Бұл өмірді кітапсыз елестетіп көрейікші. Адамдардың өмірінде кітап деген зат жоқ. Адамдар әлі кітапты ойлап таппаған болса, не болар еді?! Онда ешқандай ғылым жоқ болар еді. Медицина дамымаған, көліктер, ұшақтар, телефондар да жоқ болар еді. Себебі, кітап - бізге ақпарат жеткізуші. Мәселен, бір ғалым зерттеуін кітапқа жазды делік, шәкірті оның жұмысын дамытты. Ғылым осылай дамыды. Бір өнертапқыш өзі ойлап тапқан затты кітап етіп жазды, оны келесі ұрпақ жалғастырды.
Адамның өмірі қысқа ғана ғой. Сондықтан кітап арқылы өмірден көргені мен түйгенін жеткізу керек болды. Мысалы, Абай атамыздың өлеңдерін кітап болмаса, қайдан оқитын едік?
Сматфонды таңдайсың ба, кітапты таңдайсың ба деп сұрасаң, көп балалар телефонды таңдар еді. Бірақ технологияның дамуына кітаптың қосқан үлесін көбі ойланбайды. Иә, қазір Абай атамыздың өлеңдерін инетнеттен тез тауып алуға болады. Бірақ ол мұра бізге дейін кітаптың арқасында жеткен.
Баспадан шыққан жап-жаңа кітаптың иісі қандай керемет. Өзіңе керек бетті ашып оқығанда біздің миымыз жұмыс жасайды. Оқып отырған шығармадағы адамдарды елестетеміз. Ал сматфоннан біз ешкімді елестетпейміз. Бізге дайын видео жасап берсе, соны көреміз. Демек, біздің миымыз кітап оқыған кездегідей қызу жұмыс жасамайды. Ал миымыз жұмыс жасамай, дайын видеоларды көре берсе, біз жалқау балаға айналамыз. Ғылыми жаңалықтар ойлап таба алмаймыз. Елімізді дамытпаймыз. Сондықтан үнемі кітап оқу керек.
Маған мифтік ертегілер, балаларға арналған ғылыми- фантастикалық кітаптар ұнайды. Үй жұмысын орындап болған соң, анамның алып берген кітаптарын оқимын. Түсінбеген сөздерді әкемнен сұраймын. Осылай кітаппен дос болып кеттім. Оқымысты балалармен бірге оқыған ертегілерді талдаған да маған қатты ұнайды.
Сонымен қатар, мен жазғы демалысымның бірінші айын М.Әуезовтің «Көксерек» әңгімесіне арнадым. Аз күнде аяқтап та қаламын. Біз бұл әңгімені үшінші тоқсанда оқыдық. Бірақ оқулықта қысқаша ғана берілгендіктен көкейімде көп сұрақтар қалып қойған еді. Бүгінде іздеген сұрақтарымның жауабы табылғандай...
Сағымбай Заңғар
Үштерек ауылындағы №2 орта мектебінің 7«А» сынып оқушысы