Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына басталған мемлекеттік сапары аясындағы жоспарланған кездесулердің барлығында баяндамасын қазақ тілінде жасауда. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
"Атап айтсақ, Мемлекет басшысы Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 6-отырысының ашылуында сөйлеген сөзін, сондай-ақ, ҚХР іскер топтарының өкілдерімен кездесуіндегі сөзін және Қытай қоғамдық ғылымдар академиясындағы баяндамасын толығымен мемлекеттік тілде жасады" деп жазды ол фейзбук парақшасында.
Естеріңізге сала кетсек, 11 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Қасым-Жомарт Тоқаев Пекинде Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің 6-отырысының ашылуына қатысады және Қытай қоғамдық ғылымдар академиясында дәріс оқуы жоспарланған. Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен және Қытайдың бірқатар саяси және іскерлік топтарымен келіссөз өткізеді.
Қазақстан Президенті Қытайға жасаған екі күндік сапарының аясында Ханчжоу қаласына да барып, инновациялық өнімдерді әлемдік нарыққа шығару бойынша көшбасшы «Hikvision» компаниясының жұмысымен танысады. Сонымен қатар бағдарлама бойынша «Alibaba» компаниясының кеңсесіне барып, Джек Мамен кездесу жоспарланған.
Jebeu.kz