Болат Өтемұратов қоры Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы Мырзакент қаласында 150 үйдің құрылысын аяқтады. Олар осы өңірде өткен көктемде бөгеттің бұзылуынан болған су тасқынынан зардап шеккендерге арналды. Бүгін ҚР вице-министрі Роман Скляр мен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен үйлердің кілттері болашақ тұрғындарына берілді, деп хабарлайды Egemen.kz-ке сілтеме жасап хабаралймыз.
"Біздің акционер Болат Өтемұратов қазақстандық меценаттар ішінен алғашқы болып көктемде болған апаттан зардап шеккендерге көмек көрсетуді шешті. Ол 6 млн АҚШ долларын бөліп, оларды апат салдарынан баспанасыз қалған 150 отбасына арнап үй салуға жұмсады. Бұл өңірдің қайта құрылуына салынған ең қомақты үлес және салынған үйлердің ең жоғарғы саны. Жобаны іске асыру барысында біз ең жақсы материалды таңдап, жұмыс сапасын қатал қадағаладық. Пандемия мен карантинге байланысты қиындықтарға қарамастан, төрт айдың ішінде жобаны орындадық. Айта кету жөн, бізге өткен жылғы Арыс қаласындағы тәжірибе көмек болды, ол қалада да біз жарылыстардан зардап шеккен 100 отбасына үй салып бердік", - деді Ерлан Оспанов, "Верный Капитал" компаниялар тобының бас директоры.
Көлемі 100 шаршы метр үш бөлмелі үйлер Мырзакенттің жаңа, перспективті ауданында салынған, мұнда Достық, Жаңатұрмыс және Жеңіс ауылдарының тұрғындары көшіріледі. Жаңа шағын ауданға барлық коммуникациялар тартылған, бала бақшаның және мектептің құрылысы басталып қойды.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бүкіл елдің қолдауымен аймақ барлық қиындықтарды еңсергенін атап өтті. "Мақтаарал ауданының тұрғындары мемлекеттік деңгейде қолдау алды. Ешкім де назардан тыс қалған жоқ. Бүкіл ел көмекке келді. Осымен барлық қиындықтар артта қалып, алдыда сіздерді тек қуанышты және көңілді оқиғалар күтсін. Тағы да сіздерді жаңа үйлеріңізбен шын жүректен құттықтаймын", - деді облыс басшысы.
Жеңіс ауылының тұрғыны, төрт баланың әкесі жаңа қоныстанған Кенже Тлеубаев мамыр айының басындағы сол қиын күндерді еске алды. "Екі күн ішінде бүкіл ауылды су шайып кетті, біздің үйден, көршілеріміздің үйлерінен ештеңе қалмады. Біз бәрінен айырылып, толықтай шығынға баттық. Міне, бүгін, бес айдан кейін, мені қуаныш басты. Біздің мемлекетке, халқымызға, бізге қиын кезде көмек қолын созып, көмектескен азаматтарға алғыс пен қуаныш басты", - деді ол.
Имантаевтар отбасы алғашқылардың бірі болып жаңа үйге қоныстанды. Бес баланың әкесі Талғат өз сезімін жасыра алмады.
"Елбасына, Президентке, әкімдерге, Болат Өтемұратовтың қорына, бізге қол ұшын созып, қолдау көрсеткендердің барлығына мың алғыс. Бізде, бүкіл елде тек қуанышты оқиғалар болғанын қалаймыз!" - деді ол.
"Қайырымдылық жобамызды біз Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп іске асырдық. Әкімдіктегі әріптестерімізге көмек үшін алғысымызды білдіреміз. Арамыздағы ынтымақтастық жеке бастама мен мемлекеттік қолдаудың әлеуметтік проблемаларды бірлесіп нәтижелі шешудің сәтті үлгісі болды", - деді Марат Айтмағамбетов, Болат Өтемұратов Қорының директоры.
Өткен жылы Болат Өтемұратов Қоры Қызылорда қаласында 100 көпбалалы отбасы үшін және Арыс қаласында жарылыстардан зардап шеккен 100 отбасы үшін тұрғын үй салуды қаржыландырды. Жобаларға жұмсалған жалпы сома 1,3 млрд теңгені құрады.