3 қыркүйекте Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2018–2021 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Үкімет Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп, салалық, өңірлік басымдықтарды және инвестициялық мүмкіндіктерді есепке ала отырып, Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2018–2021 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірледі.
Кеңесті аша отырып, Премьер-Министр Кешенді жоспарды іске асыруда оның нәтижесі мен бюджет қаражаттарының мақсатты игерілуі маңызды екенін атап өтті. Негізгі мәселе — жоспарды іске асырудан түсетін экономикалық тиімділік. Сондай-ақ, Б. Сағынтаев қараша айының басында өтетін «Қазақстан–Ресей» аймақаралық форумына дайындық мәселелеріне тоқталды.
«Біз құрылыс барысымен таныстық, көңілімізден шықты деуге болады. Құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталады, сапасы өте жақсы, әуежайдан бастап барлық нысандар бойынша: Оқушылар сарайы, теннис алаңы, үйлердің құрылысы, абаттандыру жұмыстары – барлығы ретімен орындалып жатыр. Сұраған көлемде ақша бөлінді – қолдау көрсетілді. Бұл – облысты дамытуға көрсетілген елеулі көмек. Кешенді жоспар бойынша да жұмыстарды жедел аяқтау қажет», — деді Бақытжан Сағынтаев.
Кешенді жоспардың негізгі бағыттары мен шаралары туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов баяндады.
Оның айтуынша, соңғы жеті айда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері бойынша оң өсімге қол жеткізілген. Мәселен, 2018 жылдың қаңтар–шілде айларында қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш 107,9% құрады, құрылыс жұмыстарының көлемі 1,7 есеге, инвестициялар көлемі 9,9%-ға, ауыл шаруашылығы — 3,2%, өнеркәсіптік өндіріс — 0,3%, тұрғын үйді пайдалануға беру – 9,1% өсті. Экспорт 1,3 есеге ұлғайды.
Облыстың экономикалық дамуының негізгі бағыттарының бірі — агроөнеркәсіп кешені. Кешенді жоспарды іске асыру аясында егістік алқаптарды одан әрі әртараптандыру шаралары жалғасуда, 3400 басқа арналған 7 сүт кешені салынады, өңдеуге және экспортқа басымдыққа ие 5000 мал орнын құрайтын 3 бордақылау алаңы құрылады және техникалық парк жаңартылады.
«Нәтижесінде сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 90%-ға дейін, ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 50% дейін артады. Биыл облыстың аграршылары 34,2 млрд теңгеден астам сомаға 1310 бірлік жаңа техника мен жабдықтар сатып алуды жоспарлап отыр. Агроөнеркәсіптік кешендегі техникалық парк тракторлар бойынша 19%-ға, комбайндар бойынша 22%-ға жаңартылады. Мұның барлығы ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2,5 есеге, ал жалпы өнім көлемінің өсімін 30 млрд тг дейін жеткізуге жол ашады», — деді Қ. Ақсақалов алдағы жұмыс нәтижелері туралы мәлімдей отырып.
Осылайша, үш жыл ішінде Кешенді жоспардың бағыттары бойынша облыс әкімдігі 170 млрд теңге жеке инвестицияларды тартуды жоспарлап отыр, бұл жалпы көлемнің 70%-ын құрайды. Сонымен бірге, Кешенді жоспарда Бизнестің жол картасы аясында жобаларды қамтуды ұлғайту көзделген. Жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеге 284 жобаны несиелеуді субсидиялау жоспарланып отыр.
Әкім сондай-ақ, шағын және орта бизнес және цифрландыру салаларындағы алдағы жұмыс жоспарлары, өңірдің жылыту маусымына дайындығы туралы баяндады.
«Барлық жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Петропавл ЖЭО-2-де 7 турбоагрегат және 10 қазанагрегатта жөндеу жұмыстары аяқталды. Бір қазанагрегаттың жұмысы 30 қыркүйекке қарай аяқталады. Станциядағы көмір қоры 163 мың тоннаны және 664 тонна мазутты құрайды. Әлеуметтік-мәдени сала объектілері дайын. Бюджеттік мекемелерге арналған көмір толығымен жеткізілді. Халық 214 мың тонна көмірді жинады, бұл – 56%», — деді облыс әкімі.
Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов кәсіпкерлікті дамыту және трансферттерді есептеу әдістемесін жетілдіру туралы баяндады. Жоспар халықты жұмыспен қамтуға, көшіп қоныстанған азаматтардың санын көбейтуге және мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуға, кәсіпкерлікті, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, инвестицияларды тартуға, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, туризмді, экология мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған 48 іс-шарадан тұрады.
«Бұл құжаттың сәтті іске асырылуы өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға, халықтың кетуін азайтуға және көші-қон процесін тұрақтандыруға, экономикалық белсенділікті ынталандыруға және халықтың қолайлы өмір сүруіне ықпал ететін тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымның түйіткілді мәселелерін шешуге мүмкіндік береді», — деді Т. Сүлейменов.
ЖӨӨ өсімі республикалық деңгейге жетеді және орта есеппен 104% құрайды, бизнес орта жанданады және ЖӨӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 25,8%-дан 30%-ға дейін артады, шағын және орта бизнестен салық салынатын база 8,5%-ға дейін өседі, 14 000 шамасында уақытша және тұрақты жұмыс орындары және т.б. пайда болады деп болжанған.
Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов медициналық мекемелерді салу және жабдықтау туралы айтып берді. Ең алдымен, министр дәрігерлердің жұмыс жүктемесін төмендету, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, шұғыл медициналық көмек көрсетуді күшейту, сондай-ақ медициналық жабдықтарды сатып алу кезінде МЖӘ тетіктерін пайдалану мәселелеріне тоқталды.
«Жарақаттанудың ең жоғары көрсеткіштерінің бірі Солтүстік Қазақстан облысында белгіленген, сол себепті біз жедел жәрдемге басымдық бердік. Ең алдымен жедел жәрдем стандарттарын мүлтіксіз атқару, реанимобильдерді сатып алу, барлық қызметкерлерді қайта даярлау және қабылдау бөлмелері үшін бірыңғай стандарттарды енгізу», — деді министр Е. Біртанов.
Сонымен бірге, Е. Біртанов атап өткендей, Солтүстік Қазақстан облысының 2018–2025 жылдарға арналған денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың перспективті жоспарында Петропавлда 700 орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылысын жүргізу қарастырылған.
Премьер-Министр Б. Сағынтаев денсаулық сақтау министріне облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, жеке кешенді жоспар қабылдауды және негізгі бағыттарды кезең-кезеңімен айқындауды тапсырды.
Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев білім беру нысандарын салу, жөндеу, техникалық жабдықтау, гранттарды көбейту, түлектерді жұмысқа орналастыру туралы баяндады. Оның айтуынша, ендігі ЖОО-лар жабдықтар сатып алумен өздері айналысады, министрлік әр ЖОО-ның нақты қажеттіліктерін анықтауға еркіндік береді.
«Біз қаржылық, академиялық, басқарушылық еркіндік береміз. Гранттар мен ақша төлеп оқитындардан қаражат жинап, өздеріне қажетті жабдықты сатып алады. Олар өздері келісіп, қажетті нәрсені сатып алуы үшін қаржылық еркіндік береміз», — деді Е. Сағадиев.
Білім және ғылым министрінің айтуынша, ЖОО жалпы облыстың орталық орны болады. Сонымен қатар, облыста кең бейінді мамандарды даярлау мақсатында Министрлік биыл педагогикалық және медициналық мамандықтарға 300 грант бөлді.
Б. Сағынтаев оқытушылардың біліктілігін растау мәселесіне мұқият ден қою қажеттігін атап өтті. Білім және ғылым министріне ТжКББ аясында білім беру мекемелерімен бірге жеке Жол картасын әзірлеу тапсырылды.
Солтүстік Қазақстан облысына еліміздің азаматтарын қоныстандыру және оларды қолдау тетіктерін дамыту жөніндегі арнайы жоспарды әзірлеу туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова баяндады. Министрдің айтуынша, алдағы үш жылда Солтүстік Қазақстан облысына шамамен 3000 отбасын көшіру жоспарланған.
«Әкімдік, жұмыс беруші мен қызметкер арасында 20 жылға үшжақты келісімшартқа қол қою көзделген. Қоныс аударушыға бес жыл өткеннен кейін осы тұрғын үйді жекешелендіріп алу құқығы беріледі. Алғашқы бес жылда оның арендалық төлем жасауын ұсынамыз. Біздің есебіміз бойынша, бұл – 10 000 теңгені құрайды, бес жылдан кейін жекешелендіріп алу құқығы беріледі, ал келесі 15 жылда арендалық төлем шамамен 20 000 теңге болады және ол негізгі қарызды өтеу құны ретінде ескерілетін болады», — деді М. Әбілқасымова.
Оның айтуынша, жалпы алғанда бұл 3000 отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Егер өткен жылы 198 отбасы қоныс аударса, үш жыл ішінде осы аймаққа 3000 отбасыны қоныс аударту жоспарланған.
Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б. Атамқұлов қорғаныс өнеркәсібі кешенін технологиялық жаңғырту туралы айтып берді.
Бұдан өзге, Солтүстік Қазақстан облысының білім басқармасының басшысы Г. Кәрімова, кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Қ. Жарова және денсаулық сақтау басқармасының басшысы Т. Сұлтанғазиев сөз сөйледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Ресми сайт
Jebeu.kz