Ертең, яғни 27 қараша күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға мемлекеттік сапармен барады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли кеше хабарлаған болатын. Екі мемлекеттің басшыларының келіссөздері барысында Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің қазіргі ахуалы мен перспективалары талқыланбақ.
Өзара келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков бірқатар екіжақты құжаттарға қол қояды деп күтілуде. Сондай-ақ осы сапар аясында Мемлекет басшысы Бішкек қаласында өтетін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысатынын атап өткен жөн. Қауіпсіздік кеңесі сессиясының аясындағы іс-шаралардың күн тәртібінде Ұйым жұмысы аясындағы өзара іс-қимылдарға қатысты көптеген мәселелер қарастырылады. ҰҚШҰ-ның биыл атқарған жұмыстары бойынша басым бағыттардың жүзеге асырылу барысы қорытындыланады деп жоспарланған.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстан астанасына ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңесі сессиясымен тұспа-тұс мемлекеттік сапар жасауының екі елдің өзара экономикалық, саяси, әріптестік қарым-қатынастарындағы маңызы қаншалықты зор болмақ? Күн тәртібінде қандай өзекті мәселелер талқылануы тиіс? Осы туралы қырғызстандық белгілі сарапшылардың пайым-пікірін білген едік.
Символдық мәні бар сапар
Игорь ШЕСТАКОВ,
саясаттанушы, «Пікір» аймақтық сарапшылар клубының теңтөрағасы
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары екі елдің әріптестік байланысындағы жаңа кезеңнің бастауы болады деп санаймын. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары аясындағы күн тәртібіндегі мәселелерде екіжақты іс-қимылды нығайтуға ықпал ететін нақты мәселелер көрініс тапқан. Қырғызстан үшін Қазақстан – экономикалық тыныс-тіршілік жолы. Себебі көрші ел арқылы өтетін көлік жолдары қырғызстандық тауарларды Қазақстанның өзіне және одан әрі басқа да мемлекеттерге экспорттауға мүмкіндік береді.
Күн тәрібіндегі шекаралық мәселелерге қатысты өзара сенім шараларын күшейтуге, кедендік әкімшілендіруге қатысты мәселелер президенттер мен үкіметтерді ғана емес, бірінші кезекте қарапайым қырғыз азаматтарын қатты алаңдатып отыр. Себебі күн сайын мыңдаған қырғызстандық көлік Қазақстанның территориясына өтеді. Бұл нағыз экономикалық әріптестіктің көрінісі. Сол себепті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы мемлекеттік сапарының нәтижесін жүздеген мың қырғызстандық күтіп отыр.
Өкінішке қарай, екі ел арасындағы сауда-айналымының көлемі өте аз. Былтыр ол бар болғаны 300 миллион доллардың айналасында болды. Бұл сапар осы көрсеткішті ұлғайтуға да ықпалын тигізуге тиіс. Екі мемлекеттің экономикалық әлеуетін ескере отырып, бұл көрсеткішті таяу арада кемінде 500 миллионға көтеруге болады.
Көптеген қазақстандық компаниялар Қырғызстанда табысты жұмыс істеп жатыр. Бірлескен бизнес жобаларды жүзеге асыруға, бірлескен кәсіпорындар құру үшін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбековтің өзара келіссөздер барысында нақты шаралар қабылданады деп үміттенемін.
Қазақстан Президенті Бішкекке сапары барысында ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңесі сессиясына қатысады. Осы орайда, Қырғызстан мен Қазақстанды алаңдатып отырған мәселелердің де ортақ екенін айта кеткім келеді. Ол қандай мәселелер? Ол діни экстремизм, халықаралық терроризм, Ауғанстандағы ахуалдың тұрақтанбауы, Орталық Азия мемлекеттеріне қыр көрсетіп отырған ДАИШ ұйымы, қауіпсіздік... Қазақстан мен Қырғызстан ҰҚШҰ-ның Орталық Азия территориясында табысты жұмыс істеуінің кепілі деуге болады. ТМД-ның Оңтүстік бөлігіндегі қауіпсіздікке дәл осы ұйым жауапты.
Биыл Баткен оқиғасына 20 жыл толды. 1999 жылы Қырғызстанның оңтүстігіне қаруланған заңсыз құрылымдар басып кірген кезде Қазақстан ең алғаш көмек қолын созғандардың қатарында болды. Сол себепті Қырғызстан қауіпсіздік мәселесіне келгенде әрдайым бауырлас қазақ еліне арқа сүйейді.
– Қазақстан мұнай және мұнай өнімдерін өндіруші ел ретінде де Қырғызстанмен арадағы сауда-тауар айналымын арттыра алады деп санаймын. Жасыратыны жоқ, біздің елге қазақстандық жанар-жағармай контрабандалық жолмен болса да келіп жатыр. Қырғызстан нарығында жанар-жағармайға сұраныс жоғары. Иә, біздің елімізде «Газпром» сияқты ірі компаниялар бар. Кез келген монополия бағаның көтерілуіне ықпал ететінін жақсы білеміз. Сол себепті, біздің нарыққа қазақстандық компаниялардың да келгені жақсы деп санаймын.
Сапардың Сооронбай Жээнбековтің Қырғызстан президенті болғанына 2 жыл толғанымен тұспа-тұс келіп отырғанының символдық мәні бар деп есептеймін. Сооронбай Жээнбеков мемлекет басшылығына сайланған кезде ең алғаш көтерілген мәселелердің бірі Қазақстанмен арада дұрыс байланыс орната ала ма деген сауал төңірегінде болған еді. Қазақ-қырғыз қарым-қатынасы аздап шиеленісіп тұрған кезеңде Сооронбай Жээнбеков біздердің бауырлас ел екенімізді айтып, сауда-экономикалық байланыстарымызды дамытуға күш салатынын жеткізді. Осы 2 жыл ішінде екі мемлекет арасындағы тұрақтылық сақталып қана қоймай, стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді. Қазақстандағы және Қырғызстандағы билік транзиті екіжақты қатынастарға тең оң ықпалын тигізді деп санаймын.
Берік байланысты нығайта түсу керек
Асылбек АЮПОВ,
Қырғыз-Ресей Университеті Ұлттық экономика және аймақтық даму кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор
Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы әуел бастан қоңсылас орналасқан бауырлас елдер. Сан ғасырлардан бері екеуінің арасында берік байланыс орнаған. Сол байланысты экономикалық, мәдени, рухани салаларда, жалпы адами қарым-қатынастарда одан әрі дамыта түскен жөн. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың біздің елге мемлекеттік сапары аясында осы мақсатты жүзеге асыруға ықпал ететін мәселелер шешілуге тиіс деп ойлаймын.
Қырғызстанның территориясы Қазақстанның ұлан-ғайыр жерімен салыстырсақ, оның 7 пайызындай-ақ болады. Сәйкесінше екі елдің экономикалық әлеуеті де әртүрлі, өзара салыстыруға келмейді. Табиғи байлығы бойынша Қазақстан әлем бойынша алдыңғы қатарда. Ауыр индустрия саласында Қазақстанның перспективалары жоғары. Шекарасының шектесетін тұсының ұзындығы мың шақырымнан асатын осындай елмен көрші болудың Қырғызстан үшін маңызы зор екені түсінікті. Қазақстанның Қырғызстанға жіберетін экспортының көлемі біздің елден жөнелтілетін тауармен салыстырғанда бір жарым есеге жуық көп. Экспорттық тауарлардың номенклатурасына тоқталар болсақ, Қырғызстан жылқы етін, сүт тағамдарын, металл бұйымдар экспорттайды. Қазақстаннан бізге астық, ұн, өсімдік майы, қант, мұнай өнімдері, қара және түсті металл, металл бұйымдары келеді. Тауар номенклатурасы аз, құрамы да күрделі емес, өте қарапайым. Мұнай өнімдерінің көлемі де оншалықты көп емес, оның негізгі бөлігі Ресейден тасымалданады. Ресей Қазақстанмен салыстырғанда бізге алыс, оның үстіне темір жол көлігін қолдануға тура келеді. Темір жол бойында түрлі кедергілер болады. Оның үстінде Ресейде жанар-жағармай қазір қымбаттап жатыр, бұл біздің нарыққа да соққы болары сөзсіз. Меніңше, Қырғызстанда тұтынылатын мұнай өнімдерін 100 пайыз Қазақстаннан тасымалдауға көшсек, бұл біз үшін өте тиімді болар еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбековтің кездесуінде екіжақты экономикалық байланыстардың аясын кеңейту мәселесі талқылануы керек деп санаймын. Сонымен қатар Қазақстанның Қырғызстанға салатын инвестициясының көлемін арттыру мәселесі де көтерілуге тиіс.
Қазақстандық инвесторлар Қырғызстанның тау-кен өнеркәсібіне, құрылыс материалдары өнеркәсібіне белсене атсалысып келеді. Алайда, Қытай инвестициясымен салыстырғанда оның көлемі өте аз. Меніңше, Қырғызстанның ауылшаруашылық саласында қазақ-қырғыз бірлескен кәсіпорындарын құру керек. Бұл екі мемлекет арасындағы тауар айналымы көлемін ұлғайтуға ықпал етеді. Өңдеу өнеркәсібінде де Қазақстанның тәжірибесі бізбен салыстырғанда айтарлықтай зор. Демек, осы бағытта да бірлесіп жұмыс істеуге болады.
Арнұр Асқар,
Дереккөз: «Egemen Qazaqstan» –
Бішкектен (Қырғызстан)