2020 жылдың соңына дейін кеңжолақты интернетке қосылған ауыл саны 5 163-ке жетеді. Үкімет отырысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев осындай мақсаттың қойылып отырғанын жеткізді.
«Еліміздегі 118 қала мен 4 235 ауылды елді мекеннің тұрғындары қазірдің өзінде 3G/4G байланысын пайдалана алады. Ол үшін ел басшылығының тапсырмасы бойынша байланыс операторлары бүгін де 2 ірі ауқымды жобаны жүзеге асыруда», - деді Асқар Жұмағалиев.
Оның айтуынша бірінші жоба – талшықты-оптикалық байланыс желілерін (ТОБЖ КЖҚ) салу. «Қазақтелеком» АҚ пен «Транстелеком» АҚ, «SilkNetCom» ЖШС бірлескен консорциумы «оптиканы» осы жылдың соңына дейін 1 250 ауылға жеткізуі тиіс. 20 сәуірге дейін «оптика» желісі 637 ауылға жүргізілген.
Ал «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев компанияның бүгін де 373 ауылды елді мекенді талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосқанын мәлім етті.
«Елімізде енгізілген төтенше жағдай мен карантин шараларына қарамастан жұмыс кестеге сәйкес жүріп жатыр. 828 ауылдың 400-і сәуірдің соңына дейін, ал тағы 50-ге жуық елді мекенді мамырдың соңына дейін қамтымақпыз. «Оптика» желісін салу 10 облысында жүргізілуде», - деді Қуанышбек Есекеев.
Жоспарланған жұмыстар жүзеге асқан жағдайда 5 163 ауыл жылдамдығы жоғары интернетке қосылып, нәтижесінде ел халқының 99,3 пайызы 3G / 4G қызметтерін пайдалану мүмкіндігіне ие болады.
Үкімет отырысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев жоспарлардың бәрін іске асыру үшін әкімдіктер тарапынан көмектің қажеттігін айтып өтті. Атап айтқанда байланыс операторларының жабдықтарын орнатуға және сол жабдықтарға электр энергиясын жеткізуге жер учаскелерін бөлу мәселесін шешу ауылдарды интернетке қосуды жеделдете түспек.
Дереккөз: "ҚазАқпарат"