Транскаспий халықаралық көлік бағыты әлеуетін толыққанды ашу зор маңызға ие. Бұл туралы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
«Транскаспий халықаралық көлік бағыты әлеуетін толыққанды ашу зор маңызға ие. Сөз логистикалық қызметті жетілдіру, бірыңғай көлік операторларын құру, техникалық және тарифтік шарттарды жаңғырту, әкімшілік кедергілерді жою және тұйық логистикалық цикл қалыптастыру жайында болып отыр. Сонымен қатар 2022-2027 жылдарға арналған Орта дәлізді дамыту жөніндегі жол картасын тиімді жүзеге асыру зор маңызға ие. Біз бұл бағытқа арта түскен қызығушылықты толықтай қолдау және оның инфрақұрылымдық дамуына үшінші елді тарту маңызды екендігіне келістік. Бұл іс-шаралардың барлығы, сондай-ақ халықаралық серіктестерімізбен өзара тығыс іс-қимыл «Шығыс-Батыс» бағытында жүктерді тұрақты жне жедел жеткізуге кепілдік беруге жол ашады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы келіссөздер барысында энергетика саласындағы ынтымақтастықты ұлғайтуға да баса назар аударылғанына тоқталды.
«Бүгінде әлемдік нарыққа энергия ресурстарын жеткізуді одан әрі әртараптандыру біздің басым міндетіміз саналады. Өздеріңіз де білетіндей, биыл біздің уағдаластығымыздың арқасында Әзербайжан арқылы қазақстандық мұнайдың бірінші партиясы жөнелтілген болатын. Келесі қадам – жеткізу көлемін арттыру және оған ұзақмерзімді тұрақты сипат беру», - деді Президент.