол қалпында сақталған[17].
Сөйтіп, бала Жошы Тэмужиннің отбасында емес, жол жөнекей туылды. Жапонияның белгілі тарихшы-романисі Ино Юувэ Эсэси «Бөрте қасқыр» атты тарихи романында Жошыға ат қою рәсімін төмендегідей етіп көрсетеді.
Тэмужин кіріп келгенде Бөртенің бауырында кішкентай нәресте жатады. Жас сәбиге аса тесіле қараған Тэмужинге Бөрте: - Ұл тудым, атын қоймайсың ба? - дейді. Сонда Тэмужин, ұл менікі ме, жоқ па, қайдан білейін, - дегенде, Бөрте: - Ұл өзімдікі емес деген белгіні қайдан көріп тұрсың, ондай белгіні сен де, мен де таба алмаймыз ғой, қайтерсің деген сәтте Тэмужин сәл дірілі бар үнмен: - «Жошы» дейді. Бөрте: - «Жошы» дедің бе?, - деп қайырып сұрады. Сөйтіп, өмірге Жошы келді[18] деп жазады.
Рашид-ад-Диннен бастап Шыңғыс туралы, Жошы туралы жазған барлық ғалым «Жошы» атауын түзде туылып келген қонақ (моңғолша «зочин») деген сөз деп бір ауыздан мойындап келеді[19]. Бірақ мен зерттеуші ретінде жоғарыдағы жорамалды жалғыз ақиқат деп кесіп айта алмаймын. Өйткені моңғол өмірінде балаға ат қоюдың үш түрлі үрдісі бар. 1. Әйгілі ата- баба, жер судың атын қою. 2. Нәрестенің дене бітімі, өң келбетіне қарай ат қою. 3. Күннің сәті, айдың аты, ата-анасының арман тілегіне орай ат қою, міне, осылар. Бұл тұрғысынан қарағанда, «Жошы» Боданчар әулетіндегі бірінші атау емес. Шыңғыс ханның ұлы атасы Хотол ханның үш ұлының бірінің аты Жошы, жалайырдың белгілі бір батырының аты да Жошы-Дармала, кереит Уаңханның бас кеңесшісінің аты Қойылдар-Жошы. Ал Шыңғыс ханның алып інісі Хасарды кейде Жошы-Хасар деп атайды. Неге олай? Мұның бәрі түзде туды ма? Әлде бәрі де Боданчар әулетіне қонақ па еді? Жоқ әлде басқадай мән-мағынасы бар ма? деген сауал туындайды. Бұл мәселе төңірегінде әзірге екі түрлі болжам жасауға болатындай.
Түркі-моңғолдық мирас бойынша, Тэмужин «тұңғышына» ұлы әкесі Бардан батырмен бірге туысқан інісі батыр Жошының атын қоюы әбден ықтимал. Өйткені Хотол ханның ұлдары Әділхан, Жошыхан, Нэкун Тәйші үшеуі Хамаг моңғолдың ханына Есукей батыр лайықты деп, оған жолын берген белгілі адамдар болған[20]. Жаңа туылған сәбиге әйгілі ата-бабасының атын қою жалғаса береді. Мысалы, Боданчар әулетінде Хубилай екеу, Төле (Тулуй) екеу, Мөңке-Темір, Күйік атын екіден, үштен кездестіруге болады. Жошының соңғы ұрпағында неше Әбілқайыр, неше Жәнібек барын есептей беріңіз.
Боданчар әулетінің тарихи шежіре салтына мән беріп қарасаңыз, ең бір апай төс алып адамдарының есімінің алдына «Жошы» атауын жалғап айтатын салт кездеседі. Мысалы, «Құнан өгіздің етін жеке бір өзі жейтін» Хасарды кейде Хавт-Хасар, кейде Жошы-Хасар десе, Жошы-Дармала, Жошы-Қойылдар да осал адамдар емес. Біздің сөз етіп отырған Жошы хан да алпамса денелі дәу адам болған. «Жошы» ұғымы «апай төс», «алып» мағынасын береді. Өйткені моңғол тілінде ұсталардың төс темірін «дөші», кеудені «чежі» дейді. «Жошының қосыны Ертіс жағасында болды», - деп жазады Н.Шастина. Сондықтан Плано Карпини түрік, славян, моңғолдардың айналасында тұрғандықтан Жошының түрікше айтылымы оған «Tos», «Tusi», «Tussu-can» деп естілетін болған[21].
Қыпшақ даласынында құрылған Моңғол державасының алғашқы ханы, келешек ұрпағы Азияның көптеген мемлекетерінің шаңырағын көтерген әйгілі Жошы осылай өмірге келді.
Жошы ана бауырында еш алалық көрмей, ержүрек, айлакер, ер қаруы бес қаруын жете меңгерген және көреген саясаткер болып ержетті. Әкесі де оның қайрат, қабілетіне сүйсіне қарайтын, жан серігі санайтын.
Жошы қият-боржығын ұрпағына тән өздерін Бөрте қасқыр ұрпағынан тарағанын мақтан тұтатын. «нирун» немесе ару (аri) қандық идеологиясымен сусындап өсіп ер жетті. Бұл идеологияға жататындар қият-боржығыннан өзге жат жұрт, бөгде тайпа өкілдерін кем бағал санап, өктемдікпен қарайтын. Жүрегінде «боржығын қаны жүгіріп тұрмау» деген Шыңғыс әулеті үшін өліммен тең, ар саналатын. Бала Тэмужиннің өзі 11 жасында «өзін меркіт шатасы» деген бір сөзі үшін бауыры Бектірді атып тастағаны белгілі. Бұл туралы тарихшылар «Тэмужин Бектірмен өлген торғайға таласып» бауырын атты, - деп жазады. Бұл, әрине, қисынсыз жағдай. Бірақ батыс, шығыстың кейбір тарихшыларының ішінде істің шынайы мәнісін жазушылар да кездеседі[22].
Ал Жошының меркіт тегі туралы оның жас шағында ешкім тіс жарып айта алған жоқ. Шыңғыс ханның ұлдары әке баулуымен күн-түндерін жанталаспен өткізді. Жошы 17 жасынан ұсақ қақтығыстарға қатыса бастады. 23 жасында алғаш қол бастап қан майданға аттанды. Ешкім оның бетінен қақпады. Тек Шыңғыс хан Хорезм жорығына аттанар алдында «алда-жалда ұлы қаған көз жұматын күн туса, оның қаған тағын кім жалғамақ?» деген ірі сауалға жауап беруге келгенде қай-қайсысының ішінде қатқан шердің беті ашылды. Осы тұста Шыңғыс қағанның: «Тұңғышым Жошы сен едің, кәнеки не айтасың?» деген сауалын кейбір зерттеушілер оны етене жақын тартқандықтың белгісі деп санайды[23]. Менімше, егер Шыңғыс қаған ата салтын қуып тұла бойы тұңғышын мұрагерлікке ұсынатын шын ниеті болса, «Сен қаған болуға қалай қарайсың?» дегендей өзіне пікір салмай-ақ, не өзі «Тұңғышым, жол сенікі» дер еді, немесе сауалды ұлдарының ортасына тастау керек еді. Өйтпеді, керісінше Жошыны ә дегізбей әке сауалын екінші ұлы Шағатай іліп әкетті. «Біз меркіттің қалдығына қалай бағынбақпыз?»[24] -деген Шағатайдың аузынан шыққан уытты бір сөз Жошының мұрагерлікке барар жолын ат жалын қиғандай кесіп тастады. Жошы бармағын шайнады, қаһарына мінді, бірақ әкенің басу сөзін аяққа баспады, арашаға келді, бірақ бір сырды іштей түйіп қалды.
Ал, қаған әке орнына Өгөдей лайықты деген пікірді де Шағатай ұсынды. Әкесі ол пікірді жығыла қолдады. Көреген Шыңғыс бұл сценарийды алдын-ала болжамады деп кім айта алады, болжаған да болар, бірақ батыр десе батыр, мерген десе мерген, ерен десе ерен Жошыдай тұңғышы бола тұра хан тағын тұңғыш ұлы басатын мирасты жалғастыруды оған тапсыруға, әйтеуір өжет Шыңғыстың батылы бармады.
Саясатта Жошыны шеттету осы тұстан басталды. Енші бөлгенде де Жошының үлесіне шеткері аймақ тиді. Шыңғыс хан Жошыға 9 мың халық, 4 мың сарбаз беріп, ол кезде елдің ең бір шеткері аймағы саналатын Қыпшақ даласына аттандырды27. «Жошының иелік билігіне тиген ел, - деп жазады, моңғол тарихшысы А.Амар, - небәрі бір соғыс кезеңінің ғана табысы болғандықтан, оны алу немесе айрылу Моңғол мемлекетінің асып толуы немесе құлдырауына соншалық әсер етпейтін еді»[25].
Жошы хан, оның ұлдарының әкеге, елге сіңірген еңбегі Шыңғыс ханның басқа ұлдарының еңбегінен еш кем түспейтін. Бірақ Шыңғыс хан әулетінің арасында Жошы хан, оның ұрпағына сенбестікпен қараушылық пайда болды. Бұл саясат көп жылдар бойы жалғасты. Жошыға, оның ұлдарына қарсы арандатушылық та аз болған жоқ. Әсіресе Жошы мен Шағатай және оның ұрпақтары арасында еш бірлік болмай өтті. Біз енді жоғарыдағыға байланысты кейбір деректерге тоқталамыз.
Шыңғыс хан 1216 жылы ата жауы меркіттің ең соңғы ханы Тоқтының үш ұлының соңынан өкшелей қудырып дарабоз Сүбедейді аттандырды. Оларға жолай өзінің бақылау корпусымен Тогучар мерген қосылды. Сүбедей Жем өзенінің бойында қалған меркіттерді қуып жетіп қойдай қырып салады. Тоқтының ұлы Күту және басқа екі ұлы соғыста өліп, үшінші ұлы Құлтуған тірідей қолға түседі. Қалайша екені белгісіз Сүбедей тобы Құлтұғанды жол жөнекей Жошыға табыс етеді. Жошы хан оның асқан мергендігін сынап көргісі келді ме, жоқ әлде ер азаматтың жанын алып қалғысы келді ме садақ тартқызып көреді. «Құлтуған мерген ірке-тіркес садақ тартқанда алдыңғы атқан оғын артқы оғы ашасынан тиіп, жарып тастайды екен[26]. Құлтуған мергеннің өнеріне тәнті болған Жошы әкесіне кісі салып, оны тірі қалдыруға рұқсат сұрайды. Бірақ қатал әке ұлының сәлеміне құлақ салмай Құлтуғанды өлімге бұйырады[27].
Жошы, Шағатай, Өгөдей бастаған әскери топ 1219 жылы қараша айында Отырар қаласын қоршауға алады. Қамал алынбай кешігуіне байланысты Отырарды алу ісі Шағатай мен Өгедейге тапсырылып, Жошы бұл операциядан шеттетіліп, Сырдария бойын жаулап алуға аттанады[28]. Жошы бұл тапсырманы табысты аяқтағаны тарихтан белгілі.
Ағалы-інілі Жошы, Шагатай, Өгөдейлер Үргенші операциясында қайтадан бас қосты. Шыңғыс ханның біріккен қолы Үргеншіні қоршауға алды. Бірақ алдағы қан төгісті жүргізу тактикасы төңірегінде ағайынды үшеуінің арасында тағы да келіспеушілік пайда болды. Жошы хан қаланы орасан қантөгіссіз алу жолдарын қарастырды, інілері оған қарсы болды. Осы жолы әкесі өзіне сенім артар деп сенген Жошы: «Біз кімге бағынуымыз керек?»-деген сауал қойып, әкесіне жаушы аттандырады. Бірақ жаушы «Өгөдейдің билігінде болыңдар»[29] деген бұйрық әкеледі. Қамал аса қантөгіспен алынғаны белгілі. Бірақ қаған әкесі мен інілеріне қатты өкпелеген Жошы сол бетімен Сырдан өтіп кетті де, атажұртына қайтып мойын бұрмады.
Шыңғыс хан Орталық Азияны жаулап алған соң, 1223 жылы Самарқаннан 20 шақырым жерде ордасын тігіп, ұлдарын өзара ымыраластыру ниетімен аң аулау (авлах) рәсіміне шақырды. Жошыға әдейі елші аттандырды. Шағатай мен Өгөдей Қара көлден олжа тиеген керуен аттандырып, өздері қанжыға толы сый-сияпатпен жетеді. Жошы Сырдың аңын әке ордасына қарай ысырып береді де, өзі келе алмайды.
Шыңғыс қаған 1224 жылы Ертіс бойындағы Бұқа-шошығанға хан ордасын тігіп, жеңіс тойын тойлайды. Бірақ Жошы «денсаулығының ақаулығына» байланысты бұл тойға да қатыса алмады.
Шыңғыс хан 1225 жылдың күзінде атамекеніне қайтып оралып Туланың қара орманына хан ордасын тігеді[30]. Келісімен Тангут жорығына аттануға қамдана бастады. Алдағы жорыққа байланысты ол өз ұлдарын, қолбасшы, кеңесшілерін қара шаңырақта бас қосуға шақырады. Жошы «ден саулық жағдайына» байланысты бұл жолы да келе алмады. Бірақ Хорезмнен келген Шағатай «Жошы қыпшақтарды жақын тартып алғаны соншалық, ол атажұртынан іргесін алысқа сала бастаған, тіптен ұлы қағанға қарсы бағытталған әрекет болуы ықтимал»[31] деген суық хабар ала келеді. Оның үстіне дәл осы тұста маңғыт тайпасынан келген біреудің «Жошы хан есен-аман Қыпшақ даласында бөкен аулап жүр»[32] - деген хабары Шыңғыс ханды қаһарына мінгізді. «Жошы бізге жау болды, ол жынданған екен»[33] -деп қаһарланған ол Жошыға қарсы Өгөдей, Шағатай қолын аттандырып, өзі ұлдарының соңынан атқа қонбақшы болады. Дәл осы бір сәтте «Жошы дүниеден өтті» деген хабар келіп жетті[34]. Қанша дегенмен әке емес пе, Шыңғыс хан бұл хабарды естіп қатты қайғырды. Жошы туралы жағымсыз хабар жеткізіп жүрген маңғыттың басын алуды бұйырды, бірақ ол із-түзсіз жоғалып кетті.
Шыңғыс хан Жошының өлімі туралы қайғылы хабарды анасы Бөрте және хан әулетіне естірту үшін «Жошының өлімі туралы» Елюй Чу Цайға әдейі жарлық жаздырды. Онда «Хан ұлым Жошы Қыпшақ даласының бір үстіртінде қайтыс болды. Ол мекен бұрын біздің ата-бабамыз Бөрте қасқыр, сұлу марал мекен еткен Марал (Арал) теңізінің жағалауы. Ол теңіз қазір Каспий деп аталады. Жошы аты затына сай алланың әмірімен біздің боржығындарға жіберген қонағы екен, міне ол тәңіріне қайтып аттанып кетті...»[35] делінген. Жошы өлімі Шыңғыс әулетіне осылайша хан жарлығы арқылы таратылды. Осынау жарлық сөзіне байланысты моңғолдың белгілі тарихшысы Амар «Қазақ даласының шығыс-солтүстігіндегі Балқаш көлінің шығыс жағасында өмір сүріп келген тайпалардың бірі Бөрте деп аталатын моңғол тайпасы болды[36]. Сондығынан болар Шыңғыс хан «Батыс жорығына аттанғанда түрік-қыпшақтарды өзіне жакын санады»[37] деп жазған жолдары, хан жарлығындағы пікірлерді растай түседі.
Ғылымда Жошы ханның қайтыс болған мерзімі туралы екі тұрлі пікір бар. Хан әулетінің тарихын жазған Рашид-ад-Дин Жошының өлген жылы туралы кесіп ештеңе айтпаған, бір сөзбен айтқанда оның еңбегінде Жошы ханның өлген жылының орны бос тұр[38]. Моңғолдың әйгілі «Нууц товчоо», «Алтан товч» - да бұл туралы ешбір мәлімет жок. Жошының қайтыс болған жылын айқындау үшін әуелі өлім себебін айқындай түскен жөн. Бұл төңірегінде қазірде үш түрлі болжам бар.
1. Рашид-ад-Дин, Юань-ши авторлары, Ш.Нацагдорж, Сайшаал қатарлы ғалымдар Жошы Үргенші шайқасынан бастап сырқаттанып, сол науқасының салдарынан қайтыс болды деп жазады[39].
2. Орыс тарихшылары Н.Аристов, Л.Гумилев, Иакинф (Бичурин) және тарихи романист В.Янның айтуынша Жошы Шыңғыс орда жансыздарының қолынан қаза тапты деп хабарлайды[40].
З.Өтеміс Қожаның «Шыңғыснамасында» Жошы Ұлытаудың бойында аң аулап жұріп, жаралы киік соңына түсіп, жебе тартқан тұсында аттан жығылып, жарақаттанып, қайтыс болды деп көрсетеді[41].
Бірінші болжам дүрыс-ақ делік. Сонда қоян-қолтық жатқан Шыңғыс хан ордасына «Жошының сырқаты» туралы хабар үш жыл бойы естілмей, тексерілмей жатуы мүмкін бе? Жоқ мүмкін емес еді. Шыңғыс империясының «ұзын кұлағы» қол созымда жатқан Қыпшақ даласын былай қойып, Шығыс Европа, Шығыс Қытайдағы жағдайды араға апта салып еститін мүмкіндігі бар болатын. Оның үстіне Рашид-ад-Дин «Шежірелер жинағын» Шыңғыс хан әулетінің тікелей тапсырмасымен Болд Чинсан бастаған алты моңғол тарихшыларымен бірлесіп жазғанын, қытай тарихшылары Щыңғыс ханды қытай тәңірқұты санап келгендігін ескерсек, олардың қай-қайсысы тарих алдында ұлы қағанның абыройын төкпеуді мақсат тұтуы әбден ықтимал.
Екінші болжам бойынша Жошы хан Шыңғыс әулетінің қолынан қаза болғаны рас болса, онда ол тегі меркіт болғандығынан емес, хан әулетінің мүдде қайшылығының салдарынан өлтірілуі мүмкін. Бұл турасында орта ғасырлар тарихында хан тағы, топ мүддесі үшін құрбан болғандардың саны аз емес.
«Шыңғыс қайтыс боларының қарсаңында туған негізгі проблема жеңілгендерге көзқарас мәселесі еді, - деп жазады Лев Гумилев, бұл арада бірінші пікір оларды тек күшпен бағыныштылықта ұстауды, екінші бір пікір еппен қайырымдылықпен ұстауды көздеді. Жошы екінші бағытта жүргізуге тырысқан еді, ол үшін тіршілігінен айырылды»[42]. Ол әрі қарай «Жошы әкесімен тату тұрмады, жеңілгендерге қайырымдылық көрсетуге әрекеттенді, соңдықтан 1227 жылдың бас кезінде астыртын жіберілген кісі өлтірушінің қолынан қаза тапты»[43], - деп жазады. Бұл болжамның астарында бір шындықтың жатқаны рас. Бірақ Шыңғыс хан мемлекетінің ішкі қауіпсіздігін басқарған өкіл інісі Отчигинді жіберіп өлтіріпті[44] дейтін В.Янның болжамы шындыққа жанаспайды. Шыңғыс хан Огчигинді Жошыны өлтіру үшін емес, Жошы өлгесін елдің ішкі жағдайын орнықтыруға Батыға көмектесу үшін жібергені мәлім[45]. Ал Өтеміс хажының болжамы төңірегінде сөз болғанда бірер шындықтың беті ашылуы мүмкін сияқты: 1) Қазақтың ауыз әдебиетіндегі «Ақсақ құлан» аңызы Жошының өз басының тағдырының куәсі болуы әбден ықтимал. 2) Жошы есен-сау бөкен аулап жүргені туралы өсек және оның өлімі туралы қайғылы хабар хан ордасына қатар келіп жеткеніне қарағанда, Жошы хан кенеттен, оқыс жағдайда қайтыс болғанға үқсайды. Тіптен Жошы ханды әдейі өлтірді дегеннің өзінде, өлім аң аулау науқаны үстінде жасалған болуы мүмкін.
Ал Жошы ханның қайтыс болған жылы туралы мәселе де пікір талас тудырып отырған жәйіттің бірі.
1. Д.Оссон, Иакинфтің (Бичурин) Жошы хан 30 жас шамасында қайтыс болды делінетін пікірі шындыққа сай келмейді. Олай дейтініміз Жошы 1202 жылы алғаш қол бастап татарға қарсы аттанғаны туралы дәйекті мәлімет бар. Жасы жиырмаға толмай қол бастау мүмкін емес, сөйте тұра жоғарыдағы авторлар Жошы 1227 жылы қайтыс болды деп жазуы өзінен-өзі қайшылық пікір тудырып отыр. Жошы 1227 жылы әкесінен бірнеше ай бұрын қайтыс болды деген пікірді Лев Гумилев, Иакинф, Нығмет Мыңжан, Әбілғазы және XVғасырдағы «Шаджарат ал-атрак» шежіресін жазушылар қолдайды[46].
2. Шығыс зерттеушісі, қытай тарихшысы Сайшаал қытай тарихнамасына сүйене отырып, Жошы хан 1225 жылы 47 жасында аурудан қайтыс болды деп жазады[47]. Моңғолша тарихи деректер осы болжамды растай түседі. Жошының өлімі туралы хабар Шыңғыс әулетіне хан ордасы Туланың қара орманында күзеп отырған тұста, Тангутқа қарсы жорыққа дайыңдық мәселесін талқылаған кеңес қарсаңында жеткені белгілі. Шыңғыс ордасы Ертісті жайлап сол жылы күзде осы мекенге шаңырақ көтерген болатын. Бұл 1225 жылдың күзі еді[48]. Шыңғыс хан Батыға көмектесу үшін Отчигинді осы жылы аттандырды. Ал Шыңғыс қаған Тангутқа қарсы алғашқы топты да осы жылы аттандырып, өзі 1226 жылы күзде[49] Гурван-сайхан тауын асып Ежен өзенін бойлай Тангудқа қарсы шабуылын бастағаны белгілі. Ал Жошы өлімі аталмыш жорықтан бұрын болып өтті. Міне осы деректердің барлығын ескере отырып, біз Жошы хан 1225 жылдың кұзінде дұниеден өтті деген пікірмен келісеміз. Сөйтіп әйгілі Жошы хан 1179 жылы қараша айында туылып, 1225 жылы күздің соңғы айында европа жыл санауы бойынша 46, моңғолша жыл санауы бойынша 47 жасында қайтыс болғанына көз жеткізе аламыз. Жошы хан 1999 жылы 820 жасқа толады.
Жошы қайтыс болған тұста Шыңғыс әулетінде ата бейіт немесе хан қорығы болмаған. Жошы хан Орталық Қазақстан жері, Сарысудың жоғарғы ағысы теріс Кендірлі өзенінің батысындағы Сарайлы бұлақ маңында жерленді[50]. Жошы әулетінен шыққан хандардың барлығы дерлік қазақ топырағында жатыр. Ал әйгілі Шыңғыс қаған, балалары Өгөдей, Тулуй, немерелері Мөңке, Құбылай, Аригбөке, шөберелері Даян хандар Хэнтийхан қойнауындағы «Их өтөг» немесе «Хан қорығында» жатыр. Жошының ұрпағынан ол мекеннен топырақ бұйырмады. Жошының ұлы әйгілі Баты 1256 жылы қайтыс болғанда оның табытын «Их өтөгке» жерлеу туралы сөз болған жоқ. Осының өзі бірер сырдың бетін ашып тұрған жоқ па?!
Жошы ұрпағын ала бөтен қарау, ұлы қағандықтан шеттету Шыңғыс әулетінің соңғы ұрпағы тұсында да жалғасты.
Шыңғыс хан 1224 жылы қаңлы, қыпшақ, байжігіт, орыс, мажар, асу, сасу, черкес, кашмир, болгар, лала қатарлы он бір тайпа жат ел және Орал Жайықтан өтіп Киев, Хэрмэн хот (Новгород) басып алу үшін, Субедей тобын аттандырғаны белгілі. Бірақ ол көп жерлерде кескілескен қарсылыққа тап болып, жорық ұзаққа созылып бара жатқанын ескерген Өгөдей қаған Сүбэдейге қосымша күш ретінде Баты, Күйік, Бури, Мөңке бастаған «Тұңғыш ұлдар» тобын аттандырды. Атажұрттан аттанған топты өз ұлы Күйікке, қолды жалпылай басқаруды Жошыұлы Батыға тапсырды. Бірақ жорық барысында атажұрт тобын басқарған Күйік бас қолбасшы Баты басшылығы арасында келіспеушілік пайда болды, атажұрттың атынан жолға шыққан, ұлы қағанның ұлы Күйік Баты билігін мойындамады. Әкесі сияқты Батының да көңіліне қайғы орнады. Баты бұл туралы қаған ағасы Өгөдейге құпия хат жолдады. «Біз жат елде, жаудың ортасында жүріп өзара ымырашылдыққа келе алмадық. Күйік, Бури екеуі үнемі менің намысыма тие береді, не істеуіміз керек, қаған аға, төреші өзіңіз»[51] - деп жазады Баты хан. Иә, қанша дегенмен ұлы қаған емес пе Өгөдей өз ұлы Күйік пен Буриге сөгіс жариялады. Бірақ қақтығыс жалғаса берді.
Сөйтіп жүргенде, 1241 жылы Өгөдей қаған қайтыс болды. Осы жылдары Баты, Сүбэдейдің таңдамалы әскери тобы Польша мен Немістің біріккен күшін Лигниц маңында талқандап, Карпат тауын басып Мажар жеріне аяқ басқан болатын. Олар сол жылы (1240) қыста Дунайдың мұзынан өтіп Адриатика жағалауына жетіп Вена қаласын қоршауға алған-ды. Осы тұста Өгөдей қағанның өлгені туралы хабар келіп жетті. Қаған тағына мұрагерлікке құқығы жоқ екенін біле тұра елінің ішкі жағдайы Баты ханды еш бей-жай қалдырмады. Ол Шығыс европадағы жеңіс жолын қиып тастап, ат басын атамекенге бұрды.
Батының ат басын кері бұруының себебін тарихшылар «Шығыс Европа, әсіресе орыс халқының әсері» деп таниды. Менімше, мәселенің түпкі тамыры «отар елдің қарсылығында» емес, атажұртта басталғалы тұрған тақ қақтығысымен тікелей байланысты сияқты. Олай дейтініміз бұл кез монгол қолы батыс, шығыста әскери ірі-ірі табыстарға қол жеткізіп, нағыз «қылышынан қан тамып тұрған шағы». Шыңғыс ханның көзінің тірісінде-ақ оның төрт ұлы: Шағатай, Өгөдей және Жошы, Тулуй (Төле) болып, іштей екі тарапқа бөлінген. «Тұңғыш ұлдар жорығы» барысында олардың ұрпақтарының тағдыры да осылай қалыптасып, Күйік пен Бури бір тарап, Баты мен Мөңке және бір тарап болып кетті.
Осыған байланысты Батының ат басын кері бұруының бірден бір себебі Тулуй ұрпағының бірін ұлы қаған тағына отырғызу еді. Бірақ Баты бұл жолы өз дегеніне қол жеткізе алмады. Ол кезде ел билігін қолына алған анасы Төркін хатунның көмегімен Күйік бұл жолы Баты тобының алдын алып қойды. 1245 жылы 26 тамызда Тамирдің сары ордасында Күйікті қаған көтеру рәсімі өтті. Рәсімді Күйіктің анасы Төркін хатун бастап жүргізді. Рәсімге дүниенің төрт бұрышынан 4 мыңнан аса қонақтар қатысты. Плано Карпини бастаған батыс барлаушылары, Ресейдің Суздаль князі Ярослав қатарлы шетелдік меймандар бұл рәсімнің куәгері болды. Елдің шығысынан Төленің бәйбішесі Сорқұқтан ұлдарымен, батыстан Қара Күлік, Есен Мөңке, Бури, Байдар, Есен Темір қатарлы Шағатай ұрпақтары[52], Орда, Шайбани, Береке, Беркешар, Таңғыт, Тоқайтемір бастаған Жошы ұрпағы келді[53]. Бірақ Баты хан әкесі Жошының әдетіне басып «аяғына түскен ақауды» алға тартып, бұл рәсімге келмеді.
Күйік қаған тағына отырысымен орда бірлігін нығайта түсу үшін, ең әуелі Төркін хатунның тұсында орда билігіне араласа берген Фатима хатунның, соңынан ағасы Отчигин ноянның басын алды. Кешікпей анасы Төркін у беріліп өлтірілді[54]. Күйік үшін хан ордасының ендігі ішкі жауы Баты хан еді. Батыны оның жаны сүймеді және Баты хан Төле ұрпағын қолдайтынын сезетін.
Сөйтіп, ол Батының көзін құртуға әрекеттенді. «Батыста алынбай қалған Измайл елін жаулап алу» деген желеумен әуелі Илжигдей қолын батысқа аттандырды. «Емел елінің табиғаты жұмсақ, жер суы ауруыма дауа болушы еді» деген сылтаумен соңынан өзі аттанды. Мұнда мәселе «Емел табиғатында» емес, Батының көзін құрту болса керек. Тулуйдың бәйбішесі Сорқұқтан хатун бұл хабарды Батыға жеткізу үшін, жедел жаушы аттандырады[55].
Аталмыш жайды алдын ала білген Баты әскерін сапқа тұрғызып, Күйікті Қыпшақ шекарасында күтіп алып соққы беруге дайындалды[56]. Бірақ Күйік көздегеніне жете алмады. 1248 жылы сәуірде Самарқанд маңында Бесбалыққа жетуге бірақ апта жол қалғанда кенеттен қайтыс болды[57].
Ата жолын қуса да, жасын сыйласа да, еліне еткен еңбегін бағаласа да ұлы қаған тағына отыратын ендігі жол Батынікі еді. Бірақ көреген Баты мұндай тәуекелдікке бармай, Тулуй ұрпағын қолдауға бел буды. «Өйтуінің де өзіндік себебі бар, - деп жазады моңғол тарихының авторлары, - Жошы ұрпақтары қаған тағына ие болуға еш қарсы емес еді, бірақ Шыңғыстың «нирун әулетінің» арасында жаттан туған делініп шеттетіліп келгендіктен хан әулетінен қолдау таппай қалуымыз мүмкін дегенді сезіп, өздерімен бір тарапта болған Тулуй ұрпағын қолдауға бел буды»[58].
Баты хан қанша дегенмен жасын бұлдап қаған тағы мәселесін әңгімелесіп шешу үшін, Шыңғыс әулетінің біліктілерін өз ордасына шақырды. Бірақ Шағатай, Өгедей ұрпақтары «Шыңғыс қағанның ордасы, шаңырағы Онон, Хэрлэнде жатса, біздің Қыпшақ жерінде неміз бар»[59] деп бұл шақырудан бас тартты. Осынау үзілісті пайдаланып Тулуйдың бәйбішесі Сорқұқтан хатун тұңғыш ұлы Мөңкені жол жоралғысымен ағасы Баты ханға «сәлем беруге» аттандырды. Сөйтіп, Мөңкені ұлы қаған көтеру мәселесі Қыпшақ даласында, Баты ордасында шешілді.
Баты ханның інісі Береке бастаған қыруар күш Мөңкені ертіп Моңғол жеріне жетті. Мөңкені қаған көтеруді Шағатай, Өгөдей ұрпағы қолдамағанына қарамастан, 1251 жылы 1 шілдеде Мөңкені қаған көтеру рәсімі Берекенің тікелей басшылығымен Хэрлэн үстіртінде өтті[60]. Жошы ұрпағы кейін Тулуй ұрпағымен береке бірлікте болды. Жошы ұрпақтары Береке ханның тұсында мұсылман дінін қабылдады, қазақ тегіне айналып кетті, қазақ елінің шаңырағын көтерді, қазақ елінің дербестігі үшін күресті.
Міне, жоғарыда айтылған, келтірілген деректерден қандай түйін түюге болады.
Бірінші, Ұлы Шыңғыстың үлкен басын кішірейтпей нағыз шындықты айтар болсақ, Шыңғыс ханның тұңғышы саналып келген Жошының әкесі меркіт Чилигер болғаны туралы деректен қашып құтылу мүмкін емес. Ана тегін қуса - қоңырат. Ал меркіт, қоңыраттар ХІІ ғасырға дейін Моңғолия үстіртінде көшіп-қонып өмір сүрген түркі тектес тайпа бірліктері. Шыңғыс хан 1206 жылы алғаш Моңғол мемлекетін құрғанда, меркіттердің көпшілігі қырылып кетті, қалғаны қыпшақ тегіне қарай ойысқанын жоғарыда айттық. Ал қоңыраттардың бір бөлігі моңғол билігін қабылдады, енді бір тобы батысқа қарай ауа көшті. Қазір аталмыш екі тайпаның ұрпағы қазақ ұлтының, қазақ халқының белгілі бір тобын құрайды.
Екінші, Жошы хан, оның ұрпақтары қыпшақ даласында шашыраған халықтың басын қосты, мемлекеттік нышандарын қалыптастырды. Олар өздері мемлекет құрған қазақ даласы, қазақ деген ұлт, оның тағдырына адал болды. Адалдығының белгісі Жошы ұрпағының түгелдей дерлік мәйіті қазір қазақ даласында жатқандығы.
Үшіншіден, тарихтың тағылымы – дәйекті шындық. Бұл тұрғысынан қарағанда, ХІІ ғасырдың басында Шыңғыс хан, оның ұрпақтары, мысалы, Жошы хан қазақ даласында қанды қырғын салғаны рас. Мәселеге тек осы тұрғысынан қарап әдебиетте, тарихта Жошы ханға, оның ұрпағына «жау» тұрғысынан қараушылық етек алып келді. Әрбір тарихи құбылыстың негізгі таразасы – аталмыш құбылыстың болып өткен уақыт кеңістігі, оны тудырған заманы. Өткенді осылай зерделегенде ғана шындыққа қол жеткізуге болады. Бұл тұрғысынан қарағанда сонау қантөгісті де ақтап алуға болатын өзіндік қисындар бар:
1. Орта ғасыр, әсіресе көшпенділер үшін, ондаған, жүздеген тайпалар ел іргесін орнықтыру үшін күрескен жанталас ғасыры. Мысалы, Даян хан бастаған Найман елі, Тоғорыл Уаңхан бастаған кереит елі, Тоқтабек бастаған меркіт елінің мүмкіндігі кезінде Шынғыс ханнан қарыс жоғары болды. Бірақ олардың қай-қайсысы өз отбасынан аса алмай қалды, тарих Шыңғыс ханды таңдады. Бұл таңдау қантөгіссіз өтуі еш мүмкін емес болатын. Бұл орта ғасырдың өзіндік заңы. Өз заманында ол заңды бұзу қаншама батыр болса да ешкімнің қолынан келмеді. Жошыны да осы топқа жатқызып қарау керек.
2. Жошы ұрпағының қазақ ұлтына еткен еңбегіне мән бере қараған жөн. Олардың талайы қазақ ұлтының бірлігі, елінің дербестігі жолында жанын қиды, Орыс хан, Барақ, Жәнібек, Керейден бастап қазақтың соңғы ханы Кенесарыға дейінгі бабалардың барлығы да сол Жошы ханның ұрпағы.
Төртінші, белгілі шығыс зерттеушісі Лев Гумилев айтқанындай, «Өз еңбектерімен күш-жігерін ХІІІ ғасырды зерттеуге арнаған тарихшылар түгелдей моңғолдар мен олардың жаугершілік тарихын жазды»[61], жазғанда барлығы да Шыңғыс ханның аруақ даңқымен жазды. Мысалы, ХІІ ғасырдың басында қазіргі Моңғолия территориясында өмір сүрген барлық тайпа моңғол тегіне жатқызылып келді. Шыңғыс ханның әйгілі ұрпақтарының іс-әрекеттері тарихта ескерусіз қала берді. Менімше, осындай тұлғалардың бірі Жошы хан. Қазақ даласында мемлекет құрған Жошы хан, оның ұрпақтарының этногенезисін зерттеп-зерделеу қазақ мемлекетінің шынайы тарихын жазуға апаратын бірден-бір жол. 1999 жылы Жошы ханның туғанына 820 жыл толады. Бұл мерекеге арнап «дүбірлеткен қазақы той» Қазақ мемлекеттігін айшықтауда Жошы оның ұрпақтарының атқарған ісіне тиісті бағасын берсек соның өзі жеткілікті болар еді.
Зардыхан Қинаятұлы
"Шыңжаң қоғамдық ғылымы"
журналы. 2000 ж, № 1.
[1] . Шыңғыс әулетінің тарихында Шыңғыстың анасы Өлун және қағанның бәйбішесі әрі хан ұлдарының анасы Бөрте екеуін «ежен» деп атайды. Ал қалғанын «хатан» немесе «ханым» дейді. Моңғолша «Өлун ежен», «Бөрте ежен» дегені «хан ана», «хан туған ана» деген мағына береді.
[2]. Моңғол тарихнамасында Хорезм елін «Сартуул» елі деп атайды. «Сарттың» мағнасы қазақшаға ұқсас «отырықты», «жатақ» деген ұғым.
[3] . Моңғол тарихи үрдісі бойынша Шыңғыстың өзінен бастап Ұлы империяға билік еткен Тэмужин, Өгөдэй, Күйік, Хубилайды «Ұлы қаған», ал шет ұлыс аймақтарды басқарғандарын жай «Хан» деп атайды. Міне сондай хандардың бірі Жошы және оның ұрпақтары.
[4]. Шыңғыстың өзінен бастап оның әулетінен шыққан белгілі адамдарды жерлеген «Хан қорығы» осылай аталады.
[5]. Монголын нууц товчоо. - 1990, 64-65- бап.
[6]. Лев Гумилев. Қиял патшалығын іздеу. - Алматы. -1992, 265-бет.
[7]. Саган Сэцэн. Эрдэнийн товч. Уб. -1971, 108-бет.
[8] . Ли-Юдан. Ляо мемлекетінің тарихы. Т.1. 76-бет.
[9]. Сайшаал. Чингис товчоон. Дэд дэвтэр. - 1978, 105-бет.
[10] . Нығмет Мыңжан. Қазақтың қысқаша тарихы. – Алматы. - 1994, 173-бет.
[11] . Сайшаал. Чингис товчоон. Дэд дэвтэр. - 1978, 105-бет.
[12] . Сайшаал. Чингис товчоон. Дэд дэвтэр. 155-бет.
[13] . Монголын нууц товчоо. 110-бап.
[14] . Ино Юувэ Эсэси. «Бөрте Чино». -Хөх хот. 1979, 99-бет.
[15] . Рашид-ад-Дин. Сборник летописей. Т. І-ІІ. 1960, с. 65.
[16] . Бұл да сонда.
[17] . Лувсанданзан. «Алтан товч». -УБ. - 1990, 36-37-бет.
[18] . Ино Юувэ Эсэси. «Бөрте Чино». - Хөх хот. - 1979, 100-101-бет.
[19]. Рашид-ад-дин. Сборник летописей. I-II. - М-Л. - 1960, с. 64-65.
[20] .БНМАУ-ын түүх. I- ботъ. -УБ. - 1966, 176-бет
[21]. Путешествия в Восточные страны Плано Карпини и Вильгельма Де Рубрука. – Алматы. - 1993,с.183.
[22] . Мысалы Жапония тарихшы-жазушысы Ино Юувэ Эсэсидің жоғарыда атаған «Бөрте қасқыр» тарихи романы. - 38-бет.
[23]. Монголын Нууц товчоо. - 254-бет.
[24] . Бұ да сонда. - 255-бет.
27. Бұл да сонда, 242-бет.
[25] . Амар А. Монголын товч түүх. -УБ. - 1989, 187-бет.
[26] . Рашид-ад-Дин. Сборник летописей. Т. I. с.186.
[27] . Д’Оссон К. От Чингисхана до Тамерлана. – Алматы. - 1996,с.229.
[28] . Монголын Нууц товчоо. 258-бет.
[29]. Сайшаал. Чингис товчоон. Т. II. сс.831-832.
[30]. Лувсанданзан, Алтан товч. -УБ. - 1990, 136-бет
[31]. Ян В.Г. Чингисхан. (Исторический роман). 1983,с.283.; Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись трех тысячелетий. – Алматы. - 1992,с.184.
[32] .Рашид-ад-дин. Сборник летописей. - М-Л. - 1960,с.79.
[33] . Бұл да сонда.
[34] . Бұл да сонда.
[35] . Ино Юувэ Эсэси. «Бөрте қасқыр». Тарихи роман. - Хөх хот. - 1979, 373-бет.
[36] . Амар А. Монголын товч тұүх. УБ. - 1989, 24-бет.
[37] . Бұл да сонда. - 28-бет.
[38]. Рашид-ад-дин. Сборник летописей. Т. II. - М-Л., с.79.
[39]. Сонда.; Сайшаал. Чингис товчоон. Дэд дэвтэр. 1167-бет.; Нацагдорж Ш. Чингисийн цадиг. УБ. - 1991, 154-бет.
[40]. Гумилев Л. Қиял патшалығын іздеу. - Алматы. -1992. 203-бет.; Иакинф (Бичурин). История первых четырех ханов дома Чингисова. СПб. - 1829,с.390.; Ян В. Чингисхан (Исторический роман). - М., - 1983,сс.283-284.; Кычанов Г.Н. Жизнь Темучжина думавшего покорить мир. - Бишкек. - 1993, с.221.
[41]. Утемиш-хаджи. Чингиз-наме. - Алматы. - 1992,с.91.
[42]. Лев Гумилев. Қиял патшалығын іздеу. – Алматы. - 1992, 203-бет.
[43]. Бұл да сонда. - 200-бет.
[44]. Ян В. Чингисхан. (Исторический роман). - М. - 1983,с.283.
[45]. Әбілғазы. Түрік шежіресі. – Алматы. - 1992, 113-бет.
[46]. Лев Гумилев. Қиял патшалығын іздеу. – Алматы. - 1992, 100-бет.; Әбілгазы. Түрік шежіресі. – Алматы. - 1992, 113-бет.; Нығмет Мыңжан. Қазақтың қысқаша тарихы. – Алматы. - 1994, 217-бет; Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись трех тысячелетий. – Алматы. - 1992,с.185.
[47] . Сайшаал. Чингас товчоон. Доод дэвгэр. -1167-бет.
[48] . Монголын нууц товчоо. - 264-бет.
[49] . Бұл да сонда. - 265-бет.
[50] . Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись трех тысячелетий. – Алматы. - 1992, с.185.
[51]. Монголын нууц товчоо. - 270-бет.
[52] . БНМАУ -ын түүх. I- ботъ, 263-бет
[53]. Рашид-ад-дин. Т.ІІ. сс.116-117.
[54]. БНМАУ- ын түүх. I боть. - 266-бет.
[55]. Бұл да сонда. - 266-бет.
[56]. Рашид-ад-Дин. Сборник летописей. Т. II. с.121.
[57] . Бұл да сонда.
[58] . БНМАУ - ын тұүх. I ботъ. - 266-бет.
[59]. Рашид-ад-Дин. Сборник летописей. Т. II. с.129.
[60] . Юань елінің тарихы. III дәптер.
[61]. Лев Гумилев. Қиял патшалығын іздеу. –Алматы. - 1992, 146 - бет.