Жуықтан бері елімізді “Қытай үрейі” дендеп бара жатқандай. Оны өте-мөте әлеуметтік желілердегі Қытайлардың ішінара дағдыларына байланысты жиіркенішті видеолер мен Қытайға қарсы үндеулерден, Қытай несиесінің еліміздің келешегіне келтірер ықтимал кесірлері жайындағы пікірлерден, жайшылықтағы шай үстіндегі дүрлікпелі әңгімелерден анық аңғаруға болады.
Бірден кесетіп айтуға болады, Қытай ықпалының ұлғаюына деген күдік “Қытай үрейі” деген атпен бүкіл жершарын алаңдатулы. Ол Қытай экономикасы ерен қарқынмен дамып, бүкіл әлемге экспорттық әлеуетін әйгілей бастағаннан-ақ пайда болған. Оны Қытаймен байланысқа түскен әрқайсы мемлекет озінің онымен алым-берімінің көлемі мен жиілігіне қарай түрлі деңгейде сезініп отыр. Бұл үрей төраға Сидің “Қытай ұлттарының ұлы түлеуін” әспеттейтін “Қытай арманын” орындауға ниет еткенін жариялағаннан кейін тіпті асқына түсті. 40 жылдық қарышты дамуымен әлемдегі екінші экономика, ең ірі сауда және өндіруші-өңдеуші ел, 170 мемлекеттің бірінші сауда әріптесіне айналған әм осы қарымына сүйенген ел, екінші дүние жізілік соғыстан соң АҚШ жасақтаған және ол “ұстап отырған” халықаралық тәртіптің әділдігі мен тиімділігін сынаумен бір уақытта, ҚКП 19 съездінен кейін, тіпті, адамзаттың тағдырластығы мұратын арқалаған “жаңа тұрпаттағы халықаралық қатынастар жүйесін” жасақтауға атсалысатынын мәлімдеді және осы ниет жолындағы тиісті стратегиялық қадамдары мен тетіктерін жасай бастады. Бұл енді батыс елдері, әсіресе АҚШ жетекшілік етіп келген қазіргі халықаралық тәртіпке талассыз ашық мойын ұсынбаудың көрінісі еді. Мұның қазірге екі салдары көрініп отыр. Біріншісі, соңғы жылдары бәсеңси берген Қытай үрейі қайта көтерілуде және бұл көбінесе Қытайдың инвестициясын қабылдаған, Қытайдан қаржылай жәрдем немесе несие алған, инфрақұрылымдық жобаларын Қытай қаржыландырған дамушы елдерге қатысты болып отыр. Мысалы, жуықтан бері Қытайдың ықпалының артуына Вьетнам халқы наразылық акцияларын ұйымдастырып жатыр;мұрнағы билігі кезінде Қытайға тым оң қабақ танытып келген Малайзияның қайта сайланған премьері Махатхир Мохамад жуықта ғана Қытаймен келісілген өрқарқынды теміржол құрылысын доғара тұруға шешім жасады. Екіншісі, Қытайдың пиғылы тұтас батыс елдерін тіксіндіріп тастады. 40 жыл бұрын Қытай есікті ашық ұстау, экономиканы нарықтық бағытқа бейімдеу ыңғайын білдіргенде, батыстың мұны игі қабылдағаны әрі оның кірігуіне өз нарықын мейлінше ашық ұстағаны белгілі. Олар Қытай енді өздерінің тізгініндегі халықаралық тәртіпке яғни жүйеге мойынсал болады, соның ережелерімен жүреді деп үміттенген. Шынтуайтында, Қытайдың қазіргі жетістіктері түгелімен осы дамыған елдер кеңістігінің өзіне айқара ашылуының арқасында қол жекізілген-ді. Қоңданып алған Қытай болса, бұл жетістіктерінің өздерінің Қытайлық өзгешелікке ие даму жолымен жүргендігінің нәтижесі екендігін, осы жетістігі арқылы айдай әлемге батыстық жолдың жалпыға бірдей әмбебап еместігін, осызамандану мен дамудың онан да басқа жолының барын паш еткендігін жарияндауда. Әлемдік жетекшіліктің тізгініне жармасқан мұндай қатер, батыс әлемі үшін анау дамушы елдер сезінген қауіптен бір мысқал да кем соғып отырған жоқ. Қырық жыл бойы құр тұлыпқа мөңіреп келгеніне опынған батыс әлемі, ендігіде Қытайды жөнге салу керектігін түйсіне бастады. Оны ДСҰ-на жолатпау керек еді дейтін үндер естіле бастады. Американың ДСҰ-на(WTO)Қытайдың нарықтық экономика статусын қабылдамау жайлы шағымдануы, Қытайды валюта бағамын шеңгелдеуші елдер санатына жатқызуы, Қытайдың “мемлекеттік нарықтық экономикамен” бәсекеге түсуінің әділетсіздік екендігін сынауы, түпкілікті есепте оған сауда соғысын ашуы; Австралияның кешегі күні шетелдіктердің араласуына қарсы заң қабылдауы сияқтылар осының көрінісі. Қарамаққа АҚШ-ның қадамдары таза экономикалық шаралар немесе бизнесмен Трамптың саудаласу саясаты сияқты көрінуі мүмкін. Шынтуайтында, ол АҚШ қауыпсіздік мүддесі тұрғысынан арыдан ойластырылған Қытай қатеріне қарсы жауапты шаралары саналады.
Батыстың, оның ішінде Американың өз мүддесіне жақпай қалған елдерге тікелей соққы беруден тыс, анаған басқа елдерді немесе тілеулес топтарды ит қостырып шулатып сүйкімсіздендіретін тактикасы қашаннан бар. Манағы Вьетнам, Австралия реакцияларының қай-қайсысында да оның қол табы білінеді. Осы жерден алаң туындайды:әу баста Қытайдағы этникалық қандастарымызға жасалып жатқан қиянаттарды ашу мен оларға араша сұраудан басталған әділетті сұраныс, жуық күндері көзсіз батырлыққа ауысып бара жатқанға ұқсай береді. Әлеуметтік желідегі еркіндікті пайдаланып, қызу қанды намысшыл жастарымызды Қытайдың құтын қашыруға айтақтап отырғандардың болмасына кім кепіл. Кешегі түсті төңкерістердің барлығы да осындай аңғалдық пен даңғазалықтардан тұтанған. Ал өскін еліміз үшін бейбітшілік пен тыныштық бәрінен қымбат. Жас мемлекетіміздің жетілуі, сомдалуы, қуаттануы үшін мұрсат керек. Албырт жастарымыздың абайламай арандалып қалмауы онан да керек.
Құрмет Қабылғазыұлы
Jebeu.kz