Азаматтық алған қандастарымыз солтүстік өңірге көшсе Үкімет олардың үй кезегінің сақталуын қамтамасыз етуі керек. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 4-отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Отанына оралған қандастарды үймен қамтамасыз ету мәселесі де толық шешімін тапқан жоқ. Олардың тек бір жылға берілетін қандас мәртебесінің мерзімі біткенше ғана үй алуға мүмкіндігі бар. Ал азаматтыққа ие болған соң бұл мәртебесі жойылып, сонымен бірге үй алу құқығынан да бірден айырылады. Осыған орай азаматтық алған қандастарымыз солтүстік өңірге көшсе, Үкімет олардың үй кезегінің сақталуын қамтамасыз етуі керек. Бұл шара қандастардың осындай жұмыс қолы тапшы аймақтарға көшіп баруына қосымша серпін береді. Шетелде туып-өскен қазақтардың барлығы тарихи отанын мақтан тұтады. Көптеген қандасымыз атажұртқа оралып жатыр. Оларға алғашқы кезде мемлекет жан-жақты қолдау көрсетуге тиіс»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент ішкі миграцияны ынталандыратын қосымша шара ретінде оларға берілетін жәрдемақының мөлшерін 35 АЕК-тен 70-ке дейін көбейтуді тапсырды.
«Сонымен бірге ел ішіндегі миграциялық үдерістерді реттеу ісінің тиімділігін арттыра түсу қажет. Бұл ең алдымен азаматтарымызды еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне көшіруге қатысты. Осы мәселе Ұлттық кеңесте бірнеше рет көтерілді. Оны кешенді түрде шешу үшін біріншіден, электронды еңбек биржасының базасында бірыңғай ақпараттық ресурс құру керек. Көшіп барушыларға мемлекет көрсететін қолдау жөніндегі барлық ақпаратты тікелей әрі жедел алуы қажет. Екіншіден, қазіргі көшуге қатысты мәселелерді оңайлатқан жөн. Мемлекет мигранттарға барынша қолайлы жағдай жасуға тиіс. Жақында жұмыс сапарыммен Солтүстік Қазақстан облысында болдым. Бұл өңір демографиялық өсімі ең баяу аймақтың бірі болғанымен қоныс аударушыларды тарту жағынан жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Аймақта көшіп келушілерге арналған тұрғын үйлер салынуда. Сонымен қатар коммуналдық инфрақұрылым дамып, әртүрлі әлеуметтік нысандар бойы көтеруде. Қоныс аударушыларды ынталандыратын қосымша шара ретінде оларға берілетін жәрдемақының мөлшерін 2 есеге, яғни 35 АЕК-тен 70-ке дейін көбейткен жөн деп санаймын. Үкіметке бір айдың ішінде осы мәселені зерттеп, тиісті шешім қабылдауды тапсырамын»,- деді мемлекет басшысы.