ИСЛАМ ДІНІНІҢ ҚАЗАҚТАРДЫҢ ҚОҒАМДЫҚ МӘДЕНИЕТІНЕ БОЛҒАН ЫҚПАЛЫ

admin2 2018-06-18 3 ℃ Қысқаша

Ислам діні ІХ-Х ғасырларда Орта Азияға, Қазақ даласына таралғаннан бастап, қазақт...

323ce36500f2ace34f34e335a3f6d65e-400x265.jpg 

         Ислам діні ІХ-Х ғасырларда Орта Азияға, Қазақ даласына таралғаннан бастап, қазақтардың байырғы сенім-нанымдарына, әдет-ғұрпына, қоғамдық мәдениетіне терең ықпал жасады. Қадап айтсақ, ислам діні Орта Азия және кең қазақ даласына таралғаннан кейін бұрынғы көп тәңір бір құдайға, көп тәңірлі дін бір құдайлы дінге өзгеріп қазақтар тек бір аллаға сиынды. Ислам діні қазақ даласына араб, парыс мәдениетінің ықпалын ала келді, бұл мәдениеттер қазақтың дала мәдениетімен ұштасты әрі түрліше мәдениеттің ауыс-күйісіне мұрындық болды.

         Х-ХІ ғасырлардан бастап Орта Азия мен Қазақ даласына ислам діні таралғаннан кейін, бұрын қолданылған көне түркі (Орхон) жазуы мен көне ұйғұр (Хұйгу) жазуы бірте-бірте жоғалып араб жазуы жалпыласа бастады. Ислам дінінің таралу ықпалында қазақтарда араб жазуын қолданды, бірақ, араб тілі қазақ тілінің дыбысын толық бейнелей алмады. Араб тіліндегі «т, з, мс, b:b, хс» дыбыстарына қазақ тілінде сәйкес дыбыс жоқ, араб тіліндегі «а, о» сынды екі дауысты дыбыс қазақ тіліндегі тоғыз дауысты дыбысты бейнелеп бере алмайды. Араб тілінде бір әріптің екіден төртке дейін жазылу формасы болады, яғни әріп үсті, әріп асты, әріп ортасы және жеке жазылу формасы болады. Бастабында қазақтар араб тілін үтір-нүктесіне дейін қалдырмай көшіріп қолданғандықтан үйренуде талай қиындық туылды.Кейіндері қазақ тілінің нақты жағдайына негізделіп, араб тіліне реформа жүргізді, қазақ тілінде жоқ немесе сійкес дыбысы жоқ әріптерді алып тастаумен бірге қазақ тілініңфонемасына негізделіп дауысты дыбыстар жасады. Жұңго Шыңжаңда атқарылып отырған қазақ тіл-жазуы араб жазуы негізінде неше реткі реформадан кейінгі жазу, бұл жазу Шыңжаң қазақтарының мәдениет, оқу-ағарту істеріне және басқа салалардағы дамуларға үлкен рөл атқарды.

         Ислам діні қазақтарға таралғаннан кейін, медреселер мен жекеше діни мектептер ашылып, діни оқу басталды. Бұндай көшпелі өңірлерде ашылған медреселерге ақсүйектер мен бай-манаптардың балалары оқуға түсті. Оқу әпитек, иман шарт үйрету, құран аяттарын жаттату, намаз оқудың қағидаларын үйрету негіз етілді. Бұл бастапқы дәрежедегі медреселер еді. Одан ары жоғарылап оқығанда араб тілі, фонетика, морфология, құран және ислам тарихын үйрену болды. Егер әдебиет оқымақшы болса, парыс тілін үйрену қажет еді. Қараша халықтың ұл-қыздарынан медресеге түскендер түйе боталағандай некен-саяқ болды, оның үстіне көп сандысы молда-қожалар мен ақсүйектердің балаларына қызмет еткенде ғана үйрену орайына ие болатын. Мұндай мдреселерде бірнеше тіл қатар оқытылады, оқыту методты да қара дүрсін, өлі түрдегі оқыту болғандықтан өнімі төмен болған, хат тану үшін неше жыл уақыт кетеді. Оған көшпелі медреселер мен оқушы қайнарының аздығы, үйрену уақытының тұрақсыздығы қосылғанда, үйрену ахуалын астпасақ та түсінікті жай еді.

         Жоғарыдағыдай себептерден, XVI-XVII ғасырлардағы қазақтар арасынан жоғары жік уәкілдері – хан, сұлтан, молда, қожалар ғана хат таныды, отбасы ауқаты бардамдардың балалары Бұхара, Самархан және Орта Азияның басқа қалаларына барып діни институттарға оқуға түті. Олар онда араб тілі, араб философиясы және ислам шариғаттарын үйренумен қатар орта ғасырда жасаған мұсылман оқымыстыларының араб, парсы, шағатай тілімен жазған шығармаларын оқыды.ислам діні институттарынан сабақ алған қазақ оқушылардан, діни қайраткерлер шығудан тыс, әдебиетшілер мен оқымыстылар жетіліп шықты. XVI ғасырдағы қазақ оқымыстысы, тарихшы, жазушы Қыдырғали Қосымұлы Жалаириды (1530-1605) діни институттан оқыған. Ол өз ана тілі – қазақ тілін жетік білумен бірге араб, парсы тілдерін толық игереді. Шығыс классик әдебиетін және басқа ғылыми білімдерді үйренеді. Ол: «дүниенің көп жерін араладым, бай білім қамтыған көптеген кітаптарды оқыдым» дейді. XVI ғасырдағы қазақ ордасында Қыдырғали Қосымұлы Жалаириды ханның балаларын оқытып оларға білім береді. Ол қазақтың шежіресіне, тарихына, әдебиетіне бес қолындай қанық болады, 1600-1602 жылдар «Жамих ат-тауарих» («Жылнамалар жинағы») кітабын араб жазуымен қазақ тілінде жазады. Кітапта XV-XVI ғасырлардағы Қазақ хандарының жылнамаларын көрнекті жазады. Еңбек қара сөзбен жазылған қазақ тіліндегі қымбатты тарихи дерек.

         Ислам дінінің ықпалында, медреселерде араб, парсы және шағатай тілдері оқытылғандықтан қазақ тіліне алла, ислам, дін, пайғампар, намаз, парыз, уәжіп, қазы, имам, бейіс, ахирет, заман ақыр, т.б. дңни атаулар; мәдениет, әдебиет, ақиқат, әдлет, бақыт, дүние, табиғат, ғылым, кітап, дәстүр, қағида, т.б. социологиялық терминдер кіріп қазақ тілінің сөздік қорын байытты.

         Қазақ тілінде сірә араб-парсыдан кірген қанша кірме сөз бар деген мәселеге қарата оқымысты Л.З.Рұстемов «Қазіргі қазақ тіліндегі араб-парсы кірме сөздері» атты еңбегінде қатысты сандық мәліметтер көрсетеді: «біз қазақ тіл-жазуында шығатын бір әдеби газеттегі сөздерді санаққа алдық, талдау барысында бұл газетте жиыны 12236 сөз бар екен, онда қазақ тілі 9567 сөз, 78%; Араб-парсы тілі 1779 сөз, 14,4%; орыс тілі және басқа халықаралық тілдерден 940 сөз, 7,6% ұстаған. Осы сандық мәліметтерден қарағанда, қазіргі қазақ тіліндегі араб-парсы тілінен кірген сөздер орыс тілі және басқа халықаралық тілдерден кірген кірме сөздерге қарағанда бір еседен артық. Бұл жағдайды ислам діні мен араб-парсы әдебиетінің қазақ тіліне жасаған әсерінен бөле қарауға болмайды.

         XVI-XVII ғасырларда, қазақтың әдеби шығармалары бастысы дін мен тарихи дәстүр жағындағы мазмұндар болды. Ол кезде «Сопы Аллаяр», «Бадауам», «Кесік бағы», «Қиса сүл анбия» сияқты кітаптар феодал ақсүйектер мен діни адамдар ортасында кең таралды. Бұл шығармалар ислам дінімен қатысты, дүниеден түңілу және тағдырдың жазғанына көну идеясын қамтығанымен бірақ мазмұнында тарихи аңыздар, тұрмыс пен ұлттық әдет-ғұрыптар, қызықты хикаялар мен ертегілер бар еді.

         Қазақ ауыз әдебиеті бай да қордалы. Аңыз, ертегі, хикаят, салт жырлары, көптеген қисалар бар. Мысалы, батырлар жырынан: «Қобыланды», «Ертарғын», «Алпамыс», «Қамбар», «Қырымның қырық батыры», т.б. ғашықтық дастан: «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Қыз Жібек», т.б. ислам діні қазақ арасына таралғаннан кейін, медреселерден оқыған қазақ ақындары мен оқымыстылары қазақ ауыз әдебиет мұралары – эпос, ертегілерды жинаумен бірге араб-парсы тіліндегі ертегілерді қазақ тілінде қиса етіп жырлады, жазды. Бұндай адамдар араб, парсы, шағатай тіліне жеттік болды. Сол кезде, қазақ тілінде жазылған қисалардан «Жүсіп - Зылиқа», «Хұсырау - Шырын», «Лайлы - Мажүн», т.б. Бұлар шығыс елдерінде кең таралған ғашықтық дастандар болатын. Бұдан тыс, «Мың бір түн», «Тотынама», «Шаһнама», «Қырық уәзір», т.б. ертегілерде қазақ қисасы формасында жазылды. Исламдік сарындағы қисалардан «Ұшпақ жолы», «зарқұм», «Сал-Сал», «Әлидің қисасы», т.б. осы аталған шығармалар XVIII ғасырдың соңы ХХ ғасырдың бастарында Қазан, Ташкент сынды жерлердегібаспалардан араб алфавиті негізіндегі қазақ тілімен жарық көрді. 1807 жылдан 1917 жылға дейін қазақ тілінде басылым көрген кітаптардың жалпы саны 499 түрлі болған: 1860-1900 жылдары 177 түрлі, 1860-1870 жылдары 5 түрлі, 1870-1880 жылдары 17 түрлі, 1880-1890 жылдары 117 түрлі, 1900-1917 жылдары 322 түрлі кітап басылған екен. Осы еңбектер қазақ әдебиетін байыту және дамытуға орасан зор рөл атқарады.

         Жоғарыдағы кітаптарды жинау және баспадан шығарушылар ортасында Жұңго қазақтары да бар. Іле өңірінде өткен қазақ ақыны Жүсіпбек Қожа Шайықсылам (1857-1937), Алтай аймағының Көктоғай өңірінде өткен Ақыт Үлімжіұлы (1868-1940), т.б. ақындар ауыз әдебиет нұсқаларын жинаумен бірге шығыстың ертегі-аңыздарының оқиғасын алып қазақша жаңғыртып жырлап Қазандағы баспаға жолдап, кітап етіп шығарып тұрды.

         1979 жылдан бастап, Жұңго үкіметі қазақ ұлтының бірқыдыру байырғы кітаптарын, ауыз әдебиетін құтқару, реттеп баспадан шығару жұмыстарын жүргізді. Шыңжаң қазақтарының 200 қисасы жиналды, Жұңго ауыз әдебиет қоғамының Шыңжаң бөлімшесі Бейжиңдегі ұлттар баспасына тапсырған қазақ қисаларының 7 томы жарық көрді. Бұл еліміздің бір елеулі жемісі, бұл мұралар Шыңжаң қазақтарының әдебиет тарихы мен мәдениет тарихын зерттеуде маңызды мән алады.

         Нығмет Мыңжани

         («Шыңжаң қоғамдық ғылым мінбесі» журналының қытайша басылымының , 1989 жылы, 3-санында жарияланған).

         Jebeu.kz


Домбыра – қазақтың ең ардақты ұлттық қазынасының бірі
Кері қайту