Екеудің ерегесі

Уақыты: 2019-05-07 Көрлімі: 1594 Сипаттама

сурет unherd.com сайтынан алынды5 мамыр күні Трамп мырза әне-міне қол қойылады деп күтіліп о...

 PA-33650775.jpgсурет unherd.com сайтынан алынды

5 мамыр күні Трамп мырза әне-міне қол қойылады деп күтіліп отырған Қытай-АҚШ сауда келісімін құрдымға жіберетіндей мәлімдеме жазды. Жылдан бері 10%-тік шамада кеден салығы салынып келген, құны 200 млрд АҚШ долларын құрайтын Қытай тауарына келесі жұмадан (10 мамыр) бастап 25%-тік тариф енгіземін дейді. Негізінде, Қытайдың бас келіссөз өкілі Liu he 11 мамырда 100-ден аса бизнес өкілдерін бастап 11-і мәрте және шешуші делінетін келіссөзге аттанғалы отырған-ды. Мәлімдеменің дәл осы тұсқа орайластырылуы тегіннен тегін емес екені белгілі. Оның себебін АҚШ президенті твиттердегі парақшасында “Қытаймен сауда келіссөзі әлі де жалғасып жатыр, десе де өте баяу, олар қайтадан келіскісі келеді. Олай болмас”- деп түсіндіріпті. АҚШ сауда өкілі Steven Mnuchin мен қаржы минстрі Robert Lighthizer болса, «Қытай тарапы өткен жолғы Бейжіңдегі келіссөзде жасаған уәделерінен айнып кетті» деп отыр. Бейжің университетінің халықаралық сауда профессоры Wang yong “Қытай тарапы келісім мазмұнына сараптама жасауға көшті. Осыдан барып келіссөздердің кейбір тұстарын қайта қарауға тура келген” деп топшылайды. Ол “ең басты келіспеушілік, Трамптың қазіргі жүріліп жатқан тарифтің қалдырылуын табандап талап етуінде. Ал бұл Қытайдың ішкі саяси ұғымында қабылдануы қиын тақырып”, - деп пайымдады. Демек, Қытай тарапы бір нәрсені “бүлдірген” де, бұл әккі келіссөзші Трамптың қолына көзір болып түскен. Өткен аптада ғана Австрия премьерімен кездесуінде АҚШ-Қытай сауда келісімінің ойдағыдай ақырласуының ықтималдығы туралы сұраққа Xi Jinping “елуде-елу” деп қысқа жауап берген-ді. 6 мамырда-ақ ҚХР-ның келіссөзге жіберілетін адам санының қысқартылғаны белгілі болып отыр. Бас келіссөзші Liu he-ның баратын-бармайтындығының өзі талқыланып жатқанға ұқсайды.

Қалай да болмасын, нәтижесі мүдделі тараптардың, сондай-ақ, бүкіл әлемнің экономикасына орасан ықпал етер аталмыш келіссөзге қатысты Трамп мәлімдемесін, оның орайлы сәтті игеріп, Қытай тарапына қысым жасаудың үйреншікті тәсіліне санап жатқандар да, оның ойын шартын сақтамайтын шәлкез жүрісіне балап, үрейлене бастағандар да баршылық. АҚШ сауда минстрлігінің есебінше, елдің GDP-нің жылдың алғашқы маусымдағы өсімі 3.2%-ке жетіп, алты жылдан бергі маусымдық өсімнен 3%-тік межеден асуы екен. Еңбек минстрлігі де сәуір айындағы жұмыстану көрсеткішінің 263 мың адамға жетіп, 190 мыңдық межені асыра еңсергенін, жұмыссыздықтың 3.6% -ке, яғни 1969 жылдан бергі ең төменгі деңгейге түскенін мәлімдеді. Трамптың твиттердегі тегеурініне осы цифрлар қанат бітірді, деушілер де табылуда. Ал, Қытай жағынан Xi төрағаның жуықта шақырылған “бір белдеу, бір жол форумында” реформалау мен еркін сауда принципінен айнымайтынын, шетел бизнесінің Қытай нарығына кіру шарттарын барынша жеңілдететінін, зияткерлік меншік құқығы шарттарын халықаралық нормаға мейілінше жуықтататынын, мемлекеттік кәсіпорындарға қамқорлықты барынша азайтатынын, халықаралық сауда қағидаттарын молынан енгізетінін, дараланушылыққа тіс-тырнағымен қарсы тұратынын уағда еткен-ді. Осылардың барлығы да қос тарап келіссөзіндегі Американың талап етіп отырғандары.

Зәудеғалам, Трамп кеше айтуындағыдай шалт кетсе, Xi-дің де айылын жияр түрі көрінбейді. “Қытайдың өз күшіне сүйеніп өмір сүре алатындығын да” ескерткен осы Xi мырза болатын. Liu he-ның сәрсенбілік келіссөзге бармауды қарастыруы аз нәрсені аңғартпаса керек. Мәселе мынада сияқты, Қытайдың АҚШ-нан талап етері келісімге келген екенбіз, барлық салықты болдырма, талап етілген құрылымдық реформаларды жасау үстіндеміз. АҚШ-ның алаңдайтыны, дәл осы уәделер салық тарифтеріндей айғайлап тұрған цифрлар емес, нақтылы есебін бағамдау қиын нәрсе. 

Құрмет Қабылғазыұлы

Jebeu.kz

 

 


Пікір жазу
  • ҚАЗАҚСТАН-ҚЫТАЙ ӨНДІРІС ҚУАТЫ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ ЖӨНІНДЕ
    «Бақытты отбасы» бағдарламасының шарттары қандай