Бүгін, 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесінде Жамбыл облысы Қордай ауданындағы «Отар» әскери базасының аумағында ҚР Қарулы Күштерінің әскери шеруі өтті. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Президенті, қарулы күштердің жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
Шеруге 3 мыңға жуық әскери қызметші, 300 бірлік қару-жарақ пен әскери техника және шамамен 40 бірлік ұшу аппараты қатысты. Парад екі бөлімнен тұрады, бірінші бөлімде әкімдерге аумақтық қорғаныс бригадаларының жауынгерлік туы табыс етілді. Ту табыс етілген соң, дәстүр бойынша, қонақтар мен көрермендер алдында салтанатты маршпен 19 жаяу шеру тобы жүріп өтті, олардың қатарында ҚР ҚК Арнайы операциялар күштерінің, сонымен қатар, аумақтық әскер қызметкерлері бар.
Қазақстан Президенті, ҚР Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Баршаңызды ұлы Отан қорғаушылар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Баһадүр бабалар ұлы даламызды ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап бізге аманат етіп қалдырды. «Ұранды елдің ұрпағы айбарлы келеді» деген дана халқымыз. Бүгінгі айбынды армиямыз үшін елдің тыныштығын сақтап, тәуелсіздіктің қорғаны болу мәртебелі зор міндет. Жау жүрек жауынгерлердің көтеретін жүгі ауыр, бірақ ол абыройлы борыш, қастерлі парыз. Қарулы күштеріміз – халқымыздың сенімді тірегі, мемлекеттің берік қалқаны. Жауынгерлік ту – туған жерге адалдықтың, ерлік пен батырлықтың нышаны. Қасиетті байрақ рухы биік, ер жүрек сарбаздарды әрдайым жеңіске жетелейді. Бауыржан Момышұлының «батырлық өскен ортаға, көрген тәрбиеге байланысты» деген сөзі бар. Азаматтарды отансүйгіштікке тәрбиелеу ісінде әскери дәстүр маңызды рөл атқарады. Әр сарбаз отанқорғаушы ретінде өзінің ел алдындағы ерекше жауапкершілігін сезінуге тиіс»,- деп қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады. Сонымен бірге президент Отан қорғаушылар күні ер азматтармен бірге қарулы күштер қатарында жүрген арулардың да мерекесі екендігін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін 7 мәрте әскери шару ұйымдастырылған. Олар:
2005 жылы жеңістің 60-жылдығының құрметіне әскери шеру өткізілді. Оған 3 мың әскери қызметкер, 130 әскери техника жұмылдырылды. Бұл шараға 934 мың доллар жұмсалды.
2009 жылы өткізілген үшінші шеру Қазақстан Конституциясының 14 жылдығына арналды. Мұнда қалың көпшілік 120 әскери техниканың мүмкіндігі мен қабілетіне куә болды. Әскери шеруге мемлекет басшысы, жоғарғы бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Ал шеруге қорғаныс вице-министрі, генерал-майор Нұрлан Жоламанов басшылық етті.
2011 жылғы төртінші шеру ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын әспеттеді. «Қазақ елі» монументі алдында өткен шеруді алғаш рет ел президенті-ҚР Қарулы Күштерінің жоғарғы бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзі қабылдады. Бұл шеру әскери қызметкерлердің тұңғыш рет жаңа әскери киім үлгісін киіп шығуымен, бұрын-соңды көрсетілмеген жаңа әскери техниканың паш етілуімен және шеруге мергендер жасағының, құрлық әскерлері таулы-атқыштар бригадасының сонымен қатар әйел әскери қызметшілердің қатысуымен есте қалды.
2013 жылы Жамбыл облысындағы «Отар» 40-шы әскери базасында өткен жауынгерлік шеру бесінші шеру болып тіркелді. Ол осыған дейінгі және кейінгі шерулерден ерекше болды. Себебі бұған дейінгі және кейінгі шерулердің барлығы мерекелік даталарға орайластырылса, бұл шеру жауынгерлердің өздеріне арналды.
2014 жылғы алтыншы әскери шеру де «Қазақ елі» монументінің алдында өтті. Шерудің салтанатты маршының жаяу легіне 2 мыңға жуық әскери қызметші, 2500 әскери, 70 авиациялық техника қатысты.
2015 жылы ұйымдастырылған жетінші шеру жеңістің 70 жылдығына арналды. Ол бұған дейінгі шерулерден ауқымдылығымен және мазмұнымен дараланды. Шеру тарихи және заманауи бөлімдерден тұрды. Тарихи бөлімге 1941-1945 жылдардағы соғыс техникасының 36 түрі қатысса, заманауи бөлімде Қазақстан армиясының қолданыстағы қару-жарағы мен әскери техникасы көрсетілді.
2017 жылы ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығына арналып өткізілген сегізінші әскери шеруге 5 мыңға жуық әскери қызметші, 300-ге жуық әскери техника және әскери авиацияның 80 ұшағы мен тікұшағы қатысты. Бұл ел тарихындағы ең ірі шеру болды.
Jebeu.kz