«Әдебиеттің өзінше дәуірлеуі технике мәдениетінің дәуірлеуіне байланбайды»,- дейді Марқыс [К.Маркс. Введение к критике политэкономии. Изд. «Московский рабочий», 1922 г.]. Осы пікірін бекіту үшін грек тарихының Ғомер [Гомер] заманы мен Ауропа тарихының Шекіспір заманын көрсетеді. Шынында Ғомер заманындағы гректердің, Шекіспір заманындағы Ауропа технике мәдениетінің бала болғаны рас. Алайда сол дәуірлерде Грек пен Ауропа әдебиеті құлашты аспанға сермеген. Неге бұлай болғандығын тексеру – әдебиет тарихшысының міндеті. Біздің бұл жерде айтатынымыз:
Марқыстың мынау пікірін қазақ өміріне қатыстырсақ, қазақтың технике мәдениеті тіпті төмен болған. Сондықтан әдебиеті де жоқтың жанында болған деген пікір ұстау қата. Шынында қазақтың өзінше терең әдебиеті болған әм бар.
Қазақ өмірінің түрлі өзгерісі, өрі, қыры, қайғысы, қуанышы, ойы, қиялы әдебиетіне түсіп отырған. Әзір тіпті тексерілмеген дәуірді қоя тұрып, соңғы дәуірді алсақ, кешегі Мұрат, Махамбет, Базар, Шортанбай, Ақан сері сықылды ақындардың елдің мұңын, зарын, ой, қиялын жырлай білген шын жыраулар екені анық. Бұлар – қазақ даласына бет алған Ауропаның, орыстың қара жүз отаршылдығының қарасын көріп, бірінші уланған ерлер. Қазақ әдебиетінің алыбы Абай – қазақ даласына кеулеп кіріп келе жатқан капитализмге, отаршылдыққа халықтың қанды жас төгіп, еріксіз шалған бірінші құрбаны. Ел билеп, елге ақыл айтудан бастап, өмірден үміт үзуге, тұңғиық ойға барып тірелген Абайдың өмірінің, ақындығының трагедиесі де тереңдігі осындай. Абайдың алыптығы – қыл көпірдің үстінде тұрғандығы, екі қолмен, екі үмітпен алысқандығы, сондықтан қазақ әдебиетінің ескі мағынасын, бұрынғы бағытын тереңдеткендігі, әдебиетке жаңа түр кіргізгендігі. Абай жиын-тойдың ақыны болмағандықтан, әсіресе баспасөздің жоқтығынан, Абайдың әдебиеттегі бағыты, әсіресе, түрі елге тарай алмайды. Сол дәуірде қазақ даласына капитализм кеулеп кіре береді. Ел езіле береді. Әдебиетте, бағыт та, түр де қалмайды. Әдебиет «ғизятлу», «құрметлу», «бісмілдә» деп басталатын сөздің басы сықылды былдыр-батпаққа айналды.
Бірақ Ауропа отаршылдығының бір қасиеті – құлды көп қуып, батыр қылуы, өлімге бұйыруы мен өмірді сүйгізуі, езілген елдің ұлттық сезімін оятуы. Осы заң бойынша 1905 жылғы төңкерістен соң соққы жеп, сүлесі қатқан Қазақ елі есін жия бастайды. Жаралы жанының есін жия бастағандығы бірінші үні – ыңырсып күрсінуі, күңіренуі болмақ. 1905 жылдан соңғы әдебиетіміз, «Оян, қазақ!», «Қырық мысал» сықылды елім, жұртым деген әдебиетіміз, сол күңіреу, сол зәреде күңіренген жаралы жанның көзіне ілгені ғана – қылышынан қан тамып, майданда ойнап жүргені елестемек. Ояна бастаған ел болған күнін есіне түсірмек. Әдебиетіміз да мынау «Оян!» деген зармен бірге елдің өткен күнін есіне сала бастап еді. Өткен, тағы болып жүрген дәуірді қайта орнату үшін емес, жасынан елдің жанына үміт салу үшін өткенді жырлай бастап еді. Әдебиет осы күйінде тұрғанда біз үстіміздегі зор төңкеріске кіріп кеттік.
«Әлихан Бөкейхан» кітабы
Дереккөз:«Алауинформ»
Jebeu.kz