Талдықорғанда коронавирус инфекциясын ерте анықтауға мүмкіндік беретін жүйе жұмыс жасауды, деп Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлаймыз.
«Пневмонияны емдеудің сәтті әрі тиімді жүргізілуінде оны ерте кезеңнен анықтаудың маңызы зор. Осыған байланысты Алматы облысында Талдықорған қалалық көп салалы ауруханасындағы Жағдаяттық орталық базасында коронавирустық пневмонияны енді басталып келе жатқан кезінен анықтайтын ПАКС-жүйесі орнатылған. Жоба өңірдің 17 медициналық мекемесін қамтиды, қазірдің өзінде 2 мыңдай адам тексерілген. Бұл - отандық және түрік мамандарының бірлескен жобасы», - деген хабарламада.
ІТ-компания директоры Ерлан Жәнібековтің айтуынша, бұл жобаны олар жеке қаражатына жүзеге асырған. Жасанды интеллекті жұмысының көмегімен коронавирустық пневмонияны жаңа басталған кезінен анықтауға мүмкіндік туды. Бұл емдеуді жеңілдетіп, толық сауығып шығатын адам санын арттыруға көмек етеді.
Жалпы коронавирустың болуы мүмкін екінші толқынына дайындық шеңберінде өңірде медициналық мекемелерді құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмысы белсенді жүргізілуде. Қазіргі кезде 9 медициналық мекемеде, яғни Панфилов, Алакөл, Кеген, Қарасай, Жамбыл, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ аудандарында және Талдықорғандағы облыстық ауруханада кислород стансасы орнатылып, жұмыс істеп тұр. Таяу күндері Сарқан ауданында осындай станса орнату ісі аяқталады. Сөйтіп, кислород стансасымен қамтылған ауруханалар саны өңірде 13-ке жетеді.