Нұрболат Аманбек
Таяу Шығыстағы шиеленістің қайта өршуіне байланысты мұнай бағасы тағы қымбаттады. Қара алтын бағамы бір аптада 5 пайыздан астам өсім көрсетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазіргі таңда Brent маркалы мұнай фьючерстері 20 центке қымбаттап, барреліне 88,72 долларды құрады. Ал америкалық WTI мұнайының бағасы 5 центке төмендеп, 82,35 доллар болды.
Өткен аптада екі марканың да бағасы 5 пайыздан астам өскен. Бұған мұнай нысандары мен танкерлерге жасалған шабуылдар, сондай-ақ Таяу Шығыстан мұнай жеткізіліміне қатысты қауіптердің күшеюі себеп болған. Әсіресе, демалыс күндері Ормұз бұғазы арқылы өтетін кемелер саны айтарлықтай азайған.
Айта кетейік, бұған дейін ОПЕК елдері мұнай өндіру көлемін тәулігіне 1,66 миллион баррельге арттыру туралы келісімге келді. Шілдеде ұйымға мүше мемлекеттердің тәуліктік шикі мұнай өндірісі маусым айымен салыстырғанда 1 миллион 659 мың баррельге өсіп, 23 миллион 632 мың баррельге жеткен.
Еске сала кетейік, қазір Парсы шығанағындағы жағдай тұрақталмай тұр. Бұған дейін Дональд Трамп Ираннан соңғы ондаған жылда болған қақтығыстар, шабуылдар мен наразылықтар салдарынан келтірілген шығын және адам өлімі үшін өтемақы төлеуді талап етті. Тегеран бұған жауап ретінде америкалық әскери қызметшіні өлтірген немесе тұтқынға алған азаматтарға 30 мың доллар көлемінде сыйақы тағайындайтынын хабарлады.
Egemen.kz телеграм арнасынан




