Омарәлі ӘДІЛБЕКҰЛЫ. Құдық

Уақыты: 2020-12-31 Көрлімі: 518 Сипаттама

Қазір күнделікті тұрмыста «құдық» деген сөзді көп кездестіре бермейміз. Қаланы қо...


1.JPG 

        Қазір күнделікті тұрмыста «құдық» деген сөзді көп кездестіре бермейміз. Қаланы қойып, ауылдың өзінде «Таза су», «Ақ бұлақ» және т.б. бағдарламалардың арқасында ішер су үйімізге дейін тартылған. Қызығы сол мемлекеттің халыққа деген қамқорлығы заңның әлсіздігі, жауапкершіліктің төмендігінен шенеуніктердің қалтасын қампайтып, дітдеген жеріне сан рет жетпей қалды. Дегенмен тарихқа көз жүгіртсек мұхиттан алыс, өзен-көлдері санаулы Тұран даласы үшін құдықтың маңызы зор болғанын білеміз. Су тіршіліктің қайнар көзі десек шығыс пен батысты тұтастырып жатқан осы байтақ далада құдық іздеудің, құдық қазудың, құдық баптаудың теңдесіз өркениеті қалыптасқаны байқаймыз.

11.JPG

Ежелгі өркениет, байырғы қала ретінде әлемнің саяхатшыларын баурап отырған Пекин қаласына жолыныз түсе қалса міндетті түрде көруге тиісті саяхат орындарының бірі, қаланы шырмауықша шырмап алған тар, тұйық көшелерді көрсетеді. Қытайлар өз тілінде бұл орамдарды «hutong» деп атайды. Ал гидке жүгінсек «hutong» деген сөздің түп мағынасы моңғол тілінде «gudun»-ның құдық дегенді білдеріде деп таратып айтады. Шыңғысханның немересі Құбылай 1271 жылы Қытайды бағындырып Пекин қаласын астана ретінде бекітіп Юань династиясын құрды. Тарихшылар Юань патшалығы кезінде жиыны 412 тұйық көше(hutong)  болғанын айтады. Кейінгі Мин, Цинь екі патшалық кезінде Пекиннің көлемі үздіксіз кеңейді, сонымен қазір орамның ұзын саны 6 мыңнан асқанын айтады. Ал хан ордасы «gugon» айналасындағы тұйық көшелер бұл күнде адамзат тарихында сирек кездесетін тарихи мұраға жатқызылып ерекше күтімге алынған. Деректерге жүгінсек, Юань патшалығы жаңа құрылып, жаугершілік заман толастамай тұрған шақта әр орамның басында бір-бір құдық қазылып, жаудың у тастауынан сақтануы үшін маңызды күзет нысанасы ретінде қарастырылған әрі сол көшенің тұрғындарының ауыз суы сол құдыққа кіріптар болған соң халықты басқарудың, алман салықты уағында жинаудың тетігіне айналған.

4.JPG

         Түрік(түркі), моңғол, тұңғыс тілдерінің Алтай тілдер системасына жататының ескерсек әсіресе көшпелі өмір салтын ұстанған, талай империяның құрамында бірге болған қазақ, моңғолдың тіліндегі жақындық әлі де көп зерттеуді талап етеді. Сондықтан «gudun» деген сөздің біздің тіліміздегі «кұдық» деген сөзбен түбірі бір деп ойлаймыз.

         Мұхиттан алыс табиғи өзендері мен көлдері санаулы, жер асты су байлығы мол Тұран даласы үшін құдық қазу, кәріз жүйесінің қалыптастырудың мәдениеті тым ерте жалпыласқаның қазір бүкіл әлем мойындап отыр. Орта шығыс пен орта азия халықтары ойпат пен үстірттің өзінен жер асты су көзін тауып, айналасын жасыл желекке айналдырып әлем өркениетіне өлшеусіз үлес қосты. Қазір жұрнағы Қытайдың Тұрфан қаласында сақталып қалған, Тәңіртау баурайынан бастау алып 3020 километр жер асты кәріз арқылы Тұрфан ойпатына жеткізіліп ауыз судың кәдесіне жарап қана қоймай, айналасын жасыл желек гүлзарға айналдырған, тараншылардың мақтанышы болған жер асты кәрізі әлемнің сегізінші кереметі саналып, БҰҰ ЮНЕСКО-нің тізіміне еніп қастерлеуге татитын адамзаттың ортақ мұрасы саналып отыр.

5.JPG

         Суды тіршіліктің көзі деп білетін халқымыз, су жөнінде, судың қайнары туралы көптеген аңыз-әпсаналар жаратты, шежіре қисалар қалдырды. Деседе, замаңымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың 1969 жылы жазған «Шыңырау» хиқаяты осы тақырыпта жазылған шығармалардың ең шоқтығы биігі дер едік. Шығармада еліміздің батыс өңіріндегі үстіртте өмір сүретін халықтың құдық қазу дәстүрі сөз болады. Бір рулы ел арнайы құдық қазуды кәсіп етеді. Құдық қазудың миқынатын көріп, шапағатына кенелген осы шүйкедей елдің ата-бабасынан жалғасып келе жатқан ұстанған жолы, қатаң дәстүрі бар. Жердің түзілісін, құм мен тастың құрамын, шөп пен шөнгенің өсіп-өнуің, сор мен тұздың қабатын анықтайтын құпия тәсілдері мен әдістері қордаланған. Ақсақалдары қатты қайырымға келмеседе көкейінде сақтаған тәжірибелері мен құпияларды қашанда жастармен бөлісіп отырады.       

2.JPG  

         Әкесі ата кәсіптен ауысай кетіп ұста болса да, бас кейіпкер Еңсеп қайтадан тағдырдың жазуымен ата кәсіппен айналасып, кәсібін меңгергені соншалық өнер деңгейіне жеткізеді. Өркениеттің дамуы әрине, пенделік өмірдің қалыбынан шығып кетпейді ғой. Адамзаттың байлыққа деген аңсары, атаққа деген ыңтызары, тіршілікке деген мұқтаждығы өмір мен өркениеттің көшін бір орында тұрғызбай алға жылжытса керек. Жазушының кейіпкері де сол ағыстан алыс кетпейді. Аталмыш өңірдегі ең терең, ең суы мол «Еңсеп қазған құдық» аталатын хикметті дүниеге келтіремін деп бәсеке мен кәсіптің иіріміне түсіп кетіп сол жолда жер асты суының жалғасып жатқан ағысын тауып «Еңсеп қазған» емес «Еңсеп өлген» құдықты мұраға қалтырады. Міне бұл есті жоқ ескі заманнан бізге жеткен құдық қазу өркениетінің жазушының ұшқыр қиял, көркем тілімен бейнеленуі еді.

3.JPG

         Мәселеге лингвистика тұрғысынан келіп сөздің төркініне арнайы үнілсек «Хутор», «Қоржа», «Қыстақ», «Қала», «Қорым» сөздерінің түп төркіні «Құдық» сөзіне барып тіреледі деп шамалаймыз. Бұл тақырып әрине, өз зерттеушісін күтеді.

         Тәуелсіздіктен кейін негізгі жұмысымыз рухты көтеру, нарықты игеру, әлемді мойындату саласына бағышталып бірталай жұмыстарымызды ақсатып алдық. Уақыт дөңгелегі зымырап, осы ғасырдың елуінші жылдарынан асқанда адамзаттың суға деген мұқтаждығы мұнайға теңеседі деген болжам бар. Су Орта азия мен Қазақстанның ең осал тұсы екенін білеміз, Мәскеудің экс мэрі Юрий Лужков Сібір өзендерінің арнасын Орта азия, Қазақстанға бұру жобасын ортаға қойса, Қытай ғылым академиясының академигі Тибеттен бастау алатын ағысы қатты «Yalujiang» өзенің Шыңжаңға бұрып келіп Тарым ойпатын, тұтас түстік Шыңжаңды бау-бақшаға, жазиралы гүл-зарға айналдырып асқан суды Қазақстан мен Орта азияға эскпорттаймыз деп жоспар құрып отыр. Мұның бәрі тегін болмаса керек. Жолда жатқан неғылған батпан құйрық дейсіз! Болашақта су көзіне кім қожа болса, әлемге сол үстемдік жүргізуі мүмкін. Біздің жер асты суымыздың молдығы айтылып жатыр. Сауд арабия мен БАӘ мұнайдан түскен мол қаржыға ащы судан тұщы су өңдіру инженериясын бастап кетті. Бізде теңіз суы да, жер асты суы да бар бірақ қозғалыс жоқ. Тойдың түбін түсіріп, даудың көрігін қыздырып жатырмыз. Оны десен Абекеннен кейін осы тақырыпқа қалам тербеген жазушы көрмедік. Ал құдық мәдениетін зерттеу жөнінде арнаулы бағдарламалар жасалып, жоспарлар құрылса өткенді жаңғыртып, келешектің есебін түгендер едік. Нағыз «Рухани жаңғыру» сонда болады

Омарәлі Әділбекұлы

Jebeu.kz


Пікір жазу
  • Қазақ елі - Алтын Орданың заңды мұрагері
    МЕМЛЕКЕТШІЛ ҒАЛЫМ