23 июньде, 1904-ші жылында, туған жері Шыңғыс тауында дүниеден қайтты атақты қазақ ақыны, Шыңғыс елінің қазағы Абай Құнанбай ұлы. Кітапша шын аты — Ибраһим. Бірақ қазақ әдеті бойынша, шешесінің еркелетіп қойған Абай атын халық атап кеткендіктен біз де Абай дейміз.
Абайдың әке тұқымы Тобықтыға басшы болған, би болған белгілі атасынан еді. Үлкен атасы Ырғызбай 1750-інші жыл шамасында Ырғыз деген өзенде туған екен. Халқының қолбасы батыры һәм биі екен. Тобықтының аз уақытында Түркістан жағынан елін бастап ауып келіп, осы Шыңғыс тауы мал бағуға аса жарамды жер деп орын қылыпты.
Онан соңғы атасы Өскенбай би, халық ортасында әділ би атанып, бөтен алыс елдің адамдары да орталарындағы үлкен дауларына сол кісіні іздеп келіп, жүгініп, билік айтқызып, бітіп қайтады екен.
Өз әкесі Құнанбай, жұрт аузына қараған қатты, есті кісі болып, бөтен елдерді де билеп, ел ішіне бір ғана төре тұқымы сұлтан болып жүрген кезде, солармен таласып, Қарқаралы өкірігіне әуел қазақтан сұлтан болған кісі еді.
Уақытында елдің құр мұсылманмын дегеннен басқа діннің не екенін білмей, қан жеп неше түрлі ырымдарға табынып жүргеніне қатты тыю салып, анық шариғат қоспаған істі қылған, ғайри бұзықшылық іс қылғандарға бек ауыр жаза салып, халыққа ауыл басы молда ұстатып, қадари хәл ғылымның жолын көрсетіп, үлгі салған.
Өзге жұрт орыстан баласын жасырып жүргенде, балаларына орысша оқу оқытып, Халиолла деген баласын Омский кадетский корпустан оқытып, онан соң Мәскеудегі Павловская кавалерийская школдан оқытып, сабақты жақсы бітіріп, корнет болып қызметте жүргенде ауырып, дүниеден қайтып еді.
Қартаң тартқанда, халық Мәккеге барғанды білмейтұғын уақытында әуел бастап Мәкке барып, онан келген соң ешбір дүние сөзіне кіріспей, бір ғана ғибадатын қылып, өлгенше үйден шықпай өтіпті.
Абайдың шешесі Ұлжан — Қарқаралы оязына қарайтұғын Қу, Едірей, Мыржық деген жердегі Қаракесек, Бошан руынан Бертіс деген бидің тұқымы. Қазақ ортасында елді күлдіргі қалжыңымен сөгіп, шешендікпен атақ алған Қантай, Тонтаймен туысқан Тұрбанның қызы еді.
Тонтай өзі малды кісі екен, бір-екі ауырғанда қожа-молдалар жиылып келіп, көңілін сұрай беріпті. Ақыры өлер жолы ауырып, қатты болып жатқанда, қожа-молдалар тағы да келіп, көңілін сұрап отырғанда айтыпты дейді: — Жазыла-жазыла қожа-молдалардан да ұят болды, енді өлмесе болмас, — депті. Абай 1845-інші жылы, жылан жылында туды. 1904-інші жылы, ұлу жылында, 60 жасында дүниеден қайтты.
Абай 10 жастан 12 жасқа шейін қырда мұсылманша оқып, 13 жасқа шығарда Семейде молда Ахметризаның медресесінде оқыған. Медреседе жүрген уақытта үш айдай орыстың Приходская школынан орысша сабақ оқыған. Ақыры төрт жыл мұсылманша, 3 айдай орысша оқыған соң, 14 жаста сабақтан шыққан. 15 жаста-ақ балалық қылмай, үлкендерден білімі артылып, ел ішінде жұртты аузына қаратып, басшылыққа бұрынғы терелермен талас қылып, әкесіне үлкен көмегі тиген. Тұрғылас елдің жақсылары баласынбай, аузына қарай бастаған. Ол уақытындағы елдің адамдары не қылса да аталарындай атақты үлгі аларлық би болады дескен. Бірақ, ондай би болуға заманның өтіп кеткенін қайдан білсін.
20 жасында Абай халық ортасында мандай басы шешен болды. Халық жайынан бұрынғы әдетті, ғұрыпты, ескі білікті билердің қиын іс туралы қылатұғын биліктерін кеп білген. Өзінің зейіні артық болған соң, кәрі мақалдарды, неше түрлі қазақтың білімділері мысал үшін айтқан әңгімелерді бірін ұмытпай біліп алған. Қазақтың ескі заманы болса, бұрынғы қазақтың атақты биінің бірі болмағы анық еді.
Уақытында аз да болса ислам діні, ғылымы кіріп келе жатқан жаңа заманның ретімен Абай арапша, парсыша, түрікше кітаптарды көп оқып, олардың ішіндегі ғылымнан үлкен хабардар болды. Сол талабыменен қырда арапша, парсышаға Абайдан артық білетұғын ешкім болмады. Шала оқыған ғылымы бар молда-қожалар Абайдан қашып жүруші еді, өзге жерде өтірікті — шынды жұртты аузына қаратып жүргенде, Абай алдында надандығы білініп, масқара болып қаламын ба деп.
Абай ғибадат турасында көрнеу сырты тақуа кісі емес еді. Жай уақытта намазды көп оқымаушы еді. Бірақ, рамазан айында ораза ұстап, намазды сонда үзбей оқушы еді. Ол оқыған кезінде, өзгелерді «асығыс отырып, сендер көңілді алаң қыласыңдар» деп, өзі жеке асықпай оқып отырып алушы еді.
Әсіресе, ыхтихадқа бек махкәм еді. Не іс қылса да, не насихат айтса да, мынау құдайшылыққа жөн, бүйтсе — адамдыққа жөн деуші еді. «Ғибадаттың ең үлкені: көңілдің тазалығы, адам баласына жаны ашырлық» деп, сыртымен сопысынып, тақуасынған кісіні қатты үнатпаушы еді. «Мұндай адамдар халық үшін ғибадат қылады, хақлықпен, шын көкірегі емес, қара жұртқа құрметті болмақтан басқасы жоқ», — деп. Құдайға шын көңілмен ғибадат қылған кісі құпия қылады деп бұл туралы айтқаны: Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз қол емес. Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі хаққа жол емес.
Абай 30 жасында барша халық ортасына атағы жайылып, білікті болды. Бөтен елдің басшы адамдары, құда, тамыр болып жақын-дық қылып араздық, жаулық қылмай жүрді. Ұрлық қылған кісіге, зорлық қылғандарға жазаны аямай салып, қатты қысымшылық көрсетуші еді. Ұры аулының маңынан жүре алмаушы еді. Бірақ, осы ұрыны қатты тыямын дегендіктен қазақтың бұрынғы заманнан барымташыл әдеті қалмағы қиын болып, ел ішінде көнбеймін дегендер партия қылып көп әуре қылды.
Абай бір кезі келіп тұрған самород еді, бірақ халықтың надан уақытында шығып есіл өнерінің пайдасын кәміл көрсете алмай, қызықты өмірінің бәрі елдің шуылдақ партиясымен әурелікте өтті. Бұл туралы айтқан бір өлеңі:
Әзәлде тәңірім сорлы етті,
Арсыз елмен әуре етті.
Жалғыз үйде күңірентті,
Тағдырға білдік көнгенді.
Адам деген даңқым бар,
Адам қылмас халқым бар.
Өтірік пен өсекке
Бәйге атындай аңқылдар.
Тұла бойым шымыранды
Барма топқа шақырмай.
Жат үйінде шатылмай,
Шыдармын ба апырмай…
Жатуға шықпай үйде енді.
Абай 14 жаста-ақ біреуді мазақ яки қалжың қылып құрбылар ортасында өлең шығара бастаған. Олар жатқа үйреніп айтысып жүрген, бірақ өзі оған өлеңші екенмін деп көңіл қоймаған. Қазақ ортасында ақындықтың пәлендей қадірі жоқ нәрсе. Қайдағы қошаметпен біреуді мақтап, өлең айтып бірдеме аламын ба деген кедей адамдар айтып жүрген соң қазақтың төрелері мақтан да қылады екен: «тұқымымыздан бақсы яки ақын шықпайды» деп.
Соңғы уақытта Абай өзі өлеңнің өнер екенін біліп жаза бастаған соң, бұрынғы ақындар надандықпен өлеңді өнер орнына ғибрат үшін айтпай тіленшілік орнына айтқандықтан, ақындықтың да, өлеңнің де қазақ ортасында бағасы кеткендігін айтып, өзін олардың ретінен басқа қылып, алмақ пайда үшін емес, халықты ғылымға ұмтылтып, көңіл көзін ашпаққа ғибрат үшін жазғанын білдіріп өлең шығарған.
Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,
Мақалдап айтады екен сөз қосарлап,
Ақындары ақылсыз, надан келіп,
Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.
Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,
Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.
Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,
Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап.
Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап,
Мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап.
Жат елде қайыршылық қылып жүріп,
Өз елін бай деп мақтап құдай қарғап.
Қайда бар мақтаншаққа барған таңдап,
Жиса да бай болмапты қанша малды ап.
Қазаққа өлең деген бір қадірсіз,
Былжырақ көрінеді солар даңдақ.
Ескі бише отырман бос мақалдап,
Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап,
Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел,
Келейін сендерге де енді аяңдап.
Абай әлде бойына біткен өнерін жарыққа шығарып, білдіре алмай кетуге де болатұғын еді. Әгәрда 80-ші жылында жер аударылып келген Михаэлис деген бір білімді кісімен таныс болмаса һәм Михаэлис пен Маковецкийдің атына басылған «Қазақтың ескі әдет-ғұрпы» деген кітапты жазып аламын деп жүрген Гросс деген кісіге таныс болмаса. Бұл Гросс һәм Михаэлис Абайдікіне қонақ болып келіп-кетіп жүрген. Абайдың ғылымға бетін түзеп жібермекке осы кісілер үлкен себеп болған.
Абайды орыстың білікті жазушылары: Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Толстой, Тургенев, Салтыков, Достоевский, Белинский, Добролюбов, Писарев деген кісілердің шығарған кітаптарымен таныс қылған. Абай өле-өлгенше «Менің әкемнен артық жаны ашырлық қылып дүниеге көзімді ашқан — Михаэлис» деп айтып отырушы еді.
Абай соңғы замандарында: Спенсердің «Опытын», Льюстың «Позитивный хакмәлі-гін», Дрепердің Европаның ғылымы туралы жазғанын, Чернышевскийдің заманындагы жазылған статьяларды һәм оның өмірін оқып отырушы еді. Әсіресе, Абай Лермонтовтың жазғанын ұнатушы еді. Бұның өлеңін қазақшада өлеңмен перевод қылып еді: «Дума», «Кинжал», «Парус» уа «Молитва» деген һәм ғайри бәйтләрін де переводтап еді.
Абай Крыловтың басняларын да перевод қылды. Қазақтың ұғымына ыңғайлы деп. Абай қазақша өлеңмен «Онегинді» перевод қылды. Қазақ ортасына қатты жайылып кетті. Қазақтар Татьянаның хатын бек таңсық көреді.
Абай өзі Толстой мен Салтыковтың шәкірті еді. Орыс школындағы балалардың анықты ғылым іздемей, адвокат болып, полиция қызметіндегі төре болып пайда таппақ болатұғынын сөгіп, оларды Толстой, Салтыков-Щедрин кітабын оқып, солардың жолында бол деп өлең шығарған. Абай өзі жасында ғылым оқи алмай қалғанын арман етіп жазған өлеңі:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұрып тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Осы өзінің өкінгендігінен балаларын орыс оқуына берді. Өзге қазақша, баласын мал пайдасына яки мақтан пайдасына бола оқытпай, бір ғана ғылым-білім шығармаққа жаһад еткенін өлеңіне жазған:
Адамның бір қызығы бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім.
Екінші баласы Ғабділрахимді городской школды бітірген соң, Тюменский реальный училищеден өз ақшасымен жіберіп оқытты. Қазақтан әуел өз ақшасына баласын оқытқан осы кісі шығар жылына неше жүз сом расход қылып.
Ғабділрахим реальный училищені бітіріп, Петербургтағы технологический институтке түсемін деп барғанда, онда Лосевский деген бұл жақта ояз болған таныс кісісі жолығып, соның советі бойынша Михайловский артиллерийский училищеге түскен. Одан бітіріп шыққаннан кейін, елінің сорына, үміт қылып жүрген, ғылымға зерек, халқына еңбек қылмақты қарыз білген Ғабділрахим 1895-ші жылы 27 жаста военный артиллерийческий академияға түспекке дайындалып жүргенде, «костоед» деген науқас болып дүниеден қайтты.
Орыс ғылымын кітаптан оқығандық Абайдың көңіліндегі ақындығын қозғап, Абай өзін қазақтың ғибрат алатұғын ақыны біліп, елдің шатақ сөзінен қашып, өлең жазып отырмақ болды. Өйткенімен, ел де тынышына қойған жоқ. Бірақ, әрбір ой қозғалған уақытында кез келген қағазға жазып тастаушы еді, Әуес қылған жастар алып таратып кетуші еді. Абайдың халықты сөгіп шығарған өлеңдері қазақтың қай шетіне болса да жайылды.
Абай өзінің тереңнен жазатұғын ақын екенін біліп, елдің ұғымсыздықтан әншейін өлеңнен артық қадірін білмегендігіне ыза болып жазған өлеңі:
Батырды айтсам ел шауып алған талап,
Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап,
Әншейін күн өткізбек әңгіме үшін
Тындар едің бір сөзін мыңға балап.
Ақыл сөзге ынтасыз жұрт шабандап,
Көнгенім-ақ соған деп жүр табандап.
Кісімсіген, жеп кетер білімсіз көп,
Жіберсем өкпелеме көп жамандап.
Өзге алыс ел құмар болып.
Абайдың өлеңін жаздырып алып, жиылған топта Абайдың насихатын ұқса-ұқпаса да, құлақ қойып тыңдап отырғандарына қарағанда, қайта ең жақын туысқан елі Тобықтының көбі айтқан сөз, жазған өлеңімен ісі жоқ болып, өзіне жаулық ойлайтұғынына ыза болып жазғаны:
Патша құдай, сыйындым,
Тура баста өзіңе,
Жау жағадан алған күн
Жан көрінбес көзіме.
Арғын, Найман жиылса,
Таңырқаған сөзіме,
Қайран сөзім қор болды
Тобықтының өзіне.
Абай соңғы уақыттарында елдің партиясынан да жалығып, һәм айтқан сөзді ұғып, жұрт түзелетұғын сықылды емес екенін біліп, көңілі қалыңқырап, өзі сөзге араласпай, үйде жатамын деп жазғаны:
Менсінбеуші ем наданды
Ақылсыз деп қор тұтып,
Түзетпек едім заманды,
Өзімді тым-ақ зор тұтып.
Таппадым көмек өзіме
Көп наданмен алысып,
Көнбеді ешкім сөзіме,
Әдетіне қарысып.
Әрине мен ел кетті,
Қоқиланды, мақтанды.
Қуат бітті, күн етті,
Жарылқа құдай жатқанды.
1904-інші жылы 14-ші майда, Абайдың ең жақсы көретұғын баласы Мағауия дүниеден қайтты. Осы баласын городской училищеден оқытып жүріп, денсаулығы нашар болған соң, қайта қолына алып еді.
Бұл өлім Абайға тым қатты батып кетті. Өзі бір түрлі сынып, жүдеп, елдің әне-міне деп уатамын деген сөзінен де аулақ жерде жалғыз отырғысы келіп, ешнәрсеге араласпай, Мағауиядан кейін 40 күннен соң өзі де дүниеден қайтты. Марқұмның 1893-ші жылы жазған бір өлеңі келгендей:
Жүрегімді қан қылды,
Өткен адам, өлген жан.
Ақыл іздеп ізерлеп,
Бәрін сынап сандалған.
Бірін таппай солардың,
Енді ішіме ой салған.
Тұла бойды улатты
Бәрі алдағыш сұм жалған.
Басыңа тиді байқадын,
Бәрінен басты шайқадың,
Тағы бар ма айтарың,
Нанғыш болсаң, енді нан.
Бұрын да айтылып еді, Абай бала жасынан, қазақтың тәуір жігіті партияда күшті боламын деп талап қылғаннан басқаны ойламайтұғын уақытта өсті деп. Сол себепті жазушылықтың өзі де екінші дәрежеде қалып, салақ болып, берірек ұлғайыңқыраған кезінде өкініш түсіп, жасынан ғылым жолында болмай, қазақтың айғайымен жүргендіктен, кешірген өмірінің, жазған өлеңінің ретсіз болып, яки ғибрат алмаққа жарамайтұғын, ақылға сыйымсыз жері болса, кейінгі замандағы сынаушы жастардан, өзінің тәрбиесіз, үлгісіз өскен өмірін айтып, надан елдің ішінде неше түрлі машақат, әурешілікпен бойды ыза кернеп, өткен қатем болса, аяп, аз сөге көріңдер деп жазғаны:
Өлсем орным қара жер сыз болмай ма,
Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма.
Махаббат ғадауатпен майдандасқан,
Қайран менің жүрегім мұз болмай ма.
Амалсыз тағдыр бір күн кез болмай ма,
Біреуге жай, біреуге тез болмай,
Асау жүрек аяғын шалыс басқан
Жерін тауып артқыға сөз болмай ма.
Сонда жауап бере алман мен бишара,
Сендерге еркін тиер, байқап қара.
Екі күймек бір жанға әділет пе,
Қаны қара, бір жанмын жаны жара.
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма.
Жасымда албырт өстім ойдан жырақ,
Айлаға, ашуға да жақтым шырақ.
Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,
Етек басты көп көрдім елден бірақ.
Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,
Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме.
Өзі ермей, ерік бермей жұрт қор етті,
Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!
Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей,
Мен келмеске кетермін түк өндірмей.
Өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр,
Сырымды тоқтатайын айта бермей.
Абай жазған өлеңдерінен басқа, әншейін отырғанда көбінесе өзінің қызықты көріп, көңілі рахат болатұғыны: сөз ұғар деген бала-шағасы уа ғайри жаңа талап, байыпты жас жігіттер ортасында өзге ел сөзі, шаруа сөзі сөйленбей, өзінің білгенін, сезгенін айтып, адамның адамшылығы қандай мінезбен түзеледі, қандай қылықпен бұзылады, ғылымды калай іздеуге керек, өмірді қалай кешірсе жөн болады, бұрын қандай ғылымдар өткен, олардың артықша айтқан сөздері қандай, әйтеуір, нетүрлі насихатпен болсын, жастарға ғибрат болып, адамшылығы түзелер деген сөзді айтып отырудан қанша уақыт болса да, еш жалықпай ынталы көңілмен бек рахаттанып айтып, ұқтырып отырушы еді. Бұл уақытта бір адам әншейін шаруа жайынан, ел жайынан сөз сөйлесе, бек ренжіп ашуланып қалушы еді. Қанша халық надан болса да Абайдың насихатын көп тыңдап, қасында болған жігіттер өзгелерден бір түрлі, медреседен оқыған ғылым жолындағы кісі сықылды, әр нәрсенің жөнін біліп, жаман-жақсыны көп айырып, надандықтан шығып қалушы еді. Өз алдын медресе біліп, ұқса-ұқпаса да халыққа білгенін айтып үйретіп отырғаны ең қызықты өмірім деп жазғаны:
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас
Үйретуден балаға.
Абайдың өміріндегі ең жақсы көретұғыны таза көңіл мен достық еді. Өзгеден табылмаса, қатын-балаларың дос қой, солармен болса да елжіресіп сүйіскен өмірден артық өмір болмайды деуші еді.
Махаббатсыз — дүние бос,
Хайуанға оны қосыңдар.
Қызықтан өзге қалсаң бос,
Қатының, балаң — досың бар.
Жүрегі жүмсақ білген құл,
Шын дос таппай тыншымас.
Пайда, мақтан, бәрі — тұл,
Доссыз ауыз тұшымас.
Кәкітай Ысқақұлы
Дереккөз: Abaialemi.kz
Jebeu.kz