Қазақ халқының басындағы аса ауыр зұлмат 20 ғасырдың алғашқы жартысында орын алды. Қазақтың тең жарымынан астамы аштықтан қырылды, шетелге қоныс аударды. Барлық Алаш Орда мүшелері, зиялылар, бетке ұстар ел ағалары қудаланды, Итжеккенге айдалды, атылды. Түрлі деректер бойынша Қазақстанда 1916-1933 жылдар аралығында 3 миллионнан астам адам қырылған, оның ішінде 1931-1933 жылдары 1,7 миллион адам аштықтан көз жұмған. 1937-1938 жылдарғы 100 мыңдаған адам қуғын-сүргін құрбаны болған.
1997 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Жарлығымен 31 мамыр Саяси құғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Содан бері осы күні Қазақстан халқы қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алады. Бірқатар қалаларда ашаршылық және қуғын сүргін құрбандарына арнап ескерткіштер қойылды, мұражайлар ашылды.
Бүгін Ақорда резиденциясында Еуропалық кеңестің төрағасы Дональд Тускпен келіссөз жүргізген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев онынымен АЛЖИР кешеніне тағзым етуге бірге баратынын айтты.
«Бүгін біз миллиондаған адамның өмірін үзген сталиндік саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Тағдырдың тауқыметіне түскен азаматтардың арасында қазақтар ғана емес, Отанымызға күштеп қоныс аударылған 1,5 млн басқа ұлт өкілдері де бар. Осы орайда тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалдық мұражай кешеніне біз екеуіміз барып, тағзым етеміз. Бұл қазақ халқына және барлық қуғын-сүргін құрбандарына зор құрмет болса керек»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еліміздің өзге қалаларымен қатар Алматы қаласында да ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына тағзым етті. Алматыдағы зиялы қауым өкілдері, саясаткерлер, Алматы қаласының әкімдігі мен тұрғындары, «Ақиқат» және «Ауыл» сияқты демократиялық партия өкілдері Наурызбай батыр көшесі мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке келіп тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек тарихта ұлтымыздың басында мұндай ауыр да алмағайып кезеңдерідің аз болмағанын айтып, қазақ халқына жарқын болашақ тіледі.
«Елбасы айтқандай, тарихқа жіті көзбен қарап, өткенді ұмытпауымыз - осындай нәубет қайталанбас үшін қажет. Халықтың қасіретті кезеңдері əрдайым елдің жадында болуы тиіс. Бұл ретте тұтас ұлтты жойып жібере жаздаған ашаршылық ешқашан ұмытылмақ емес. Бүгінгі Қазақстан - халықтың бірлігі мен келісімін және бейбіт өмірді баға жетпес құндылыққа бағалаған ел. Халық айтпақшы, «жұмыла көтерген жүк жеңіл». Мұндай нәубет ешқашан қайталанбасын. Қашанда еліміздің іргесі берік, болашағы жарқын болсын», - деді Алматының әкімі.
«Ақиқат» партиясының төрағасы Ермұрат Бапи бұл ғасырға созылатын, әлі деректері толық ашылып болмаған қасырет екенін айтып өтті.
«Бұл жылдарға, ғасырға созылатын қасырет. Уақыт өзгермейінше, елде отарсыздану саясаты жүрмейінше бұл жағдайлардың нақты бағасын да, нақты деректерін де білмейтін шығармыз. «Аштықта 3 миллионнан 5 миллмонға дейін халық қырылды» деген долбар ғой, шынында да 3 миллионнан кем емес шығар. Қызыл қырғыннан опат болған Алаш арыстарына, қазақтың жалпы қаймақтарына, қазақтың интеллигенция, идеология өкілдеріне, жалпы қазақ халқының сол кездегі қырылған жалпы аруақтарына тағзым етейік»,- деді Ермұрат Бапи.
Алматы облысының Жаңалық ауылында да облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған салтанатты жиын өтті. Аруақтарға арнап ас беріліп, құран оқылды. Тұтас ел бойынша ашаршылық және қуғын сүргін құрбандарына тағзым ету жалғасуда.
Тұрдыбек ҚҰРМЕТХАНҰЛЫ
Jebeu.kz