Жыл бойы жыр болып келген АҚШ-Қытай сауда текетіресі желтоқсанның 1-ші күнгі Ши-Трамп кездесуінен соң сәл де болса тыныстағандай болды. Келесі жылдың 1-қаңтарынан бастап қазіргі 10 пайыз салық салынып келген Қытай тауарына салық мөлшерлемесін 25 пайызға көтеретіндігін айтып, айқұлақтанып келген АҚШ, осы кездесуден кейін Қытай тарапына 3 ай мерзімге мұрсат берген-ді, оның қайтарымына Қытай жағы АҚШ-тың ауылшаруашылық және энергетика өнімдерінен “молдап алуға” уәде еткен. Осы 3 айлық жалғасты келіссөз мерзімінде жаңа уағдаластыққа қол жеткізілмесе немесе Қытай уәдесінде тұра алмаса, 15 пайыздық үстеменің бәрібір күтіп тұрғанын Трамп қадап тұрып ескерткен.
Бесінші желтоқсанда біздің Парламент Мәжілісі өзінің кезекті пленарлық отырысында “ҚР үкіметі мен ҚХР үкіметі арасындағы Қазақстанға тікелей инвестиция салуды жүзеге асыратын Қытай-Қазақстан өндірістік қуаттарының серіктестігі қоры кірісінің жекелеген түрлерін салық салудан босату туралы келісімі” деп аталатын құжатты мақұлдады. Мәселенің мәні -Қытай-Қазақстан серіктестік қоры қаржыландыратын Қытай капиталының қатыстылығы бар өнеркәсіп орындарына Қазақстан салық салмайды.
Жарты жылдан бері АҚШ үстеме салығынан есі шығып, бір маусымдық келіссөз мұрсатын алғанына “ух” деп отырған Қытайға біз жайылып жастық болып салық жеңілдігін жасайды екенбіз. Әрине, біз Америка емеспіз. Бірақ, сұрақ мұндай салықтық жеңілдік қандай қажеттіліктен немесе нендей мәжбүрліктен туындады дегенге сайып отыр. Дамушы ел ретінде қаржыға, жаңа технологияға, ілгері басқару әдістеріне зәру екеніміз шындық. Десе де, елге оны салықтық жеңілдік беріп тартатындай халде емеспіз-ғой. Оны үкіметіміздің желкенді жетістіктеріміз туралы баянаттарының өзі дәлелдеп бере алады.
Осы тақырыпты қаузауға бізді мынадай уәждер жетелеп әкелді. Бірінші, шетелдік инвесторларға жеңілдік жасауға жеңілтек қараудан сабақ алатындай болсақ керек-ті. Оған анау 90 жылдардағы “жеңілдіктер шеруін” атасақ та жеткілікті. Оның экономикалық теңсіздігін, экологиялық зардабын, моральдық қысымын әлі көріп келе жатыриыз. Бірақ, “ол тықыр мен бұл тықыр ұқсамайды” демекші, ол кезде шетел қаржысына зәру болдық, олардың шарттарына көнуге мәжбүр едік, ол тұста, шынтуайтында, жеңілдіктерді жасамауға еріксіз едік! Ал бүгіндері әл-ауқат қорымызда болсын, алтын-валюта қорымызда болсын қомақты қаржымыз бар, бюджетіміз өзін өзі ақтайтын, елуліктің қатарындағы елміз. Салықтан босатып, шарттарға шартсыз жүгініп қаржы тартатындай мүшкіл кейіпте емеспіз.
Екіншіден, салықтан босатудың уәжі - бұл өнеркәсіптердің өңдеушілік бағытында екен. Экономиканы шикізаттық бағыттан өңдеуші-өндірушілік бағытқа ауыстыру заман талабы және отыздыққа қосылуымыздың алғы шарты. Ендеше, осы жеңілдіктерді отандық қаржыға жасап жібергенде, тиімділігі тіптен тез көрінер ме еді, қайтер еді. Оның сыртында, мүдделі минстрліктің таныстыруынша, салық жеңілдігімен қауышқалы отырған салаларға “мұнай химиясы, жалпы химия, тыңайтқыштар дайындау, металлургия мен басқа да қызмет түрлері” жатады екен. Мұндағы “басқа да қызмет түрлерін” сол аталмаған қалпында қалдырғанда, есептегі атаулы салалар соншама жеңілдік қарастырып қолдайтындай, озық технология мен жоғары ғылыми қамтымалы салаларға жатпаса керек-ті.
Бұл мәселе жұмыс орындарын ашуға септігі тигенмен министр Қасымбеков мырза айтқандай “инновациялық технологияларды пайдалана отырып, инфрақұрылымды дамытуға ықпал ете қоюы” екіталай-ау. Сонда біздің үкімет үшін ол нендей ділгірліктен туындады екен дейсіз.
Үшіншіден, жалпы мүдделілік тұрғысынан алғанда да, мұндай инвестицияға бізден гөрі серіктесіміз тәуелдірек болуы керек еді. Онсыз да керегінен асып кеткен Қытайдың өндіріс қуаты, АҚШ-тың “салық бұрауынан” кейін тіптен ағыларға арна таппай жанталас үстінде-тін. Ал біз салықтан босатқалы отырған өндірістер нағыз “ұзатарға бай таппай отырған” асынды салалар қатарынан-ды.
Төртіншіден, анау құны 27 млрд-қа бағаланатын 51 жоба дегеннің не екенін, оның қандай салаларды қамтитынын, нендей экономикалық-әлеуметтік ұсынымы болатынына жұрттың көзі жетпей дағдарып жүргенде, мынау тіпті жығылғанға жұдырық дегендей болды. Әйтеуір кит етсе, жаңа жұмыс орындарын береді, салық түсімін көбейтеді дейтін таптауырын дәйектемелердің мынаған келгенде бір қанаты сынып қалғандай әсерде қалдырады екен.
Сөздің қысқасы, парламентіміздің пәтуасынан кейін жұрттың ішінде "Төрт құбыламыз түгел тұрғанда салыққа жеңілдік беріп, қаржы қарастыратындай кіріптарлыққа қайдан іліктік екен?" деген сұрақ қалды. Оны былай қойып, бізде мұндай құжаттың “қайта қарауға жатпайтыны” өзекті өртейді.
Құрмет Қабылғазыұлы
Jebeu.kz