Қашағанның қара жәшігі ашылды: Танымал саясаткер Назарбаевтан жауап алуды талап етті...

Уақыты: 2026-08-18 Көрлімі: 14 Сипаттама

Қазақстанның Қашаған кен орнына қатысты халықаралық арбитражда көтерген 10,7 млрд долла...

IMG_1467.jpeg

Қазақстанның Қашаған кен орнына қатысты халықаралық арбитражда көтерген 10,7 млрд долларлық талабы Назарбаев дәуіріндегі мұнай келісімдерін қайтадан күн тәртібіне шығарды. Саясаткер Қазыбек Бейсебаев мемлекет байлығын бөліске салған құжаттардың қалай бекітілгенін қоғамнан жасырмай тексеріп, экс-елбасыдан жауап алатын уақыт жетті деп мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.


Айта кетелік, әзір Астана Қашаған жобасының шетелдік қатысушыларымен халықаралық арбитражда дауласып жатыр. Шатақ шарттардың жалпы құны 10 миллиард доллардан асып жығылады. 


Қашағандағы өнімді бөлу туралы негізгі келісім 1997 жылы жасалып, 2008 жылы оған елеулі өзгеріс енгізілген. Шарт бойынша инвесторлар өндіріске жұмсаған шығынын алдымен мұнай есебінен өтейді, содан кейін ғана табыс мемлекетпен кең көлемде бөлісіледі. Бейсебаевтың пайымынша, шығынның қолдан өсірілуі Қазақстанның өз мұнайынан түсетін үлесін ондаған жылға кейін сырғытып, Ұлттық қор мен бюджетке орасан залал келтірген. 


«Егер келісімдер ұлттық мүддені ескеріліп жасалғанда, Ұлттық қорда қазір әлдеқайда көп қаражат жатар еді. Бюджет те бүгінгідей қысымға түспес еді», – дейді саясаткер.


Ол қазіргі дауды 2003 жылы АҚШ-та басталған атышулы «Қазақгейт» ісімен байланыстыруда. 


Сол кезде америкалық кәсіпкер, Назарбаевтың уәзірі Жейміс Гиффенге Батыс компанияларына мұнай-газ келісімдерін алып беру үшін Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғаларына ондаған млн доллар пара берді деген айып тағылған. Ұсталған сәтінде оның қолында Қазақстанның дип.паспорты болған.


Істе Нұрсұлтан Назарбаев пен экс-премьер Нұрлан Балғымбаевтың аты аталған.


Іс насырға шапқанда, Гиффеннің қорғаушылары оның АҚШ барлау құрылымдарымен (ЦРУ) байланыста жұмыс істегенін мәлімдеген. Құпия құжаттар араласқан 7 жылдық соттан кейін негізгі жемқорлық айыптары алынып тасталған. Судья Гиффенді толық ақтап, «америкалық патриот» деп атаған-тұғын.


«Назарбаевтың жанында еліміздің дипломатиялық паспортымен жүрген АҚШ тыңшысы отырды. Соның тұсында мемлекетке тиімсіз, кіріптар келісімдер таңылды. Ал ел басшысы мұндай экономикалық диверсиядан бейхабар болды деу ақылға сыймайды. Мұны Отанға жасалған опасыздық демегенде не дейміз?» – деп жазды Бейсебаев.


Ескі Қазақстан? Бейсебаев Назарбаевтың кезінде жасалған ірі келісімдерді қайта қарайтын қоғамдық комиссия құруды ұсынып отыр. Сондай-ақ экс-елбасының Дубайға жиі сапарлау себебін, соның ішінде биліктен кетерінен бір апта бұрынғы сапарын анықтауды талап етті.


«Қазақстан оның жеке меншігі болды ма? Кеше ғана “Елбасы” атанған, аты астанаға, көше мен саябаққа берілген адам халықтың байлығын қандай құқықпен үлестірді? Осы сауалға жауап берілмей, елдің алға жылжуы да мүмкін емес», – деп түйіндеді саясаткер.



 https://t.me/ertenmedia телеграм арнасынан 


Пікір жазу
  • Таяу Шығыстағы шиеленіс мұнай бағасын қайта көтерді
    Кері қайту

    Ұқсас тақырыптар