Зейнолла Кәкімжанов Үкіметке ауыр тұрмысты жақсартудың жолын ұсынды

Уақыты: 2019-02-13 Көрлімі: 1094 Сипаттама

Мен көпбалалы отбасында өстім. Отбасында жеті бала едік. Біз Семей облысындағы Шар қала...

Snimok-174-e1479319186462.jpg

Мен көпбалалы отбасында өстім. Отбасында жеті бала едік. Біз Семей облысындағы Шар қалашығының (бекет) маңындағы ауылда тұрдық (бүгінде ШҚО Шар қаласы).

Бақшамыздан әрі қарай жазық дала болатын. Әкем үй салуға лайықты бір жерді таңдады. Себебі, бақшамен айналысуға жеткілікті жер бар еді. Ол жерге қора салып, мал бағып, оны жайылымға жаюға болатын. Үйімізге көшкенде екі жасар балақай едім. Бірақ сол үйіміздегі әрбір сәт жадымда.

Әкем теміржолда инженер болып қызмет атқаратын. Анамыз бухгалтер еді әрі үй шаруасымен айналысатын. Үлкен балалар кішкентайларына бас-көз болатын. Барлық балалар үшін ең үлкен жұмыс – малды бағып, бақшаны баптау еді. Нан, ұн, қант, шайдан басқа ешнәрсе сатып алмайтынбыз. Ет, сүт өнімдері, көкөністер, тұздалған өнімдер, картоп… бәрі де үйдікі болатын. Ата-анамыздың кеңес өкіметінен алатын жалақысы киімге әрең жететін, үйде жиһаз атаулы бірен-саран болды. Және оған қоса, малдың жемін, шөптің ақысын беріп, шаруашылыққа қажетті құрал-сайман сатып алу керек болатын.

Отбасымыздағы екі үлкен әпкеміз Алматыдағы жоғары оқу орнына оқуға түсті. Сосын інім дүниеге келді. Сөйтіп, үйде бір қыз бен төрт ұл қалдық. Әкем «ұлдарым жақсы білім алсын» деп, Семей қаласына көшуге бел буды.  Ол жұмысын темір жолдың Семейдегі бөлімшесіне ауыстыруын және жер телімі бар қазыналық үй беруін сұрады. Әкем Шардағы бұрынғы үйді тұрмыстық қызмет көрсету мемлекеттік ұйымының жергілікті кеңесінің бұйрығы бойынша сатып жіберіп, сол ақшаға қалаға арналған «Москвич 412» сатып алды.

Семейдегі жеті адамға арналған Қазыналық үй 49 шаршыметр болатын. Студент әпкелеріміз демалыс кезінде үйге келетін.  Онда пеші бар ас бөлме, шамамен, 6 шаршыметрдей дәліз, пеш пен титаны бар жуынатын бөлме, унитазсыз, шамамен,  4 шаршыметр (дәретхана сыртта болатын) және үш бөлме бар еді. Яғни, тұрғын алаңы, шамамен, 33 шаршыметр болды. Бірақ ең бастысы бақша еді. Ол шамамен, 2 сотық жер. Ол жерге көліктұрақ және тауықтар мен қойларға қора салдық, қыста көкөністер мен тұздалған  өнімдерді сақтау үшін жертөле қаздық.

Үйіміз дәл темір жолдың бойында (Түрксіб), маневрлік төбешікке жақын маңда болатын. Тепловоздан үнемі көзді ашытатын түтін келетін. Теплосоздар күні-түні гуілдеп, рельстер тынымсыз тарсылдап жататын. Рельстің дірілінен төсегіміздің темір торы дірілдеп кететін тіпті. Күндіз-түні дабылдағышпен айналадағы жолаушыларға «мына вагон мына жолда» дегендей хабарлама таратып тұратын маневрлік диспетчердің дауысы ешқашан құлағымнан кетпейді. Бұл жерде бұрын Шардағыдай кең жазық дала, таза ауа, әдемі табиғат жоқ еді.

Бақша мен қора отбасымыздың негізгі азық-түлік көзі болатын. Отбасындағы барлық балалар ерте көктемнен күздің соңына дейін уақыттарының көп бөлігін үй шаруасымен өткізетін: көшет отырғызады, оны суарады, арам шөбін отайды, көкөністерді жинайды, жаңа көшеттер отырғызады, көкөністерді тұздайды, айналаны кезіп, малдарға шөп жинайды, «Москвичпен» ауыл-ауылды аралап, жем-шөп алып келеді, тағысын тағы… Үйдің, қораның, қоршаудың, жөндеу жұмыстарын, отын-көмір тасу, пеш жағу – осының бәрін біз, балалар, істейтінбіз. Ата-анамыз қызметте жүретін. Ата-анамыздың жалақысы тек қарапайым киімге, жанар майға, кейде жиһаз, теледидар, құрал-саймандар, шеге, шам және негізгі азық-түліктер: ұн, кеспе, қалада сиыр бағу мүмкін болмаған соң, енді тіпті сүт өнімдерін алуға, 2-3 қойдан артық ұстауға болмайтындықтан, базардан ет алуға әзер жететін.

Қолымнан келетін істің бәрін үйде қосалқы шаруашылықпен айналысып жүргенде үйрендім. Негізі қолымнан көп нәрсе келеді. Бала кезде үй шаруасына араласып үйренгендерім негізгі еңбек дағдыларымды қалыптастырғанын өте жақсы білемін. Ақыл тұрғысынан да үйренген дағдым өмірімнің негізгі іргетасына айналды. Әрине, мектепте алған білімім өмірімнің ең маңызды бөлігінің бірі екені айдан анық. Бірақ сол уақытта барлық бала бірдей білім алдық. Дегенмен, сол алған жақсы білімді өз өмірінде пайдаланып, іске асыру кез келгеннің қолынан келген емес. «Менің қолымнан келді» деп ойлаймын. Әпкелерім мен ағаларымның да қолынан келгеніне бек сенімдімін. Олардың екеуі әлдеқашан о дүниеге сапар шеккен…

Өмірімнің тарихына дәл бұлай қысқаша шолу жасағаным бекер емес. Айтпағым: көпбалалы отбасы дегеннің қандай болатынын білемін. Иә, ол кезде кеңестік дәуір болатын. Көпбалалы отбасыларға  сол кезде қиын ба еді, әлде қазір ме? Кей қырынан қарасақ, сол бір кезеңдерде қиын болды, кей қырынан қарасақ, дәл қазір қиын.

Ол кездегі жағдайдың қазіргіден айырмашылығы – ол заманда бәрі бірдей кедей болатын. Ал, бүгінгі заманда адамдар түрлі топқа бөлінген. Қазіргі қоғамда әсіресе, көпбалалы отбасының жағдайы қиын. Ол кезде әр ауданның өз мектебі болатын. Қазір олай емес. Ол заманда қарапайым жұмысшы болсаң да, әйтеуір, жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар еді.  Бүгінде қандай мамандық иесі болсаң да, жұмыс табу қиын. Біздің қоғамда мамандықтың құндылығы төмендеген. Фермада жұмысшы болғанша, азын-аулақ ақшаға қалада аңшы болғаның артық. Ол заманда тұрғылықты мекеніңді ауыстыру қиын еді. Тіркелу жүйесі бар болатын. Тұрғын үйді жалға беру «базары» жоқ еді. 70-80 жылдары жаңадан үй салу мүмкін емес-тұғын. Қазіргі заманда қаладан қымбат, ауылды жерлерде орташа бағадағы тұрғын үйлер қолжетімді.

Дегенмен, қазіргі заманда көпбалалы отбасыларға жақсы өмір сүруге жағдай қарастырылған. Бірақ тек үлкен қалаларда емес. Ауыл шаруашылығынан хабары бар адам ретінде айтарым: бүгінгі таңда көпбалалы отбасыларға ауыл шаруашылығы жақсы дамыған, негізгі әлеуметтік жағдайы қарастырылған ауылды жерлерде жақсы өмір сүруге мүмкіндік бар.

Әлбетте, әрбір отбасының өзі тұратын жерді таңдау құқы бар. Бірақ экономика мен қалалар мен елдімекендердегі экономиканың болашақта қалай дамитынын білетін адам ретінде айтарым: Алматы, Өскемен, Қарағанды, Тараз секілді ірі қалаларда және батыста, оңтүстік батыста көпбалалы, кедей отбасылардың жақсы өмір сүруіне еш мүмкіндік жоқ.

Экономикамыз дамудың инновациялық жолына түспейінше, қалалардағы «дәстүрлі» өндірістің көлемі төмендейді, өмір сүру қымбаттайды, қалаларда жеке баспана салу қымбат болады, мектептегі білім сапасы төмендейді, жалпы ірі қалаларда өмір сүру деңгейі нашарлайды. Егер экологияны, су мен азық-түлік сапасын, көлік мәселесін назарға алар болсақ, онда қалаға көшуді ойға алған, әсіресе, көпбалалы отбасылар жақсылап ойлануы керек.

Соңғы он жылда қала халқының саны ауылды жерден қалаға көшкен тұрғындардың есебінен өсіп жатыр. Экономикалық постулатқа сенсек, ауылды жердегі отбасының саны қаладағы отбасылардан көп екен. Ауылды жердегі кедей отбасылардың көбі ірі қалаларға көшіп жатыр. Бұл – ірі қалалар маңында «Шаңырақтың» көбеюінің ең басты себебінің бірі.

Дәл осындай қала маңындағы елдімекендерге қажетті әлеуметтік инфрақұрылым кешігіп жетеді.Кәсіпорындар туралы айтпасақ та түсінікті. Демек, ондай ауыл тұрғындары үйінен алыс жерден жұмыс іздеуіне, балалары үйінен алыс жердегі мектепке баруына тура келеді.

Өмір жағдайы мен өмірге қанағаттану дегенді білдіретін өмір сапасы деген түсінік бар. Өмірдің сапалы жағдайы  – сапалы азық-түлік, таза су, еңбек пен білімнің қолжетімділігі, қажетті әлеуметтік инфрақұрылымның бар болуы, балалармен айналысуға, дамуына көмектесуге мүмкіндік беретін ата-анасына жақсы жұмыс ұсыну. Дәл осындай сапалы өмір табуға немесе соны өзің құрауыңа болады, әсіресе, көпбалалы отбасылар үшін. Бірақ тек ірі қалаларда емес.

Ендігіден бастап «кедей» ұғымын пайдаланғым келмейді. Себебі, елімізде «өмір сапасы» деген түсінік атымен жоқ. Егер балалар құнарлы тамақтанып, экологиясы жақсы, мектебі жақсы болып, спорттық үйірмелер, шығармашылықпен айналысуға  жағдай жасалған болса, ал, ата-аналардың киім, кітап, спорттық жабдықтар алуға жетерлік тұрақты жалақысы болса, осының өзі жақсы. Сапалы өмірге бір қадам қалды деуге болады. Себебі, қазіргі замандағы ең басты нәрсе ол – дені сау балалар.

Бала кезімде спортпен айналысуға мүмкіндік болмады, үйге жақын үйірмелер жоқ еді. Қатты барғым келетін дзюдо үйірмесі, үйімізден он аялдамадай қашықтықта болатын. Қолжетімсіз деуге болады.  Сөйтіп, ауыр атлетикаға бардым. Оған түк қабілетім жоқ еді. Ағам музыкаға әуес болды. Ата-анамыз оған гитара сатып алып берді. Бірақ жақын маңда гитара үйрететін үйірме болмады.

Бірақ бала кезімде құнарлы тамақ жедік. Өз бақшамыздың көкөністері, өз сиырымыздың сүті. Бүгінгі күнгі денімнің саулығы – соның арқасы.

Көбінесе, үй шаруасын атқардым. Ол өмірлік еңбек жолымның негізі болды. Ал ұлдарым менен де жақсы білім алды. Әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарында оқыды. Оларды дене еңбегіне салғанымның нәтижесін көріп жүрмін. Дене еңбегі адамзат дамуын жүзеге асырған! Әлі күнге дейін дене еңбегі заманауи адамның  өмірінде маңызды рөл атқарады.

Қазіргі заман жағдайында кірісі өте төмен көпбалалы отбасылар үй шаруашылығынсыз, бақша баптап, мал бақпай балаларына құнарлы азық-түлік бере алмайды. Өмірлік тәжірбиемнен бекер мысал келтірген жоқпын. Бұл өте керек тәжірибе. Бізге дәл осындай өмір сүру жағдайын жасап, жермен жұмыс істеуді үйретіп, дене еңбегіне дағдыландырып, құнарлы тамақ беріп, салауатты өмір берген ата-анамызға алғысым шексіз. Бұл дәл бүгінде еліміздің көптеген қалаларында тұратын ата-аналардың арманы.

Үй шаруашылығымен тек ауылды жерде ғана айналысуға  мүмкіндік бар.

Бүгінде ауылды жердегі мектепте білім алуға, әлеуметтік инфрақұрылымға жағдай жасалған ба? Өкінішке қарай, барлық жерде олай емес. Тек ірі ауылдарда ғана. Мысалы, ШҚО-ндағы Шалабай, Алматы облысындағы Үшарал, Қаракемер ауылдарында жақсы мектептер бар. Бірақ өзге де ауылдық жерлерде толыққанды мектеп пен мәдениет ошақтарының болуын қарастыру керек. Мысалы, «Шалабай ауылында кезінде дүркіреп тұрған мәдениет ошағын қалыпқа келтіріңдер» деп жергілікті биліктен сұрап жүргенімізге бес жыл болды. Оны жөндеуге бізде қаражат жоқ. Біз егінді алқапты кеңейтіп, жаңа қоралар салып, техникалар сатып алып, мелиорация жасап, жұмыс орындарын арттыруымыз керек. Қазір де сонымен шұғылданып жатырмыз.

Дағдарыс кезінде тып-типыл етілген үлкен әрі бай ауылы болған кәсіпорын бүгінде қайта жандануда. Онымен бірге ауылға да жан бітуде. Бүгінде Шалабайда бір де бір жұмыссыз адам жоқ.

Нақты жұмысымызбен таныстырайын: тастап кеткен үйлерді сатып аламыз да, оны жөндейміз. Тозып кеткен көрші ауылдан көпбалалы отбасын шақырамыз. Оларға сол үйлерді беріп, шаруашылығымызға жұмысқа орналастырамыз, шаруашылықпен айналысуы үшін мал бөлеміз, жеңілдікпен жем-шөп, отын-көмір береміз. Балалары жергілікті, жақсы мектепке барады.

Соңғы 4 жылда шамамен, 30 отбасын көшіріп әкелдік. 10 отбасында 3 және одан көп баласы бар. Мемлекеттік бағдарламамен өзге аудандардан көшіріліп әкелінген 4 отбасы мемлекеттен көмек алған соң, көшіп кетті. Өзгелері жап-жақсы өмір сүріп жатыр.

Егер ол отбасылар Шалабайға келмегенде, бақыт іздеп, Семей, Өскемен, Алматыға кетер еді. Ал ол қалаларда ауылдан көшіп келген отбасыларға экономикалық та, экологиялық та тұрғыда жағдай қарастырылмаған. Ал біздің ауылда құнарлы тамақ, таза ауа, ата-анасы балаларының жанында, балалары ата-анасына үй шаруасына көмектеседі, жазда жаздық лагерде болады, тауға шығады, спортпен айналысады. Шаруашылығымызбен бірге ауыл да жандануда.

Егер мемлекет клубтың ескі ғимаратын жөндеп берсе, спорттық, музыкалық, ұсталық өнерге баулитын үйірмелер  ашар едік. Сонда барып біздің ауыл сапалы өмір кепілі, әсіресе, көпбалалы отбасы үшін деп айтар едік.

Өз ауылымды мақтан үшін мысалға келтірген жоқпын. Негізінде мемлекетіміздің экономикасының көтерілуі үшін көпбалалы отбасын қалай да қолдауымыз керек, мемлекеттің әлеуметтік саясаты қандай болуы керек дегенге мысал келтіріп отырмын.

Біраз уақыт бұрын орын алған қайғылы жағдайдан кейін кірісі төмен көпбалалы отбасы үшін жақсы өмір қалыптастырудың жолын қалай түсінеміз деген үрдіс айқындала бастады. Меніңше, ағымдағы экономикалық жағдай мен еліміздің экономикалық даму келешегін бәріміз дерлік жете түсіне бермейміз.

Кей мекемелердің қатаң сынға ұшыраған кейбір жауапты тұлғаларының дер кезінде үн қатуынан кейін билік тізгінен ұстағандар қалалардағы көпбалалы кедей отбасын қолдау үшін жасалып жатқан іс-шараларды жариялай бастады.

Көпбалалы отбасына «бір бөлмелі пәтер» беретін өзге де жекелеген тұлғалар пайда болды. Көпбалалы отбасының тұрғын-үй мәселесін кәсіппен шешуге шақырады. Енді біреу мәселені маңызды бай шенеунік шешсін деді. Біреу азын-аулақ ақша бөлумен құтыла салғысы келді. Бірақ көпбалалы отбасы бір бөлмелі пәтерде тұра алмайды. Көпбалалы кедей отбасы ірі қалада мүлдем  тұра алмайды.

Мұндай ұсыныстар уақытша ғана. Біраз уақыттан соң қиындық мәселесі басылады, бірақ қиындық шешілмеген күйде қалады.

«Баяғы жартас сол жартас» дегендей, біздің түсінік бойынша бар мәселені тек мемлекет шешу керек. Мемлекеттің «қамқоршылық» жүйесі ең әуелі әлеуметтік қарым-қатынас тұрғысында, сосын экономикалық жағынан күйрейді. Алдымен Кеңес Үкіметінің елі құлдырады. Іле-шала әлеуметтік құрылымдағы барлық елдер күйреді. Қазіргі таңда «әлеуметтік бағыттағы» барлық капиталистік Еуропа елдері күрделі дағдарыс кезеңінде өмір сүріп жатыр. Мен тұрғындары мемлекет шешіп берген әлеуметтік мәселелерге көңілі толған бір де бір елді білмеймін.

Әлемдегі елдердің әлеуметтік жағынан салыстырғанда ең «көңілі тоқ, киімі бүтіндері» – Норвегия, Швеция, Финляндия. Бұл елдер өз халқының санының өскенін көзбен көріп отыр. Сол себепті, мемлекеттің әлеуметтік қолдау мәселесінің бағыт-бағдарын өзгертуді ойластырып жатыр.

Әлеуметтік мәселелерді басқарудың ең ұтымды, тиімді басқару әдісі ол  – экономика субъектілеріне дұрыс жағдай жасау.

Ең жақсысы мемлекет «үй шаруашылығы» деп аталатын «дүниенің» қалыптасуына, дамуына барынша жағдай жасауы керек. Әрбір көпбалалы отбасында өз шаруашылығы болуы тиіс! Әйтпесе, ондай отбасының балаларының өмірін ешқандай жолмен жақсарта алмаймыз.

Егер мемлекет жұмыс істеп тұрған кәсіпорындары бар ауылдық жерлердегі көпбалалы отбасыларға үй салуға қаражат бөлетін болса, ЖШС «Племзауыт Шалабай» секілді кәсіпорын басшылары кем дегенде отағасына жұмыс тауып береді. Қосалқы шаруашылық үшін мал береді, жеңілдікпен жем-шөп те қарастырады, отбасына бау-бақшамен айналысуға жер бөліп береді. Балалары жақын маңдағы мектепке барады, құнарлы тамақ жейді, әлеуметтік ахуал жақсарады. Сөйтіп, сапалы өмір сүруге барлық жағдай қарастырылады деуге де болады.

Біз жыл сайын 3-4 отбасын шақыра алар едік. Біз сияқтылар елімізде мыңдап кездеседі. Яғни, жылына  6-8 мың отбасы көшірілер еді. Алдағы уақытта мұндай аграрлы кәсіпорындар 5 000 болса, олар 5-10 көпбалалы отбасының қиындығын шешіп берер еді. Демек, бұл, шамамен, 400 000 адам.

Барлық экономиканың ең үлкен қиындығының бірі – адамдардың ауылдық жерден қашуы. Бәлкім, біреу мұны әлемдік деңгейдегі үрдіс деуі мүмкін. Бірақ олай емес. Еуропада ірі мегаполистердің қысқарып жатқаны анық байқалып жатыр. Жұмыссыздықтан көптеген жастар қалашықтар мен ауылды жерлерге көшіп жатыр. Мегаполистердегі қымбатшылық тұрғындардың ол жерден қашуына итеремелейді. Бірақ ең бастысы – адамдар сапалы өмірдің басқа жолын іздеу керектігін түсініп жатыр.

Ірі қалаларды өмір сүру күрделі, әрі қиын болып бара жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Бағалардың жиі өсуі, экологияның бұзылуы, өндірістің қаладан ауылды жерге көшу… Мұның бәрі жаңа ғаламдық үрдіс.

Бұл үрдісті біз де тезірек түсініп, тұрғындарымызға суреттің екінші жағын көрсетуіміз керек.

Экономикамыздың келешектегі, 30-50 жылдан кейінгі ахуалы бұл – ауыл шаруашылығы.  Қаласақ та, қаламасақ та, жағдай солай болғалы тұр. 40 жылдан кейін еліміздегі негізгі сала – ауыл шаруашылығы, көлік логистикасы, туризм, инновациялық кәсіп болуы тиіс. Егер солай болса, демек, біз сапалы өмірді қамтамасыз ететін өте бай мемлекет қалыптастырдық деген сөз. Бірақ оны дәл бүгіннен қолға алуымыз керек.

Ауылға дәл қазір бет бұруымыз тиіс! Алдымен, барлық ірі қалалардан 200 шақырым жердегі барлық аграрлық инфрақұрылымды қайта қалыпқа келтіріп, жергілікті ауылдарда жақсы әлеуметтік инфрақұрылымды құруымыз керек.

Ең бастысы – ешнәрсені ойдан құрамауымыз керек. Ауыл шаруашылығының барлық инфрақұрылымы сонау Кеңес дәуірінде тәптіштеп ойластырылып қойған. Ол сауатты, жан-жақты ойластырылған, ғылыми дәлелденген. Бүгінде оның жұрнақтары әлі бар. Тек соның ізімен ауылды жерлердегі жолды жөндеп, электр желілерді қайта қалыпқа келтіріп, келер ұрпаққа сай әлеуметтік инфарқұрылым салу арқылы ірі ауылдарды жандандыру керек.

Одан әрі ауылдағы кәсіпорындар бұрынғы кеңес шаруашылығындағы өндірісті қайта қалыпқа келтіреді. Бүгінде көптеген жер игерілмей, бос жатыр. Себебі, оған арналған әлеуметтік инфрақұрылым жоқ. Оны ауылды жердегі кәсіпорынның күшімен іске асыруға тырысқанымызбен, ол өндірісті түк мардымсыз етеді.

Ондай бағдарламаны іске асыруға ары кетсе 10 жыл керек. Одан кейінгі кезең ірі қалалардан 200-ден бастап, 400 шақырым, аудан орталығынан 50-70 шақырым жердегі ауылдарды қолға алу.

Бұл еліміздегі ауыл шаруашылығының дамуына үлкен себеп болады. Ауылды жерлердің өмір сүру жағдайы жақсарады. Сонда ауылдан қалаға үдере көшу азаяды, тіпті қаладағылар ауылға көшуге ниет білдіруі де ықтимал.

Жер ресустарымыздың толықтай игере алған жағдайда, аграрлық өндірісті қолдау үшін ауылдық жерлерде азық-түлік өндірісі қалыптаса бастайды. Сонда ауылда жұмыссыздық мәселесі туындамайды.

Австралияны мысалға ала отырып, біз де алыс елдімекендердегі қашықтықтан оқу мен медициналық қызмет жүйесін қалыптырсақ болады.

Достарым мен таныстарымның арасында мына заңдылық көзге айқын көрінеді: кәсіби, шығармашылықта, материалдық, рухани деңгейде үлкен жетістікке жеткендердің көбісі дерлік ауылды жерден шыққандар, соның ішінде, көпбалалы отбасының балалары.

Олардың өмірбаяндары ұқсас. Үй шаруасында дене еңбегіне көп жегілген, мектепте жақсы оқыған, сонымен қатар, өздерін дамытуға ден қойған, өмірлік мақсаттарын іске асыруға ерекше құлшыныс танытқан. Осының бәрі олардың өмірінің өзегіне айналған.

Солардың көпшілігі ауыл шаруашылығына инвестиция бөліп жатқаны мені қуантады. Бұл тек менің ғана жүрек бұлқынысым емес, бұл халқымыздың өмірін қалай жақсартсақ деген тілек.

Тағы бір қосарым: олардың мұндай мықты болу себебі, олар табиғаттың ортасында өсті, сайын даланың саф ауасымен тыныстады, түнгі жұлдызды аспанда өз көздерімен тамашалады, дене еңбегінің керемет дағдысын игерді. Бірақ ең маңыздысы  – олар ата-бабадан қалған жер дегеннің не екенін жете ұғынды. Олар халқымыздың мыңжылдық мәдениеті мен салт-дәстүрін бойларын сіңіріп өсті.

Бүгінде жеке тұлға болып қалыптасу үшін қажетті табиғаттың, таза ауаның, жердің қуатын, көк аспанның маңыздылығын жете ұғынбаймыз. Табиғаттың күшіне тең келер ешнәрсе жоқ. Егер осы күш пен баламыздың арасын үзсек, демек, олардың болашағына балта шаптық деген сөз.

Еліміздегі көпбалалы отбасының болашағы туралы көзқарасымды қаншалықты жеткізе алғанымды білмеймін. Көпбалалы отбасы –еліміздің болашағы. Бізге көпбалалы отбасы керек. Бала туу үшін қаншалықты саналы, білімді болу қажеттілігін талқылаудың керегі жоқ. Егер отбасы көпбалалы болса, демек, ол отбасының жақсы, сапалы өмір сүруіне жағдай жасауымыз керек.

Өмір сапасы дегенде ашып түсіндіруге тырыстым. Ол мемлекет бөлетін әртүрлі жәрдемақы түріндегі шығынымен өлшенбейді.

Бар болғаны дұрыс, ұзақмерзімді экономикалық жағдайды қалыптастыратын шарт жасау керек. Олардың ең негізгілері:

– ауылды жердегі өндірістік және әлеуметік инфрақұрылымды қайта қалыпқа келтіру;

– ауылға қайтқысы келетіндерге ауылды жерде үй салуға жеткілікті қаражат бөлу, алдымен, көпбалалы отбасыларға;

– ауыл шаруашылығындағы жерлерді игеруде және оларды қайта қалыпқа келтіруге қажетті инфрақұрылымда аграрлық кәсіпорындар мен мемлекеттің тиімді әрекеттесуі.

Осы аталған үш пункт еліміздегі көптеген әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешер еді.

Жалпы мұндай түсінік орталық және жергілікті билік басындағы жауапты тұлғалардың, депутаттардың, кәсіпкерлердің, еліміздің азаматтарының, көпбалалы отағалардың санасында туындағаны айдан анық. Енді тек іске кірісу керек.

Осының бәрін іске асыруда еш қиындық жоқ.

Зейнолла  Кәкімжанов, 

Аударған: Мақпал Сембай

Дереккөз: qamshy.kz 


Пікір жазу
  • Д. Кәлетаев: Жастар айына 12 мың теңге төлеп, пәтер жалдап тұра алады
    Цифрлық Қазақстан: Ақпараттық теxнологиялар қай салаға енгізілді

    Ұқсас тақырыптар