ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі халық пен бизнесті қолдау жөніндегі шаралардың орындалу мониторингін жалғастыруда. Бұл туралы агентіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Агенттік мәліметінше 1,6 миллионнан астам қарыз алушы қарыздары бойынша мерзімін кейінге шегерді, 246 кәсіпкер жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы бойынша кредит алуға мақұлдаудан өтті және 1,7 млн адам әлеуметтік жәрдемақы алу үшін төлем карталарын және карточкалық шоттар ашты.
2020 жылғы 28 сәуірдегі жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктерге және өзге де кредиттік ұйымдарға қарыздар мен микрокредиттер бойынша төлемдерді тоқтата тұруға 1 844 599 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 1 831 489 жеке тұлға банктік қарыз төлемдері бойынша мерзімін кейінге қалдыруға өтінім берді, 13 110 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі төтенше жағдай кезеңінде кредиттер бойынша мерзімді кейінге шегеруге өтінім беру үшін кредиттік ұйымдарға жүгінді. 1 661 232 жеке тұлға 237,4 млрд теңге сомаға немесе барлық қарыз алушының 31,3%-ы төлемдерді тоқтата тұруға мақұлдау алды. Оның ішінде 299 363 - халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының өкілдері.
Сонымен бірге 11 561 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі 138,8 млрд теңге сомаға немесе кәсіпкерлердің жалпы санынан 44,1%-ы мерзімін кейінге шегерді. Қалған өтінімдер қаралып жатыр, 10 жұмыс күні ішінде олар бойынша тиісті шешімдер қабылданады. Бүгінгі күні шамамен 5,3 млн азаматтың 4,4 трлн теңге сомаға және 26,2 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің 3,9 трлн теңге сомаға банктік қарыздар және микрокредиттер бойынша берешегі бар.
Екінші деңгейдегі банктерден алынған деректерге сәйкес, шағын және орта бизнес субъектілері және дара кәсіпкерлер кредит алу үшін 274,8 млрд теңге сомаға 1 313 өтінім берді. Оның ішінде 62,5 млрд теңге сомаға 246 қарыз мақұлданған.
Әлеуметтік жәрдемақы алу үшін 1,7 млн адам төлем карточкасын және карточкалық шот ашқан. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың Мемлекеттік комиссияның 2020 жылғы 10 сәуірдегі отырысында берген тапсырмасы шеңберінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екінші деңгейдегі банктермен төлем карточкаларын банктердің бөлімшелеріне бармай-ақ қашықтан алу алгоритмін дайындады. Бүгінгі күні 1 013 558 азамат қашықтан карточкалық шот және төлем карточкасын ашқан және олар шамамен 700 мыңдай клиенттің үйіне жеткізіліп берілген. Төтенше жағдай енгізілгеннен бері «Қазақстанның Халық банкі» АҚ қашықтан 564 615, Kaspi Bank – 358 884, Forte Bank АҚ – 26 745, «Банк Центр кредит» АҚ - 25 258 төлем карточкасын ашқан. «Қазпочта» АҚ 88 397 төлем карточкасын үйге жеткізіп берген.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын әзірледі. Осы Бағдарламаны іске асыру үшін шағын, орта кәсіпкерлік субъектілеріне және дара кәсіпкерлерге екінші деңгейдегі банктерге негізделген салымдар орналастыру арқылы 600 млрд теңге бөлінді.
Бизнесті қолдау тетігі екінші деңгейдегі банктердің төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, дара кәсіпкерлерге айналым капиталын толықтыру үшін 12 айға дейінгі мерзімге жылдық 8%- дан аспайтын мөлшерлеме бойынша жеңілдікпен кредиттер беруі арқылы іске асырылады. Екінші деңгейдегі банктердің қаражатты игеру мерзімі 3 айды құрайды.
1) Ақша қаражаты ШОК субъектілеріне кредиттер беруге жұмсалуға тиіс.
2) Бір қарыз алушыға лимит: заңды тұлғалар – шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 3 млрд теңгеден аспайды; дара кәсіпкерлер үшін – 50 млн теңгеден аспайды.
3) Айналым қаражатын толықтыруға берілетін кредит қарыз алушының банктік шотына аударылады және қарыз алушы тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер үшін ақы, салықтар және бюджетке басқа да төлемдер, жалақы төлеу үшін қолма-қол ақшасыз тәсілмен төлемдерді жүзеге асырады.