ҰСТАНЫМЫ БЕРІК, РУХЫ МЫҚТЫ ҒАЛЫМ

Уақыты: 2018-09-10 Көрлімі: 2998 Сипаттама

Әлімғазы Дәулетханның 75 жасқа толуына орай Ұстаным – өмір сүру ұстанымы – адамдардың ө...

292406c722a2acc77bbd8ae49dd6b2ae.jpg

Әлімғазы Дәулетханның 75 жасқа толуына орай

 

Ұстаным – өмір сүру ұстанымы – адамдардың өмірді қалай өткізу жөніндегі талғамдық пиринцпі. Сондай-ақ ол адам баласы есейіп-ержеткенде қалыптасатын дүниетанмдық көзқарас. Егер бір адам өзінің өмірлік ұстанымын дұрыс қалыптастыра алса және оны мықты рухпен жебеп отырса, онда ол адамның өмірде жеңбейтін қиындықтары, жетпейін жетістіктері болмайды екен. Біз Әлімғазы Дәулетханұлының қоғамдық өмірінен осындай мысалды көргендейміз.

Әлімғазы Дәулетханұлы 1943 жылы 15 қыркүйекте Қытайдың Шыңжаң провинциясы Күнес ауданы Түрген ауылында дүниеге келген. Күнес ауданы Қытайда қазақ тұрғындары ең көп орналасқан, әлеуметтік шаруашылығы біршама дамыған, дәстүрлі қазақ мәдениеті тұнып тұрған, заманауи оқу-ағартуы да ертерек дамыған, ұлы ақын Таңжарық Жолдыұлы шыққан аудан. Ал Әлекеңнің әулеті мәдениет дарыған ерекше әулет тұғын. Арғы тасы атақты ағартушы, ақын, абыз Шілбі Әлімақын, одан Жүніс одан Дәулетхан. Бұл әулетте өлең жазып күй шығару, ән айтып домбра шерту деген атадан балаға жалғасқан өмір салты іспеттес. Дәулетханның өзі де ақын әрі оқу-ағартумен шұғылданған мектеп мұғалімі болған адам. Бұл әулетте артық дәулет болмаса да, жұртқа білім беріп өлең, күй таратумен елге танымал еді. Осындай отбасында өмірге келген Әлімғазының бала кезінен айтарлықтай дәстүрлі тәрбие алғанын аңғару қиын емес.

Әлімғазының зеректігінен әкесі үлкен үміт күтсе керек, оны аудан орталығы Бестөбедегі 10 жылдық орта мектепке апарып оқытады (1952-1961). Ол әкесінің үмітін ақтап, орта мектепті ойдағыдай бітіріп, 1961 жылы Үрімжідегі Шыңжаң университетіне емтихан арқылы қабылданып, қытай тіл-әдебиеті мамандығына түсіп оқиды, 1966 жылы оқуын бітіреді. Демек, Әлекең Қытайда ашаршылық басталған 1961 жылы университетке түсіп, «Мәдениет ревоюциясы» басталған 1966 жылы оқу бітіреді.

Елдің өзегін қуырған ашаршылық білімге сусап келген жас жігітті талықтыра алмаған сияқты, Әлімғазы Дәулетханұлы 1962 жылы өзінің «Коникулда» атты тырнақалды әңгімесін беделді журнал «Шұғылада» жариялайп, өзінің шығармашылық талантын байқатады. Бірақ Қытайдағы «Мәдени революция» толқыны  оны саяси ирімге орап әкетеді.

Қытайда 1966 жылы жоғары оқу орындарын бітіргендер қызметке бөлінбейді, олар өз оқу орындарында «Мәдени революциясына» қатысуға тиісті болады. Өйткені Мау Цзэдун «Мәдениет революциясы» науқанына жастарды тартты, әсіресе қызба қанды, білімсіз мектеп оқушыларынан «Хоньвейбин» құрып, солардың сорақы әрекетімен өзінің саяси қарсыластарын биліктен заңсыз тазартуды көздеген еді. Сондықтан бүкіл Қытай көлемінде жоғары, орта оқу орындарында әртүрлі саяси бұқаралық ұйымдар құрылып, бір-бірімен айтысты-тартысты, атысты қырқысты, бүкіл елде һауыс орын алды.

Шыңжаң да бұдан тыс қалған жоқ. Бірақ Шыңжаңда аз санды ұлттардың құқықтық мәселесі көтерілді. Бұл мәселені Шыңжаң университетінде құрылған «Қызыл екінші штап» («Hong er si – 红二司») ортаға қойды. Аталмыш ұйымның басшылары Айтан Нүсіпхан, Әлімғазы Дәулетхандар еді. Олар осы ұйымнан 9 адамдық делегация құрып, құрамында Әлімғазының өзі де бар, 1967 жылдың мамыр-маусым айларында Бейжиңге арыз айтып барады. Делегеция өздерін қабылдаған үкімет өкіліне, сол кездегі ШҰАР  (СУАР) Компартиясының бірінші хатшысы Ван Эньмаодың жүргізіп отырған Ұлы қытайлық саясатын әшкерелеген материалды тапсырып, ұйғыр қазақ халықтарының ұлттық оқу-ағарту, тіл-жазу, мәдениетін дамыту, әлеуметтік экономикалық жағдайын жасқсарту және олардан басшы кадрларды тағайындау сияқты мәселелерді көтереді. Бұл қашан да Қытай Компартиясы қабылдайтын арыз-шағым емес, керісінше өздеріне қатер төндіретін факті еді. Алайда соны біле тұра өткір мәселені көтеруге батылдық жасағаны, Әлімғазы Дәулетханда ұлттық мүддені бәрінен жоғары қоятын ұстанымның қалыптасқанын аңғартады.

 «Мәдени революциясы» алғашқы жылдары Әлекеңнің Шыңжаңдағы саяси күрес іс-қимылдарына қарағанда, оның қоғамдық саяси мәселелерге қашан да ұлттық мүдде тұрғысынан, халықтар теңдігі өлшемінен қарайтын азамат екені байқалады. Бұның өзі оның университет бітірген кезде (1966 ж.) айқын саяси ұстанмы бар зиялы болып қалыптасқанын көрсетеді.

1968 жылы қыркүйек айында Қытай Компартиясы Оралық комитеті (ҚКПОК) «Зиялыларды еңбекпен қайта тәрбиелеу» деген саясат шығарып, қалалардағы жоғары, орта оқу орындарын бітірген жастарды ауыл-қыстақтарға түсірді. Осы науқанда Әлімғазы Дәулетханұлы да Бұратала Моңғол автономиялы облысы, Арасан ауданы, Аққой фермасына жылқы бағуға жіберіледі. Сонымен қатар күштік органдар «Мәдениет революциясы» кезінде құрылған бұқаралық саяси ұйымдар басшыларын, әсіресе, ұлттық сана-сезімі күшті, ұлттық теңдікті талап ететіндердің соңына түсе бастайды. Бір қызығы, Шыңжаң билігі қатты қателесіп, Әлімғазы қатарлы бір топ жастарды Қазақстанға жақын жердегі аталмыш фермаға бөліп жібереді. Бұл географиялық жақындық, тек географиялық қана емес, ең маңыздысы ұлттық таным мен сезім жақындықтары Әлімғазы Дәулетхан қатарыларды Қазақстанға қашып өтуге итермеледі.

Сонымен Әлекең бір топ жолдастарымен бірге тұрған жерінен жаяу қашып шығып, 1969 жылдың 2 сәуірінде Қазақстан шекарасынан жасырын өте шығады. Бірақ олар КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің (КГБ) қолына түседі. КГБ оларды сегіз ай бойы қамауда ұстап, тергеп-тексереді, алайда олардың бойтасалап келгеніне сенбейді. 1970 жылдың қаңтар айында Әлімғазыны Қытай шекарасынан шалғайдағы Көкшетау облысы Ш.Уәлиханов ауданы «Золотая Нива» совхозына жер аударып, қой бақтырады. Жанында өзінің қандыкөйлек жолдастары Айтан Нүсіпхан, Жаркен Бөдеш ақын бар, олар «қой бағып, ой бағып», үлкен күйзелісте, толғаныста өмір сүреді.

1972 жылы қаңтарда Әлімғазы Дәулетханұлы жолы болып Шімкент қаласына қоныс аударды. Сонымен оның өмірінің жаңа бір кезеңі басталды. Ол М.О. Әуезов атындағы Пединституттың қазақ тіл-әдебиет факультетіне түсіп, 1976 жылы «Қазақ тіл-әдебиеті пәні мұғалімі» мамандығы бойынша оқуын бітіреді, № 146 Селолық кәсіптік-техникалық училищеге (СПТУ) мұғалімдық қызметке орналасады, жақсы жар сүйіп Марияш Орынбайқызмен үйленді, өз алдына отау көтереіп бала сүйеді, шығармашылықпен аналысады. Бұл тұста оның қаламынан туған көркем және әдеби зерттеу материалдары облысытық және республикалық басылымдарда ұдайы жарияланып тұрады, «Сырымда айтам» деп аталатын повестер жинағы 1978 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрді. Міне, бұдан Әлекеңнің жазушы болып қалыптасқаның көре аламыз.

Бұл кезде Әлекеңді «Азаматтығы жоқ» адам ретінде сырт аймақтарға шығауы шектелді демесеңіз, қоғамдық мәдени - рухани өмірге кеңінен араласып жүреді.

КСРО-дағы саяси жаңғырулар Әлекеңнің азаматтық алуына жағдай жасады. 1986 жылы ол «Кеңес азаматына» қабылданып,  қазақстандықтармен саяси құқығы теңеледі. Ендігі жерде Әлекең үлкен мәдени ортада дамуды армандайды. Сонымен ол 1989 жылы Алматыға көшіп келіп, «Алатау» телеарнасына тележурналист болып қызметке орналасады. Бұл да Әлекең өміріндегі үлкен бір бұрылыс еді.

Img_book.jpg

Алматыда Әлекең ойдағыдай дамыды. Ол «Алатау» телеарнасында жүріп Түркияға барып түрік тілін үйреніп келеді, ұйғыр тілін жақсы білетін Әлекең үш ай ішінде түрік тілін де жеттік меңгеріп шықты. Сондай-ақ оны тәжірибеде қолдану үшін «Zaman-Қазақстан» газетінде барып, аудармашы және журналист қызметін атқарады (1994-1996 ж.). Осы жылдары Әлекең өте жемісті жұмыстар жасады, Қазақ-Түрік халықтарының өзара тарихи мәдени танымдарын тереңдететін құнды материалдарды аударып та, жазып та газет беттерінде жариялап отырды. Әсіресе, Әлекеңнің Түркияның атақты тарихшысы  Бахаддин Өгелдің  «Ұлы Хун империясының тарихы»  атты екі томдық күрделі монографиясын қазақ тіліне аударып баспадан шығаруы (1996-1997 ж.), ол кісінің аса еңбекқорлығы мен үлкен білім иесі екендігін көрсетті. Міне, осы ғылыми аударма еңбегі Әлекеңнің кәсіби тарих ғылымы ордасына қадам басуына жол ашты.

1997 жылдың қаңтарында Әлімғазы Дәулетханұлы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан тарихы» бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып келді. Міне, осы институтта Әлекеңнің өмірінде үлкен сапалық өзгерістер болды. Мен ол кезде сол бөлімде жетекші ғылыми қызметкер едім, Әлекеңмен таныстығым да, әріптестігім де осы кезден басталды, содан бері аға-інідей жақын араласып кележатқан жайымыз бар.

Ғылыми зерттеу институтында зерттеумен шұғылданатындар міндетті түрде ғылыми дәреже қорғау керек. Сондықтан Әлекеңе де аспиранттық оқып, кандидаттық ғалыми дәреже қорғау қажет болды. Бөлім оның «Ұлы Хун империясы тарихын» аудару барысында жүргізген зертеулеріне негізделіп, оған Қазақстанның ортағасырларда аз зерттелген Түркеш хандығы тарихын зерттеуді ұсынды. Әлекең бұл күрделі тақырыпты зерттеуге батылдықпен барды, ғылыми жетекшілікке ғұлама ғалым, академик Оразақ Сымағұлов белгіленді. Апта сайын бөлімде басқосамыз, өзара пікір алмасамыз, жазған мақаларымызды талқылаймыз. Байқаймын, Әлекең алғашқы жылдары қатты қиналып жүрді. Өйткені Түркеш тарихын зерттеуден жаңалық шығару үшін, ескі қытай жазбаларын терең қазу қажет еді. Әлекең қытай тіл-әдебиеті мамандығын бітіргенімен, Қытайдан алыстап кеткеніне 28 жыл болған адам, соған қарамастан ол қытай тілін ұмытып кетпеапті, оның қытайшасының Қытайда жүрген өз замандастарынан да жақсы екенін байқап таңғалдым. Әлекең қытай тілін жақсы білгендіктен Түркеш тарихын зерттеуге қытай жылнамаларынан құнды деректерді тауып қолданды.

Зерттеу жұмысының сапалы шығуы ғылыми теория мен методологияға да байланысты. Әлекең елудің ортасына келгенде көркем шығармашылықтан, журналистикадан ғылыми зерттеуге келген адам болғандықтан, оның ойлу формасы журналистикалық публистикалық жүйеде қалыптасқан. Сондықтан Әлекеңнің алғашқы жылдары жасаған баяндамалары мен жазған мақалаларында журналистикалық сарын басым болды. Алайда Әлекең ғылыми зерттеу методологиясын сол кездегі бөлім меңгеруші, ғұлама ғалым Зардыхан Қинаятұлы мен жетекшісі Оразақ Сымағұловтатардан көп үйренді, әрине, ғылыми ортаның және әріптестерінің де оған ықпалы зор болды деп санаймын.

Адамдар жер ортасына келгенде өзінің қалыптасқан ойлау жүйесін өзгертуі оңай емес, бірақ Әлекең өзгерте алды, түбегейлі болмаса да. Мұны ол кісінің инстиутта жазған зерттеу еңбектерінен байқауға болады.  2002 жылы Әлекеңнің «Түркеш қағанаты (саясаи және мәдени тарихын зерттеу 692-766 жылдар)» атты күрделі де тың тақырыпта Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғауы – ол кісінің кәсіби тарихшы ғалым ретінде қалыптасқанын көрсетеді.

Img_book (1).jpg

Әлімғазы Дәулетханның «Түркеш қағанаты», «Хұн-түрік-қазақ тарихын зерттеу мәселелері» («КАЗақапарат» 2005)  атты монографияларының жарық көруі, ол кісіні тарихшы ғалым ретінде қоғамға кеңінен танымал етті. Әлекең А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті жанындағы «Түркология ғылыми-зерттеу орталығына» (Түркістан қ.),  «Бауыржан ғылыми-зерттеу орталығына» (Тараз қ.) шақырылып, ғұлама ғалым Мекемтас Мырзахметовтың жетекшілігінде жемісті жұмыстар жасады. Соның бірер дәлелі ретінде Әлекеңнің «Ғұн тарихының жылнамасы» аудармасына (2004) қатысқанын және Жоғары оқу орындарына арналған «Түркі халықтары әдебиет тарихы» жобасы бойынша жазған «Шығыс Түркістан халықтарының ұлт-азаттық күрес дәуірі әдебиеті»1679-1949)» (2015 ж. 383 б.) атты монографиясын ерекше атап айтуға тұрады. Өйткені соңғысы монографиясы ұйғыр халқының үш ғасырлық әдебиет тарихындағы азаттық күрес жанырын жүйелі түрде қарастырылған монография болып табылады. Мұндай еңбек, Шыңжаң емес Қазақстанда ұйғыр тілінде жазылмаған-ды.

Әлекеңнің ғылыми шығармашылығы шарықтап келе жатқанда, кенеттен денсаулығы сыр берді. Ол Тараздан Алматыға қайтып келіп бірнеше емханаға тексеріліп анализ тапсырады, бірақ бәрінің қойған диагнозы бірдей: «қатерлі ісік» орта дәрежелі, дереу ота жасау керек. Бұл 2007 жылы науырыз айының бас кезі, маған өзі телефон беріп жағдайын айтты, қатты алаңдап қалдым, жұмыстан соң үйіңізге кіріп шығамын - дедім. Кешке таман ауыр көңіл күйде үйіне бардым. Дастархан жасап қойыпты, не өзінің не жеңгемнің жүзінен ешбір алаңдау, абыржу бейнесі байқалмайды, баяғыдай жайбарақат екен, таңғалдым. Шәй құйылды, Әлекең менен қалыспай қазы-қартаны соғып жатыр, екі стакан виноны да тартып жіберді. Мен, Әлеке! Сіз «жаман ауыру» емессіз, өңеш рак болған адам тамақ жұта алмаушы еді, Сіздің тамақ жеуіңіз жақсы екен, мүмкін дәрігерлер қателескен шығар - дедім.  Әлекең сол ауырудың анықталғанын және 14 науыр күні ота жасатуға келісіп қоғанын айтты. Көп отыра алмай қайтып кеттім, сол түні Әлекеңді уайымдап таң атқанша ұйықтай алмадым. Ота жасайтын күннен бір күн бұрын емханаға барып Әлекеңнің халын сұрадым, ол кісі баяғысындай әзілін айтып отыр, ертесі үлкен отаға түсетін адам сияқты емес, еш уайым-қайғы жоқ, жақсы көңіл-күйде екен, қатты тәнті болдым. Әлекеңе ота жасайтын дәрігерге де кіріп шықтым, орта жастағы Сұлтанбек деген қазақ жігіт екен, «Бәрі де бір Құдайдың қолында, бар өнерімізді саламыз ғой аға» - дейді.

Әлекеңе жасалған ота өте сәтті болды, оншақты күнде үйіне шықты. Үш айдан соң қаламын қолына қайта алып ғылыми мақалалар жаза бастады. Сол 2007 -2008 жылдары аралығында ол кісі емделе жүріп «Қытайдағы қазақ әдебиеті», «Дауылпаз ақын Лүтпұлла Мүтәліп (1922-1945)»  қатарлы 15 ғылыми мақала жариялапты. Міне, бұдан ғалымның қайсарлығы мен рухының биіктігін байқаймыз.

Method_seminar_26_09_2013-321.jpg

 2009 жылы қазақ қоғамын Мұқтархан Оразбайдың Қытай ақыны Ли Байды (Ли Бо-ны 701-762 ж.) қазақ, қазақ ішінде Дулат руынан шыққан, тіпті, Дулат атаның 9 ұрпағы - деген тарихи негізі жоқ, жат ниетпен жазған мақаласы дүрліктірді. Оны сенатор Өмірбек Бәйкелді бастаған біраз докейлер қолдап, жедел түрде «Ли Бай зерттеу орталығын» құру, 38 сериялы филим түсіру, Тараз қаласының кіре берісіне Ли Байдың еңселі мүсінін тұрғызу сияқты жобалар жасалып, қаржысы да қарастырылды.

Қытай тілі-әдебиеті мамандығын оқыған, Қазақстанның ортағасыр тарихының маманы ретінде, өз елінің жанқияр патриоты, жалғанға жаны қарсы азамат ретінде Әлімғазы Дәулетханұлы бұл масқараға түзіп тұра алмады. Өйткені бұл сандырақ Қазақстанның тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығына нұқсан келтіретін идеологиялық ағым еді. Әлекең өзінің үлкен отадан шыққан жарымжанды жағдайына қарамастан, саяси алыптарға, баукеспе жалдаптарға қарсы күреске шықты.

Әлімқағы Дәулетханұлы алдымен Ли Байдың қазаққа еш қатысы жоқ адам екенін ғылыми түрде дәлелдеген зерттеулерін «Сенатор Өмірбек Байгелді мырзаға ашық хат: Тарихты сізше таратуға болмайды», «Мұқатрхан Оразбайдың 15 өтірігі», «Жалған тарих жасау – жалған ақша жасаумен бірдей сорақы қылмыс» атты мақаларында пайымдап, халықтың көзін тарихи шындыққа жеткізді, сондай-ақ бұл әрекеттің астарында жатқан жымысқы ойдың сырын да айпарадай ашып тастады, ел-жұрыт тіксіп қалды, билік те ойланды, ақыры аталмыш жобаларды іске асыруға шетктеу қойылды. Сонымен Қазақ елі халықаралық үлкен мазаққа ұшыраудан, мазақ емес-ау, үлкен қатерге ұшыраудан аман қалды. Әрине, Әлекеңді қолдаған, Мұқатрханның өтірігінің шындыққа айналуына қарсы тұрған  көзі қырағы ғалымдар аз болмады. Дегенмен бұл мәселеде Әлекеңнің атқарған рөлі зор болғанын атап айтуға тиіспіз. Әсіресе, оның ұлттық мүдде жолында жасаған жанқиярлық күресі адамды әсерлендіреді.

Әлекеңнің бұл еңбегінің маңызын мына бір жағдайдан тіпті де терең түсінуге болады. Қытай тілін білетін қазақстандықтардың бәрі көрген болуы мүмкін, биыл көктемнен бері Қытайдың Әскери академиясының жас инспекторының оқыған лекциясы ғаламторды шарлап жүр. Онда әскери инспектор Әлем картасын іліп қойып, бір топ курсанттарға дәріс оқиды, оқығанда картаны нұсқап тұрып бұй дейді: «мынау Байкал көлі, мынау Балқаш көлі, анау Арал теңізі, аноу Жерорта теңізі, бұл кеңбайтақ дала – Қытайдың ежелгі территориясы, атақты ақынымыз Ли Бай осы Балқаш көліның маңында туған, бұл жерлерде биологиялық ресурстар өте мол, осы жерлерді қайтарып алуымыз керек!» Бұл сөзді естіген таңдаушылар дүркіреп шулап қолшапалақтап кетеді. Осыны көріп отырып ойландым: Алла-тағала Әлекеңді «қатарлі ісіктен» қазақ халқының бағына алып қалған-ау деп. Егер сол кезде рулық сананың жетегінде кетіп, аталған жобаларды іске асырып жібергенде, территориямыздың тұтастығына қатер төнер еді. Рулық мақтанышымызды өсіреміз деп жүріп, ұлттық қауіпісіздігімізге нұқсан жеткізіп алар медік, кім білсін.

Әлекең қазақ халқын, тәуелсіз Қазақстан  мемлекетін шексіз сүйген адам. Сондықтан да ол кезкелген мәселеге ұлттық мүдде, мемлекеттік қауіпсіздік тұрғысынан қарайды. Сондықтан болар оның сондай күйінішінен, сүйінішінен шыққан даусы қашанда қатқылдау шығатыны бар, ешкімнен тайсалмайтын, алыс-жақын демей өз көзқарасын, жеке пікірін айтып салатын күрескерлік мінезі де бар.

Кей кезде ол кісімен кеңесіп отырып, қазақтың заманаға үйлеспейтін кейбір ғұрып-әдеттерін айтып қалсаңыз, ол кісіге ұнамай қаласыз. Өйткен ол кісі үшін қазақтың барлық нәрсесі қымбат, керемет, қазақтай мінсіз халық жоқ, бұл дүниеде. Әлекең ұлтын осылай сүйеді, әрқандай жағдайда ұлты үшін қызмет етпей тұра алмайды. Бұл сөзімізге дәлел ретінде, қазірге дейін Әлекеңнің жарық көрген 200-ден аса ғылыми және танымдық еңбектерін (оның оншақтысы өзі және басқалармен бірлесіп жазған монографиялары) айтуға болады.

 Қазір қарттық пен науқастың екі жақтап қысып кележатқанына қарамастан, Әлекеңнің алда істеймін деп жоспарлап қойған жұмыстары бір төбе. Берік ұстаным мен мұқалмас рух ол кісіні өрге сүйреп келеді, сүйрей берсін. Ракті де бағындырған Әлекең, алдағы ғылыми жоспарын да іске асырады деп сенеміз. Құдай қуат бергей!

0_8f610_10c4828f_L.jpg

 

Нәбижан Мұқаметханұлы тарих ғылымдарының докторы,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры

                Алматы, 15.08.2018

    Jebeu.kz


Пікір жазу
  • Өткен ғасырдың басындағы әдебиет жайлы толғаныс
    Тарихшы Әлімғазы Дәлетханның 75 жылдық мерейтойы өтті