Мемлекет басшысы «Алтын сапа» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты, деп Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап хабарлаймыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттің қолдауымен отандық бизнестің жаңа легі қалыптасқанын және олар ұлттық экономиканың басты қозғаушы күшіне айналғанын атап өтті.
– Индустрияландыру кезеңінде елімізде 1300-ден астам жаңа өндіріс іске қосылды. Нәтижесінде бұрын өндірілмеген көптеген тауарлар шығарыла бастады. Сондай-ақ 200 мың жұмыс орны ашылды. Азаматтарымыз заман талабына сай жаңа кәсіптерді игеруде. Осының бәрі халқымыздың әл-ауқатын және бәсекелік қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – Қазақстанды қуатты мемлекетке айналдыру, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, пандемия мен әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан, 11 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өсім қарқыны 3,3% деңгейінде сақталып отыр. Биыл Индустрияландыру картасы аясында 20 мың жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 200-ден астам өндіріс іске қосылды. Соңғы бес жылда экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 24-тен 32 пайызға артты. Кәсіпкерлік саладағы жұмыспен қамту көлемі 21 пайызға, яғни 2,8-ден 3,4 миллион адамға көбейді. Бұл Үкімет пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолайлы бизнес-ахуал қалыптастыру, қаржылай және басқа да қолдау шараларын ұсыну жөніндегі дәйекті жұмыстарының нәтижесінде мүмкін болды. Биыл бизнеске мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін қысқарту, рәсімдерді қайта реттеу және одан әрі жеңілдету мәселелерін қамтитын заңнамалық бастамалардың сегізінші топтамасы қабылданды.
– Биылғы 1 қаңтардан бастап менің Жарлығыммен шағын және микро кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге алдағы үш жылға мораторий енгізілді. Менің тапсырмам бойынша Үкімет пен Ұлттық палата реттеу саясатының жаңа әдістерін әзірлеуге кірісіп кетті. Келесі жылдан бастап қазіргі талаптарды қайта қарау және «жаңадан реттеу» қағидатын енгізу жөніндегі заңнамалық нормалар біртіндеп қабылданатын болады. Бұл бизнесті «ақылды реттеудің» түбегейлі жаңа жүйесін қалыптастыра отырып, маңызды емес ережелер мен қайталанатын талаптарды алып тастауға мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент экономиканы мемлекет меншігінен одан әрі алу ісі нақты бәсекелестікті дамытуда және әр кәсіпкерге шын мәнінде тең мүмкіндік беруде маңызды рөл атқаратынын айтты.
– Біз мемлекеттің экономикаға араласу үлесін айтарлықтай азайту үшін біртіндеп жағдай жасаймыз. Биыл квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға жарияланған мораторий аяқталады. Бұл бағыттағы мақсатқа әлі толық қол жеткізілген жоқ деп санаймын. Сондықтан менің Жарлығыммен аталған мораторий келесі жылдың аяғына дейін созылады. Мемлекет оңтайлы бизнес орта қалыптастырудан бөлек, еліміздегі кәсіпкерлікті жан-жақты дамыту үшін жүйелі шаралар қабылдамақ, – деді Мемлекет басшысы.
Пандемия кезінде бизнес несиелерді қайтару мерзімін шегеруге мүмкіндік алды, салықтан босатылды және басқа да жеңілдіктер мен артықшылықтарға ие болды. Көрсетілген қолдаудың жалпы көлемі 1,5 триллион теңгеден асты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ДСҰ мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы, интернет саудасының дамуы жаңа мүмкіндіктер мен тауар өткізу нарықтарына жол ашады. Бірақ сонымен бірге шетелдік өнім өндірушілер тарапынан болатын бәсекелестікті күшейтеді. Мұндай жағдайда Қазақстан бизнесі өнім сапасы мен еңбек өнімділігін үнемі жақсартып, жаңа әрі озық технологиялар мен бизнес-практиканы меңгеруі қажет.
– Уақыт бір орнында тұрмайды. Әлем, экономика, технологиялық құрылымдар жылдам өзгеруде. Конкурстың талаптары жаңартылып, кәсіпкерлерімізді өз жұмыстарын үнемі жетілдіріп отыруға ынталандыруы керек. Бұл жаһандық «цифрлық әлем» және Төртінші өнеркәсіптік революцияның технологияларын қарқынды енгізу жағдайында аса маңызды. Үкімет пен Ұлттық палата жеңімпаз кәсіпорындарға қосымша қолдау көрсету тетіктері туралы ойлануы керек. Бұл бизнесті Конкурсқа көп қатысу үшін ынталандырады және еліміздегі сапа менеджментінің тұжырымдамасын ілгерілетуге ықпал етеді, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы конкурс жеңімпаздарының осындай шетелдік конкурстарға қатысуын қамтамасыз етуге және оларға қолдау көрсетуге шақырды. Осы ретте, 2019 жылы «Алтын сапа» сыйлығының бес жеңімпазы өнім және қызмет көрсету сапасы саласындағы жетістіктері үшін ТМД сыйлығының иегерлері және дипломанттары атанды. Мұндай кешенді қолдау отандық кәсіпорындар үшін өздерінің бәсекеге қабілеттіліктерін арттыруға, өнім экспортын ұлғайтуға және экономикада жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында «Алтын сапа» конкурсына қатысқан барлық бизнес өкілдеріне алғыс білдірді.
Биыл «Үздік индустриялық жоба» номинациясы бойынша Алматы қаласындағы «КЕЛЕТ» акционерлік қоғамы жеңімпаз атанды. Ал, «Үздік инновациялық жоба» жүлдесіне «KSP steel» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Павлодар филиалы ие болды. Жеңімпаздардың сыйлықтарын Президенттің атынан Премьер-Министр Асқар Мамин тапсырды.
Сонымен қатар «Өндірістік бағыттағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Алматы көпір құрылысы зауыты» ЖШС (Алматы қ.), «МАКС жолқұрылыссервис – 21» ЖШС (Алматы облысы), «Стадболт Мануфактуринг» ЖШС (Атырау облысы); «Халық үшін тауар өндіретін үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «GrandMiks» ЖК (Түркістан облысы), «Глобал-Арнайы киім» Өндірістік бірлестігі» ЖШС (Ақтөбе облысы), «Дана-Дель» ЖК (Жамбыл облысы); «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Тұран» университеті (Алматы қаласы), «СКФ «Отделстрой» ЖШС (Батыс Қазақстан облысы), «Элит-НС орталығы» ЖШС (Нұр-Сұлтан қаласы); «Азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Ақсай» Нан-бәліш комбинаты» ЖШС (Алматы қаласы), «Нәтиже «Сүт Фабрикасы» ЖШС (Қарағанды облысы), «Пасека» шаруа қожалығы (Шығыс Қазақстан облысы) «Алтын сапа» конкурсының 2020 жылғы иегерлері атанды.