Назарбаев пен Трамптың кездесуі. Хафиздің жанайқайы

admin2 2018-01-15 274 ℃ Қысқаша

Назарбаев пен Трамптың кездесуі. Хафиздің жанайқайы16-қаңтар күні Қазақстан президенті...

Назарбаев пен Трамптың кездесуі. Хафиздің жанайқайы

трамп080617.png

16-қаңтар күні Қазақстан президенті АҚШ-қа барады. Назарбаев пен Трамптың ресми кездесуі Вашингтонда өтеді деп жоспарланған.  Ақ Үйдің ақпараты бұл кездесуінің ресми протоколынан анонс жасапты.

Сөйтіп: «Трамп пен Назарбаев БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық мерзімінде Халықаралық мәселелерді шешудегі Қазақстанның жетекшілігі жайлы талқыламақ. Әсіресе, Ауғанстан дағдарысына тоқталады»,-деп жазады.

Ақорданың да ресми ақпараты қос елдің басшыларының биылғы жылғы бірінші жүздесуін Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуімен тікелей байланыстырып отыр.

«Кездесу барысында екіжақты стратегиялық әріптестікті арттыру, өңірдегі қауіпсіздік және экономикалық байланыс мәселелері сөз болады», - деп жазады. Бұл енді Ақорданың ақпараты.

Бізге белгілі ресми ақпарат мынадай: Президент Назарбаевтың ресми сапары 16-18 қаңтарға жоспарланған. Бұл сапарда Нұрсұлтан Назарбаев пен Доналд Трамп кездеседі. Кездесу Ақ Үйде өтеді. Тіпті, АҚШ сапарының алдында, президент Назарбаев АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Жорж Кролды қабылдап, кездесудің жай-жапсарын талқылады. АҚШ-Қазақстан әріптестігіне 26 жыл. Бүгінге дейін екі ел басшылары 70-ке жуық құжат қабылдаған.

Назар аудара кететін жайт, бұл Қазақстан президентінің 2018 жылғы жұмыс жоспары бойынша шетелге жасайтын бірінші сапары болмақ.

Бұл кездесу жайлы біздің саясаттанушылар не дейді? Ерлан Қарин Қазақстан мен АҚШ әріптестігін нығайтуы әбден мүмкін бұл кездесу жайлы пікірін бөлісіпті.

«Бұл кездесуде қазақ-американ әріптестігін әрі қарай дамыту мәселесі мен Орталық Азиядағы АҚШ рөлі талқылануы мүмкін. Иә, Қазақстан өңірлік мемлекет. Дегенмен, Халықаралық дискуссияға белсенді араласуда. Әсіресе ядролық қаруға қарсы бастаманы қолдаушы мемлекет. Сондықтан кездесуде осы мәселе сөз болу ықтимал. Бұл кездесудің бірнеше маңызы бар»,-дейді саясаттанушы.

Ерлан Қариннің айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев пен Доналд Трамптың кездесуі Ресей президенті Владимир Путинің АҚШ-қа сапары алдында өтпек.

Ал әлемдік БАҚ Президенттердің кездесуі жайлы не жазып жатыр? Біз шолу жасадық.

ЖЕТПІСТІҢ ІШІНДЕГІ ЖІГІТТЕРДІҢ РИЯСЫЗ ЛЕБІЗІ

Ақ Үйдің ресми ақпаратына жүгінген «Foxnews» агенттігі Нұрсұлтан Назарбаевтың ұзақ жылдан бері президенттік қызметте отырғанына тоқталыпты. Оған қоса, Трамп пен Назарбаевтың бір жыл бұрынғы телефон арқылы сөйлескені жайлы жазады.

«Президент Трамп сайлауда Хиллари Клинтонды жеңгеннен кейін, Назарбаевқа: оның басқаруындағы Қазақстан «ғажайыпқа теңердей», фантастикалық нәтижелерге қол жеткізгенін айтқан,- деп жазады қазақ прессасы.  Ал Трамптың сайлау компаниясы екі «еркек»  бір-бірін құттықтағанын хабарлады», деп жазады агенттік (Shortly after then president-elect Trump defeated Hillary Clinton, he told Nazarbayev that Kazakhstan has achieved “fantastic results, which could be called 'a miracle'” under his leadership, according to Kazakhstan’s national press office. The Trump campaign’s statement on the phone call said only that the two mencongratulated each other).

"

АҚШ  ақпарат құралдары Қазақстан жайлы жазарда міндетті түрде Қазақстан президентінің жасына ерекше мән береді.  Біз бұны осыған дейінгі аудармаларда анық байқадық.

Назарбаев 77 жаста.  АҚШ президенті Доналд Трамп та 71 жаста екенін ескерсек, жетпістің ішіндегі жігіттер бір-бірін құттықтағанда тұрған не бар дейміз де...

АУҒАНСТАН МӘСЕЛЕСІН ШЕШУГЕ ҚАЗАҚСТАН ҚАУҚАРЛЫ МА?

Ал «Тhediplomat» басылымы ресми протоколда рапортталған ақпараттан өзге, кездесуде талқыланатын басты мәселелерге тоқталыпты.

 «Анти-ядролық бағдарлама секілді күн тәртібінде Ауғанстан мәселесі де бар. Бұл екі мәселе де ОА лидерлері АҚШ-қа келген сайын талқылатын ұзақ жылғы мәселе. Ауғанстанда жалғасып жатқан соғыс жаңа фазаға жеткеніне және Солтүстік Кореяның ядролық амбициясы мен 2017 жылы жеткен жетістігіне байланысты бұл мәселеле қайта маңызға ие болып отыр.

Ядродан бас тарту идеясы қазаққа тән. Және Қазақстан 1991 жылы Сәбет одағы күйрегеннен кейін мұраға қалған ауқымды ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан. Ширек ғасырдан бері Астана ядродан бас тартып, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды қсынып келеді. Қазақстан 2015 жылы Атом энериясы жөніндегі Халықаралық агенттікпен (МАГАТЭ) азайтылған уран өндіру банкін құру жайлы келісім жасасқан. Ол бойынша, мемлекеттер банктен азайтылған мөлшерде уран алып, электрэнергиясын өндіре алады. Сөйтіп, өз бетінше уран өндіру азаяды. Сәйкесінше тәуекел де азаяды. 2017 жылы банктің қоймасы ашылды. Бұл аталған операцияның маңызды кілті еді. Айтпақшы, Қазақстан уран өндірісінде жетекші ел саналады. 2016 жылғы көрсеткіш бойынша әлемдік уран өндірісінің 39 пайызы Қазақстанға тиесілі»,-деп жазады басылым.

ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ТАРАТҚАН КІМ?

Сондай-ақ, «Тhediplomat» басылымы 2017 жылдың қыркүйегінде Назарбаев пен Трамптың телефон арқылы сөйлескеніне тоқталыпты. Қызық болғанда, басылым бұл сөйлесуді АҚШ медиасы қарапайым ғана берсе, қазақстандық БАҚ ЭКСПО-ға төрағалық еткенін кірістіріп берген деп жазады. (In September 2017, Trump and Nazarbayev spoke via phone. While the U.S. readout of the call was compact, Kazakh media provided a little more detail, particularly on what Nazarbayev highlighted (namely, Expo 2017).

Масқара болғанда, басылым, мүлде болмаған әңгімені қазақстандық БАҚ-тың «болды» деп соққаны жайлы жазыпты.

«АҚШ есебінде Ресей жайлы сөз болмаған. Дегенмен «Қазинформ» (Қазинформ қазақстандық ақпарат агенттігі): «екі ел басшылары АҚШ-Ресей» қарым-қатынасына ерекше мән берді. Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтон мен Мәскеу диалогы қалыпқа келетініне сенім білдірді»,- деп жазады(Missing from the U.S. readout was mention of Russia, though Kazinform reported that “The leaders of the two countries gave particular attention to the status of the Russia-United States relations. Nursultan Nazarbayev expressed hope for the normalization of the dialogue between Washington and Moscow”).

Бұл ауандағы ақпарат Ақорданың ресми сайтында да жария болды. Онда да екеуара әңгіме барысында АҚШ-Ресей мәселесі сөз болғандығы айтылған.

ХАФИЗДІҢ ҮНДЕУІ

Жақында «YouTube» каналында Қазақстанда білім алып жатқан ауған студентінің президент Назарбаев пен Трамптан көмек сұраған бейне жазбасы жария болды.

«Мен ауған соғысында тірі қалдым. Мен жақындарымның өлімін көрдім. Мен әкемнің көз жасын көрдім. Бұл қорқынышты. Қорқыныштысы менің қарындасымды мектепке жібермеу. Себебі, ол қайтып келмеуі әбден мүмкін. Мен кек қайтарғым келмейді. Мен сабырға келдім. Мен бүгін Қазақстанда, бейбіт жерде жақсы білім алып жатырмын. Маған түрлі ұлттың арасында бейбіт өмір сүруді үйретті. Мен Ауғаныстанда да осылай өмір сүруіміз керектігін түсіндім.

Мен барлық әлем лидерлеріне, АҚШ президентіне айтқым келеді. Доналд Трамп мырза, сіз Ұлы мемлекеттің президентісіз. Сіз әлемдегі ең ықпалды адамсыз. Сіздің қолыңыздан келеді. Соғысты тоқтатыңыз! Ауғаныстанда бейбітшілік орнатуға көмектесіңіз! Тек сіз ғана барлығын келіссөз үстеліне отырғыза аласыз.

Мен Қазақстан президентіне айтқым келеді. Құрметті Нұрсұлтан Назарбаев, сіз әлемдік масщтабтағы лидерсіз! Сіз мұндай конфликттерді шешуді қолдап, талай рет мәлімдеме жасадыңыз. Астанада өткен Сирия келіссөздерінің қорытындысын барлығы көріп отыр. Сіздің Доналд Трамппен кездесетініңізді жаңалықтардан білемін.

Сізден өтінерім, менің сәлемімді оған жеткізіңізші. Бейбіт диалогты осы Астанада жасаңызшы.

Мен жастарға қайрыламын. Менің өтінішімді қолдаңыздаршы. Мен ауған студенттерінің флешмобын жариялаймын!»

Бұл Қазақстандағы ауған студенті Хафиз (Қадери) Ханның қайрылуы. Ол Астанада тұрады. Сондағы Жоғарғы оқу орындарының бірінде оқиды. Атыс-шабыстан көз ашпай, үрей жайлаған отаны «Қазақстандай жайнаса», - дейді. 23-жастағы Хафиздің үндеуі желіде кең тарап кетті.

Түйін. Түйіндейтін түгі жоқ. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төраға. Қаңтардың ортасы болды. Енді екі аптада төрағалық тізгінді Кувейтке тапсырамыз. Тіпті керек десеңіз, 2018 жылдың желтоқсанында Қауіпсіздік кеңесіне мүшелік мерзіміміз толық аяқталады.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Доналд Трамптың кездесуінде анти-ядролық бастама қайта көтеріледі. Онда да Астана бастамасымен құрылған атом банкінің жай-жапсары талқыланбақ. АҚШ-тың Орталық Азиядағы рөлі мен Қазақстан-АҚШ қарым-қатынасы және Ауғаныстан мәселесі сөз болмақ.

Қазақстандық БАҚ пен АҚШ ақпараты бір ауыздан осы мәселелерге мән беріпті. Ақпараттың дені ресми протоколға негізделген шағын анонс. Дегенмен ауқымды материалдар жоқ емес. Солардың бірсыпырасына алдағы уақытта тәржіма жасауға уәде береміз.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Дереккөз: Abai.kz


"Мақта орнына мия егіңдер" немесе Өзбектегі өзгерістер
Стив Джобстың «Apple» компаниясы қалай пайда болды?