Үкімет отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асырудың нәтижесі бойынша есеп берді.
«2018 жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 20 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланды. Сол жоспарға сай жұмыстар толық орындалды. Бұл қаржының 99,8% игерілді. «Экономика салаларын цифрландыру» бағыты бойынша келесі маңызды нәтижелерге қол жеткіздік. Мәселен, отын-энергетика және тау-металлургия саларында 4.0 Индустриясының элементтерін енгізудің нәтижесінде еңбек өнімділігі орташа есеппен 10 процентке артты. Ал электр қуаты 33 процентке дейін үнемделді», - деді Д.Абаев
Оның сөзіне қарағанда, көліктік-логистика саласын цифрландыру аясында «зияткерлік көлік жүйесі» іске асырылып жатыр. Бүгінде 46 арнайы өлшеу құралының 12 орнатылды.
«Сондай-ақ, жол активтерін басқару жүйесі іске қосылды. Оның аясында 16 жылжымалы жол зертxанасы өз жұмысын бастады. Бұл жол инфрақұрылымының сапасын арттырады деп сенеміз. Аталған жүйе жолға жұмсалатын шығындарды жоспарлауға және жөндеу жұмыстары кезінде сапаны бақылауға мүмкіндік береді. 2019 жылы республикалық деңгейдегі 24 мың шақырымды құрайтын автожолдарды зерттеу мақсатында 31 арнайы автоматтандырылған өлшеу құралын енгізу жоспарланып отыр. Интеллектуалды көлік жүйесін енгізудің нәтижесінде өткен жылы 279 жұмыс орны ашылды. 2025 жылға қосымша 1,5 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген», - деп атап көрсетті Д.Абаев.
Ал ауыл шаруашылығы саласына да ақпараттық теxнологиялар енгізілді. Өткен жылы 14 шаруашылықта пилоттық режимде нақты егіншілік жобалары қолға алынды. Осылайша, фермерлердің шығындары орташа есеппен 15-20 процентке азайды. Ал астықтың көлемі 2,5 есеге артты. Субсидияның бес түрі электронды форматқа ауыстырылды. Фермерлерден түскен 23 мың өтініш электронды жүйе бойынша қаралды. Сондай-ақ, электронды қолxат жүйесі енгізілді. Соның арқасында қолxаттарды беру уақыты 10 күннен 10 минутқа дейін азайды.
Министр пайдалы қазбалары бар 7 ірі кен орындарына «Интеллектуалды кен орны» және «Цифрлық бұлақ» жобалары енгізілгенін айтты.
«Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының УАЗ шоғырында мұнай өндіруді 773 тоннаға арттыруға мүмкіндік пайда болды. Ал электр қуаты 33% үнемделді. 2019 жылы осындай жүйе бойынша жұмыс жасайтын нысандар санын 12 бірлікке жеткізу жоспарланып отыр», - деді ақпарат және коммуникациялар министрі.
Оның айтуынша, тау-кен өнеркәсібінде 102 кәсіпорын «айқын» өндіріс деңгейіне ауыстырылған. Бұл барлық өндіріс дерегін цифрландыруға және ақпараттық ағынды басқаруға жол ашады.
«Бүгінде 4 жоба пайдалануға берілді. Аталған кәсіпорындарда цифрлық технологияларды қолдану есебінен өнімділік 10% артты, еңбек шығындары 30% дейін және өндірістік шығындар 10% дейін төмендеді. Іске қосылған «Өскемен титан-магний комбинаты» өндіріс баланстарын қалыптастыру және есептеу жүйесін енгізуге арналған жобалардың бірі «ҚБТУ инжиниринг және ақпараттық технологиялар» АҚ отандық ұйымның цифрлық шешімдеріне жұмыс істейді», - дейді Абаев.
Ол қорларды жоспарлау ақпараттық жүйесін енгізу арқылы ERG кәсіпорны ендігіде бірегей, біртұтас құрылымдалған массив бойынша жұмыс атқаратынын айтты.
«Бизнес-процестер стандартталған әрі ашық түрде жүргізіледі. Қызметкерлер қосымша білім алды, 250 жаңа жұмыс орны құрылды. Жобадан түсетін экономикалық пайда 2021 жылы 123 миллиард теңгені құрайды», - деді министр.
Jebeu.kz