Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығына арналған іс-шара өтті.
Мәртебелі басқосуға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Өлзийсайханы Энхтүвшин, Моңғолияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Лувсангийн Баттулга, Моңғолияның Сыртқы істер вице-министрі Батмөнхийн Батцэцэг бастаған құрметті қонақтармен бірге, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Түркі ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов, антрополог-академик Оразақ Смағұл және бірқатар ғылыми мекеме басшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен халықаралық туристік форумда сөз сөйлеп, қазақ даласында хандық құрған көшпелі империя Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту туралы бастама көтергенін білесіздер, нәтижесінде дәл қазір Үкімет тарапынан көптеген жұмыстар қолға алынып жатыр. Бұл орайда Халықаралық Түркі академиясы да осындай үлкен іске ұйытқы болу мақсатында бірқатар келелі істер атқарды. Атап айтқанда, «Бұрхан Халдуннан – Ұлытауға» атты ғылыми экспедициясынан бастап, жуырда өткен халықаралық форумдар соның дәлелі екенін жеткізе отырып, маңызды шараға арнайы ат басын бұрған Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев мырзаға сөз кезегін ұсынды.
Алғашқы сөзін алыстан келген меймандарға бағыштай отырып «Ұлы дала еліне қош келіпсіздер» деп бастаған Бердібек Сапарбаев, – қазақ және моңғол халқының тағдыр-талайы ұқсас жұрт. Ұлы далада ту тігіп, елдіктің қазығын қаққан тұлғаларымыз да ортақ. Келесі жыл Қазақстан үшін айтулы тарихи оқиғаларға толы болмақ. Әсіресе көшпелілер құрған үлкен империя Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту мәселесі күн тәртібінде тұр. Осы орайда бұл мереке тарихы мен тағдыры ұқсас екі халыққа ортақ құндылық, – деді.
Сонымен бірге Үкімет басшысының орынбасары жоғарыдағы тарихи маңызды оқиғаны биік деңгейде атап өту үшін елімізде еңбек етіп жүрген отандық зерттеушілерді және аталған сала бойынша ғылыми еңбектер жазған шетелдік оқымыстыларды тартып, тың дүниелерге жол салу керек. Ол үшін жаңадан археологиялық қазба жұмыстарын ұйымдастыру, сырт мемлекеттерде ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізу арқылы Алтын Орда ұлысын әлемге насихаттау қажет. Бұл тұрғыдан алғанда істі ілгерілету үшін Халықаралық Түркі академиясына жүктелер міндет көп. Өйткені академияға құрылтайшы республикалардың Алтын Орда тарихына ортақтастығы бар дей келе, сөзінің соңында Бердібек Мәшбекұлы көне түркілердің алтын көмбесі сақталған Моңғол елін түркі-тілдес мемлекеттерді біріктіретін халықаралық ұйым бақылаушы болуға шақырып, сондай-ақ дүние жүзіне аты мәлім қаһарлы қаған Шыңғыстың тіке тұқымынан қалған жалғыз белгі Жошы кесенесі орналасқан аумақта толық жабдықталған халықаралық туристік база жасалып жатқанын, одан кейін Жошы ханға ескерткіш тұрғызылып, Нұр-Сұлтан қаласынан көше аты берілетіні жайлы қуанышты хабарды моңғолиялық меймандарға сүйіншілеп жеткізді.
Келесі кезекте сөз тізгіні бұйырған Моңғолия вице-премьері Өлзийсайханы Энхтүвшин мырза ең әуелгі пікірін осы жиынға қатысып отырған тұлғаларға рахмет айтудан бастап: «Моңғол мен қазақ қадым заманнан бері іргесі бөлінбеген, еншісі ажырамаған, әлемде өшпестей ізі қалған көшпенділер мәдениетінің керемет болмысын бойына сіңірген, түрі де бір, тірлігі де ұқсас халық. Ал қазіргі жаһандану заманында Қазақ елі мен біздің қарым-қатынасымыз жаңа деңгейде дамиды деген сенімдеміз. Әсіресе ұлы қаған Шыңғыстың үлкен баласы атақты Жошы ұлысының іргесін қалап, кейінгі Алтын Орданың шаңырақ тіктеуіне себепкер болған Жошының кесенесін ғасырлар бойы сақтап, бүгінгі таңда әлемдік тарихи-туризмнің өзегіне айналдыруға ниет етіп отырғандарыңызға бек ризашылық білдіремін. Одан кейін Моңғол даласында өмір сүрген түркілердің төр абызы Тоныкөктің 1300 жылдығын келер жылы ЮНЕСКО көлемінде тойлауға бастама көтеріп отырған Халықаралық Түркі академиясының шешімі құптауға тұратын іс. Аталған академия дәл қазір Моңғолия Ғылым академиясы, Археология және тарих институты, Ұлттық музей, Мемлекеттік архив т.б. ірі-ірі мекемелермен бірлесіп, 2014 жылдан бері тұрақты атқарып келе жатқан жұмысы өз нәтижесін береді деген ойдамын», деді.
Сол сияқты келер жылы Моңғол үкіметі де өздерінің ежелгі астанасы Қарақорым қаласының 800 жылдығын тойлау қамында екен. Осы шараға қазақстандық ғалымдардың да атсалысу мүмкіндігі бар екенін жеткізіп: «Ал Халықаралық Түркі академиясына бақылаушы болу мәселесін екіжақты жұмыс топтарын қатыстыру арқылы Моңғолия елінің ішкі заң актілері шеңберінде шешеміз» деді құрметті мейман Өлзийсайханы Энхтүвшин мырза.
Басқосу барысында атқарылған тағы бір маңызды оқиға – мәртебелі меймандардың қатысуымен екі жұрттың ортақ тарихы Алтын Орда тақырыбын қамтыған бірнеше туындының тұсауы кесілді. Соның бірі – «Ұлық Ұлыс (Алтын Орда) Шағатай, Моғолстан мемлекеттері» атты туынды. Бұл жинақта Шыңғысхан құрған империяның кіші ұлыстарының тарихына қатысты жарлықтар, хаттар, елшілік нысандар, нумизматикалық кешендер, артефактілер және жазба деректердің таңдаулы нұсқалары қамтылса, «Золотая орда. История, государственность, культурное наследие» кітабы қазіргі ұлыстану мәселесін жан-жақты түсіндіруге негізделген туынды екен.
Бұлардың сыртында «Алтаистика, туркология, монголистика» атты халықаралық ғылыми журналдың да таныстырылымы өтіп, әсіресе моңғолиялық қонақтар үшін қазақ тілінде басылған «Моңғолдың құпия шежіресі» мен көне моңғол тіліндегі түпнұсқалық транскрипциясын ғылыми сөзбе-сөз және мағыналық аудармасының түсіндірмелер сөздігінің көрсеткішін жасаған «Моңғолтанудың хабарлары» атты туындылардың маңызды болғаны анық.
Іс-шара соңында Халықаралық Түркі академиясы өткізіп отырған жиын жайлы өз пайымдарын білдірген мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Түркі ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов, антрополог-академик Оразақ Смағұлов ұйымдастырушы тарапқа алғыс білдіре отырып, алыстан келген моңғолиялық меймандарға да ризашылықтарын жеткізді.
Бекен Қайратұлы
Суретті түсірген: Ерлан ОМАРОВ «EQ»
Дереккөз: "Егемен Қазақстан"