Тағдыр айдап шетел асқан Мұстафа Шоқайдың қажырлы қайраты мен мұқалмас мұраты арқылы Берлин қаласында шығып тұрған «Яш Түркістан» жорналы тұтас Түркістанға – түгел түркі әлемі мен Орталық Азияға қатысты көптеген құнды мұраны қойнауына бүгіп жатыр. Олай дейтініміз, біріншіден, «Яш Түркістан» жорналы қазіргі қазақ тіліне түгелдей аударылып, ғылыми, әдеби айналымға толық түсе қойған жоқ. Екіншіден, тұтас Түркістанның тәуелсіздігі мен тұтастығын мұрат тұтқан бұл жорналдың негізгі бағыты саяси сипатта болғанымен, басылым бетінде мәдени, рухани, тарихи, әдеби туындылар мен мақалалар жиі жарық көріп тұрған. Мәселен, шетел оқырмандары Мағжан мен Шолпанның жырларын алғаш рет «Яш Түркістан» арқылы оқыған. Мұстафа Шоқай бастаған азаттық ерлері кеңестік Түркістанда болып жатқан оқиғаларға наразылық білдірумен ғана шектелмеген, олар ұлттық тұрғыдан өзіндік ұстанымдарын да айқын аңғартып отырған.
Мұстафа Шоқайдың еңбектерін жинастырып жүрген кезімізде, дәлірек айтқанда 1997 жылы «Яш Түркістан» жорналында жарияланған бір мақалаға көзіміз еріксіз түсе берді. 1934 жылы жарық көрген мақала «Түркістанның ұлы ақыны – Абай Құнанбайұлы» деп аталады екен. Түркістанға ортақ, сол тұста жалпыға түсінікті болған шағатай тілінде жазылған аталмыш мақалаға қосымша ретінде Абайдың мәшһүр суреті басылып, оның астына «Түркістанның ең ұлық ақыны Абай Құнанбайұлы» деп жазылыпты. Мұндағы «ең ұлы ақыны» дегенді «бас ақыны» деп түсінуге де болатыны анық. Тез көз жүгіртіп оқып шықтық. Мақаланың соңына «Есен Тұрсын» деп қол қойылыпты. Автордың бүркеншік ат қолданғанын сезе қойғанымызбен, оның астына жасырынған кісіні анықтау оңайға соққан жоқ. Несін жасырамыз, тіпті, әуелгіде Мұстафа Шоқайдың өзі болар деп те ойладық. Өйткені эмиграцияда жүрген зиялылар арасында жаңа қазақ поэзиясының көшбасшысы болған ұлы Абайды ұлты қазақ Шоқайдан артық кім білмек? Оның үстіне, мақала авторы Абайды тұтас Түркістанның ең ұлы ақыны ретінде бағалаған екен. Біздің білуімізше, Абайды бұлайша тұтас Түркістанның бас ақыны деп бағалаған жан бұрын-соңды болған емес еді. Расында, кезінде Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» деп бағалаған ұлы Абай түгел түркінің ортақ қазынасына айналған Ясауи, Науаи, Мақтұмқұли сияқты өз дәуіріндегі тұтас Түркістанның бас ақыны емес пе?!
Түркістанның тәуелсіздігі мен тұтастығы үшін жан қиған Мұстафа Шоқайдың бұл мақаланың жазылуы мен жарық көруіне үлкен септігі тиген де шығар, дегенмен, зерттеу барысында көз жеткізгеніміздей, Есен Тұрсын – «Яш Түркістан» жорналының жауапты хатшысы Тахир Шағатайдың лақап аты екен. Сондықтан, ұлы Абайдың өмірден өткеніне 30 жыл толуына орай шетелде, «Яш Түркістан» жорналында жарық көрген бұл мақаланың авторын профессор Тахир Шағатай деп батыл айтуға болады.
Ең алдымен айтар жайт – көлемі шағын мақала қалың көпшілікке арналғанымен, ғылыми тәсілден ауытқымай, барынша жүйелі жазылған. Мақаланың кіріспесінде Абайды қалыптастырған орта мен халық әдебиеті жайында ой өрбітіп, қазақ әдебиетін «түркі халықтары әдебиеті ішіндегі ең бай әдебиет» деп бағалаған Шағатай, қазақ әдебиетінің даму үрдісі мен өрісіне, ерекшелігі мен басымдылықтарына тоқталады. Осы тұста ХІХ ғасырға дейінгі дәуірлерге талдау жасап, халық әдебиетінің тармақтарын тарата айтқан Тахир Шағатайдың білгірлігіне еріксіз таңырқайсың. Ол былай деп ой толғайды: «Түрік халықтары әдебиеті ішіндегі ең бай әдебиет қазақ әдебиеті десек, ешқандай артық айтпаған болар едік. Қазақ халқында ақындық өнер мен философиялық ой-танымның күшті дамығаны жайында ел аралап, қазақтар арасында болған көптеген шетелдік ғалымдар да айтып кеткен. Кең дала, заңғар таулар мен жанға жайлы жайлаулар және табиғи тұрмыс салты сыйлаған кең мүмкіншілік пен мұңсыз өмір сияқты алғышарттардың халық өнерінің дамуына үлкен үлес қосқаны анық. Қазақ халық әдебиеті сарқылмас, шексіз қазына. Сондай-ақ ол басқа халықтар әдебиеті сияқты біржақты ғана емес. Ол табиғи құбылыс пен қоғамдық өмірдің бар саласына тамыр тартқан...».
Мақала авторы одан әрі Абай туралы тереңнен толғап, көсіле сөйлейді: «...Ауыз әдебиетінде дәстүрлі қазақ халық әдебиетінің рухы басым болса, жазба әдебиетте сыртқы дүниенің әсері айқын еді. Әртүрлі тармақтарға бөлінгеніне қарамастан, бұл үрдіс ХІХ ғасырдың орта тұсына дейін жалғасын тапты. Осы кезеңнен бастап ұлы қазақ ақыны Абай Құнанбайұлы әдебиетке үлкен өзгеріс әкеліп, халық әдебиетіне жаңа бағыт берді. Ол заманауи сипатта, ұлттық рухта өлеңдер жаза бастады. Абай орыс әдебиеті және сол арқылы Еуропа әдебиетін жетік білетін. Дегенмен бұл таныстық оны қазақ ауылынан, кең даласынан және дала төсінде еркін жайлаған халқынан айырған жоқ. Ол дәстүрлі қазақ әдебиетіндегі халықшылдықты заманауи ұлтшылдыққа айналдырды».
Расында, Абайды өзге замандастарынан айырып тұрған ең үлкен ерекшеліктің бірі – оның уызға жарып өсіп, терең тамырдан, дәстүр мен діннен, халықтық таным мен пайымнан қол үзбей, ұлттық, елдік, рухани құндылықтарды жырлап өтуінде жатыр емес пе? Сол арқылы Абай, автор айтқандай, қазақ ұлтшылдығының да заманауи бағытын айқындап берді.
Абайдың «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек» деген сөзін Тахир Шағатай білсе керек. Ұлы ойшылдың орыс-орманға үңілу себебін терең түсінген Шағатай, ұлы ақынды қаймықпастан «ұлтшыл, халықшыл ақын» дейді. Бұл тұста Абайдың Шығысы пен Батысын тап басып, тани білген мақала авторы: «Орыс зерттеуші ғалымдары Абайды орыс әдебиетінің алыптары Пушкин мен Лермонтовты оқып, олардың шығармаларымен жақын таныс болған деп жазады. Ал большевиктер оны «дала аристократы» ретінде қарап, «феодализм мен байшылдықтың жыршысы, ұлтшыл» деп қаралауда. Біздің пайымдауымыз бойынша, Абай қазақ әдебиетіне жаңа заманға сай ұлттық рух пен сипат берген ұлттық әдебиеттің шынайы реформаторы еді», деп жазыпты. Бұдан артық қалай айтуға болады. Шын мәнінде Абай сеңді бұзып, санаға сілкініс әкелген, бүгінгі тілмен айтқанда, рухани жаңғыруға түрткі болған ұлттық рухтың реформаторы емес пе?!
Профессор Шағатай, Абай туралы жалпылама айтпай, оның шығармаларына да байыпты баға беріпті. Оның айтуынша, «Абай өз өлеңдерін халықты тануға һәм танытуға арнады. Халықтың кемшіліктерін көрсетіп, одан тыйылуға шақырды. Ол халықты, елін және оның табиғатын суреттеді, өткен күндердің жарқын беттерін сағынды, өз дәуіріндегі халықтың жағдайына жаны ауырып, қайғырды. Халықты келешек үшін дайындық жасауға, оқу-білім мен мәдениетке шақырды. Абай қазақ жастарын, жалпы қазақ жұртшылығын елін танып-білуге, оны сүюге және оған қызмет етуге үндеді». Қайран елі, қалың қазағы үшін қабырғасы қайысқан Абай «жерін қорып, желіп жүріп боздаған желгек шалдай» күңірене отырып, жұртына жарық күнге жетелейтін жолды да көрсете білді.
Тахир Шағатай шығармаларын қалың қазақтың арасында, туған ауылында отырып жазған Абайдың көзі тірісінде өзіне лайықты құрметке ие бола алмағанына өкініш білдіреді. Дегенмен Тахир Шағатайдың пікірінше, «Абайдың ең үлкен мұрасы – оның қалыптастырып кеткен мектебі. Артына мол мұра, мықты негіз қалдырып кеткен Абайдың қазақ әдебиетіне әсері бірден байқалды». Автордың сөзіне одан әрі құлақ түрсек, «Абайдың жолын қуған кейінгі буын әдебиет өкілдері оның әсерімен һәм салған дара жолымен жүрді. Қазақ әдебиетінде бірден жаңашылдық рухы басым болып шыға келді. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулат, Сұлтанмахмұт, Ғұмар Қарашұлы және тағы басқалары Абай қалыптастырған әдеби мектептің өкілдері. Соның ішінде, әсіресе, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулат тек қазақ әдебиетінің ғана емес, тұтас Түркістанның қалыптасып, құрылуына, одан кейін 1925-1930 жылдары кезеңінде маңызды қызметтер атқарған ерекше тұлғалар. Бұл екі азамат қазіргі кезде кеңестік Ресей өкіметі тарапынан «ұлтшыл» деп айыпталып, мұзға оранған солтүстік өлкеге айдауға жіберілген».
Иә, қаны сорғалаған ащы шындықты айтып, Алаштың арыстарын жоқтаған Тахир Шағатай Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатты тек қазақ әдебиетінің ғана емес, тұтас Түркістанның құрылып, қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткерлер ретінде еске алады. Тұтас Түркістан үшін тер төгіп, жан қиған Әлихан, Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Мұстафа, Мағжандарға рухани ұстаз болған Абай расында тұтас мәңгілік мұраны мақсат тұтқан іргелі мектеп қалыптастырған ірі ақын емес пе? Ол өз шығармаларында Түркістан туралы бір сөз де жазбауы мүмкін, алайда, Абайдың мектебінде жетілген озық шәкірттері Түркістанның тәуелсіздігі мен тұтастығы жолында басын бәйгеге тіккен жоқ па?!
Түркістанның азаттығы жолында бар ғұмырын сарп еткен күрескер азаматтың бағалауынша «Абай тек қазақтың ғана емес, сонымен қатар бүкіл Түркістанның да бас ақыны!» Бұл – өресі биік өзбек жігітінің жүрекжарды лебізі, шынайы пікірі болса керек. Өйткені мақаладағы ойларын осымен доғармай, одан әрі өрбіткен автор 1954 жылы Түркияның Ыстанбұл қаласында басылып шыққан «Түркістанда түрікшілдік және халықшылдық» атты еңбегінде де Абайды «Түркістандағы жаңару кезеңінің басы» деп атап көрсетіпті. Автордың жаңару кезеңі деп отырғаны – Қырымда Исмаил Гаспыралы бастап, түгел түркі жұртын қамтыған жәдитшілдік кезең!
Түркістанда тәуелсіз мемлекеттер орнап, қазақ елі азаттық алған тұста бұл мақала қайсібір жандар үшін таңсық болып көрінбеуі де мүмкін. Дегенмен шетелде және сталиндік зобалаңның әсерімен Абай шығармалары «тұрпайы социализм» тұрғысынан талданып, таптық ұғыммен бағаланып жатқан кезеңде жазылғанын және шетелде жарық көрген ізашар мақала екенін ескерер болсақ, мақаланың құны одан да арта түспек. Абайдың қазақ әдебиетіндегі орнын тап басып айтқан автор осы тұста заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовпен үндесіп кетеді.
Кезінде Алаш қозғалысына белсене қатысып, Түркістанның тәуелсіздігі үшін Бұхарадағы астыртын жиындарға қатысқан Мұхтар Әуезовті профессор Тахир Шағатай жақсы біліп, онымен іштей түсініскен. Сондықтан ол аталмыш мақалада абайтанудың басында тұрған Мұқаңды, яғни Мұхтар Әуезовті ұлы ақынның шәкірті ретінде Ақаң мен Міржақыппен қатар атамайды. Бұл – келешек заңғар жазушыны құптап, оны қанды қырғыннан қорғаудың бір тәсілі еді деп түсінген абзал. Олай дейтініміз, Мұхаң қайтыс болғаннан кейін жарық көрген бір еңбегінде Т.Шағатай жазушы туралы жылы пікір білдірген еді. Оның үстіне, «Яш Түркістан» жорналының бас редакторы, Түркістан ұлттық майданының жетекшісі Мұстафа Шоқайдың да мұраттас достарын қорғау мақсатында осындай әдіс, амал-айла қолданғаны бізге мәлім.
Мақаласында «Өкініш сол, оның құнды шығармаларын халқымыз өз қажетіне жарата алмай отыр. Елімізде үстемдік құрып отырған қызыл диктатура Түркістан ұлттық әдебиетінің өзге өкілдері сияқты Абай және оның шығармаларын Түркістан халқынан мейлінше жырақ ұстауға тырысуда. Бұл күндері орыстың кез келген ұлтшыл ақын-жазушысының еңбегін табуға болатын Түркістанда Абайдың шығармаларын кездестіре алмайсыз. Мұның себебі де белгілі орыс ұлтшылдығы!» деп күйінген Тахир Шағатай, сөз соңында Абай шығармаларының халық жадында мәңгі сақталарына сенім білдіріпті. Оның пікірінше, «қаншама шектеу қойылғанымен, халық рухының шоқтығы биік туындысы болған шығармалар елдің жүрегінен берік орын алып, жасампаздығы арта бермек!».
Сәуегейлік танытқан автордың пікірі айна-қатесіз келді. ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілетін ақынның 175 жылдығы қарсаңында Абайдың өлең-жырларын қалың қазағы ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде жатқа айтып жатқан жұртшылық мұның айғағы! Дегенмен осы тұста ойланатын жайт та жоқ емес. Соның бірі – Абайды аудару мәселесі! Әлем тілдерін айтпаған күнде, Абай мына іргедегі қанаттас жатқан бауырлас қырғыз, түркімен, әзербайжан, түрік тілдеріне әлі күнге дұрыс аударылған жоқ. Былтыр Өзбекстандағы Абай жылына орай ақын жырларының тәржімаланғанын естідік, бірақ оның сапасы қандай екенін білмейміз. Бір білетініміз, түрік тіліне аудармасы сын көтермейді! Сол сияқты Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» да қайта аударылған жоқ. Ендеше, Түркістанның бас ақынын түркі жұрты қалай таниды? Бұл орайда біз Абайдың әуелі қазаққа, содан кейін тамырлас, туыс жұрттарға қажет екенін баса айтқымыз келеді.
Осы орайда, мақала авторы туралы қысқаша мағлұмат бере кеткенді жөн көріп отырмыз. Мұстафа Шоқайдың эмиграциядағы сенімді серігі әрі шынайы шәкірті бола білген Тахир Шағатайдың ұлты өзбек. 1902 жылы Ташкент қаласында туған Тахир Шағатай әуелі Ташкенттегі жәдит мектебінде білім алып, содан кейін Уфадағы әйгілі Ғалия медресесінде оқып, білімін одан әрі тереңдете түседі. Қос төңкеріс болған аласапыран уақытта Әзербайжан халқының азаттық үшін күресіне қатысқан Шағатай, Түркістанда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Алманияға аттанады. Түркістанның тәуелсіздігі үшін күрестің өрісі тарылып бара жатқанын сезген Тұрар Рысқұлов пен Файзолла Қожаев 1922 жылы Алмания мен Түркияға дарынды, қабілетті һәм ұлтшыл жастарды оқуға жіберген болатын, Тахир Шағатай осы топтың құрамында Берлин қаласына келіп, философия, социология және экономика негіздерінен дәріс алады. Социология саласында 1931 жылы докторлық қорғаған Шағатай, соғыстан кейінгі жылдарда Түркия Республикасының астанасы Анкара қаласындағы университетте профессор болып қызмет атқарады. Мұстафа Шоқайдың мұрасына барынша адалдық танытқан ғалым «Яш Түркістан» сериясы бойынша Түркістан және Мұстафа Шоқай туралы бірнеше кітап шығарады. Ол кітаптар да қазақ тіліне аударылып, жарық көруі тиіс деп ойлаймыз.
Біз ұлы Абай мұрасы жайында Алаштың арыстарынан кейін лебіз білдіріп, ғылыми негізде пікір айтқан, шетелде жүріп абыз ақынның шығармашылығына әділ баға беруге ұмтылған профессор Тахир Шағатайдың есімі абайтану тарихына алғашқылардың бірі ретінде еніп, онда лайықты орнын алатынына күмән келтірмейміз.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ
Дереккөз: "Егемен Қазақстан"