Алдағы 20 жылда экотуризм қарқынды дамитын болады

Уақыты: 2018-11-17 Көрлімі: 1605 Сипаттама

Туризм – табыс әкелетін сала. Кейбір мемлекет туризмін дамытып, экономикалық ахуалын т...

1517555042_1517552257_nnnn.jpg

Туризм – табыс әкелетін сала. Кейбір мемлекет туризмін дамытып, экономикалық ахуалын түзеп келеді. Соның көшбасында тұрған Түркия мемлекеті көпке үлгі. Бүгінде қос теңіздің суын қатар емген Түркияның демалыс орындарына бармаған отандастар кемде-кем. Табиғат-ананың берген көзтартар байлығы мен көне ескерткіштердің өзін кәдеге жарататын ел талайдың таңдайын қаққызған. Бұл мемлекеттің негізін қалаған Ататүріктің «түтінсіз фабрика салып беремін» деген мақсатының жүзеге асқанын көрсетеді.

Бір қарағанда, елімізде де сырттан келген қонақтар тамашалайтын орын көп. Сандаған ғасырдан бері сырын ішке бүгіп жатқан қаншама тарихи жәдігерлер мен ескерткішке баймыз. Алайда қолда барды тиімді пайдаланып, ұқсатып жатқанымыз кемшін. Әсіресе, шетелден туристер келгенде абдырап қалатын сәтіміз көп. Себебі қонақты күтіп алудан бастап, қызмет көрсетуге дейінгі аралықтағы жайттар бізге әлі таңсық.

Президент жыл сайынғы жолдау мен қол қойған мемлекеттік бағдарламаларда да туризм саласын дамыту мәселесін айналып өткен емес. Тіпті, «100 нақты қадамның» 57-қадамын осы түйткілге арнап, арнайы туристік кластер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық инвесторлар тартуға тапсырма берген. Бұл қаншалықты орындалып жатыр?

Жаңа бағдарламадан үміт көп

Жақында Мәдениет және спорт министрлігі Туризмді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының жобасын жариялады. 10 негізгі бағыттан тұратын жобаның бір тармағы – туризмге арналған әлеуетті территорияны анықтау. Бағдарлама ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда аңшылық-олжалық, экологиялық, этнографиялық және агротуризмді дамыту шараларын қарастыратын Елбасының Қазақстанда туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу бойынша 2018 жылғы 10 мамырдағы тапсырмасын орындау, сондай-ақ, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында әзірленді. 2019-2025 жылдар аралығында іске асырылатын жобаның мақсаты – шекарадан өткен шетел азаматтарының санын 9 млн адамға, кәсіби қызметтен тыс, 24 сағаттан астам уақыт ҚР аумағында өткізген шетелдіктер санын 3 млн адамға ұлғайту. Сондай-ақ, 7 жылдан кейін туристік салада 650 мың адам жұмыс істейтіні болжануда. Бұдан бөлек, орналастыру орындары көрсеткен туристік қызметтер көлемі 2,5 есеге өсетіні (270 млрд теңгеге дейін), негізгі капиталға инвестициялардың көлемі 3 есеге артатыны (600 млрд теңгеге дейін) жоспарланған. Ең бастысы, еліміз ЖІӨ бойынша туризм үлесін 8 пайызға арттыруды көздеп отыр. Ал Бүкіләлемдік экономикалық форумның (БЭФ) Сапарлардың және туризмнің бәсекеге қабілеттілігінің жаһандық индексінде Қазақстан 2023 жылға қарай бірқатар көрсеткіш бойынша рейтингті жақсартпақ.

Бағдарлама жобасын шолып шыққанымызда, «Туризмнің ең жылдам өсуі Қытай, Үндістан және Ресейде байқалады. Ресей мен Қытайдың ең жақын көршісі ретінде, UNWTO болжамдарына сәйкес, келесі екі онжылдықта экотуризм қарқынды дамитын болады, ал экотуризмге кететін жаһандық шығындар жалпы туризм индустриясымен салыстырғанда жоғарылау қарқындармен өсетін болады. Одан басқа, бүгінгі күні әлемде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жыл сайын 8 млрд  адам барады, олардың 80 пайызы Еуропаға және Солтүстік Америкаға тиесілі. Нәтижесінде тікелей шығындар түрінде 600 млрд АҚШ доллар және тұтынушылық шығындар түрінде 250 млрд АҚШ доллар пайда келеді», – делінген.

Азиялық сапарлар мониторингінің болжамдарына сәйкес, 2050 жылы ең қарқынды дамитын туристік нарықтар Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Мексика, Оңтүстік Корея, Малайзия, Тайланд болады. Материалдық жағдай бойынша, жалпы туристік  ағында орта топ өкілдері басым.

БҰҰ Бүкіләлемдік туристік  ұйымының (UNWTO) бағалаулары бойынша 2030 жылға қарай танымал курорттарға және тарих пен мәдениет ескерткіштеріне шамамен 1,8 млрд  адам барады деп болжануда. Қонақүй- туристік  қызметтерден түскен табыс шамамен 2 трлн АҚШ долларын құрайтын болады, туризм саласында 550 млн жұмыс орны ашылады. Іскерлік туризм индустриясы (МІСЕ) заманауи ұғымында экономиканың ең перспективалы секторларының біріне айналды. WorldTravel&TourismCouncil (WTTC) мәліметтері бойынша, 2015 жылы іскерлік туризмнің әлемдік нарығының көлемі 1,106 трлн АҚШ долларын құрады. 2017 жылдың қорытындылары бойынша, бизнес-сапарларға кеткен шығындар 1,192 трлн АҚШ долларына дейін жетті. Ал 2026 жылға қарай іскерлік туризмнің жаһандық нарығы 1,658 трлн АҚШ долларына бағаланады.

Әрине, миллиардтаған адам ат басын тірейтін орындар көп. Бірақ мұндай елдер ең әуелі туристке жайлы әрі ыңғайлы орта, сапалы қызмет көрсетуді жолға қойған. Бұл жайында бағдарлама жобасында да тайға таңба басқандай жазылыпты. Яғни, бір шетел турисінен түсетін табысты алу үшін әлем нарығына шамамен 9 тонна тас көмірін, 15 тонна мұнайды немесе 2 тонна жоғары сұрыпты бидайды шығару керек. Елге келетін әрбір турист әрбір сағат сайын шамамен 20 доллар шығындайды, 30 турист 1 жұмыс орнын береді. Бұл шынымен де, солай. Егер елге келген қонақ тағы қайта айналып соқсын десеңіз, қызмет те сапаға сай көрсетілу керектігі айтпаса да түсінікті.

Министрлік зерттеу жүргізіп, елге туристердің ағынын қамтамасыз еткен үздік 10 жерді анықтаған. Жаңа мемлекеттік бағдарлама аясында 600 млрд теңге басымдыққа ие жерлерді дамыту қолға алынбақ. Мәдениет және спорт вице-министрінің кеңесшісі Еркебұлан Хасенов: «Қазақстан – туристік жерлері көп үлкен мемлекет. Барлық жерлерді бірдей дамытуға қаражат көзі жетпейді, сондықтан біз анағұрлым тартымды территорияны белгіледік. Мәселен, туризмді дамыту картасына Алакөл мен Балқаш жағалауы, Алматы мен Алматы облысы тау кластері кірді», – дейді. Сондай-ақ, Қазақстан өңірлерін Туристендіру картасына енген нысандар екі топқа бөлінген: республикалық деңгейдегі ТОП-10 басым нысан және өңірлік деңгейдегі нысандар. Айта кету керек, картаға барлығы 60 нысан енді, олардың басым бөлігі өңірлерде орналасқан. Жаңа бағдарламаға сәйкес, басымдыққа ие 10 жоба салықтық жеңілдікке ие болады. Сонымен қатар бұл территорияларда басқарушы компаниялар құрылып, оларға арнап жер телімдері дайындалып, қажетті сыртқы инфрақұрылым тартылады.

Сондай-ақ, бағдарлама маркетингке баса назар аударған. Әлемде Грузия, Қырғызстан, Әзірбайжанның туристік аймақтары танымал десек, әрине, бұл нақты жұмыс пен үлкен бюджеттің нәтижесі. Бұл туралы: «Бюджетті 7 млрд теңгеге дейін ұлғайту мақсатында BED TAX – тәулігіне 1 жатын орын үшін туристерден 2 АҚШ доллары мөлшерінде туристік салым жинауды енгізу керек. Осы ретте хостелдер мен мейман үйлерге тоқтаған туристер бұл төлемдерден босатылады. Бұл шара келешекте бюджетке түсетін ауыртпалықты азайтады. Пилоттық жоба Астанада іске асады», – деді Хасенов.

Айтпақшы, бағдарлама аясында e-Visa және е-Hotel жүйесін енгізу және «шақыру» опциясын алып тастау ұсынылды. Сонымен қатар министрлік бос ауаның 5 сатысы бойынша «Ашық аспан» саясатын енгізу ұсынысын алға тартты. Яғни, шығындардың үлкен үлесін автокөлікке кететін шығандар құрайды. Бұдан өзге Астана, Алматы, Ақтау және Шымкент үстіндегі бос ауаның бесінші сатысын енгізу ұсынылмақ. Бұл шығынды азайтып, ұшу билеттерінің бағасын төмендетуге септігін тигізеді.

Өзбекстанда қолданыстағы бағдарламаны мысалға келтірген «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев: «Мұнда бизнес өкілдері инфрақұрылым объектілерін салуға мемлекеттен субсидия ала алады. Немесе қонақүйлер мен отельдерді «жұлдыздарды» алуға ынталандыру. Бізде мұндай аудит шамамен 300 мың теңге тұрады, соның нәтижесінде елдегі отельдердің небәрі 8,5 пайызында «жұлдызы» бар. Осындай мотивацияны құрайық, шығынның жартысын болса да өтеп берейік. Бизнес бұл жүйені енгізуге, қонақтарға ұсынып отырған жағдайды жақсартуға дайын болады. Өкінішке қарай, бұл шаралар, және шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бойынша басқа да ынталандыру құралдар бағдарламада қарастырылмаған», – деді ол.

Қысқасы, бағдарлама туристік салада жұмыс істеп жатқандар санын 400-ден 650 мың адамға, сыртқы туристік ағынды 6,5-ден 9 млн келішуге, ал ішкі туристерді 4,6-дан 8 млн адамға дейін ұлғайтуға басымдық беруде.

Қазақстан әзірге Бүкіләлемдік экономикалық форумның (БЭФ) Сапарлардың және туризмнің бәсекеге қабілеттілігінің жаһандық индексінде ең төменгі орында. Атап айтқанда, туристерді тарту үшін маркетинг пен брендингтің тиімділігі бойынша 102-орын; ауа көлігінің инфрақұрылымын дамыту бойынша 71-орын; жер үсті және порт инфрақұрылымын дамыту бойынша 91-орын; туристік сервистің инфрақұрылымын дамытуда 97-орын; халықаралық ашықтық бойынша 113-орында.

Бір айта кетерлігі, туристер шақырып, инвестор тартуға ерекше атсалысып жатқан – Түркістан облысы. Жаңа өңір құрылған сәттен бастап-ақ туристер шаһарына айналуға басымдық беруде. Бір ғана Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тәу етіп келетіндер көп. Сондықтан да қасиетті мекенге ат арытып келген кез келген қонақ маңызды. Тіпті, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келген миллионыншы қонақты күтіп алуы бекер емес. Түркия мемлекетінде талай жыл елшілік қызметті атқара жүріп, туризмнің табыс көзі екенін жете түсінген өңір әкімі мұнда 2020 жылға дейін келетін туристердің санын 5 млн-ға жеткізуді мақсат тұтып, жан-жақтан инвестиция тартуды мықтап қолға алғаны да сондықтан.

Дүниежүзілік экономикалық форум ма­ман­дары жыл сайын Туризм және сая­хат индустриясын дамыту индексін жа­риялайды. Сонымен, зерттеу нәтиже­леріне сәйкес 2017 жыл бойынша турис­тік саласы жақсы дамыған ел – Испания деп танылды. Одан кейінгі орындар­да – Франция мен Германия. Ал Ресей бұл тізімде 43-орынға, Қазақстан небары 81-орынға жайғасты.

Динара Мыңжасарқызы

Дереккөз: "Түркістан"


Пікір жазу
  • Алматыда әлеуметтік жағдайы төмен балаларды тегін оқытатын орталық ашылды
    ҚЫТАЙ ЕЛШІСІ ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖОЛДАУЫ ТУРАЛЫ ПІКІР БІЛДІРДІ