Биылғы біздің жыл басымыз 22 наурыз Қытай үшін жайсыз хабармен басталды. Осы күні Америка президенті Трамп 2017 жылдың тамыз айында бастаған “301” тексеруінің негізінде, Қытайдың “экономикалық шапқыншылығына” қарсы хаттамаға қол қойып, Қытайдың болат, алюми сынды ірі тауарларын, зияткерлік құқықты қамтыған Қытайдың Америкаға экспорттайтын құны 50 млрд АҚШ долларындық тауарларына жазалау сипатындағы кедендік салық енгізетіндігін жариялады. Сонымен бірге, Қытайдың тікелей иниестициясын шектейтіндігін және осы мәселе бойынша ДСҰ-на шағымданатынын мәлімдеді. Президент мырза мұның “тек бастамасы” екендігін ескертуді де ұмытқан жоқ. Іле-шала халықаралық акциздер нарықы дүрлігіп, оның бастыларының бағасы құлдырады, осы екі елмен сауда қатынасы тығыз елдердің үкіметтері елеңдеп, экономикалық саясатын қайта пысықтауға кірісті.
23 наурызда Қытайдың сауда министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеме жариялап, “әрқандай жағдайда, Қытай тарапының өздерінің заңды құқық-мүддесінің зияндалып жатқанына қарап отыра алмайтынын, өз заңды мүддесін қорғауға сақадай сай екендіктерін” мәлімдеді. Қытайдың АҚШ-дағы бас елшісі, тіпті, “кетісетін жерге дейін кетісетінін” қадап айтты.
Халықаралық қауымдастықтың назарын аударған бұл уақиғаның мәні шынымен орасан. Мұның “Қытайға ғана емес, Америкаға ғана емес, бүкіл дүние жүзіне жаман ықпалы болатындығын” Қытай мәлімдеп үлгерді. АҚШ-тың да бөлшек сауда бірлестігі, ауылшаруашылығы өндірушілері ассосациясы қатарлы 45 салалық ассосациясы Трамп үкіметінен бұл қадамнан бас тартуға үгіттеуде. АҚШ экономистері де мұның Америка үшін уақытылы пайдасы болғанымен (салықты көбейту, ішкі өндірісті қорғау жақтарында), ұзақ мерзімнен қарағанда, тауар құнының өсуіне әкелетіндіктен, түптің түбінде тұтынушының қалтасына салмақ салатындығымен, Қытайдың қарсы ықтимал шараларының АҚШ-ның мүдделі салаларының өсуіне айтарлықтай залал келтіретіндігімен зиянды екeндігін түсіндіруде. Әмәлиятта, Қытай сауда минстрлігі 23 наурызда-ақ Американың Қытайға экспорттайтын жеміс-жидек, шарап, доңыз еті, жарамсыз алюмин, болат құбырлар сынды құны 3 млрд АҚШ долларындық тауарға кеден салығын көтеретіндігін мәлімдеді. Қытай тарапы да мұның “әзірге” қолға алып жатқан шаралар екендігін, Американың бұршағы мен қонағына әлі “кезек келмегенін” ишаралап жеткізуде. Ал халықаралық сарапшылар егес қыза түссе, Қытайдан 38 млрд тапсырыс алып отырған(2015жылы) The Boeing Company мен тұтынушысы есепсіз Apple IPhone да Қытайдың жазалау тізіміне ілініп кетуі мүмкіндігін ескертіп алаңдауда.
Қазірге дейін АҚШ-тың шарпитын саласы көп, сомасы ауқымды, позициясы табанды болып отыр. Қытай тарапы да бұрын-соңды болмаған тегеуірін танытып қоймай, қарсы шараларды бірден емес, жағдайдың дамуына қарай біртелеп ширататынын білдіруде. Трамптың ТРР-нан шығуы, WTO-ын сынауы, солтүстік Америка еркін экономикалық аймағы келіссөзін қайта бастауы сықылды айтса қайтпас қайсарлығымен қатар, болжап болмас ойнамалылықтарын ескергенде әлі де әліптің артын бағуға тура келеді. Оның үстіне, АҚШ сауда өкілдігі кеңсесі хаттама бекітілгеннен кейінгі 15 күн ішінде салығы көтерілетін тауарлар тізімін нақтылап, 30 күн ашық талқыға шығарып барып шараға жолдама береді. Қытай да осының нәтижесін күтуде сыңайлы.
Дей тұрғанмен, Трамптың шешімінің ықтимал салдарлары әлем жұртының алаңдаушылығын тудырып отыр. Ең әуелі, ол Американың қорғанымпаздыққа бой алдырғанынан дерек береді. Ал бұл бүкіл дүние жүзілік экономиканың еркіндену бағыты мен ашықтық ұстанымына оңдырмас соққы болмақ. Екіншіден, экономикалық кикілжің үдей келе саяси қырғиқабақтыққа ұрындыруы мүмкін, бұл халықаралық қауымның ең қаламайтын көрінісі. Үшіншіден, ол соңғы дағдарыстан кейін соңғы екі жылда әрең өсім бере бастаған әлемдік экономиканы қайта тоқырауға ұрындырары анық.
Қазақстан үшін алғанда, оның экономикалық зардаптарын былай қойғанда, саяси және геостратегиялық ырқсыздықтар туындатуы мүмкін. Мысалы, Қытайдың “бір белдеу, бір жол” стратегиясының іске асырылуына байланысты географиялық артықшылығымызды қолдану үмітіміздің ақталмай қалуы, Қытайдың АҚШ-мен әлегінен пайдаланып солтүстік көршіміздің азуын қайта қайрай бастауы мүмкіндігі сияқтылар.
Құрмет Қабылғазыұлы
Jebeu.kz