Елорданың 20 жылдығына орайластырылған әлеуметтік-мерекелік шаралар үстінде Елбасы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Біз ХХІ ғасырда ғаламат дүниені бірге жасадық. Адамзат тарихында мұндай қалалар ешқашан 20 жылдың ішінде салынбаған. Ал біз салдық!» деді.
Елбасы жүз жылдықтарға татитын ширек ғасырдың ішінде қала ғана емес, әлем танып, мойындаған, ішкі-сыртқы саясаты орнықты, халқы берекелі де бақуатты, ынтымақ-бірлігі мығым, экономикасы дамыған мемлекет құрды. Астана – сол мемлекеттің жүрегі, күретамыры.
Мұндай толайым жетістіктердің бастаулары қайда жатыр? Н.Назарбаев жүзеге асырған «қазақстандық даму үлгісінің» айрықша табиғатын немен түсіндіруге болады?
«Таулар алыстаған сайын биіктей береді» дейтін қанатты сөз бар. Байыптап қарағанға, таулар ғана емес, сол таудың табиғаты тектес ұлы істер мен бастамалар да, идеялар да, тұлғалар да уақыт өткен сайын асқақтай түседі.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қол жеткізген табыстары мен жетістіктерінің Елбасы үшін, еліміз, ұлтымыз үшін қаншалықты қажыр-қайратпен келгенін де әрі қаншалықты қымбат екенін де бүгінгі күннің биігінен көз жіберген адам терең түсінер еді деп ойлаймын.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихи жолы қоғамдық өмірдің барлық тарабындағы түбегейлі өзгерістерден, саяси, экономикалық құрылымдағы жүйелі және кешенді жаңарулардан басталғаны белгілі.
Еліміздің болашақтағы даму жағдайы, конструкциясы мен бағыт-бағдары сол кездің өзінде-ақ айқын болатын. Ол бағыт-бағдарды Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасу және даму стратегиясы» еңбегінде, осыдан 26 жыл бұрын нақтылап берді.
Қазақстандағы түбегейлі реформалардың бастауында осы бір аса құнды, тарихи құжат тұр. Мерзімінен бұрын орындалған «Қазақстан-2030» бағдарламасын, «Қазақстан-2050» Стратегиясын, қазіргі уақытта қарқын алған елдегі саяси, экономикалық рухани жаңғыруды, «5 әлеуметтік бастаманы» жоғарыдағы аса маңызды бағдарламаның заңды жалғасы деуге әбден болады.
Президенттің тұңғыш кешенді бағдарламасындағы мақсат-міндеттердің табысты жүзеге асарына сол уақытта біреу сенген, біреу сенбеген болар деп те ойлайсың кейде. Бұл да астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру жөніндегі тағдырлы бастамаға ұқсас мысал.
Әрине, кеңестік шаруашылықтың қиян бір түкпірінде, елеусіз қалған, он- жылдықтар бойы шикізат өндірумен ғана айналысқан провинциялық қауымдастықты өз алдына мемлекет қылып, аяғынан нық тұрғызу, мүлде жаңа нарыққа бейімдеу, бейімдеп қана қоймай, айналдырған он бес, жиырма жылдың ішінде халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті экономикаға айналдыру екінің бірінің қолынан келетін іс емес екені ақиқат.
Мұның сыртында қатып-семген саяси жүйенің қабырғасын бұзып, ғасырлар бойы отарлық езгіде болған халықтың ойы мен санасын сауықтыру міндеті тұрды.
Бірақ Президент әдеттегідей елі үшін, болашақ үшін жасалып отырған бастамаларының өміршеңдігіне қалтқысыз сенді. Елі соңынан ерді, өз Елбасына деген сенімінен айныған жоқ. Бұл әлем тарихында сирек кездесетін саясаткер мен халық арасындағы, тұлға мен қоғам арасындағы риясыз сенім мен сөзсіз қолдаудың, ұлылық пен көрегендіктің жарқын көрінісі болатын.
Сондықтан да тәуелсіздік дәуіріндегі үздіксіз, үзіліссіз оң өзгерістердің, жаңару, жаңғырулардың барлығы да Елбасының тұлғасымен, мақсат-мұратымен, қызметімен біте қайнасып, сабақтасып жатыр. Өркениеттердің, халықтар мен мемлекеттердің өркендеп, дамуындағы «тұлғалық фактор» дегеніміз – осы.
Н.Назарбаев реформалары туралы әлемнің саясаткерлері, ғалым-оқымыстылары, сарапшылары үнемі жоғары баға беріп келеді. Сарапшылардың пікір-пайымдауларына талдау жасай отырып, жоғарыдағы реформалар логикасының негізінде екі бастау тұрғанын аңғаруға болады. Оның бірі – инновациялық дүниетаным, көзқарас, ұстаным болса, екіншісі – эволюциялық қозғалыс қағидаларынан ешқашан ауытқымау. Осы екі бастау қазақстандық модернизация үлгісінің кепілі.
Ал қазақстандық модернизация үлгісінің табысты іске асуына Н.Назарбаев ұстанған «алдымен – экономика, кейін – саясат» формуласы негіз болғанын бүгінде барлығы мойындайды. Себебі кез келген мемлекеттің, қоғамның, кәсіпорынның дамуы экономикалық мәселелерге басыбайлы тәуелді екенін, әсіресе бүгінгі дәуір, соның ішінде қазіргі заманғы геосаяси, әлеуметтік жағдайлар, технологиялық өзгерістер, қаржы-экономикалық қатынастар ұқтырып отыр.
«Алдымен – экономика, кейін – саясат» формуласы Қазақстанды 90-жылдардағы алапат сілкіністерден аман-есен алып шықты. Мемлекет еш қақтығыссыз, соғыссыз, шығынсыз, бейбіт жолмен өзіндік даму жолына түсті. Халықтың әл-ауқаты анағұрлым жақсарды, орта тап қалыптасты, қоғамның саяси, құқықтық мәдениеті өсті. Ең бастысы, Тәуелсіздікті көздің қарашығындай қастерлейтін, білімді, бәсекеге қабілетті жаңа буын өсіп шықты.
Бұл үлгі мемлекеттегі түрлі маңызды элементтердің басын қосуға да мүмкіндік берді. Экономикалық реформаны табысты жүзеге асыру арқылы қоғамның жаңа әлеуметтік құрылымын, бет-бейнесін жасауға қол жеткіздік. Сол арқылы өткеннен қалған масылдық пен босбелбеулікті еңсердік, ескі стереотиптерден біртіндеп арылдық. Нәтижесінде Еуразияның нақ ортасында жаңғыру мен тұрақтылықты тұғыр еткен іргелі, қуатты мемлекет бой көтерді.
Мұны әлем сарапшылары бірауыздан «қазақстандық даму үлгісі» деп атады. Әлем тарихындағы «қазақстандық даму үлгісі» – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолтаңбасы. Аталған үлгіні саяси, экономикалық, рухани жаңғыруды жаппай реформаны жүзеге асырудағы мүлде жаңа әдістеме десе де болады.
Осыдан келіп, алыс-жақын шетелдегі саясаткерлер, сарапшылар, журналистер арасында «Назарбаев прагматизмі» деген ұғым пайда болды. Назарбаев прагматизмі жаңа, жас мемлекеттің халықаралық сахнадағы айрықша табиғаты мен ұстанымын білдірсе, ХХІ ғасыр қазағы үшін сакралды қағидаға, дәстүрлі дағдыға айналды.
Біз бәрін басынан бастаған болатынбыз. Батыстың технологиясы мен инвестициялар, әлемнің инновациялық идеялары мен дәстүрлі әлеуметтік, мәдени дәстүрлер үйлесімін тапты. Саяси жігер мен экономикалық дамуға арқа сүйеген мемлекет рухани тұрғыдан жаңғыру, әлеуметтік тұрғыдан өркендеу жолына түсті.
Бір сөзбен айтқанда, қазақстандық даму үлгісінің ерекше табиғаты мен табысының бастаулары Н.Назарбаев реформаларының алтын жүлгесінде жатыр.
Біз не дегенмен таңғаларлық тарихи кезеңде өмір сүріп жатырмыз.
Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында, Сарыарқа төсіндегі, Есіл бойындағы өркендеген, өскен, гүлденген ақшаңқан қалаға қарап отырып, бүкіл мемлекеттің болмыс-бітімін, болашағын танығандай, түйсінгендей боласың.
Осы уақыт ішінде бой көтерген ғажайып шаһар, онда өтіп жататын аса маңызды, түрлі әлемдік, халықаралық жиындар мен басқосулар, қазақстандықтардың өз елордасына деген ыстық ықыласы мен мақтанышы, астаналықтардың жарқын, жас келбеті – бәрі де тәуелсіздік дәуірінде жүргізілген байыпты да прагматикалық, көреген саясаттың, эволюциялық таңдаудың, мемлекет құру жолындағы ұлы қажыр-қайрат пен ерік-жігердің қосындысы. Және бұл ұстаным жыл өткен сайын жаңа мақсат-мұраттармен, нақты міндеттермен толығып жатыр.
Сол қажыр-қайрат пен ерік-жігердің, халықтық құрмет пен ұлттық мақтаныштың кейіпкері, Тәуелсіз Қазақстан мен Астананың бас архитекторы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев!
Дархан КӘЛЕТАЕВ,
Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрі
Дереккөз: «Егемен»
Jebeu.kz