ӘЛІМҒАЗЫ ДӘУЛЕТХАН. ДОС ТУРАЛЫ ТОЛҒАНҒАНДА (АЙТАН НҮСІПХАН ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІК-ЭССЕ)

Уақыты: 2019-08-22 Көрлімі: 4641 Сипаттама

ДОС ТУРАЛЫ ТОЛҒАНҒАНДА(естелік-эссе)Осыдан он жылдай бұрын, отыз жеті жылдық қандыкөйл...

Снимок1.JPG

ДОС ТУРАЛЫ ТОЛҒАНҒАНДА

(естелік-эссе)

Осыдан он жылдай бұрын, отыз жеті жылдық қандыкөйлек жан досым, тағдырлас бауырым Айтан Нүсіпханды мәңгілік сапарға аттандырып, артында аңырап қалып едік. Енді сол аяулы дос туралы естелік жазу қажеттігін сезініп, қолыма қалам ұстағалы да жылға таяу уақыт боп барады екен. Денсаулықтан айрылып қалғаным өз алдына, ең бастысы, марқұм дос туралы жазудың азабы, қиын екендігі.

Өткен өмірім алақандағыдай айқын бола тұра, не жазу керек, нені жазбауым керек дегенде, біресе сайқал саясатқа, біресе алыс-жақындағы тағдырлас достарымның қоғамдық жағдайына, тағдыр-талайына алаңдасам, бірде марқұм досымның өзіме қатысты өмір жолдарында кездескен қилы-қилы көшулердің бәрін бірдей ашып жаза алмайтыным қайта-қайта сарсаң күйге түсіре берді....

Біз, Айтан екеуіміз де Қытайда туып-өстік. Мен орта мектепті 1961 жылы, ал Айтан 1962 жылы бітіріпті. Біздің бағымызға қарай мектепте білімді, негізінен, Қазақстанда басылған қазақ мектептеріне арналған оқулықтар бойынша алдық. Сорымызға қарай, 1962 ж. атышулы «29 майдағы Іле-Шәуешек қанды оқиғасынан» бастап ашық жауласқан қытай-орыс қарым-қатынасы кесірінен бүкіл оқулықтар  тәркіленіп қапасқа қамалды да, оның орнына алғашында жеке авторлар дайындаған конспекті «оқулықсымақтар», кейін Білім уәзірлігі дайындаған «ұр да жық» саяси ұранға толы қытайлық бағдарламалар бойынша оқи бастадық.

Егер тарихи шындықтың бетіне тура қарап әділін айтар болсақ, менің ғана емес, 20-ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген Қытай мен Қазақстандағы көзі ашық, көкірегі ояу талай қазақ, ұйғыр, монғол, қытай, орыстардың да жүрегінен орын алып, бедер-бейнесін орнықтырып кеткен Айтан Нүсіпхан туралы оны еш қорашсынбай, марқұмның рухына арнап, жүрек тұсына алақанымызды қоя отырып, мадақ сөз айтуға тиіс екенімізге көзім анық жетті. 

Қайран, Айтан! Жанпозым-ай, сен кеше ғана қабырғаң қайыса, мұңая: «Қайғыңды, қайран қазақ, арқаладым» деп шерлене жыр төгіп едің-ау! Сен, шынында, халқыңның қайғы-қасіреті мен аманатын арқалаған нағыз кәтепі қара нар едің! Иә, марқұмның бұлай айтуға моральдық құқы бар еді.

 

 

1961 ж. Қытайдағы Іле-Қазақ облысына қарасты Күнес ауданындағы онжылдық қазақ орта мектебін тамамдап, қыркүйекте Үрімшідегі Шыңжаң педагогика институтының дайындық бөліміне қабылданып, қытай, ұйғыр тілдері бойынша дайындықтан өтіп жатқан кезіміз еді. 1962 ж. сол қоңыр күзде Айтан көрші Бұратала-Моңғол автоном облысы орталығындағы ұйғыр-қазақ аралас мектебін бітіріп келді.

Алғашқы таныстық сәтіміз есімнен кетпейді. 1962 жылғы қараша болар, Үрімшіде, Шыңжаң университетінің қытай тіл-әдебиеті факультеті жатақханасының алдында 6-сыныптан бері бірге оқып келе жатқан досым Қасымхан Уатхан екеуі кездесе кетті. Таныстық. Қою, қара шашы артына қайырылған, еліктің асығындай ғана шағын денелі, қараторы бозбаланың сол сәттегі күлімдеген отты жанары, екпіндей сөйлейтін жігерлі үні бірден жадыма жата қалды. Үрімшінің мазасыз қара суығы ызғып тұрған. Жатақханаға кіріп әңгімемізді жалғастырдық.

Беу, шіркін-ай десеңші, ол кездегі таныстық та, әңгіме-сұхбат та тек өлең-жыр мен ән-күй төңірегінде өрбуші еді-ау! Өмірдің бар мазмұны мен мәні, мақсаты мен мұраты өнер арқауына байланып тұрғандай-ақ, бірімізді-біріміз өкшелей жарыса сөйлеп, екпіндете өлең оқып, мүлде елеуреп, елбіреп тұрған бір қауым ел едік... Айтанның өлеңдерін тындап, жамырай мақтасып, арамызға бір ақын келіп қосылғанына мәз боп, қуана құттықтадық. Содан былай жиі басқосып тұрдық. Арада жылдар өтті. Талай саяси дүрбелеңдер, айтыс-тартыстар, қоғамдық дүмпулер, тазалау, жаныштау науқандары, бүкілқытайлық «пролетариат диктатурасы» сілтеген зіл-батпан күрзіден мыжылып жатқан тұсымыз.

Сондай кезекті дүрбелең науқан Қытайда 1964 жылы басталды. Ол «Ауыл-қыстақтарда социалистік тәлім-тәрбие жүргізу науқаны», кейіннен «төртті анықтау» науқаны деп аталды. «Төртті анықтау» деген ұғым: 1) Таптық құрамды анықтау – үш әулет архивін жасау. 2) Идеяны немесе кім, қай бағытты қолдайтынын анықтау. 3) Есепті анықтау. 4) Қамбаны анықтау болатын.

Бұл анықтаулар 1966 жылдың маусым-шілде айлары аралығында және Қытайдың бүкіл ауыл-қыстақтарындағы «халық коммуналарында» өте асқан сұрапыл қатігездікпен жүргізілді. Оның аяғы атышулы «мәдени зор революцияға» ұласты. Ол науқан Шыңжаң ауыл-қыстағында жаппай өрістеді. Науқанға Қытай КП Орталық Комитеті тікелей басшылық жасады. Әр өлкелік партия комитеті барлық облыстар мен аудандарға «қызмет группасы» деген арнайы топ аттандырды. «Қызмет группасы» дегені жай сөз еді. Олар жүздеген, мыңдаған адамдық қалың топтар болатын. Оның құрамына партия, есеп қызметкерлері, қызыл армия офицерлері және жоғарғы оқу орындарының соңғы 4-5-курс студенттері кірді. Студенттерге «ауыл-қыстақтарға барып өмір көрсін, кедей, төмен, орта шаруалармен бірге еңбекте, тамақтану кезінде, жатын орындарда, саяси үйренуде бірге болып, идеясын өзгертсін» деген талап қойылды.

1965 жылғы сәуірде біздер Тұрпан ауданына, Айтандар қанаттас Тоқсұн ауданына баратын «қызмет группасына» қосылып, тамыздың ортасына дейін ұйғыр коммуналарында болдық. Сол төрт айда шынымен-ақ өмір көрдік. Онда да Қытай Компартиясы айтқандай өмір емес, ұйғыр халқының нағыз аянышты, мүлде мүшкіл халін көріп, өмірдің шын бет-бейнесін танып, бүтіндей басқаша ой-пікір түйіп, сана төңкерісін бастан кешіп қайтқанымыз әлі есімде.

Университетке қайтып келген күннің ертеңіне-ақ бір-бірімізді тауып ап, оқу орнының көкөніс, бау-бақша өсіретін алаңына барып көрген-білгенімізді жарыса ортаға салдық. Құдайым-ау, бәріміз де басқа тілде, басқа өмір жайлы, бөгде адамдарша сөйлеп кеткендейміз. Қойын қалталардан суырылған кішкентай ғана қойын дәптерлерге жазылған от шашқан, кекті, зілді өлең жолдары іште әбден қайнап  пісіп, ауыздардан атылып, шығып жатқандай... Марқұм Қалибек пен Айтандар кезек-кезек өлең оқып жатыр. Ал, өлең жаза алмайтын Ұлықпан болса, өзі қолдан қиып жасаған қойын дәптеріне маржандай тізілтіп қарасөзбен жазған күнделігін ағыта оқыды. Мен де барымды ортаға салып жатырмын-ау!

 

Біздің өміріміз бен тағдыр-талайымызды астан-кестен етер алапат өзгерістер қарсаңы таяп келген екен. Орыс ақындарының бірі, өзіміз сол тұста қызыға оқып жүретін Твардовскийдің «Василий Теркин» атты поэмасы «жортуыл жолын басып, жай ойнап жалын шашып, жойқын жыл сегізге келді бір» деп басталмаушы ма еді?! Сол айтпақшы, уақыт шіркін бүкіл қытай халқының басына онжылдық қаратүнек орнатып кеткен мәдениетке қарсы «мәдени зор  революция» басталар қаралы 1966 жылға да келіп жеткен еді. Жүң Нәнзайдан шыққан қара құйын санаулы күндер мен айларда ғана алып Қытай айдаһарының шақ-шәлекейін шығарып, біреуді-біреу білместей ала-топалаң күн туды. Ол күндерді басынан өткермеген, өзі куә болмаған шетелдіктер түгілі, бүгінде қырық-елу жастағы қытайлықтардың өздері де сенер-сенбес, нағыз қилы заманды көру, оның тауқыметін тарту біздің ғана тайқы маңдайымызға жазылғаны қандай өкінішті, қандай аянышты?!

Кейде маған, біздің атымызды елге әйгілеп, жұртқа танымал еткен «мәдени революция» болғаны тарихтың бір оғаш сыйы, «терісті терістеу» сияқты кереғар нәрсесіндей болып көрінеді. Оның мән-мағынасын ұғыну үшін, Айтан марқұмның 1980 жылы «Қазақстан» баспасында өте-мөте қысқартылып, жұлмаланып басылып, 2002 жылы «Қоғам және қылмыс» баспасынан жарық көрген «Қайғыңды, қайран қазақ, арқаладым» екі томдық жинағына қайта енген «Аласапыранмен өткен төрт жыл» атты еңбегінің толық нұсқасын тауып оқығандарыңызды қалар едім.

Иә, біз шамамыздың жеткенінше ағысқа қарсы жүздік. Қытайда «Қызыл туды көтеріп, қызыл туға қарсы шыққан тап жауларына қарсы күрес!» деген ұран болған. Жеке басқа табынуды әбден шегінен шығарып жіберген «ұлы көсемге», «данышпан компартияға» ашық қарсылық көрсетудің еш мүмкіндігі қалмаған сол жағдайда, «қызыл туды көтеріп тұрып, қызыл туға қарсы тұрудан» басқа саңылау жоқ еді.

Біз құрған бұқаралық-хұнвейбиңдік ұйымның аты да алғашында «Мао Цзедун идеясын қорғаушы зау пан туан» деп, соңынан «үш қызыл ту зау пан туан» деп айғайлап тұрды. «Үш қызыл ту дегеніміз – социализмнің сара жолы, халықтық коммуна және секіріп ілгерілеу» дейтін маолық авантюралық саяси ұрандар жиынтығы болатын. Біз сол «айбарлы қызыл туды бетке ұстай отырып, сол тұстағы жергілікті ұйғыр-қазақ халқының мұң-мұқтажын жоқтауға кірісіп едік. Қытайдағы аз санды ұлттардың өмірлік мүддесі Мао тобы жүргізіп келген ұлыхандық шовинизмнен зардап шегіп, ұлт ретінде жойылып кетуге бет бұрған заманда өмір сүріп жатқан біздер, оны анық көріп-біліп отырғандықтан, алғашқы сөзді дәл осыдан бастауды жөн көрдік.

СУАР-дағы жалпы хұнвейбиңдік қозғалыс Шыңжаңды он жылдан аса билеп-төстеген Автономиялық райондық парткомның 1-хатшысы Ван Эньмаоны «Маоның адамы ма, әлде, Маоға қарсы топтың басшысы Лю Шаушидың адамы ма?» деген талас-тартыс негізінде қалыптаса бастаған еді. Біз Айтан бастаған «үш қызыл тушылар» екінші топтағылар көзқарасын жақтаушылар боп көрінуіміз керек деп шештік. Бұл көзқарастағылар өздерін «зау панпайшылар, яғни, төңкерісшіл күрескерлер» деп атап, хұнвейбиңдік екінші штаб маңына топтасты.

Екінші штабтағылардың басым көпшілігі жергілікті ұлт өкілдерінен құралғанымен, билік бастапқыда біздің университеттің Айтан оқитын «Саяси-ағарту» факультеті соңғы курсының студенттері Ху Луан Шуаң мен Ху Далуан дегендердің қолында болды. Бас штаб басшылығы онбір адамнан тұратын басшылығының тек екеуі ғана ұйғыр мен қазақ еді. Бірі –  мен, бірі – 1-Аугуст ауылшаруашылығы институтының студенті ұйғыр жігіті болатын. 1967 жылдың мамыр айында мен екінші штабтың Бейжиңге баратын тоғыз ауылдық делегациясына қосылып, екі ай бойы Қытай астанасында тұрған кезімде, бас штабтағы жоралық орынға Айтан қабылданып, соңына дейін сол орында қызметін жалғастырған болатын.

Біз Ван Эньмаоны сынағанда, оны  «Ұлы көсем Маоның ұлттық саясатын дұрыс жүргізбей, ұлыхандық шовинизм саясатын жүргізді» деген әшкерелеуші материалдарды лек-легіменн жариялаумен болдық. Бүкіл СУАР аймағындағы ауыл-қыстақтардан жиналған Ван Эньмаоны әшкерелеуші қыруар материалдарды Ленин мен Сталиннің ұлт мәселесіне арналған шығармаларындағы принциптерге сала отырып, соларды қалқан етіп пайдаландық. Маоның сол кезге дейін жарияланған 4 томдығын қалай ақтарсақ та, ұлт мәселесіне  қатысты бір-ақ сөйлемнен басқа ешнәрсе таппадық. Ол бір сөйлем де 1963 ж. тамыздың сегізі күні шетелдік тілшілерге берген сұхбатындағы «ұлттық мәселе, сайып келгенде, топтық мәселе» дейтін доп-домалақ, өктем өкім тәрізді бір нәрсе болатын. Бізге қарсы ұйымдастырылған жалдамалы топтың ұйымдық аты сол бір сөйлем жарияланған атаулы күн атымен «63.8.8» деп аталғаны тегін емес еді.

Данышпан Абай қазақ даласының бір қиыр түкпірінде жатып-ақ «Заманды қай жан билемек?» деп, тұтас заман-қоғам атынан текке сұрақ қоймаған болар. Жастығымызға, тәжірибесіздігімізге қарамай, біз де өзімізге сол зіл-батпан  сұрақты қоя біліп едік. Айтан осынау ауыр сұраққа жауап іздеген үлкен-кішілер арасынан оқ бойы алға шыққан еді. Адамды өсіретін де, өшіретін де уақыт деген жойқын тарту күшіне ие бір зор құдірет бар сияқты еді, оның өн-бойында. Заманға күйлейтін жамандарды илеп-билеп әкететін уақыт тасқыны жақсылар мен таңдаулыларды іріктеп, сұрыптап шығаратын үккіш елек те бола алады екен. Айналдырған бір ғана жыл ішінде Айтан Нүсіпханның ұлт теңдігі мен ұлт мүддесін қорғау жолындағы бұқаралық-саяси қозғалыстың шебер ұйымдастырушысы, шешен насихатшысы, білгір теоретигі ретінде суырылып алға шыққаны 60-жылдардың куәгерлеріне әбден белгілі. Оны таратып айтып беру үшін, том-том кітап жазуға тура келеді.

Айтан басшылық еткен «жазу тобы» «ұлы көсемнің ұлттық саясатын қорғап, Ван Эньмаоның ұлыхандық шовинизмін әшкерелейтін» «қызылту» астында үлкенді-кішілі жүздеген әшкерелеуші мақалалар жазып, бүкіл Шыңжаңның ауыл-қыстақтарына дейін таратып, дабыл қақты. Халық шындық бұлағынан сусындап, шел басқан жанарларын жуып, айналасына сұраулы көзбен тіке қарай алатын дәрежеге жетті. Шығар жол іздеуге кірісті.

Бұл жағдайдан шошынған орталық өкімет біздерді қоғамнан оқшаулаудың құйтырқы жолдарын іздеп, ақыры, 1968 жылдың тамызында «зиялылырды қайта тәрбиелеу» деген науқан бастап, еңбекпен түзеу үшін, жаппай ауыл-қыстақтағы «халық коммуналарына» жер аударды.

Біздер бір топ курстастарымызбен бірге Қазақстанмен шектесіп жатқан Моңғол Автоном облысына айдалып кете бардық. Айтанды ешқайда жібермей, Үрімшіде университет аумағынан шығармайтын мырзақамақта ұстады. Оны дереу түрмеге қамау жөніндегі құпия мәліметтен хабардар болған тілеулес жолдастардың көмегімен ол туған жері Бұратолаға жасырын келіп, астыртын күрес жолын жалғастыруға мүмкіндік алды. Екеуіміз жасырын кездесіп жүрдік. Ашық күрестің уақыты өтіп кетіп еді. Бүкіл Шыңжаңның жаппай аңду, тұтқындау, ату-шабу алаңына айналып қалғаны анық болатын. Біздің суреттеріміздің көбейтіліп, сақшылар мен олардың жалдамалы агенттерінің қолына берілгенін өз көзімізбен де көрдік.

Ақыры, бес айлық жасырын жүрістен соң, біздер 1969 жылғы 23-ақпанда Айтан бастаған бес адамды Қазақстан шекарасынан өткізіп жібердік те, тұп-тура бір айдан кейін, 23-наурызда үш адам болып мен де жолға шығып, көп азап-мехнат көріп, 2-сәуірде Қазақстан жеріне аман-есен жеттік.

Сонымен біздің өміріміздің бір дәуірі – ең мағыналы, ең мәнді күреске, асқақ арманға толы жалындаған «ойхой жиырма бесі» – артта қалды. Жаңа өмір басталды. Әрине, айтарға, көрер көзге солай еді. Бірақ бұл жақтағы жаңа өмір біздерге жаңа сынақтары мен жаңа ақірет-азабын, жаңа тосқауылдары мен озбыр-өктемдігін ала келді. Біз үшін дүние астан-кестен, зілзалаға айналды... Оның қайсыбірін айтып тауысарсың?! Қайсыбірін өз атымен, өз жөнімен ашып айта алмайтыныңның қандай қорлық екенін басқалар қайдан білсін-ау?!

Айтан сайқал саясат үшін емес, періште табиғатты, өнер үшін, поэзия үшін жаралған жан болса да, заманы, халқының талап-тілегі оны өз еркінен тыс саяси талас-тартыстар мен саяси қозғалыстар иіріміне тартып әкетті. Әсіресе, атышулы «мәдени зор революция» кезінде, ол тіпті жарқырап топ бастады.

1969 жыл біздің өміріміздегі аса маңызды тарихи жыл болып қалды. Айтан екеуіміз араға бір ай салып, Алматыда қайта басқостық. Ол тұстағы көңіл-күй, ой-қиял, жоба-жоспар дегеннен бас айналғандай еді. Айтекеңнің өзі: «Көп сыр жатыр көңілдің толқынында, қиял жүрер қиырда, жортуылда» деп жырға қосқандай кезеңнің дәл өзі. Әлі есімде, 24-мамыр күні күндегіден ерте оянып, алакеугімнен далаға шығып, үй сыртындағы тауды өрлеп ұзап кетіппін. Әйгілі Медеу шатқалы көгілдір мұнарға көміліп аяғымның астында маужырап жатыр еді. Бір сәт Алатаудың қарлы шыңына шағылысқан таң шапағы баяу жылжып, әлемді нұрланып сала берді.

Осы бір ғажайып сәтте менің қапастағы көңіл құсым кеудемнен пырлап ұшып, әлде бір шабыт шалқарына қанат қаға самғап бара жатты. Қалың арша мен шыршаны аралап қанша жүргенім есімде жоқ. Әлдеқайдан, әрине, ғайыптан бір әуен шөпілдей құйылып жатқандай күй кештім. Қарным әбден ашып, діңкем құри шаршағанымды сезсем де, көк майсаға құлай кетіп, көгілдір аспанға қарап жатып, жаңағы әуенді қайталап айта беріппін. Мына ғажапқа не дерсің?!. Мен жынданыып кеткен адамша сол әуенді қайталап қанша рет айтқанымды да білмеймін.

– Ей, болды ғой, әуеніңді сен түгілі, мен жаттап алдым. Құттықтаймын, Әлекем! Мінеки, әніңнің сөзі де дайын, –деп, қапталдағы қалың ағаш арасынан айғайлаған күйі жүгіріп кеп, Айтекем мені құшақтай алды.  

– Жынбысың, перімісің, сайтанның сапалағындай сарт етіп қайдан келдің, жаным-ау?! – деп, таң-тамаша болдым.

Сөйтсем, менің сыртқа шығып кеткенімді біліп, ол да соңымнан ере шығыпты. Мен айдалада өзіммен-өзім болып, тау жаңғырта әндетіп жүргенімді білгеннен кейін, көңілімді бөлмейін деп қапталдаса жүріп отырып, бұрын естімеген жаңа әуен айтыла бастағанда, «Е, мына Қызайдың жыны буған екен, «үйірімен үш тоғыз» деп, жаңа әннің кіндігін кесуге асыққанын айтып қарқылдай күліп еді.

Ол мамырдың бізге қайырлы 24-жұлдызы болатын. Сол бір мүбәрәк күнде Алатаудың Көктөбеге қарай созған алып аяғындай болған салмау жотасында бір емес, екі бірдей ән дүниеге келіп еді.

Алғашқысы «Сағыныш», екіншісі «Аңсаған махаббат» деп аталды. Ол күнгі біздегі қуаныш пен шаттық өзімшіл мақтаншылық емес, ел-жерден шалғайда, алмағайып өмір «табалдырығында» тұрып, таң бозынан иен тауда екеуіміз уәделесіп алғандай кездесіп біріміз әуенін, біріміз мәтінін жазған махаббат жырының дүниеге келу тарихын ерекше тебіреніспен, сарғайған сағыныш мұңына бата отырып, еске алуым былайғы жұрт дұрыс түсінсе екен деген базынам ғой.

Сол жазда Айтекең екеуіміз нағыз шығармашылық көңіл-күйде жемісті еңбек етіппіз.

Айтан поэзиясының шоқтығы биік бір саласы – оның өр рухты, азаматтық жырлары. Саяси күрескер Айтанның асқақ азаматтық лирикалар жазбауы, мүмкін емес еді. Ол басқалардан осы қарымымен оқшауланып, ерекшеленетін. «Сайрам көлім» Айтан ақындығының бір белесін танытар мұрасы болғандықтан, мәтінін толық бердім.

 

Атыңнан айналайын, Сайрам көлім,

Өмірге сенен құлаш жайған едім.

Үн қосып күңіренген зар күйіңе,}2 рет

Жағаңда қалды-ау менің қайран елім!}

 

Ойлаймын ылғи сені жан егіле,

Сүймесем, түсер ме едім, әлегіңе?!

Дүниенің кезсем-дағы талай жерін, } 2 рет

Теңерлік жер таппадым дәл өзіңе! }

 

Сен жайлы көкіректе ұялаған,

Қайдасың сонау кезгі қиял-арман?!

Мөп-мөлдір толқыныңның бір тамшысын,} 2 рет

Қалайша жауыздарға қияр адам?}

 

Жанымды толқытпайсың бекер менің,

Білемін парызыңның өтелерін.

Жағаңда азат күндер атпен шауып,} 2 рет

Пай, пай, пай, құйындатып өтер ме едім! }

 

Амал не, тағдыр Айтекеме ол арманға жетуді жазбаған екен! «Сайрам көлім» жазылғаннан тұп-тура отыз жыл өткенде арман мен аңсауға толы есіл жүрек мәңгі тоқтап, болашаққа аманаттай ардақтаған асыл жырын қалдырып кете барды! Баба түрік аталар: «Тағдырды Тәңір жасар, адам баласы бәрі өлмек үшін туған» деп айтып кеткендей, біз де тағдырға мойынсал болдық.

Айтан.jpg

Біздің өміріміздегі ең қиын кезеңнің бірі 1970-72 жж. Көкше жерінде еңіреп өткізген екі жылдық сүргін өмір.

Ол тұста орыс-қытай шекарасында әйгілі «Даманск» аралы мен Қазақстанның «Жалаңашкөл» маңында екі үлкен қанды оқиға болып өткені белгілі. Бізді Көкшетаудың «Еңбекші» ауданының ең шеткі «Золотая Нива» совхозына апарғанда, жергіліқгі халықтың: «Қытайлықтар келіпті, ол шекара соғысында қолға түскендер екен» десіп жатырқай, жауыга қарсы алғандай болғаны жанымызға қатты батты. Оның бір себебі, бізді осы совхоз көлемінен сыртқа шығуға рұқсат етпей, әрқайсымызды бір-бір аға шопанға көмекші етіп, солардың бақылауына тапсырғанын кейінірек білдік. Казақша сөйлеп тұрғаныңды есітсе: «Ой, мына қытайларың қазақша біледі екен ғой» дегенін де мына құлақ талай естіп, құсалықтан өліп кете жаздап жүрдік.

Совхоздың бригадирлері мен аға шопандарының сөздері де іріленіп, бір-біріне: «Ей, істесең жөндеп істе, әйтпесе кет, сенің орныңа бір қытайды әкеліп істете саламын» дейтінді шығарды. Совхоздың біз істемеген ауыр жұмысы, онда да жалақысы мардымсыз қара жұмысы, қалмады. «Жастық» дегенің таусылмас күш-қайратқа толы бір дүлей тылсым нәрсе болса керек. Бір ұйықтап тұрсаң болды, шаршағаның басылып, дыңғырап шыға келесің. Біз көбінесе дөкір, надан адамдардың қансыз, сөлсіз, мән-мағынасыз оттамаларынан- құлағымыз тұнып шаршайтынбыз, жігеріміз құм болатын.

Көкшетаудағы өміріміз шынымен өте ауыр, өте көңілсіз болды. Қарнымыздың ашқанына емес, алтын басымыздың аяққа тапталғанына, қадіріміздің кашқанына қатты налып, алыстан сонша аңсап, әлдеқандай ес, пана көріп келген Кеңес өкіметінің қаттыбас саясатына лағнет айтып, торыға күйзеліспен екі жылды өткіздік.

 

Рухани күйзеліс тұйыққа тірелген пендені жағасынан алып, саналуан күйге түсіре сілкілеп барып, не оны біржола тұқырта жеңіп тәркі дүнияға ұшыратады, не қайыспас қайсар азаматтың ерік-жігерін қамшылап, өршелендіріп, өсіріп жібереді. Қайсар қазағым ондайды «жігітке сейіл де сейіл, сергелдең де сейіл» деп өрлік пен ірілік танытады. Мұндайда жігігке ең керегі, ең ес қатырар тиянақ сүйеніші бір-бірі үшін жанын да, малын да аямас шын адал жолдас, ізгі дос! Ежелгі Баба түрік заманынан бері қарай қастерленіп келген нағыз шынайы достықтың ортақ атауы андалық! Андалықтың қадір-қасиетінің, әлеуметтік ролінің қандай болғанын Шыңғыс қаған мен Жамуха сардар жөніндегі аңыз бен ақиқаттан айқын байқауға болады.

Бір кедей байғұс қысылғанда: «бар айтарым – әйтеуір, дамбалым бүтін» деген екен. Сол айтпақшы, Айтан марқұм екеуміз жолдас болған қиын-қыстау күндердің бәрінде де абырой төгілерлік иттікке бармаған екенбіз. Ал, әр адамның басында болатын талай мін, айып пен кем-кетік мінездерден туындап жататын пенделік ұсақтықтар кесірінен ренжісіп, араздасып жүретін кездеріміз де болып тұратын. Сондай бір тарғалаң тіршілік тауқыметінен туған ойларымды күнделік дәптеріме түртіп қоятын әдет бала күнімнен бар еді.

Ойхой, шіркін арман-ай! Адамдар сияқты сен де алуан түрлісің-ау! Оның кейбірі бос-болбыр болғандықтан еңсеңді басып, езіп-жаншып, жігеріңді құм қылып кетуі мүмкін. Ондай өмірге не өзің өкінесің, не сен үшін өзгелер өкінеді. Ал, кейбірі шиыршық атқан шымыр, өр, асқақ! Ол – сенің сүйенішің, қанатың, бауыр етің, дәм-тұзың, тиянағың. Әттең, оған нағыз адал досың, қайсар да өжет тілеулесің келіп ортақтасатын болса, «мынадай ит тірліктің басынан аттауыш алып кетудің еш қиындығы болмас еді-ау» деп армандайсың.»

Бұл ойлар мен түйткілді толғаныстар бүдан отыз сегіз жыл бұрын қағазға түскенімен, кейінгі өміріме нұсқаушы болғанына уақыт шіркін куәлік етеді. Мен осы естелікті жазып жүрген күндерімнің бірінде, өзім сыйлап, құрмет тұтатын ақын інілерімнің бірі Есенғалидың «Жас Алаш» газетінен «Жапанда жалғыз ағаш» атты әдеби портретін оқып, көптен бері таныс Аманхан ақынның жан-дүниесіне терең бойлағандай, әрі Есенғалидың азаматтық тұрғысын нақтылай түскендей болдым.

Осыған орай, марқұм Айтанның жеке басы мен ол аралас-құралас болған жағымды-жағымсыз бейнелер, олар жайлы тізбекті ойлар көз алдымнан тағы бір рет көлбеп өтті. Есенғалидың «әлбетте, өнер адамының қанша ерік-күші мықты болса да, іштей жаситын, өкінетін, опынатын, кейбір достарының сатқындығы мен бейшаралығына, атаққұмар қылығына зығырданы қайнайтын кездері болатыны анық» дегеніне тек өнер адамы ғана емес, «саналы адамның» деп қосымшаласа қайтер еді деп ойладым. Өйткені, ондай көңіл-күй мен сезім сергелдеңі барлық адамдарға дерлік ортақ болады емес пе? Әйтсе де, Айтан сияқты дара тұлғалардың жан жарасы да, көңіл-қошы да өзгеше, табиғаты да басқаша бола ма деп те ойлаймын, кейде.

Айтан өлеңді көп жазбағанын, тек жазбаса болмайтын, ащы толғақ қысқанда ғана қолына қалам алғанын жақсы білемін. Оның 1974 жылы Алматыда жазған бір өлеңі:

 

«Менің жырым, жаным-ау, жаралы жыр,

Көкірегі қарс айрылып, жаралы жүр.

Жоғын жоқтап халқымның, қалам алдым –

Маған қойған уақыттың талабы, бұл! –

 

деп, шамырқана басталушы еді-ау.

Айтанның қаламынан туған жырларды мән-мазмұнына қарай топтастыра қараған адам, оның, шын мәнінде, «уақыт талабы» бойынша ғана шығармашылықпен айналысқанына көз жеткізер еді. Ал, «уақыттың талабы» дегенді кешегі партиялық науқандар мен саяси ұрандар алға қойған талаптардан, кітап шығару мен мемлекеттік сыйлық, атақ-дәреже алу үшін жаныққан итжандылықтан мүлде басқаша азаматтық, жауапкершілік пен ар-ұят алдындағы үлкен жүректің лүпілдей қаққан дүрсілі деп біліңіз!

Айтан досым 1976 жылғы күзде Мәскеудің қалауымен, Бүкілодақтық радио комитетке қызметке кетіп, содан табаны күректей он үш жылын орыстар мен жөһиттердің арасында өткізді. Мәскеу оның ұлтшылдық, отаншылдық көзқарасын бұрынғыдан бетер асқындырғаны сондай, ол туралы әр кездескен сәттерімізде, жазысқан хаттарымызда талай рет пікір таластырып жатушы едік.

Сондай кездерде ол темірдей қатты, запырандай ащы өмір шындығын бадырайта тізбелеп, өзіне ғана тән ақылды талдау тұжырымдауларымен мені иландырып, өзімен бірге ілестіріп ала жөнелетінін байқамай қалушы ем. Ол, әсіресе, шовинизм мен жергілікті ұлтшылдық дегеннің қандай нәрсе екенін талдауға келгенде, нағыз шешен де білгір теоретик екеніне сені қайыл қыла алатын еді. Ұлықытайшылдық пен ұлыорысшылдықтың сыр-сипаты мен мән-мағынасын, қоғамдағы көріністерін салыстыра терең талдап, жілікше шағып беретін.

Мен ондайда:

– Айтеке-ау, біздің зор қытайшылдықпен күресеміз деп жүріп, ақырында жеткен жеріміз осы болған еді. Енді ұлыорысшылдықпен күрескенде барар жер, басар тау таппай қалмаймыз ба? Байқап сөйлесеңші. Мәскеу сенің өз әкеңнің үйі емес қой. Қаптаған қызыл көздердің қақ ортасында жүргеніңді неге ойланбайсың? – деп, басу айтатынмын.

Ол терең күрсініп алып:

– Әлеке, құдай берген жанды құдай алады. Менің анық көзім жеткен бір шындық – ақ ит, көк ит, бәрі бір ит екен. ІІІындық, әділет іздеп Кеңес еліне келіп едік. Мәскеуден оның елесін ғана көрдім. Отаршыл империялар ешқашан да өзі жаулап алған бөгде халықтардың мұң-мұқтажын ойлап басын қатырмайды. Олардың тәуелсіздігі жайлы, өңі түгіл түсінде де, ешнәрсе естігісі келмейді екен. Сондықтан қалай да шаманың келгенінше, тілдің жеткенінше ұлт бостаңдығы жолындағы күрес жалғаса беруі керек. Бірқалыпта тұратын дүние болған емес. Бәрі өзгереді. Тек біз ол күндерді көре алмаспыз! Кім біледі, «үмітсіз сайтан» деген де сөз бар ғой. Мынау Балтық жағалауы елдері мен кавказдықтардың, тіпті, хохолдарың мен сонау Тайгадағы саха-якуттарыңның озық ойлы азаматтарының беталысы мен сөз ауаны мүлде басқаша. Мен олардың бірталайымен достасып кеттім. Алдымызда қалай да бір зор дүрбелеңдер күтіп тұрған сияқты, – деп еді, бірде.

Сөйтіп жүргенде, уақыт шіркін зымырап өтіп, 1986 жылдың желтоқсаны да келіп жетті. Мәскеуде жатып, ол Алматыда болған ұлы қозғалыстың ішінде бола алмағанына шыдай алмай, аласұрды. Маған да бірнеше хат жолдап, оқиғаның мән-жайын сұрастырып тұрды.

1987 жылғы ақпанда менің қолыма пошта арқылы бір үлкен пакет келіп тиді. Ашып оқысам. ІІІыңғыс Айтматовқа жазған өзінің хаты мен екі кітапшасы және маған аманаттап жазған хаты екен. «Мына хатты Шыңғыс ағаға жіберіп едім, әлі жауап жоқ. Бәлкім, үндеместердің барымтасына ұшыраған болар-ау. Сондықтан, өз архивіме де сене алмай, бір нұсқасын саған жіберіп отырмын. Келешектің бір керегіне жарап қалар, үміт дүниесі ғой» деп жазыпты.

1987 жылғы қаңтар, ақпан айларындағы қыс ызғары қандай қатты болса, саясаттың, диктатураның ызғарының да одан кем болмағаны жұрттың есінде шығар. Айтекең сол каһарлы зымыстаннан ешқандай қаймықпай, «Адамзаттың Шыңғысына» шағымданып, казақ халқына араша сұрайды, әрі Шықаң ағасына ұлт мәселесін қалай шешуге болатыны жөнінде аса келелі, ақылға қонымды ойлар, ұсыныстар айта алған болатын.

Сол үрей билеген сұрапыл қыста еш қысылмастан, өз жерінде азшылыққа айналып қалған қырғыз, қазақтардың мемлекеттігі правосын толық қамтамасыз ететін арнайы Заң шығаруды талап етіп, былай деп жазған екен: «Мүндай заңның керек болатын себебі, өзін-өзі билеудің беделін көтеру қазіргі кездегі күн тәртібінде түрған мәселе деп білемін. Орыс халқы жағынан бізге көрсетілетін зор құрмет, еңалдымен, бірінші дәрежелі правомызға – мемлекеттік правомызға қаратылуы тиіс. Бізбен болған, болатын қарым-қатынастың қандай екенін қалт жібермей өлшеп отыратын «барометр» дәл осы араға орнатылған.

Шыңғыс аға! Өзіңіз ойлаңызшы, мемлекеттік право қүрметтелмеген жерде қандай сыйластық болуы мүмкін?!»

Міне, марқұм Айтан осылай Адамзаттың Айтматовына бағыт сілтеп, ой жарыстыра қузау салады. Айтанның хатын оқыған соң, мен бір жарым бет қағазға өз ойларымды түсіріп қойған едім. Онда: «Әй, баладай сенгіш ақкөкірек досым-ай, сен зор үміт артып араша сұраған Шыңғыстай ағаң ондай-ондайларға мән беріп бас қатыра қояр ма екен?! Кремльдің биік астауынан жем жеп үйренген үлкен кісілерде үлкен нұқсандар да, пендешіліктер де аз болмайтын сияқты еді. Сен «хатым үндеместерге қолды болды ма» деп алаңдайсың, ал мен болсам, Шықаң интернационализм мен әлемдік идеялар шырмауынан шыға алмай, басы қатып жүр ме екен деп алаңдаймын. Ылайымда, мен-ақ қателесейін...» деп жазып қойыппын.

Тағдырдың тәлкегі мен уақыттың қатал куәлігіне не деуге болады? Тасқа басылғанды өшіруге соны тасқа басқандардың өзі шарасыз болса қайтерсің?!

Шыңғыс Айтматов марқұм (Жаны жәннатта болғай!) «Желтоқсан оқиғасына» тұп-тура онбір жарым жыл толғанда ғана, қазақ халқының қандымойын құныкері Колбин туралы «Қырғызстан маданиятының» 1987 жылғы 17-желтоқсанда санына жариялаған «...Была у меня продолжительная беседа с товарищем Колбиным. У меня в результате осталось хорошее впечатление об этом руководителе. Думаю, Казахстану повезло и казахи начинают это понимать» деген сөздерін Айтан марқұмның оқымай көз жұмғаны қандай жақсы болған деп ойладым.

Біз бастан өткерген өмір де, біз араласқан адамдар да барынша күрделі, қайшылықты болғаны шынайы ақиқат. В.В.Белинский айтпақшы, «замандастар қашан да бір-біріне әділ бола алмайды», бәріне де уақыт төреші деп өзімізді-өзіміз жұбатамыз.

1986 жылдың 15-қыркүйегінде «КСРО-ның азаматы» деген төлқұжат алдым. Сол күннен бастап-ақ, астанамыз Алматыға тез жетуді армандадым. Айтанға: «астанада басқоссақ, бала-шағаларды араластырып, қалған өмірімізді бірге өткізсек» деп қузау салдым. Айтекең де сондай ойда екен. Ақыры, 1989 жылдың күзінде Алматыда басқостық. Ол Қазақ телерадио комитетіне қарасты «Алатау» арнасына бас редактор болып келді. Мен сонда тележурналист болып орналастым.

Мен ауылда, қаймағы ешқашан бұзылмаған Оңтүстік Қазақстанда тұп-тура онжеті жылымды өткізіп, тап-таза қазақ күйімде жеттім. Ал, Айтекең тұп-тура онүш жылын қьш-қызыл орыстың астанасы Мәскеуде өткізіп, кәдімгідей өзгеріп, орысшаланып келгенін өзі де байқамай қалса керек.

Екеуіміз бозбала күнімізден бері жұп жазбай бірге өмір сүріп келгендіктен болар, ол білдей бастық болса да, көбіне оған еркінси және өзімсіне сөйлейтін болсам керек. Сондай әдет салдарынан, бірде екеуіміздің қатты ренжісіп қала жаздағанымыз жайлы бір күлкілі жағдай есіме түсіп отыр.

Кезекті бір дүйсенбілік басқосуда мен бірнеше рет сөз алып: «Айтеке, ана мәселе олай ғой, Айтеке былай істесек қайтеді?» деп, үнемі өзімше бір белсенділік танытқан болсам керек.

Айтекеңнің менің белсенділігімді ұнатпағандай сыңай танытып, қабағын кіржитіп алып, жақтырмай отырғанын байқадым. Жиын соңында жұртпен бірге кабинетінен шығып бара жатыр едім, ол артымнан даусын көтере:

Жолдас, Дәулетханов, сіз қала тұрыңыз, деді, бұйыра сөйлеп. Қарсы алдындағы орындыққа енді жайғаса бергенімде, бірден:

Сен не, «Айтеке, Айтеке» деп дікілдеп сөйлейсің? Басқа қызметкерлер сияқты «Айтан Нүсіпханович» десең аузың қисайып кете ме? Этика, субардинация деген қайда, сенде?! деп дүрсе қоя берді.

Мен не дерімді де білмей аңырып қалыппын. Сосын әлгі сөздерді іштей қайталап барып:

Ой, не деп тұрсың, ей?! Сонда менің «Айтекем» сенің «ович-совичыңнан» соншалықты сорлы болғаны ма?! Айтан Нүсіпханович, «овичыңның» тап әкесінің аузын ...! Оған тілім де келмейді. Сен қашаннан бері «Нүсіпханович» болғансың? Айтан десем өтің жарылып кетер ме?! деп қатты дауыстап жіберсем керек.

– Әй, болды, болды. Сырттағылар естіп қалса, ұят емес пе? Олар сенің «Айтекеңді» қалай қабылдайды? Бастығымызды сыйламайды екен деп қабылдай ма дегенім ғой, деп, менің иығымнан басып отырғызды да, мырс етіп күліп жіберді.

Менің Айтекем сондай, айтуы да, қайтуы да тез еді. Аса үлкен принципті саяси мәселелер жөніндегі талас-тартыста, нақтылы саяси шешімдер қабылдар тұста, ол алған бетінен еш қайтпайтын, өзінің дұрыстығын соңына дейін дәлелдеп, тиянақтамайынша тоқтамайтын. Ал, тұрмыстағы, жұмыс барысындығы үлкенді-кішілі кикілжіңдерді балаша тез ұмытып, қарқ- қарқ күліп аңқылдап жүре беруші еді.

Мен өзіміз бірыңғай отырған дастархандарда кейде: «Айтан Нүсіпханович» десем, көзі күлімдей отырып, біртүрлі ыңғайсыздана: «Ей, қойсаңшы сондайды!» деп тиып тастайтын.

Біз, шын мәнінде, әзіл-қалжыңымыз жарасқан, бір-бірімізді қас-қабақтан танитын нағыз жақын достар едік.

Ақын Айтанның өлеңдерінің ішіндегі ең шұрайлы ұйқастар мен мағыналы мадақ сөздер өзінің достарына, аға-інілері мен ел мақтанышына айналған ерлерге арналғаны белгілі. Сондықтан, «Айтан Нүсіпхан нағыз адал дос іздей жүріп, шынайы достықты жырлап өткен үлкен жүректі ақын болған еді!» деп ауыз толтыра айта аламын.

Айтан Нүсіпханның бүкіл саналы ғұмыры тек қазақ халқының, қала берді, бүкіл түркі халықтарының бостандығы мен бірлігіне қызмет етуге арналған аса ірі қайраткердің мағыналы ғұмыры еді. Марқұмның:

 

«Елім!» деп, ес білгелі еңіредім,

«Жерім» деп жеті түнде тебірендім!

Қайғыңды, қайран қазақ, арқаладым,

Түс екеш түсімде де сені көрдім! –

 

деп, ағынан жарыла айтқан жыр жолдарының шексіз шынайылығына оны білетін жандар кәміл сенуші еді.

Біздің тоталитарлық, әміршіл, әсіреқызыл қоғамымыз қалыптастырған саяси-әлеуметтік ұғым-түсініктерімізге салсақ, Айтан Нүсіпхандай саяси және қоғам қайраткері жок! Өйткені, ол партия-кеңес органдарында жоғары лауазымды қызмет атқармаған, құлақ тұндыра саудыраған орден-медалдары жоқ, қатардағы көп журналист, кішігірім шенеуніктің бірі ғана.

Ал, оның елубес жылдық қысқа ғұмырында тындырған қоғамдық-саяси қызметтері мен қаламынан туған том-том кітаптарда көтерген тақырыптарды көзден өткізген адам біз мадақтап, мақтаныш етіп отырған Айтанның «Қайғыңды, қайран қазақ, арқаладым» деп айтуға толық хақы бар адам екеніне шек келтіре алмас еді демекшіміз.

Айтан өмірінің соңғы он жылын бұрынғы астанамыз Алматыда өткізді. Қазақстанның тәуелсіздігі үшін болған қалам күресіне бір адамдай-ақ атсалысып, қоғамдық пікір дайындау жолында қалам мен көгілдір экранды ұтымды пайдаланып отырды.

Қазақтар үшін, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына баға беру мәселесінен маңызды ешнәрсе жоқ еді. Ресми баспасөз аузына келгенін айтып, сатқын зиялысымақтар «Правда» мен «Социалистік Қазақстан» газеттерінің әуендеріне қарай мәлімдемелер жариялап жатқанда, Айтекең тайсалмастан: «Меніңше, Алматы оқиғасы жәбірленген ұлттық сезімнің терең түкпірінен қайнап шыққан ашу-ыза мен тегеурінді қарсылықтан бұрқ етті!» деп сөзді төтетісінен бір-ақ қайырған болатын.

Айтан баспасөзде көтерген басты тақырыптарды атап өту оны білгісі, танығысы келген замандастары мен ұрпақтар үшін пайдалы болар деп есептедім.

Мәселен, олардың негізгілері мыналар:

 

1.      Тіл теңдігі  – саяси мәселе!

2.      Кепілдік – суверенитетте!

3.      Василев не дейді, біз не дейміз?

4.      Егемендік томаға-тұйықтық емес!

5.      ¥лт тәуелсіздігі хақында.

6.      Тзуелсіздік бағытымен.

7.      Көсегеміз қайтсе көгереді?

8.      Тәуелсіздік және ұлттық сана.

9.      Жириновскийді жырлатқан кім?

10.    Қытайдағы қазақтарды атамекеніне қоныс аудару хақындағы кейбір ой-пікірлер.

11.    Сын сағаты соғып тұр, не істеу керек?!

12.    Тәуелсіздікті тәлкек етпейік!

13.    «¥лттық», «мемлекеттік», «егемендік» және басқалар.

14.    Президент Назарбаев туралы не ойлаймыз?

15.    Чешен оқиғасы және ұлт мәселесінің кейбір жайттары.

16.    Мемлекеттік тіл ұлыққа емес, ұлтқа қызмет етеді.

17.    Тәуелсіздік және демография.

18.    Ұлттық мектеп идеясы: Үміт нен күдік.

19.    Сенім дағдарысы және тәуелсіздік тағдыры.

20.    Заман және зиялы.

21.    Саясат ғылым ба, өнер ме, әлде, ойын ба?

22.    Бізге керегі ұлтшылдық болар.

23.    Ел мүддесін ойласақ.

 

Бұлар оның өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында мерзімді баспасөзде жарияланған өзекті мәселелер жайлы мақалаларының бір бөлегі ғана. Егер әділін айтар болсақ, ол жылдарда ұлттық-мемлекеттік мәселелерге жүйелі талдау жасап, оқиғаларға дер кезінде баға беріп отырған басқа бір қоғам қайраткері мен саяси шолушының атын атап бере алар ма едік? Әрине, ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Марат Қабанбай сияқты кейбір от ауызды, орақ тілді көсемсөз саңлақтарының да көсіле шаба бастағанын білеміз. Айтанның олардан артықшылығы – оның терең де жан-жақты теориялық дайындығының, батылдығының, саяси көрегендігінің «мен мұндалап» тұратындығы.

Тәуелсіздігін алып, азат өмірге енді ғана қадам басқан Қазақстанның тәуелсіздік жолында күресіп, тәжірибе жинақтаған дайын кадрға мұқтаждығы шаш-етектен еді. Кешегі партком хатшылары мен коммунист кадрлардың тәуелсіздік жөнінде ұғым-түсініктері мүлде жоқ болғанына, тіпті, іштей қарсылығына қарамай, жас қазақ мемлекетінің билік орынтағына қонжия салғандарына қатты алаңдаған Айтанның ҚР-ның Президенті Н.Ә.Назарбаевқа арнайы хат жазғанын біреулердің оның «мансапқұмарлығы» ретінде бағалағанын да естіп жүрміз. Егер бұл хаттың жазылуына, оның мазмұнына әділ баға бергісі келген адамдар болса, онда хат иесінің ағынан жарыла айтқан сөздерін олардың есіне сала кетейік.

«Құрметті Президент! Осы хат арқылы Сізге айтайын дегенім мынау еді. Мен өмір бойы Қытайды зерттеп, Қытай мәселесімен шұғылданып келген адаммын. Шыңжаңдағы өткен өмір өз алдына, Мәскеудегі онүш жылдық қызметім де Қытаймен тікелей қатысты болды. Сол себепті, бұл ел бойынша біршама мол білім мен тәжірибе жинағанымды, ерсілеу болса да, өзіңізге жеткізуді лайық көрдім.

Жаңадан шаңырақ көтерген Қазақ мемлекетінің Азия және Тынық мұхит аймағы елдерімен, әсіресе Қытай Халық республикасымен арақатынасын айқын қалыптастырып, дамытуына мен өзімнің көп жылдар бойы жиған-терген білімім мен тәжірибем арқылы шамамның келгенінше көмектесе алар едім...

...Егер мүмкіндігіңіз болып жатса, аз уақытқа болса да, қабылдауыңызды көптен-көп өтінемін». 1991 жыл.

Амал не, өкінішті-ақ! Сонша үміт артқан Президенттен де, онын көжеден де кеп көмекшілерінің бірінен де «ләм-мим» деген жауап болған жоқ. Сол бір аласапыран кезең түгілі, тәуелсіздігіміздің 20-жылдығына аяқ басқан бүгінгі таңда, қазақ мемлекетінің Сыртқы істер министрлігі мен Президент аппаратында Айтандай жан-жақты дайындығы бар қанша маман кадр бар екен? Бардың қадіріне жетпеу, қазақтың біртуар ұлдарын жағымпаздар мен жандайшаптар тәлкегіне тастай салу біздің бейбақ халықтың маңдайына жазылып қойылған ба дерсің?!

Қазақта: «ешкі мүйіз сұраймын деп жүріп, құлағынан айрылыпты» дейтін ащы мәтел бар-ды. Айтан марқұм дәл соның кебін киіп далада қалар ма еді, егер Мұрат Әуезов пен Заманбек Нұрқаділов сияқты жанашыр азаматтар ие болып, қолтығынан сүйемегенде... Өйткені, Астана Алматыдан Ақмолаға көшерде Тоқаев бастаған Сыртқы істер мекемесі «Айтан сияқты «қолайсыз» адамдардан құтылудың орайы келді» деп, оны көшкен жұртына тастап кетіп еді.

Айтандай қазақтың біртуар ұлы қазақ мемлекетіне неге керек болмай қалды? Бұл бір жеке дара кездейсоқтық па, әлде, кеңес дәуіріндегі қытымыр, қатігез кадр саясатының еш өзгеріссіз бүгінге дейін жалғасып келуі ме? Меніңше, Айтанды тәлкек қылған кесірлі саясат қана емес, жоғарыда отырған кей басшылардың құлдық көзқамандық кесапаты болса керек!

Осы арада айта кетпесем болмайтын бір ащы шындық бар. Әрине, қашан да, жылағанның көзі жаман, айтқанның аузы жаман. Солай болса да айтайын. Айтан Нүсіпханды Теле-радио комитет пен Сыртқы істер министрлігінен кетірген пәлекет жіптің ұшы көршілес Қытай айдаһарының аузынан шыққан зәһарлы лепке барып тіреледі...

1992 жылдың басында болар, Алматы-Үрімші әуе жолы ашылып, алғашқы ұшақпен вице-президент Ерік Асанбаев бастаған Қазақстан үкіметі делегациясы баратын болады. Делегация құрамында «Егемен Қазақстан» газетінің Бас редакторы Шерхан Мұртаза, Теле-радио комитетінен Бас директор Айтан Нүсіпхан Үрімшіге ұшып барады.

Үрімшіде СУАР өкіметі басшыларымен кездесуде Айтанды танитын Мәметимин Зұнұн деген (бұрын Шыңжаң университетінде мұғалім болған) Мәдениет назыры өз үкіметіне жағымпазданамын деп, оның келгендігі жайлы Қытай басшыларына жеткізеді. Келесі күні жағдай мүлде өзгеріп сала береді. СУАР қауіпсіздік мекемесінің генералы вице-президент Ерік Асанбаевқа келіп:

– Сіздер достық ниетпен келдіңіздер ме, әлде, басқаша ма? Делегация құрамында неге біздің еліміздің дұшпаны жүр? Мұны қалай түсінуге болады? – дүрсе қоя береді. 

Қаншама жылдар бойы Кремльдің қас-қабағын бағып үйренген құлдық психология әсері болар, Ерік Мағзұмұлы қытай генералының алдында күмілжіп:

– Мен ондай ешнәрсені білмейді екенмін. Елге барған соң анықтап білейін, – деп міңгірлейді.

Сол күннен бастап Айтан Нүсіпханды қонақүйде «мырзақамақта» ұстап, телефон байланысын үзіп тастайды.

Тәуелсіз Қазақстан елінің вице-президенті бастаған өкімет делегациясы қытай генералының алдында тізесі қалтырағанмен, Алматыға қайтып келген соң арыстанша айбаттанып, Теле-радио комитетінің төрағасы Ғаділбек Шалахметовты қыспаққа алады.

Айтан марқұм осыларды зығырданы қайнай отырып әңгімелеп беріп еді. Шіркін-ау, тәуелсіз мемлекеттің басқа бір елге баратын өкімет делегациясын қашаннан бері сол барған елдің әскери генералы белгілейтін болған? Осындай да бейшаралық болады екен-ау?! Айтан соғыс қылмыстысы, не халықаралық іздеуде жүрген әйгілі қылмыскер емес еді ғой. Дипломатиялық сауат, халықаралық заң ережелерінен мүлде хабарсыз бір партократтың жас Қазақ мемлекетінің мүддесін, абырой-беделін қорғай алмағаны былай тұрсын, қоластындағыларға қожыраңдаған мәтібилігіне не дерсің?!

Қытай Компартиясының жауы Қазақстанның да жауы болуы керек деп есептеді ме екен, қайдам, сол зіркілден хабардар «Социалистік Қазақстанның» Бас редакторы Шерхан мырза Теле-радио комитетіне төраға боп келісімен, көп уақыт өтпей жатып, Бас директор Айтан Нүсіпханды ешбір себеп-сылтаусыз аттан аударып тастап, оның орнына өмір бойы «Правда» мен «ТАСС-тың» бас мақаласын оқуға машықтанған Тыныс Өтебай деген журналисті қонжитты. Шер-аға онымен тоқтаған жоқ. Өзінің орынбасарлары мен Бас редакторына, бөлім бастықтарына дейін тас аяқтай соғыстырып, түгел жамбылдық-шымкенттік бауырларын мансапқа қарқ қылды.

Кешегі Бас редактор Айтан екі ай бойы өз кабинетінде еш міндет-лауазымсыз сенделіп жүрді. Бұл менің жаныма қатты батты. Қандыкөйлек досым үшін күйініп, шыдамым таусылған мен, кезекті «лездемде» мінбеде тұрып, сіресіп отырған Шерхан Мұртаза бастаған бес-алты нояндарының алдында, зал толы журналистердің көзінше былай деп араша айтып едім:

– Құрметті төраға, Шеке, сіз бізге басшы болып келгенде, өлген әкеміз тіріліп келгендей қуанғандардың бірі мен едім. Біз: «О, Шер-аға келді, енді қазақ тілі мен қазақ журналистерінің бағы жанатын болды, әділет салтанат құратын болды!» деп мәз болғанбыз. Уақыт өте келе, бұл қуанышымыздың баянсыз, алдамшы нәрсеге айналып бара жатқанын көріп: «Бұл қалай болды?!» деп бірімізден біріміз сұрай бастадық. Басқасын қоя тұрып, мен өзімнің қандыкөйлек досым, отыз жылдық жан жолдасым Айтан Нүсіпхан туралы айтқым, сізден оның себебін сұрап білгім келеді. Сіздің кадрды қандай принцип бойынша іріктеп алып жатқаныңызды білуге хақымыз бар ма, жоқ па?! Біздің байқауымызша, биографиясына, қабілет-қарымына қарай емес, географиялық принцип бойынша қабылдап жатқан сияқтысыз. Құдайшылығын айтар болсам (жігіттер кешіре көрсін!), мына екі жағыңызда отырған төрт орынбасарыңыздың төртеуінің бастарын қоса есептегенде, бір Айтанның алтын басына тұрмайды ғой. Айтанның кім болғанын, не істегенін Үрімжіге бірге барғанда көріп-біліп қайтып едіңіз ғой. Біз жиырма екі-жиырма үш жасымызда-ақ ұлт-азаттық жалауын көтеріп, Мао Цзедунның қанды диктатурасына карсы кұрескен бүкіл Шығыс Туркістан халқының бостандық жолындағы күресіне басшылық жасап едік. Айтанды Қытайдағы әміршіл-тотаритарлық режимнің жауы ретінде күні бүгінге дейін қудалап келеді. Сондай ер-азаматты осылайша елеусіз тастап, неге қорлайсыз? Оныңыз қай жөн-жосыққа келеді? Айтанды шешесі директор етіп тумаған шығар, оған жұмыс табылар-ау. Сізден неге бір орын табылмады? Қытайларда «шисы» деген зұлым сөз болушы еді, оның мағынасы «жауын құсаландырып өлтіру» дегенді білдіреді. Айтан бұл елде, өз елінде ешкімге жау емес сияқты еді. Ол неге құсаланып өлуі тиіс? Сізден сол Айтанды қандай кемшілігі, қандай қателігі мен қандай жарамсыздығы үшін көшеге шығарып тастағаныңызды сұрап білуіме бола ма? Көпшілік алдында соны айта аласыз ба? – деп қадалдым.

Менің бұл сөздеріме сол сәтте залда отырған теле-радио журналистер қауымы куә. Алып-қосқаным жоқ.

«Шер-аға не айтты?» деп сұрарсыздар. Ештеңе демеді. Иегін екі алақанына тіреген күйі, мұрты жыбырлап, маған бедірейе қарап отырды да, «лездемені» аяқтады. «Сенің өзің не, сөзің не?!» деген астамшылығы шығар. Әйтсе де, мен шаршы топтың алдында қандыкөйлек досымның тәлкек тағдырына араша түсіп, өзімнің азаматтық, достық сөзімді, имани шындығымды ашық айтып, арылдым. Ол қасиетті парызым да, дос алдындағы қарызым да болатын.

Уақыт өте келе, төраға Шерхан Мұртазаның Айтан Нүсіпханды қудалауы тек жершілдік пен рушылдықтан ғана болмағанын, Қытай қауіпсіздік генералының Ерік Асанбаевқа ауызша тапсырған нотасының жаңғырығынан туындап жатқан құлдық, көзқамандық пиғылдың зардабы екеніне көзім жетті.

1997 ж. Айтанға сөгіс үстіне сөгіс жариялап (Сыртқы істер министірлігінде қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне байланысты көтерген батыл бастамалары ұнамағандықтан), оны Ақмола көшінен қалдырып көшеге тастап кетуіне де, айдаһардың отты демінің зардабы тиген болар деп ойладым.

Шын мәнінде, Айтандай жан-жақты даярлығы бар, көп тіл білетін, тәуелсіздік жолына бүкіл саналы ғұмырын арнаған айтулы тұлғаның елеусіз қалуы елдігімізге үлкен сын емес пе еді?!

Айтанның кайраткерлігі мен білгір саясаткерлігінің жұрт мойындаған бір белесі – оның тұтас түркі идеясын ту етіп, сол жолда бүкіл түрік әлемінің көсеміне айналған Мұстафа Шоқаймен мақсаттас, тағдырлас боп, ұлы тұлғаны тәуелсіз қазақ еліне таныстыруға қосқан орасан зор еңбегі. Айтан бұл жұмысқа кездейсоқ кірісе салмаған болатын. Ол ұлы көсемнің бүкіл шығармаларын зор ынта-ықыласпен, ыстық махаббатпен барын сала, күндіз-түні тыным көрмей, жүрек қанымен өзі жазып жатқандай-ақ құлшына аударды. Солай еткендіктен де, Мұстафа Шоқай туған халқымен аса түсінікті, жатық, байырғы қазақы тілмен қауышып, көптің алғысына бөленген болатын.

Халқымыздың біртуар азаматтарының бірі болған Айтанды жете танып-білген қамқор, көзіқарақты Қалтай Мұхаметжановтың мына бір жалынды сөзінде терең мән, телегей-теңіз сыр жатқандай. 1998 жылы Мұстафа Шоқай атындағы сыйлыққа ұсынған хатында, Қалекең былайша ағынан жарылған екен:

«Халқымыздың біртуар үлы Мұстафа Шоқай атындағы Халықаралық сыйлыққа Айтан Нүсіпханды ұсынудан бұрын, біз көп ойланып-толғандық. Мұншама беделді сыйлықтан үміткер адамға қойылатын шарттарды сараладық. Біздің түсінігімізде, Мұстафа Шоқай атындағы сыйлық, еңалдымен, өзінің бүкіл саналы ғұмырын қазақ ұлтының, қала берді, түрік жамиғатының азаттығы мен еркіндігі жолындағы күреске біржола бағыштаған, ел басына күн туған екіталай шақтарда халқының ар-намысын ешбір қобалжымастан қорғап, сөзін сөйлеген, ешқашан жұлдызынан жаңылмаған, осы жолда айрықша сіңірген еңбегіне сай жұрт құрметіне бөленген қайраткерге берілуі тиіс. Айтан Нүсіпханның өмірі мен қызметі осы айтылғандардың бәріне сәйкес келеді».

Қал-ағаң одан әрі қарай Айтанның өмірдеректері мен қоғамдық-саяси кызметіне қысқаша шолу жасапты. Соңына: Құрметпен, «Түркістан» газетінің Бас редакторы, Қазақстанның Халық жазушысы Қалтай Мұхаметжанов» деп қол қойыпты.

Халық жазушысының жүрекжарды сөзіне анықтама беріп жатудың қажетсіз екенін біле тұра, Айтанды сол бір қастерлі адам атындағы сыйлыққа ұсынуға түрткі болған негізгі тиянақ – оның қолымен аударылып, алғысөзі мен түсініктемелері берілген екі томдық «Мұстафа Шоқай» атты кітабы болғанын, сондай-ақ, осы трагедиялы тұлғалардың (екеуінің де белгісіз жағдайда уланып өлгенін қоса есептегенде) саяси өмірбаяны мен партиялық, журналистік, оппозициялық қызметтерінің соншама ұқсас, олардың рухани мұрагерлікті бір-біріне жалғастырған тұтас түрікшіл көсемдер болғанын тағы бір рет нықтап айта кетуді жөн көріп отырмын.

Амал қанша, жақсы бастама тағы аяқсыз қалды. Біздің пәруайсыз, саясатта сан рет сүрініп жүрген ұлтсызданған мемлекеттік шенеуніктер тұтас түрікшілдік идеясы түгіл қазақшылдыққа, қазақтардың мемлекетшілдік идеясына иегерлік ете алмай, лағып жүргендерін кейінгі он жылдай уақыт жетерліктей дәлелдеп берген сияқты. Осы тұста Мұстафа Шоқай мен Айтан Нүсіпханның аруағын шақыра отырып замандастарыма, тәуелсіз қазақ елінің тізгін ұстап, ел атынан сөз сөйлеп жүрген үлкен-кіші мансап иелеріне мынадай сұрау-үндеу тастағым келеді:

«Данышпан Абайдың «Біріңді қазақ бірің дос, етпесең істің бәрі бос» деген өсиеті неге бүгінгі қазаққа керек болмай қалды? «Қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ» деген кесірлі сөзді ұлы Абай атамызға теліп жүрген сұмырайлар кешегі большевиктік тап күресі, пролетариат диктатурасы дейтін адамзат баласына қарсы фашистік ұрандарды іске асырушылардың жыртысын жыртушылар емес пе екен? Әйтпесе, қаны бір, жаны бір, тағдыр-талайы бір қазақ бір-біріне неге тасбауыр, неге өз арасынан өзі жау іздейді?!

Басқаны былай қойғанда, патшалық Ресей мен Қызыл империя тепкісіне шыдамай, шет елдерге телім-телім болып босып кеткен төрт-бес миллиондай қазақтың «елім-жерім, бауыр-туысым» деп келген аз ғана бөлігін «қазақсымақтар» елге, жерге сыйғызбай, «қытай», «қалпақ», «қалмақ» деп түртпектейтіні несі?! Біртұтас түрік бірлігін армандаған ұлы Тұран перзенті, қайран Мұстафа әкеміз бүгінгі сиқымызды көрсе, құсадан тірідей өлер ме еді, қайтер еді?! Марқұм Айтанның қайғылы қазасы да «құсалық пен қастықтан болмаған еді» деп айта алмас едік.

Мемлекет тәуелсіздігіне кеше ғана қазақпен қарайлас қол жеткізген Балтық жағалауы елдері мен Еуропаның социалистік лагерьден шыққан кей елдері демократияның шарапатымен, әрі ұлттық-мемлекеттік санасының қуатты күші арқасында, Парламент пен Президент сайлауларында сонау жарты ғасырдан да көп уақыт бұрын шетелге кеткен эмигранттарының ұрпақтарын жатсынбай, жаусынбай, қасиет-қарымына сай сайлауларға қатыстырып, Президент етіп сайлап жатқанда, біздің сорлы, құл қазақ орыс пен жебірейге, неміс пен хохолға екі туып бір қалғанындай жалбақтап, шеттен келген өз бауырын маңайына жолатпай қойғаны былай тұрсын, қайта-қайта қудалауға салатынын қалай кешіруге болады?!

Соңғы жиырма жыл мұғдарында Қытай мен Моңғолия жерінен келген аса көрнекті қоғам-мемлекет қайраткерлері мен көптеген әлемдік тілдерді, ділгір мамандықтардың сан түрін меңгерген мамандардың артына шала байлап, қуалап, бақылағанын, тексергенін тоқтатпақ түгіл, мамандықтары бойынша жұмыс бермей, мемлекеттік кәсіпорындар мен органдарға жолатпай қойған басырлығы мен тасырлығын қалай кешірерсің?! «Бұл мемлекеттің қауіпсіздігі үшін істеліп жатыр» деп ақталғысы келетін патриотсымақтарды да көріп жүрміз. Қазақстанда туып-өсіп, кеңес өкіметін орнатуға қатысқан «қызыл коммунистердің» көптеген ұрпақтарының мемлекеттік органдарда не істеп отырғанын да көріп-біліп жүрміз ғой.

Қазақ халқының өз басынан өткізген тар жол, тайғақ кешулі, қапалы-қанды тарихынан сабақ алып етек-жеңін жинайтын, дос-дұшпанын айыра білетін уақыты жетпек түгіл, зымырап барады. «Абай атамыздың «рахымшылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп өзіне ойлағандай оларға да болса игі демек керек» дейтін өсиетіне адал болу үшін, ең бастысы, қазақ алдымен өзіне, сосын қандас бауырына болсын дегеннен бастауды үйренсе, басқасын оп-оңай үйреніп кетер еді-ау» деп те армандайсың, кей кездері.

Менің осы араға дейін жазған азды-көпті естеліктерім, ой-толғаныстарым отыз жеті жылдық жан досым, қалың қазақтың қайғы-мұңын арқалап жүріп қапыда мерт болған арысым Айтан Нүсіпханға қатысты айтылар сөздің үзіп-жұлған мыңнан бірі ғана.

Мен «өзімнің ақиреттік досым» деп білетін марқұмның рухына барынша адал болуға тырыстым, артына қалдырып кеткен қыруар қолжазбалары мен алысқан хат-хабарларын мұқият зерделей жүйелеп, кезінде төте жазумен жазылған күнделіктерін бүгінгі жазуға түсіріп, 2002 жылы «Сорос-Қазақстан» қорының қаржыландыруымен, Айтанның Алматыдан тапқан тұңғыш досы, ҚазМУ-де бірге оқыған курстасы Әбдісаттар Сәдуақасұлы Оспановтың «Қоғам және қылмыс» жекеменшік газетінің  баспасынан шыққан «Қайғыңды қайран қазақ арқаладым» деген екі томдық кітабының тез жарық көруіне тікелей атсалысқанымды шүкіршілікпен еске аламын.

Тіршілікте, әсіресе, қолыңда азды-көпті игілік, мансап барында жора-жолдас дегеннен қашсаң да құтылмайсың. Ал, басыңнан бақ тая қалса, не қаза жетіп өле қалсаң, сол қаптаған дос-жолдас дегендердің мыңнан бірі ғана сені еске алып, жоғыңды жоқтайды екен.

Айтан Нүсіпханда дос та, жолдас та, аға-іні де жетерлік болған. Айтекең дүниеден кеткелі он жыл болып қалыпты. Он жыл марқұмда қанша дос-жолдас болғанын анықтауға жетерлік. Айтекеңнің қазасының онжылдығына арнап естелік кітап шығарсақ дегенді айтқанымызға да төрт-бес жыл болып қалған-ды. Содан бері бір айтқанға он айтып жүріп, әрең дегенде жинаған қолжазбалар да біраз болып қалған екен. Өзім екі жыл бойы науқастанып, өлім аузынан жан олжалап жүрген адам болғандықтан, бұл іске бел шеше, жұлқынып шыға алмағаныма қатты өкіндім. Амал қанша?! Осы естелікті аяқтар алдында шын адал, шын берілген санаулы азаматтардың бірі – қазақтың біртуар марқасқа ұлы Әбдісаттар Сәдуақасұлы Оспановқа, оның құдай адалынан берген жары Дариха мен ұл-қыздарына ерекше рахмет айтқым келеді! Өйткені, өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы аласапыраңда, бала-шаға асыраудың өзі мұң болған жоқшылық заманда өз қаражатымен, өз техникасымен 760 беттік екі томдықты әлденеше рет басып, редакциялап, корректурасын қарап, дизайнын үйлестіріп, кітап етіп шығару Әбекеңнен басқа еш қазақтың қолынан келмес ерлік, жомарттық және адалдық! Бұл мадақталуға лайық іс еді. Ол кітапты шығару үшін, ешкімнен бір бет қағаз, бір грамм бояу, оны аларлық тиын да сұрап көрген жоқ.

Сабақты ине сәтімен демекші, сол жылдарда Айтанның Әбекең сияқты жолдасы Мұрат Әуезов «Сорос-Қазақстан» қорын басқара қалды да, баспаханаға төленуі тиіс 7000 доллардың 5000 долларын Әбекеңнің жазбаша өтініші негізінде, белден баса отырып, сол қордың есебінен аударып берді. Құдайшылығын айтсам, егер Әбекең мен Мүкеңнің жанкешті тәуекел етпегенде, менің тындырдым дегендерім әдірем қалып, Айтан Нүсіпхан туған халқымен жүз көрісе алмай, ұмытылып, шынымен арманда өлер еді! Сондықтан, осы екі азаматқа алғыс айтуды Айтан рухын қадірлейтін, артында қалған аса құнды рухани байлығына баһырман болған жанкүйерлері атынан «Алланың нұры жаусын!» деуді парыз санадым. Марқұмның рухын асқақтатып, ол туралы жазылған естелік кітаптың жарық көруіне тағы да Әбдісатгар Сәдуақасұлы тікелей себепші болып отырғанын қанағат сезіммен оқырмандарға мәлімдегім келеді.

Қазақ қашанда: «орнында бар оңалар» деп артында шаңырағының отын өшірмей, түтінін түтететін ұрпағы болғанына шүкіршілік етеді. Айтекеңнің ұлы Әлібек, қызы Сәуле, жұбайы Айгүлдің әке, әрі жар мұрасына иегерлік етіп, жарық көруіне тікелей каржылық қолдау көрсетуі білгендіктің, көргенділіктің бір көрінісі болып табылады.

Қадірлі замандастар, өскелең ұрпақ! Естен бір минут шығармайтын бір ақиқат бар. Ол – ешнәрсенің, ешкімнің де мәңгілік емесі, бәрінің өзгеретіні, бәрінің де өтетіндігі... Сондықтан, «қамшының сабындай» фәни тіршілікте бір-біріміздің қадірімізге жете білейікші! Бұл хақында:

 

Адамзат – бүгін адам, ертең – топырақ,

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар, бірақ.

Ертең өзің қайдасың, білемісің,

Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ! –

 

деген хакім Абайдан асырып не айтарсың?!                                                                      

                                                                 

2009-жылдың маусымы.

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН

 

Ескерту: Айтан Нүсіпхан турыл естелік Әлімғазы ДӘУЛЕТХАННЫҢ «ДОС ТУРАЛЫ ТОЛҒАНҒАНДА» атты естелік эссесін қысқартылып алынды. Толық нұсқасын автордың «Өмірімнің арқау – ел мен ерлер тарихы» атты кітабынан оқи аласыздар.

 

 

 


Пікір жазу
  • Түркістанның ең ұлық ақыны – Абай
    Айтан НҮСІПХАН. АЙТМАТОВҚА ХАТ