Бүгін Сенаттың жалпы отырысының алдында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті Сенатор» төсбелгісі мен куәлігі табысталды.
«Бүгін – Сенат тарихында ерекше күн. Өткен аптада Палата отырысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа «Құрметті Сенатор» мәртебесін беру туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын сенаторлар бірауыздан қолдап, тарихи шешім қабылдады. Аса мәртебелі, Нұрсұлтан Әбішұлы «Құрметті Сенатор» мәртебесін беру туралы шешім Сіздің жасампаз еліміздің іргетасын қалаудағы, әлем мойындаған стратегиялық дамудың дара жолын айқындаудағы кемеңгерлік қызметіңізге және кәсіби қос палаталы Парламентті қалыптастырудағы орасан зор еңбегіңізге сенаторлардың терең құрметі деп қабылдаңыз. Сенат бюросы қабылдаған «Құрметті Сенатор» мәртебесі туралы ережеге сәйкес, арнайы төсбелгі мен куәлікті Сізге Сенат атынан тапсыру маған жүктелген. Енді осы құрметті миссияны орындауға рұқсат етіңіз», - деген Сенат төрағасы Дариға Назарбаева.
30 мамырда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде конституциялық-құқықтық негіздерін қалыптастырудағы, сондай-ақ отандық парламентаризмді орнықтырудағы және дамытудағы сіңірген тарихи еңбегін, Конституцияны, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, қоғамның бірлігін қамтамасыз етуге, елдің стратегиялық даму бағдарын айқындауға қосқан аса зор үлесін мойындай отырып, ҚР Парламенті Сенаты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті Сенатор» мәртебесін беру туралы шешімді қабылдаған болатын.
Елбасы барлық депутаттарға қолдау көрсеткені және еңбегін жоғары бағалағаны үшін алғыс айтты.
– Көпшілігіңізбен соңғы 30 жыл бойы бірге жұмыс істеп келеміз. Біз көптеген қиындықты бірге өткердік. Маған «Құрметті сенатор» мәртебесін беру туралы шешім қабылдағандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті қолға алған реформаларды тиімді жүзеге асыру ісінде Парламенттің сапалы заң шығару қызметінің маңызды екенін ерекше атап өтті.
– Еліміз бүкіл әлемге танымал болды. Экономикамыз дамып, азаматтарымыздың тұрмыс деңгейі артты. Біз мемлекетті жаңғыртуға бағытталған бірнеше бағдарлама қабылдадық. Сіздер сол құжаттарды жүзеге асыруға белсене атсалысып келесіздер. Реформалардың табысты болуы сіздердің жұмыстарыңызға байланысты, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев қоғамның тұрақтылығын нығайту және дамудың стратегиялық бағдарының сабақтастығын қамтамасыз ету үшін президенттік өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдағанын айтты.
– Біздің басты жетістігіміз – елдегі тұрақтылық пен тыныштық. Әлемдік қоғамдастықтың қабылдаған шешіміме білдірген пікіріне таң қалдым. Біз бүкіл әлемге билік транзитіне қатысты мәселені қалай шешуге болатынын көрсеттік, – деді Елбасы.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанды одан әрі дамыту және өркендету ісінде жастардың маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Jebeu.kz