Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТ. АҚШ пен Қытай арасындағы мәселелер

Уақыты: 2018-09-27 Көрлімі: 1664 Сипаттама

Қазақстанның экономикалық бағытта тығыз байланыс орнатып отырған сенімді серіктестер...

1534308984_article_b_1500_.jpegҚазақстанның экономикалық бағытта тығыз байланыс орнатып отырған сенімді серіктестерінің алдыңғы қатарында АҚШ пен Қытай мемлекеттері бар. Біз үшін бұл екі елдің жүргізіп отырған саясатынан, экономикалық тұрғыдағы қадамдарынан хабардар болып отырғанымыз маңызды. Сондай-ақ олардың өзара қатынастарының жай-күйін де назарда ұстағанымыз абзал. Осы орайда АҚШ пен Қытайдың бүгінгі таңдағы байланысына қатысты мәселелерге ой жүгіртіп көрсек.
Д.Трамп әкімшілігі соңғы кездері Қытайға қатысты экономикалық сая­сатын күшейтіп, ең алдымен екі ел арасындағы «әділетсіз сауда» атты «олқылықтың орнын толтыруға» талпынып отыр. Вашингтон АҚШ-қа импортталатын жалпы сомасы 50 млрд доллар тұратын қытайлық тауарға, оның ішінде шілде айының өзінде 34 млрд доллардың тауарына қосымша 25% кедендік салық салу туралы шешім қабылдады. Оған қоса, президент Д.Трамптың айтуы бойынша, «егер Қытай үкіметі қарсы шара қолданатын болса, онда біз бұдан он есе, яғни жалпы сомасы 500 млрд доллардың импортына қосымша салық салуды қарастырамыз» деп қайтпас мінез көрсетіп отырса, Қытай тарапы «оныңа көне қоймаймыз» деген кейіп танытуда. 

 Вашингтон Бейжіңнен келесі үш мәселенің шешімін талап етіп отыр: біріншіден, 2017 жылғы 375 млрд долларға жеткен екі ел арасындағы сау­да айналымындағы АҚШ-қа тиімсіз айырмашылықты 200 млрд долларға қысқарту, екіншіден, интеллектуалды меншікті қорғау, үшіншіден, «Қытай өндірісі 2025» атты Қытай үкіметінің индустриялық бағдарламасын түбегейлі өзгерту (кәсіпорындарға бөлініп отырған үкіметтік субсидияларды тоқтату).

Ал Қытай тарапы бұл талаптарға төмендегідей жауап қайтарып отыр: біріншіден, америкалық өнімдердің импортын кең көлемде ұлғайту, бірақ нақты сандық міндеттемелерді мойынға алмау, екіншіден, патенттерге қатысты заңнамаларды күшейтіп, интеллектуалды меншікті қорғауды қамтамасыз етуге қатысты жұмыстарды күшейту, үшіншіден, «Қытай өндірісі-2025» бағдарламасын өзгертуге қатысты АҚШ тарапының талабын қабылдамау. 

 АҚШ-тың бұл позициясының астарында Қытай экономикасының тез қарқынмен дамып, соның арқасында жаңа технологиялар саласындағы екі елдің әлем нарығындағы бәсекелестігі күннен-күнге артып отырғаны және бұл үрдісті барынша тежеуге деген ұмтылыстың жатқаны белгілі болса, Американың айтқанына көнбей отырған Қытай мемлекетінің басты мақсаты – 2030 жылға дейін әлемнің бірінші экономикасына айналу. Сондай-ақ Бейжіңнің түпкі мақсатында әлем елдерін, әсіресе көрші мемлекеттерді Қытайдың саяси ықпалына кіретін аймаққа айналдырып, АҚШ негізін құрап отырған бүгінгі таңдағы әлемдік саяси жүйе мен халықаралық тәртіпті өзгертуге деген ұмтылыс жатқаны анық.  

Алайда сауда-саттық, инвестиция және қаржы саласы сияқты маңызды салалардағы АҚШ пен ҚХР-дың экономикалары арасындағы өзара байланыстар күннен-күнге тереңдеп, бірінің мүддесі біріне тәуелді боп отырғаны да ақиқат. Қытайлық импорттық тауарларға салынатын кедендік салықтарды өсіруге бағытталған саясатқа көптеген америкалық компаниялардың қарсы болып отырғаны – нақ соның дәлелі. Бұл дегеніміз, өзара салықты көбейту арқылы емес, салиқалы саясат жүргізу арқылы екіжақты және көпжақты сауда-саттық жасау жолын жүйелендіру АҚШ пен ҚХР ғана емес, жалпы халықаралық қоғамдастықтың мүддесіне сай екенін білдіреді.

 Осы тұрғыдан Қытай үкіметі әлемде қалыптасқан ережелерді қабылдауға және сауда саясатында оларды сақтауға кепілдік бере ала ма деген сауал қазіргі таңдағы ең өзекті мәселеге айналып отыр. Ол үшін ең алдымен АҚШ-тың өзі Дүниежүзілік сауда ұйымының қағидаттары сияқты халықаралық қоғамдастық арасында қалыптасқан тұрақты ережелерді өзіне ыңғайлы уақытта біржақты бұза салмай, оларды қатаң сақтау арқылы өзгеге өнеге көрсетіп, Еуропалық одақ және Жапония сияқты саяси және экономикалық тұрғыдан сенімді әріптестермен ынтымақтастықты күшейтуі тиіс. Барлық дерлік сарапшылардың осыған қатысты пікірлері «Трамп әкімшілігі Сауда көлемін шектеу арқылы Қытайдың технологиялық дамуына тежеу қоюды ойламай, өз елінің технологиялар саласына қажетті реформалар жүргізу арқылы Қытайды алдына жіберіп қоймауды ойлағаны АҚШ үшін әлдеқайда тиімдірек болар еді» дегенге саяды.

 Бір жағынан, экономикалық алып елге айналған Қытай да АҚШ-пен ашық текетіреске бармаудың жолын қарастырып, өзі үшін де, өзге үшін де жауапкершілігі жоғары әрекет жасауы тиіс. Дамушы мемлекеттен дамыған мемлекетке айналамын десе, халықаралық қоғамдастықта қалыптасқан тәртіп пен ережелерді қабылдап, шетелдік ком­па­ниялардың қытайлық нарыққа келуіне ке­дергі жасамай, мемлекет жетекшілік жа­сайтын экономикалық модельден нарық­тық экономикаға толықтай көшу Қытай мемлекеті үшін дәл қазір өте маңызды.  

Әлемдегі екі алып елдің сауда сала­сындағы саясаты әлем экономикасына қандай әсер етіп, нендей жаңа проблемалар тудыратынына алаңдаушылық артып отырғанда АҚШ пен оған одақтас мемлекеттердің басшылары арасындағы достық пен сенімге негізделген тығыз қарым-қатынастар билікке Трамп келгелі дәстүрден ауытқып отырғаны да халықаралық қатынастар жүйесіне қалай әсер ететіні көптің назарын өзіне аудартып отыр. 

Мысалы, әлемдегі үшінші экономика болып табылатын, технологиялық жағынан дүниедегі ең дамыған елдерге жататын Жапония соғыстан кейін Азиядағы АҚШ-тың ең сенімді одақтасы болып келе жатқанымен, Трамп әкімшілігі саясатының кесірінен кезінде екі ел бірлесе бастаған Тынық мұхиты жағалауында орналасқан мемлекеттер арасындағы маңызды келісімшартқа (TPP11) АҚШ-сыз қол қоюға мәжбүр болып отыр. Жапония үкіметі үшін, сондай-ақ Еуропалық одақпен Экономикалық әріптестік жайындағы келісімшартты (EPA) тез арада ратификациялап, оған қоса Қытай, Үндістан сияқты алып елдермен Шығыс Азия аймағындағы жалпы экономикалық ынтымақтастық жайындағы келісімшартқа (RCEP) қатысты келіссөздерді өз бетінше жүргізу тиімді болып отыр. Сөйтіп, нарықтық экономикалық қағидаттарға негізделген демократиялық дамыған мемлекеттер АҚШ пен ҚХР сияқты алыптардың арасындағы экономикалық қарым-қатынастар нашарлаған жағдайда өз экономикаларына тиетін кері әсердің алдын алу жолдарын қарастыру үшін бұдан былай АҚШ-сыз жиналып, АҚШ-сыз шешімдер қабылдауы әбден мүмкін.

 Шілде айының ортасында Еуропалық одақтың басшылары Дональд Туск пен Жан-Клод Юнкердің Бейжіңде Қытай басшылығымен кездесуін аяқтай сала бірден Токиоға жол тартып, ЕО мен Жапония арасындағы Экономикалық әріптестік жайындағы келісімшартқа қол қоюы халықаралық қатынастар тарихында жиі кездесе бермейтін дипломатиялық қадам болды десек, артық кетпеспіз.

  Еуропалық одақ пен НАТО-дағы және Жапония сияқты одақтас мемлекеттердің басшыларымен Трамптың тіл табыса алмай отырғаны және соның кесірінен Ресей мен Қытайдың даусы қаттырақ естіліп (мысалы, жақында ОАР-да өткен БРИКС саммитіндегі мәлімдемелер), әсіресе Қытайдың АҚШ-тың орнына әлемдегі бірінші ойыншыға айналып кеткендей әсер қалдыратын саяси құбылмалы кезеңде осы елдердің ортасында орналасқан Қазақстан үшін тиімді дипломатия жүргізу өте маңызды. Алыптар тірескенде арасында қалып қоймаудың амалын жасап, әлемдегі алыс-жақын елдермен араласты жандандырғанымыз жөн. 

 Саяси-әскери алыптардың айтқанына құлақ асып, көңілдерін ауламау дұрыс болмас, дегенмен халықаралық сауда-саттық және экономикалық жүйеде орны үлкен, халықаралық тәртіпке бағынып, әлемдік ережелерді қатаң сақтауды басты абырой санайтын Жапония сияқты дамыған мемлекеттермен ынтымақтастығымызды одан әрі тереңдетуге күш салу көпвекторлы дипломатиямыздағы тепе-теңдікті сақтау тұрғысынан да, дамыған елге айналғымыз келетін мемлекет екенімізді көрсете алу үшін де, жақын келешектегі «посттрамптық» кезеңдегі халықаралық қатынастар тұрғысынан да мүддемізге сай екені сөзсіз.  

Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы Қазақстанның белсенді қатысуынсыз көздеген мақсатына жетуі мүмкін емес екенін ескере отырып, оған қоса, жоғарыда аталғандай, Жапония мен Еуропалық одақ арасында сауда көлемінің артуы күтіліп отырған бүгінгі таңда шығысымыз бен батысымыздағы экономикалық дамыған елдердің өзара қатынасын геосаяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да барынша мемлекетіміздің мүддесіне пайдалана білу – заман талабы. 

Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТ, 

жапонтанушы, дипломат, PhD докторы 

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Jebeu.kz

Пікір жазу
  • Бесінші өнеркәсіптік революция. Жаңа әлем тәртібі. Цифрлы әлемнің шынайы сыры
    Сәкенн Сейфуллинның100 жылдығына арналған мүшәйраның бейнежазбасы табылды